14.08.2021
  196


Автор: Дүкенбай Досжан

Жұт

Есімім — Тынышбек, — деп бастады сөзін үні қарлығыңқы, шашын кірпі етіп тараған, ат жақты, бет пішіні кавказ халқына келетін, қоңқақ мұрын, қалың қасты, қара сұр, қазықтай қатқан жігіт, — ата-анам атымды қойғанда, бәлкім, жер бетінде соғыс болмасын, тыныштық орнасын деп ырым ғып ниет еткен шығар-ау. Өзім соғыстан кейін туған перзентпін. Ата-анамның ниеті қабыл болды ма, әлде атыс-шабыс дегеннен ел басшысы, ер-азамат дегендеріңіз әбден ерқашты зәрезап болып титықтады ма, үлкен кісілердің әңгімесінен құлағымда қалыпты; мен туған жылдары жылымық күннің жаймашуағындай мынау деген мамыражай заман орнапты; соғыс салған көңілдің қарақотыры жазылғандай болып, еркек атаулы далақтап бір-бір қылқұйрыққа мініп, шақшасын ердің басына қағып, насыбайын шіреніп атып, «пәлен жерде көкпар болады екен», «төлен жерде жұрт жиналып ойын-сауық ұйымдастырады екен» десе, — далақтап солай қарай жортады білем; ашаршылықта аштан өлген әкесіне ас беру, соғыс апатынан оралмаған ағасына мал шалып, садақа үлестіру үрдіске айналыпты; бұл бұл ма, әйел шіркін ақ жаулықты шаршылай салып, ауыл мен ауылдың арасында ырғала басып, көктемдегі қыр беткейдің қызғалдағына ұқсап қыдырады ғой. Міне сондай ашық атқан жаздың ақшыл таңындай көңілдің кірі жуылып, көкірек шайдай ашылып жатқанда жарық дүниеге келіппін; «келіппін» деп айта салу ауызға оңай, әйтпесе табанды күйдірген Кызылқұмның күрең шағылдары, шекені тесіп шақырайған аптап күні есім кірерлі-шығарлы кезеңнен бастап, еңбектегенше құлынмен ілесіп құлапәре құйындатып жүгіргенше... ержеткенше серігім болып қойындасып, қолтықтасып қосыла өмір сүріпті. Білеу-білеу белдеудің арасындағы шағын аңғардың кіндігін кесіп жылтыраған бұлақтың көзін бағып шағын ауыл тіршілік етіпті, түйе бағыпты, түйенің жүнін, өркешін, терісін жырақтағы Бұхарға апарып сатып, азық-түлігін айырыпты; қыста шұбалтып шұбат ішіп, жаздың аптабында көбігі шетінде шытырлап піскен қымыранға қарын шермитіп, иір мойын момындарын құм ішіне ұзарта жайып, түйенің мойнына ұқсаған иір-қиыр қыңырайған тіршілік кешіпті. Әкем байғұс қанша қыңыр болса да «оқимын» деген баланың талабына көлденең тұрмайтын; «қалаға аттанам, талаптанам» дегеніңде батасын беретін, тырна секілді тырайып өскен мына менің жан қалтама үш жүз сомды санап салды. «Жолың болсын», — деді сүйегіне біткен сыпа мінезбен. Бұл ауылдың адамдары аса ірі болатын, той жиында жігіттері түйенің үстіне шығып, түрегеліп тұрып, жадағаштың басына орнатқан қарағаштан ұстап аңыратып кеп ән салатын, тасбақаның қабыршағын тауып алып, «қоқан ханының тостағы» деп ішіне арақ құйып ішетін. Қыздары ма. Жоқ, бетіне пәранжы жауып жүрмесе де сүрмелі қасын төңкеріп төмен қарап, ешқашан еркектің бетіне тіктеп қарамайтыны ерекше енді. Ұзын сөздің қысқасы, ұмытып барады екем, май мерекесінде түйенің үстіне шығып ән салып, жүлдесіне бес кило кәмпит алып қоқырайып жүргенімде мектеп директоры басындағы қалпағын бұлғап жанына шақырып алды. «Ал, әнші жігітім, оқу аяқталып қалды, енді бір секірсең кәмелеттік аттестат аласың, өстіп құмға милықтап жүре бермекшімісің?»- деді ызбарланып. Ойымда түк жоқ. «Білмеймін, ағай», — деп бірдемені міңгірлеппін. «Осынша сірнесі сыртына шығып былжыраған кәмпитті қайтесің», — деді. «Ағай, құдықтың суына ерітіп жеймін», — деппін. Мектеп директоры басын шайқап, таңдайын қағады ғой: «Ай, Тынышбек, мектепте жүргенде қарасаң басың істейтін, сабақ білетін зерек шәкіртсің, енді сырттағы жүрісіңе қарасам қарным ашады, делқұлы, дәндаку, «Апырмайдың» адамы секілдісің, ақылымды алсаң — құм арасынан кет, ертерек еліңді тап, біліміңді жалғастыруды ойла, әйтпесе құмкеселге ұшырап, осындағы миғұлалардың бірі болып есекмия суын ішіп шыға келесің», — дегені нығыздап. Дүниедегі барша рахат: ішінде балы бар былжырақ кәмпитті құдықтың тастай суына батырып жегенде деп жүрмін ғой. Шілде ыстығында шұбатқа қанып ішіп, сыртқа шықпай жер үйдің сыз еденінде «Мың бір түнді» оқығаннан артық жанның рахаты болмас деп ойлағам. Әлгі сөзден кейін санама әлдеқайдан сәуле еніп ойға шомғаным.


