14.08.2021
  303


Автор: Дүкенбай Досжан

Жылы жауын

1


Екі тау аңғарында, Майдамтал бойындағы қырық гектар жерге тігілген арша көшетін қарауылдап, жекеменшік бес-алты уақ малы мен үш жылқысын шүйгінге жайып тыныш қана тіршілік кешіп жүрген Жетібас қапелімде ата қонысын тастап ылдидағы тас жол бойына көшемін деп тегі ойламаған. Өз дәулеті өзіне жететін. Кәсібі табыссыз емес-ті. Ай сайын аудандық орман шаруашылығы мекемесінен сексен сом жалақы алып; әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ; тау арасындағы көгілдір өзенді жалғыз иемденіп, сары қымызды кекірелей ішіп қаперсіз жатқан шаруа еді. Бәрі сол немере інісі Саясаттың гүмпілдеген ушықты тілінен басталды. Немере інісі ылдидағы үлкен тас жол бойына қоныс тепкен мақта ұжымының білдей бригадирі. Бір әулеттің шетен қалпақ киіп атқа мінген азаматы-тын. Жылда ұжымның алды болып міндеттемеден шықса да, дүниені жамыратып тапса да ақжемденіп, тұзы тысына тепкен кенеп костюмін иығынан тастамаушы еді; жұрт қатарлы демалыс алып шипалы суға, көк теңізге бір мәрте де барған емес-ті. Сөйтсе бар тапқаны үйелмелі-сүйелмелі он баласының тамағынан артылмайды екен. Сырты семіз, іші қуыс сыпайының өзі көрінді.



Жас ет іздеп екі тау арасында сабылып қатынаған сайын сары уайымды ала келетін. «Жүсіптің кіндігінен тараған біз де бір жылы ішекпіз», — деп бопсалайтын. «Аң болмаса адам аяғы баспайтын айдалада, ұрылар жортқан жымба жол бойында кісікиік болып отырғаның жарамайды. Сенсіз де орман шаруашылығы мекемесінің бес шыбығы қурап қалмас. Бетке шіркеу, сүйекке таңба болып бітті. Қар түсіп, асу бекісе-ақ алты ай қыс қатынаса алмай қаламыз. Басың ауырып, балтырың сыздай қалса басыңды сүйер ешкім жоқ. Ақбата жеңгейдің де қыңқыл-сыңқылы көбейіп келеді. Ағайынның бәрі ылдида бір-бір кетпен ұстап, жер шұқылап егін егіп жүр. Саған да лайықты қол қызмет табылар; тегі болмаса мақтаның сушысы боларсың, тегі болмаса үшкілге қарауыл құтаймай қойды. Машинасы ызғыған тас жол бойы табыс көзі әйтеуір; былай зырғысаң — базар, былай зырғысаң — қырман».


Бұл сөзге қосағы Ақбата да қосымша болып құлақты жесін.


Жастайынан қосылып, жер ортасына дейін бір-бірінің қас-қабағына қарап келген жұбайының сөзіне құлақ аспаса да болмайды. Оның үстіне кейінгі кезде басымның сақинасы ұстайды деп жиі-жиі жатып қалатын болып жүр.


Ақбата — қасының арасы қосылған тана көз, ақсұр, ажарлы келіншек. Алғаш құрсақ көтергенде қатты ауырып түсік тастады да содан кейін етегі қанамай қойған. Талай дәрігерге көрініп, тәуіптің алдынан өтті. Дертке дауа табылмады ма, әлде тағдыр жазуы солай ма, жұрт шуласып ұрпақ өрбітіп жатқанда бұлар екеуден-екеу сопайып ошақ күзетіп қала берді. Енді жер ортасына келіп, көңілдің қызуы басылған шақта жан жарасын ішіне бүгіп, бір-біріне бас-көз болып, қас-қабағына қарасқан сартап сабырлы тіршілікке көндіккен. «Бұйрық осылай болар» деп ойлайтын кей түні Жетібас көз ілмей жатып. «Әйтпесе бес жыл шекарашы болып ел шетінде ыстық-суықты қызмет атқарғанда осы Ақбатаның тілдей хаты жанына медеу болды емес пе. Әйтпесе шегараны бұзған бұзақылармен атыста серіктері түгел опат болғанда жеңіл жарақатпен аман қаламын деп тегі ойлады ма?» Елге оралған соң да керзі етікті қолпылдата киіп ұжымның шөбін шапты, қорасын салды, ақта егізіндей қайда бейнет — сонда барып жегілді. Ақбатаның дүмді ағалары: «Керзі етікті жұмысшыға қарындасымызды қор қылмаймыз», — деп тулағанда да, қырсық ойлап қыңырайғанда да пәлен деген жоқ. Қыз көңілі суымаса кетпес, безбес деп құр дәмемен жыл жүріпті. Ақырында, «Намысың болса тез арада ауылға жет» деген қыздың хатын алды... Аспан аласарып жер көңірсіген шілденің шаңқай түсінде қызды полуторка машинасына отырғызып алып қашқан. Мейрамқаладағы нағашысының үйінде бұғынып, тығылып апта жатқан. Екі ел арасы ашыған қамырдай көпсіп барып басылған соң да, дуалы ауыз кәриялардың пәтуасынан ықты, құрығы ұзын Советтің әділ заңынан қорықты — әйтеуір кеудесіне нан піскен ағалары екі ауыл арасындағы табан жолды біраз шаңдатып барып басылған.


Енді ойласа соның бәрі бұйрықтан білем.


Ендеше ойда жоқта ата қоныстан табан аударып, орман шаруашылығы мекемесінің қызметін қайыра тапсырып, азынаған тас жол бойына көшуі де тағдыр бұйрығы секілді. Рас, ит итаяғын жаламайтын тоқшылық заманда қарным ашып қалар деп тегі қорықпайды. Рас, көгі бір түнде дүр ете түсетін Майдамталды сағынамын деп қамықпайды, жаз айында салт атымен салттап келіп тұруына болады. Жамбасына батып, миын шаққан жайт — әуелі қолындағы жекеменшік малдың қамы болды. Малсыз өмірді ешбір елестете алмайтын. Бұл сырын Саясаттан бүгіп қалған жоқ. Көш те көш деп тықсырып келгенде алғаш аузына түскен де мал қамы еді.


— Ағаңның мініс ат ұстамаса отыра алмайтын ауруы бар ғой, соны ойладың ба? — деді бұл.


— Сат та жібер! Басыңа бейнет тілеп қайтесің? Бұл күнде қалтаңдағы ақшадан өзге сенімді нәрсе жоқ. Жаяу қаламын деп тегі қорықпа, былтыр бәйгеге алған «Жигулиім» зырғып тұр, қайда барамын десең де зыр еткізіп апарып саламын.


— Жылқысыз қалай үйге сыярмын? Үй артында бір аты байлаулы тұрмаған қазақ қазақ па тәйірі! — деген.


Апырым-ай, қыңырайған қисық мінезің-ай осы! Айналаңа көз салып қарасаң қайтеді? Кісінеген ат, маңыраған мал бұл күнде кімге дәрі?! Шөп деп, су деп басыңа бейнет жапсырғаннан өзге пайдасы жоқ, айналайын.


Жетібас өз ішіне өзі үңіліп ойланып отырып қалатын. «Апырым-ау, жылқының қоңыраулатып кісінегенінен, қойдың күрт-күрт күйсегенінен қаным толқып, қуаныш табарымды неге түсінбейді бұлар? Бар қызығым малмен бірге емес пе? О заман да, бұ заман малдың кімге залалы болған?»


Осы Саясат кішкентай кезінде темірге сұмдық құмар еді. Машина өткен жолға артынша жүгіріп шығып көк түтінін құныға жұтып тұрушы еді. Содан енді майсіңді болып, темір бұрамаса отыра алмайтын мінез тауыпты. Екі сөзінің бірі қорадағы «Жигулиі». Қит етсе — «қасқа жолға шығып жұлдыздай аққанымда», қит етсе — «жүйрік машинаның көгілдір майы, бұдыры желінбеген доңғалағы, қосымша бөлшегі, жылтыр әйнегі». Машинасы жанында тұрмаса ас ішпес тегі, жүйрігі майып болып бұзыла қалса ұйқыдан, күлкіден қалып, ауруханаға түсер деп ойлайтын.


Бұл жолы да: «Қиян тауды жайлап жабайы болуға айналған ағамды көшіріп әкетемін», — ұжымның нән-нән үш машинасын жалдап жетіпті.


— Саясат-ау, көктем жауын қалың болып шөп шүйгін шықты, келер жазға дейін мал басын түгендеп отыра тұрайын, сосын-ақ көшермін, — деді.


Көнбеді.


— Малды жермен айдап-ақ жеткізермін, ендеше жүкті тиеп жол ала беріңдер, — деді.


Тыңдамады.


Барша дүние-мүлікті сыртқа шығарып, бір машинаға тиеген кезде қаудан сәл-ақ асты. Өңге екі машинаға маңыратып уақ малын, шұрқыратып үш жылқысын басты. Соқтауылдай жігіттер ішіп алған ба, әлде Саясаттан кіре пұл дәметті ме: Жетібастың жекігенін де, безектегенін де құлағына қыстырмай құлшынып қимылдады дерсің. Жібек жалды тұлпарының жанарынан боталаған жасты көрді. Кіндік кесіп, кір жуған Майдамталмен де жарытып қош-қош айтыса алмай, қиғаш әйнекті қапырық кабинаға екі бүктетіліп еніп, селкілдеп жөнеле берген.