Бұл ауылдың үлкен кісілері қымыранға күшәләнің дәнін салып ішіп, «жер қозғалып жатыр» десең де елең етпей, тапжылмай, мүлгіп-қалғып отыра беретіні неліктен деймін іштей. Бұл ауылдың қыздары әуелгіде құм ішінің шыңырауының суындай мөлдіреп, мейіріңді қандырып, есейе келе, егделене ашып бықырған айранға ұқсап кететіні қалай деймін, таң қаламын. Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады.


Құм ішінің аптап күні, азынаған желі кімді болсын қайратын мүжіп, арманын азайтып жіберетіні, үйіңе, киіміңе, асыңа араласып, қосылып қойындасып жататын майда құмы адамның өзін кішірейтіп, пәсейтіп, күн өткізер, ас ішіп аяқ босатар пенденің біріне айналдырып жіберерін әуелгіде кім біліпті, кім көріпті. Қой, ә, дедім, әкемнің қалтама салып берген үш жүз сомын әрәдік сыртынан сипап қойып, алыс қиыр сапарға шықтым. Бұл күнгімен салыстырғанда алпысыншы жылдың басындағы ақшаның әжептәуір қауқары, күші бар екен-ау деп ойлаймын. Ол кезде еттің киләсі бір жарым сом, май екі жарым сом болатын; оларды қойшы, жас адамға керегі қызықмас жүріс пен қыздармен сейіл емес пе? Әлі есімде, университетке құжат тапсырып жүрген жанкүйер кісі екеуміз түс кезінде «тамақ ішейікші» деп ресторанға бас сұққанбыз. Үлкен залдың сол қанатында, қабырғаға таудың, сала-сала адырлы сайдың бедері салыныпты, қарап отырып қызығасың, әлгі жыра саймен жылымшылап сылдыр қағып су ағып жатыр, маңайында титімдей тал, дөңкиген тас суреттері, табиғат шебердің кішірейтілген көшірмесі секілді, сол жерде ересек екі кісі жақсылап тамақтандық, қасымдағы ағайым екі шөлмек сыра ішті; есептесіп келгенде бар болғаны бес сом төледік. Қазіргі ақшаның елу тиыны сонда. Енді ойлаймын: аз айт, көп айт, ол кездегі ақшаның берекесі бар, қауқары күшті екен-ау, бұл күндегі елу тиынға тамақ түгілі шөлмек шипалы суды әзер ашады, тоя тамақ ішу үшін кем дегенде жүз бес сомың жұтылады. Шындықты айтып, жаңаша ойлайтын заман ғой бұл. Киім, тұтыну бұйымдарының, ас-ауқаттың бағасының алдында әлгі ақшаң иттен қорыққан қояндай қалтырап қоя береді, бүгін уыстап аласың, күні ертең қалтаңды қағасың. Әлгі үш жүз сомды шетінен жаратып оқуға түстім, қыздарға балмұздақ сыйлап, паркте сейілдедім, «Портвейн – 12»-ні бір кісідей іштім, қалай оқыдым, университетті қайтіп тәмамдадым -ұзарта созып айтпай-ақ қояйын.