Таудан ылдиға көшіп келе жатып Жетібас ой ішінен ой терді. Бұ жасында өмірдің өрін де, ойпаңын да көріпті; даңғылымен де, соқпағымен де жүріпті; жастық, бейне, қайнаулы қазандай буымен шарпып, ауыз күйдірсе, қазан оттан түскен соң қайтып қыза қоюы екіталай білем. Әйтеуір осы күні лепірген көңіл басылып, базар тарқап, шама келмейтін шаруаға шаршамайын деп, ұлы топтан шеткерілеп қалғаны рас. Баяғыда, ұжымдастыру кезінде жаңа заманға жан-тәнімен бейіл белсенділер мал қорада байларды топтан бөліп, ауыл сыртына жалғыз үй қондырып қоятын болған. Оны «жекетұр» деп атайды екен. Әрине, қызыл көмешке қарын шермиткен шырлы заманда «жекетұр» болған жағдайы жоқ. Екі тау арасындағы жас көшетті қарауылдады, аудан шаруасы десе алдымен жүгірді.


Жылына бір мәрте тауға үдеріп шығатын шөпшілерді үйіне шақырып, марқұм әкемді топырағы басып жүр ме деп, әлгілерге жас сорпа ішкізіп құран оқытып жіберетін. Жылына бір рет Ақбатаны шашақты қыжым орамалын төгілдіріп, жақсы атқа мінгізіп Мейрамқаладағы төркініне қыдыртып қайтатын. Осы екі оқиғадан өзгесі бір-бірінен айырымы аз, кішт-кішттеп мал қайтарып, қазан баққан барақаты мол шуақты тіршілік қана-тын. Өзге қызық-шұжықты тілемес те, «биікке созамын қол» деп өлеңдетпес те еді. Енді, міне, ойда жоқта тақтай еденде отырасың, «Жигулиге» мінесің, ағайынмен араласасың деп жылы орнынан көшіріп алып келеді.


Алыс қырқадан қыран құс қанатын далп-далп сілтеп қайырыла ұшып қала берген. Құлағына сарнаған жайсыз дыбыс жетті. Қасындағы киіз құлақ шофер жігітті бүйірден түрткен. Соңынан аңыраған дыбысты жаңа аңғарған секілді. Машинаны солқ еткізіп кідіртті де, жалма-жан сыртқа сытылды. Далақтап жүгіріп Саясат жетті.


— Денің дұрыс па өзіңнің? — деп шофер жігітке кейіп жатыр. — Қау ішіндегі жылқы ұрынып өлгелі жатыр ғой!


Жетібас кабинада отырып түкті сезбепті, кузовтағы теңселіп келе жатқан асау байтал буынып жығылыпты. Қыл шылбырдан тынысы тарылып қыр-қыр етеді. Қалтасынан кездігін алып жіпті қиып жіберді. Қыр тағысының жанары іріген айрандай ірімдіктеніп кеткен екен, әлден уақытта барып-ақ қарасы айқын тұнып шықты. Сәл кешіксе жібек жалды, жел тұяқты жылқыдан айырыла жаздапты. «Әттеген-ай!» — деп қопарыла өкінді Жетібас, «қара адырдың ішіне қаңғыртып қалдырып кетсемші. Енді тас жол бойына қаңтарып, қаталатып қор қылатын болдым-ау!»


Сонымен Жетібас ылдидағы ұжым орталығына жеткенше қау ішінде жылқылардың тізгінін ұстап шаңға батып сыртта отырды.


2


Саясат таудан келген ағайынын ұзына тас жолдың бойына ұмар-жұмар иықтаса тіркесе салынған көп үйдің біріне әкеліп кіргізген. Қалаға көшкен ағайынының босаған мекен-жайы екен. Жапсарласа, қума етіп салынған жеті бөлмелі үй көрінді. «Осыншаның бәріне қай мүлкімді жыямын», — деп екі бөлмені оңашалап алды да, ортадан бөліп, келесі бүйірден мал қамайтын, ат байлайтын қораға айналдырды.


Әуелгіде жаңғақ ағашының түбінен атқа ақыр соқты. Шарбақ ішіндегі былқылдаған майса жоңышқаға тысырлатып қой жайды. Бірер күннен соң қайта соққан. Саясат шағылған жұмыртқадай шытынаған, жайрап қалған үйді көріп сұмдық күйінді. Тал түсте талауға, тонауға түскендей жан дауысы шыға шырқырады.


— Екі тау арасында жүріп әбден жабайы болып біткенсің, — дейді. — Малмен мал болып үйренгенсің, — дейді. — Әдімұлыққа, мәдениетке жеткізем деп жүрген менде де ми жоқ, — дейді. — Туысқанмен сәлемдесем деп келген қонаққа шаңы шыққан ауланы, қи сасыған қораны көрсетерсің бәлкім, — дейді.


«Апырмау! — деп қамырыққан сонда бұл, сонша күйінетіндей түкті сезбейтін мондыбас дей ме екен мұны. Әркім үйренген жамбаспен жатпас па, әркім өз білгенімен ән салмас па?! Иректеп там салып, әйнектеп ыдыс жинамай-ақ ата-бабасы мағыналы, мардымды ғұмыр кешіпті. Бұйырған нәпақасын адал теріп жепті. Төрт түлікті сүйсе — малға теңелгені ме екен? Әкесі де, атасы да, тұқым-тұяғы, үрім-бұтағы — Зеңгі баба, Ойсыл қара, Шопан ата, Жылқышы ата аруағына бас ие тіршілік кешпеп пе еді. Содан ба, малдың күйіс қайырғанына сағаттар бойы қарауға бейіл, жылқының желдеп жайылғанын қызықтаудан жалыққан емес; түліктің сырын ту сыртынан, дауыс сазынан айырып үйренген. Ат дүбірін естімесе ішкен асы бойына жұқпастай.


Бір күні сеңсең тонын жастанып, елтірі бөркін шекесіне қондырып қисайып көз іліндіргені сол еді: белін жіппен буып, тақия киген, күнге күйген үш-төрт еркек сау етіп жетіп келді. «Туысқанмен төбеміз қосылғанда бұл не жатыс?» — дейді. «Шетімізден үйге шақыруға шаңырақ көрсетуге келдік», — дейді. Мақұл-ақ, деп Жетібас сырмалы шапанының етегін төгілдіріп, Ақбата басына ақ салысын салып тізіле шұбап ағайынмен араласуға шыққан. Бір үйден күріші жылтыраған, бөдененің етіне басқан үйеме табақ майлы палау жеді. Келесі дастарханнан «пайғамбардың жемісі» деп тамсанып отырып қауын жарды. Інісі Саясаттың шаңырағынан қамырын шаштай етіп турап, үстіне қиқымдай қидалап ет салған нарын асады. Ас соңынан ақ шәйнекке демдеген ащы көк шай ішті.


Үйіне оралып бір кекіргенде күні бойғы ішкен-жеген тамағанынан түк қалмағаны, қарап отырып жүрегі сазып, қарны ашты. Дереу Ақбатаға жарлық жасап қазан көтертті. Түн жарымы ауа піскен етті қамырымен қосып үрімдей соғып алып жаны жай тапқан.


Жетібас арша жаңқасымен тіс шұқып отырып: «Әй, менен мақташы шықпайды», — деп қамырығар. «Кеше атымды аударып арқандаймын деп жүріп жүйек басына талдырғы салуды ұмытыппын. Азғантай уақыттың ішінде атызды топан су шайыпты да кетіпті. Уақ мал жайылатын жайылымдық жер қалмапты. Қай жаққа қарасаң да жайқалған мақта, андыздаған қорықшы. Әй, бұл жерде мал ұстап береке таппаспыз тегі, шырайлым».


Басын жастыққа қойып көз жұмғаны со еді, үй іргесінен ағылып өтіп жатқан машина ұйықтатсыншы кәнекей. Әрі-беріден қабырға дірілдеп, шыны сыңғырады. Жастықпен құлағын басып көзі ұйқыда, көңілі ояу, көпке дейін дөңбекшумен жатты. Балалық шағы елестеген екен дейді. Ол кезде ұжым жүгері егетін, төрт жарым жылғы енапат соғыс әні-міні аяқталса да, жүдеулі жұрт еңсесін жиып жадырап кете алған жоқ-ты. Көп үйге қарақағаз келген. Әлі де шаруаның ауыр пұшпағын арқалатып ару келіншек пен Жетібас секілді өспірімдер жүрген. Күні бойғы шыжыған күннің астында ауыр бейнеттен бір пәс серпілгісі келе ме, әлде көкірек сыздатқан шерді ақтарғаны ма — әр тұстан мұңлы ару аңыратып қоя беретін. Әркімнің өз жанынан шығарғаны.


Ахой, ахой, ауылым,


Арманда ғой бауырым.


Соғыс болса қойылды,


Көрер ме екен ауылын?..


Келесі кезекте жас қыздар сыңсытып созар еді.


Алма пісер айналып,


Сабағына байланып.


Әскер кеткен көкешім,


Келер ме екен айналып?..


Осынау сансыз мұңлы әуен санасына сіңіп жатталып қалғаны сонша, тап қазір неше жылдар өтсе де ән иесін даусынан танып айырып берері хақты. Соғыс жылдарының мұңын, сырын, сағынышын бойына сіңіре білген қарапайым да қадым жолдар қастерлісіндей кешегіге дейін құлағында жүрді. Келе-келе ән, әуен ұмытылып есінен шыға бастаған. Әлденені сағынса, әлденеге қапаланса қайыра құлағына құйылушы еді. Бұл жолы түсіне кірді: алты қырдың астынан аяулы жеңгесі аңыратып ән салып тұрғандай ма, қосыла шырқас дей ме, ұйқыңнан оян дей ме, әйтеуір тұла денесін шымырлатып баурап барады. «Әскер кеткен көкешім осы күнде не күйде?..» Іштей солықтап жылады ма-ау, ән ырғағына қосылды ма-ау, ыңырсып бастырылып жатып оянып кеткен екен дейді.


Таң селбелеп атып қалыпты. Жатарда тоя жеген тамақтан ба, әлде әлгі шерлі түстің әсерінен бе, шекесі зіл тартып солқ-солқ етеді.


Өң мен түстің арасында меңірейіп отырғанда сырттан әлдекім есікті солқылдата ұрғаны.


— Сөйлес-ау!.. Кім бар-ау! — деп дыбыс қылады кеп.


— Есік ашық, кіре бер, — деп дауыстады бұл іштен. Ақбата ұйқысынан оянып, ебіл-себіл көйлегін түзеп, сасқалақтап әлектенді де қалды. Иен тауда, иесіз қыстауда құлқын сәріден ешкім оятпайтын. Ашық-шашық жатқан ерлі-зайыптылардың үстіне ешкім өзімсіп өктеп кіріп келмейтін. Ішке қодиланып кеше үйінен палау жегізген көршісі енді, балшыққа милаған ба, әлде біреу үстіне лай шашқан ба — үстінің сау жері жоқ.


— Жарқыным, тырсиыс не тырсиыс бұл? Өлтірсең де айтып өлтірсеңші!


— Қойларың іргедегі мақта танапқа түсіп, айдап шығамын деп жүріп жүйекті бұздым, дақылды жапырдым, жаздайғы бейнетім бітті, құрыды, желге ұшты. Енді сотқа жүгініп, есеп айырысу ғана қалды, көкетай.


Шындығында, қиқайтып тақия киген қарасұр көршісі ештемеден тайынатын емес. Әр сөзі шеге қаққандай жайсыз әсер етті. Жетібас бұрын-соңды қоңсы отырған екі кісі арыздасып сотқа, не биге жүгініпті деп естімеген. Шаруа жайы да, көзқарас бөтендігі де көршілік қақынан артық емес деп ойлайтын. Енді алты топалаң келгір таптап құртқалы тұрса не демексің енді.


— Қойларды сыммен матап, куәларды жинап, қолды қойғызып қойдым, — дейді көршісі.


— Уә, пәдәріңе мың да бір лағнет, топалаң келгір! — деп Жетібас қаны басына теуіп лекет пышақты ала салып сыртқа қалай жүгіріп шыққанын байқамай қалды. Іс тап бұлай насырға шабар деп ешкім болжамаған. Көршісі ойлаған: сотқа жүгініп жасқап қойсам жарағаны деп. Сыңғыған қалың мақтаның ортасында отырып аша тұяқ ұстауға болмайтынын қыр қазағы ұғып қойсын деп, малынан безсін деп. Диқан қауымы қолына кетпен алып жер шұқуға шынтуайттап кіріссін деп.


Жетібас бара салып тізіліп тұрған саулықтарды бірінен соң бірін бауыздады да салды. Етін ұжым асханасына өткізіп жіберді.


Біреулер: «Ортамызға келген сыйлы кісінің көңілін қалдырып, меселін жықтық, ұят болды-ау», — десті.


Ылдидың күні қапырық көтеріліп, ауыр еңкейеді. Үй ішіне қаншама су сеуіп ылғалдап, желдеткішті парылдатып қойғанымен көйлегің теріңе жабысып былжырайды да тұрады. Содан үй төбесіне шығып сағымның арғы жағында бұлымданып көрінген тау сілемдері көзі талғанша кішірейер-ді, қасын қағып, селдір мұрты дірілдеп көңілі бұзылып қамырығар-ды. Тау тары мен жабайы қонақ, көсік, жаужұмыр терген адырлардың иісін сезер еді. Содан төменнен асқа шақырған Ақбатаның дауысы шыққанша шаңытқан аптап астында оба тасқа ұқсап қаздиып қатып тұрар еді. Сатымен түсіп жатып байқады, әудем жерде, тас көше бойында жұртты жұмысқа шақырып қыдыңдаған шабарман көп. Бұл ауылда ат үстінде жүріп нан табатын атқамінер, белсенді, бригадир, сабан қалпақты, шетен қалпақты, төрге отырар, дилы дөкей, мілиса әулеті мол ұшырасатынын әнеугүні-ақ аңғарған. Мұны да қолына кетпен алып суға шығуға шақыра кетіпті. Ақбата алдына дастархан жайып ағаш аяқпен кеспе көже қойды. Ішінен от іздеп қасықпен араластырып еді: жалғыз қара картоп ілікті. Ыстығын ішіне жинайтын пәлекет екен, бырсылдап шайнатпай, тіске жабысып әлегін шығарды. Өстіп терге быршып отырғанда көзінің асты қалталанып Саясат келді. Күн астында көп жүрген бе, жанары босаған шелектей бозарып кетіпті.


— Қырсығынан сақтаса биыл мақта бітейін деп тұр. Құтты қонақ келсе қой егіз табар деп сіз көшіп келгелі сөзім жерде қалмай, ісім оңға басты; құда қаласа міндеттемеден шығып ел көзіне түсермін-ау, — деп сәулелі сөзбен желпінді кеп. — Мынау әнеукүнгі сатқан жылқыңыздың пұлы, — деп бір жентек көк ала қағазды алдына тастады. — Кассіге салып қойыңыз, керек уағында шетінен алып жаратасыз, ешкімге кіріптар болмайсыз.


Жетібас ақшаны құлықсыз алып қалтасына салды. Таудан келген үш жылқының бірі — келер көктем құлындайды деп жүрген жалпақ сауыр жас байтал болатын, асыл тұқымды жануар қапырықта қымызға қарық қылатын сүттіден еді, осындағы ағайындар «шөп жоқ», «қора жоқ», «жер жоқ», «сат та сат» деп қаумалап отырып алған соң іші қан жылап жүріп ет комбинатына өткізген. Саясаттың әкелгені соның пұлы. Алдындағы табағын ысырып, терін сүртіп жүкке арқасын сүйеп отырды.


— Ал мен жүрейін, — дейді Саясат. — Үйге ертерек жетіп көк шай ішпесем көнім кеуіп барады. Сендер шай ішпейсіңдер, ашыған көже кімге дәрі.


Бір жетінің бедерінде осынша болдырармын деп кім ойлаған. Айнадан көріп отыр, ұшынған адамдай көзі әңгел-шәңгел болып азып қалыпты. Долыша көшіп жүріп туған жерден жырақта тырапай аспайын осы деп қаупайлаған.


Күн сайын сына кетпенін иығына асып мақта суаруға шыққан. Ортадан жырылып қалмайын. Саясатқа салмақ салмайын деп ойлаған. Жер сырын жетік білген адамға қалың мақта арасымен су жетелеу сор бейнет көрінді. Құлақты кілдіретіп салса суы аяғына жетпей, мол етіп бұрса жүйекті орып әкетіп әбден діңкелетті. Қашан жалғыз танапты бітіргенше барқадар таппай дедектеді де жүрді. О ғып, бұ ғып суардым деп атүсті өте шығуға ұяты жібермеді. Кешке қарай тұтаса гулеп маса көтерілді. Мақтаның іші күндіз тынысты тарылтқан қапырық болса, кешке көкала масаға толып жан шыдатпайтын ғазауатқа айналады. Үйге қитығы ұстап сүлеленіп жеткен. «Мойынға қоржын асып: «ақ дуана!» деп ақтап кеткен бұдан жүз есе жеңіл», — дейді құман шүмегінен су жұтып отырып. Терім қатып қалмасын деп есік алдындағы сәкіде жан шақырып сәл байыздағаны сол еді. Етегі желпілдеп Ақбата жетті.


— Жалған-ау, көршіден тұз сұрай кетсем шарбақтың есігі ашық қалып бие шығып кетіпті, — дейді аптығып.


Не дейді! О, тағдыр, ендігі көрсетпегенің осы еді? Жалаң аяғына керзі етігін қолпылдата сұғып сыртқа, арық жиегіне арқандап қойған атына жүгірді. Тізгінін шумақтап, жайдақ арқасына ырғып мінген. Шоқытып бие кеткен ізге түсті. Көше-көшені аралап, ауыл уысынан шығып, жуан белге көтерілгенде түу... түу... көз ұшында жалғыз ноқатқа айналып құлдырап тауды бетке алып тартып бара жатқан жылқыны көрді. Астындағы айғыр бүйірін соғып арқырай кісінеді. Әп-сәтте қас қарайып кірпік үйірілген. Туған жердің ауасын аңсап бұлдырап ағып бара жатқан желтұяқ жылқыны қумады. Барсын деді. Бәрібір шарбақ ішінің көгін тұяқ шиыр етіп жеп бітірген. Сыртта мал жаятын ұлтарақтай бос жер жоқ. Барсын! Үйренген қиян түзді, төл топырақты сағынып ішқұста болып азар еді. Ине жұтқан иттей іш майы ірімтіктеніп ағар еді. Тағдырынан көрсін. Ат басын ауылға бұрып, басын оң иығына қондырып құныса түсіп, іңір қараңғысымен ауласына келіп кірген.


Есік алдында үрей толы жанарымен Ақбата қарсы алды. Құрақша майысып шылауына жармасып жатыр. Асау биенің қашуына өзін кінәлі санап қожайыны қатты кейіп ұрысар деп ойлаған. Айғыр да әлденеге елегізіп шыркөбелек айналып безек қағып кісінесін. Ақбата атты қаңтарып ашаға байлады, бәйек болып қолға су құйды, жарық жағып үйге енгізді. Жетібас төрге малдас құрып жатып қосағының жаутаңдаған жанарына шарасыз мұң оқыған. Өзінің де құдай сүйер қылығы жоқ. Марқұм әкесі шаруаға қырсыздау болып өскен бұған кейігенде: «Ұжымның төрі дүзу де босағасы қисық қой, өйткені босағасы мына сен секілді қисық бұтақтар ғой», — деп нығыздайтын. Әйтеуір Саясат секілді уақыт ағымына ілесіп, кез келген кәсіпке бейімделе алмай-ақ қойды. Дүбәрадай дүмбілез тартып шеттеп қала беретіні содан ба?


3


Ақбатаның тұңғиық терең жанарынан жастық шағын, алаңсыз албырт кезін көз алдына елестетті. Әскерге шақырту қағазын алып бірер күнде азаматтық борыш өтеуге аттанамын деп бос мойын боп жүрген. Әкесінің ақылымен жайлаудағы алыс-жақын ағайынның алдынан өтіп, қайыр-қош айтысқан. Жайлау үстінен сар-гүр етіп жылы жауын өтті. Сүмектеген судан қорынып атын құйғытып келіп шеттегі бір үйге түсе қалған. Қойшы ауылдың жас бикештерінен өзгеше, қынама бел, тана көз, сылаң жүрісті қыз көзіне оттай басылғаны. Жақында Мейрамқаладан қыдырып келген сұлу екенін сезе қойды.


— Еріп кетемін деп қорықтыңыз-ау, қашуыңыз ерен! — Бұл Ақбатаның ауыл жігітінің алдындағы алғаш әзілі-тін.


— Сіздей сұлуға жеткенше асыққаным ғой. — Бұл Жетібастың қызға қайырған тұңғыш жөндем жауабы-тын.


Сол жылы жауын, ынтық көңіл, жастықтың қыр астында терусіз қалған әдемі қызғалдағы есінен еш уақытта шықпас, сірә!


Ақбата алдына неше түрлі тағам қойып қылқылдаса да тәбеті тартпай іштей суалып, сырттай сұрланып көп отырған. Түннің бір уағында тынысы тарылғандай болып сыртқа шыққан. Аспан аласарып кетіпті. Жұлдыз біткен қолсозымда тұрғандай суық сәуле шашады. Аша қазықта қаңтарулы тұрған ат иесін танып арқырай кісінеді. Қасына келіп ауыздығын алды, ерін сыпырды, жал-құйрығын сызып, терін үкті. Жануар жан серігінен айырылғанын сезетін секілді. Көше жақтан дамылсыз сарқырап өтіп жатқан машина дауысының арасынан әлдебір алыс дабырды аңдайтындай тұмсығын жерге салып, құлағын қайшылай түседі. Арық жиегінде ат арқандап жүргенде де, тымырсық жылы жауынын көкседі.


Шілденің нан жапқандай қысқа түні лезде өте шығыпты. Әр тұстан әтеш шақыра бастаған. Тас жолдан үдере жүйткіген машина жүрісі молая түсті. Ұжым аудан мен облыс арасын жалғастырған үлкен даңғыл бойына орнаған. Содан ертеден қара кешке құлақты қажап, әйнекті салдыратқан сар-гүр дыбыс еш басылмайтын. Ұйқысы шала болып, оның үстіне қапырық тамға қамалып жанары әңгел-шәңгел атысып сүлеленіп сыртқа шыққан. Көк жүзін шарбы бұлт алыпты. Бүгін де жауын болмайтынын сезді, бүгін де кешегідей жер күйдірген аптап ыстық көтерілерін білді.


Қалай ерте тұрғаны беймәлім, арық жағалап қалбақтап әлдекім жүгіріп келеді. Тақағанда барып таныды. Әнеукүні үйіне шақырып «пайғамбардың жемісіне» тойғызып жіберетін сақы көршісі. Бір ноқаты кем адамдай сәлем жоқ, саулық жоқ, быдықтай жөнелсін. Мұның аңқиып тұрған кеспірін көріп шыжкөбелек болсын. «Анда, — дейді таңдайын лық еткізіп, — атың буынып өліп қалыпты... »


Тұрған жері төңкеріліп бара жатқандай болды. Көршілерге ілесіп арық басына жүгірудің орнына меңірейіп үйіне қарай бұрылыпты. Шабарман жігіт жеңінен тартқанда барып ықпыны қашып соңынан ілескен. Терең арықтың екі жағы түйетайлы құлама болатын. Сол құламаның қос езуіне көгеріп шөп шыққан. Шылбырын екі-үш жерден келтелеп түйіп арық жиегіне тым тұқыртып тартып арқандап еді. Мақтаға түспесін дегені еді. Басына жеткенде көрді, жануар еш жайылмапты, тықыршып темір қазықты шыркөбелек айнала беріпті, айнала беріпті. Шылбыр ширатылып түйін-түйін болып шатасып қалған. Жылқы қия беттен тайып жығылған мезетте қысқа шылбыр сақтаған темірдей сыққан. Қолтығына қолын сұғып көріп еді, сұп-суық...


Арық жиегіне мықшиып отыра кетті.


Аяғы серейген арыстай жануарды қыл шылбырдан босатқан да, ылдиға апарып сусыз әуетке көмген де, үйеме топырақ үстіне шеңгел қадаған да — мың болғыр көршісі. Жетібастың көңілі өрекпігендей ме, жаншыла соққандай ма, жүрегі көтерілгендей ме, қан жылағандай ма, қалай, әйтеуір тұла денесі сырқырап, жан дүниесі қатты қиналғаны. Үйіне көңілін сұрай келген Саясатқа алғысын айтып, майлы палауға шақырған көршісіне алла разы болсын айтып, арам қатқан атын көмген көршісіне бар білер батасын қақтап айтып, екі-үш күн төсек тартып жатып мазасыз шуылдан әзер құтылған.


4


Төртінші күні қадақ болып ауырған адамдай бозарып аяғына тұрған. Базардан бір мал сатып алып сойып, ағайындарын жиып жас сорпа ішкізді, бас мүжітті. Үлкендердің батасын алды. Жұрт топырлап тарауға бет алғанда жалғыз ауыз сөзге салауат сұрады.


— Көшемін, — деді.


Бастығы Саясат болып ағайындары түтеп берсін. «О, неге?» — десті. «Отырған орныңнан су шықты ма?» «Әлде жалғыз аттың күйігінен ауыса бастадың ба?» «Атсыз отыра алмайтын болсаң оныңды айт, он сомнан жылу жинап, келесі базардан бір қылқұйрық сатып әперейік». «Төбеміз енді қосылып, тынысымыз түзеліп келе жатқанда ала қойды бөле қырықпа, жарқыным». «Кетпен ұстамасаң да осындағы үшкілге қарауыл болып қалқиып қасымызда жүр, жарқыным». «Қаратаудың қиян қуысында тырайып өліп қалсаң жаназа-намазсыз қаласың, жарқыным».


— Көшемін, — деді Жетібас.


Ақыры тақиялы диқандар қыңырайған бірмойын қыр қазағының айтқанынан қайтпасын білді; шуласып жүріп қайыр-қош айтысты, дабырласып жүріп ұжымнан машина сұрап алды, қолдасып, топырласып жүгін қайыра артты. Жетібастың барша үй мүлкі жалғыз машинаға мол сыйған.


«Ал көш!» десіп аттанар алдында Саясаттың әйелі «барған соң шөл басыңдар» деп кузовтың қалған бұрышына бес-алты қауын салды.


Жүк машинасы жусанды жолдың шаңын соңына бұлтша иіріп терістікке көлденең сұлап жатқан еңселі тауды бетке алған. Жол бара-бара қайқаңға салған. Белден соң бел, адырдан соң адыр таусылып бітер емес. Ақырында машина ыңырсып жон басына шыққан кабинада селкілдеп келе жатқан Жетібас кемсеңдеп көзіне ыстық жас үйірді. Онысын жанындағы Ақбатаға білдіргісі келмей қиыс отырып табан астындағы еңіске тігілген.


Қап-қара адыр ішінде көгілдір жібек жіптей сан бұратылып сылаңдай ағып жалғызсырап Майдамтал жатқан.


Қаратаудың алыс қыраттарынан бұрқырап бұлт селі енді көтеріліп келе жатқан Майдамтал өзенінің бас иесі әдемі түбіт бұлтты көргенде көзіне кіреукелеп жас тұтқанын сезді. Туған жерді сағынғаннан болар, сірә?! Жүрегінің басы түйней соғып, саусақтың саласындай адырлардың аңқыған самалын, жібек желін құныға жұтқан. Енді ойлап қараса — осынау қара шат, жадағай, жұпыны өлкені, сынаптай сырғып ағып жатқан көгілдір өзенді өз болмыс-бейнесінен бөле қарау, басқаша ойлау мүлде күпірлік секілді; өзінсіз осы өлке, осы өлкесіз өз болмысы болмастай еді. Тас жол бойына орналасқан қала іспетті ұжым орталығына сыйыса алмай жаны жүдеп, көңілі ортайып қашып шыққаны да осы мінезден болар, бәлкім?!


Алыстан иесін іздеп арқырай кісінеген жылқы үні естілді.





Пікір жазу