Ғұлама кісілердің сөзіне сенсек: байқаусызда шығандап шөлге шығып кеткен түйе секілдімін, мойным бір қисайса топқа қосылмай маңып, маңғазданып жүре беретін адам екенмін; елп етіп ештемеге қызықпаймын, жұрт күлген нәрсеге қарқылдап күлмеймін, кеш жатамын, ерте тұрамын. Оқуды бітіретін жылдың көктеміңде оңтүстік өлкесінен келген бір топ жастар жиналып, орыстың екі бөлмелі үйін кештен таңға дейін жалға алып, мерекелік дастарқан жайдық; дастарқан дегенде қазіргінің салтынша жылқының жал-жаясын, қойдың мұздатылған етін, көкөніс түрін қоятын қауқар қайда, жолдасымыз екеуміз асхананың артынан кіріп бір шелек винегрет алдық, жолай гастрономға бас сұғып бір қаптай портвейн арқаладық; кешіміздің бар мәзірі осы. Қыздар ертерек келіп нан турап, шай қойып, палау жасап, былайғы сыпайыларға сызылып жүріп қызмет қылған болды. «Қызмет» дегеннен шығады, аш қарынға аздап қызыл шарапты тартып жіберіп алдағы мемлекеттік емтиханды тапсырудың жолын ойлап көзімді ашып-жұмып отырсам бар ғой, сізге өтірік, маған шын, қызыл көйлекті қыпша бел қыз көкөніс салатын менің алдыма ысырып ыңғайлайды кеп: ау, бірге оқитын тең құрбылар «алыңыз, жеңіз» деудің орнына аузыңдағыны қақшып кетуші еді, мына бейкүнә періште қайдан келген деймін; дәу бәтеңкемді сүйретіп биге шақырамын, аяғын басып, шайқатылып берекесін аламын. Сөйтсем қыпша бел қыз астанадағы пәлен деген академик әйелдің көзінің ағы мен қарасы екен; академик әйелдің атын атамай-ақ қояйын, ол кісі ашуланса, нанын зорға тауып жеп жүрген механик мен түгілі ректордың, одан асып редактордың шаңын тулақша қағып алады. Арыстанның апанына түсіп нем бар деймін-ау, ертесіне, ертесіне емес қой, әлгі кештен бір жеті өте жаңадан танысқан қыпша бел қыз қолтығыма жабысып «үйімді көрсетемін, әке-шешеммен таныстырамын» деп көп қабатты үйдің ең үстіндегі әңірейген кең сарайдай әсем үйіне ертіп келді. Кітапханаға барайын, соңғы емтиханға әзірленейін деп дәу бәтеңкемнің бауын байлап жатқам, қайдан білейін, қыпша бел қыз тып етіп келе қойды. Мойныма оратылып құлағының түбінен иегінің астынан сүйгізді, «құмда қалған атаным, қарның ашқан шығар, жүре қал», — деді. Тамақ жайлы сөз болған соң-ақ бәтеңкемнің бауын байлап, кітабымды былай тастап мөнтеңдеп жүре беріппін, әңірейген кең сарайдай академиктің үйіне еніппін. Ауызғы үйде үлкен диванда милықтатып көзілдірік киген қара сұр кісі газет қарап отыр, тіркесіп-ұшқасып келген бізді көріп түрегелді, қарсы беттеді.


— «Күйеу бала ма мынау», — деді төбеден түскендей етіп.


Не дерімді білмей қалдым, әзірше үйленуді ойлай қойғанымыз жоқ, диплом алайын, «аурумын, рақатыңды қашан көремін» деп апта сайын соңымнан салақұлаш хат жөнелтіп жатқан әкемнің алдынан өтейін, жөнімді жөндейін, иінімді бүтіндейін деп нықталып жүргем. Қыпша бел қыз қызарып кетіпті, мен туралы ләм демейді. «Ой, папа! — дейді, — ішетін нең бар?»


« — Е, ұзын сирақ неме екен, желаяқ жүйрікті қалай қолға түсіргенсің, бері жүріңдер, май шелпекті көрсетейін, — дейді үй иесі, — әй, күйеу бала, ас үйге бұрылсаңшы!..»


Ас үй дегені жер үстінің жұмағының бұрышы секілді, шипалы су, шампан, шарап, бұл өмірінде татып көрмеген уылдырық, балықтың бауыры дей ме, тоқаш, бәліш, қатырма, жұқпа дегенің тіреліп тұр. Ашқұрсақ жүретін сорлы басым үй иесі «же» десе, аузыма қомағайлана тығыппын, «іш» десе, — сыңғыта сіміріппін, олардың нені мегзеп, нені топшылап, нығырлап жатқанымен тегі жұмысым болмапты. Мейлі де, өмір сүру деген араның тісімен жүріп өткендей бір машақат. Бірде еңсеңді көтертіп биікке шығарады, енді келесіде алаңсыз жүрген күндеріңнің қарымтасын қайтарайын деген кісіше ойға құлдыратады: өстіп бірде шалқайып тәкаппарсып, бірде желкемнен пәрмені күшті кісі жұдырықтап өткендей қолқам түсе еңкеңдеп жүргенім ғой. Аздап жұтқан шараптың буы буыныма түсті ме, асқазаныма ел қондырып ішкі үйге өтіп нән креслосына мықшия отырып, бұл үйге қалай келіп қалғанымды топшылаймын баяғы. Ас үйдегілердің сөз әлпеті бөтен.


«Балтай-шалтайды білмеймін, осы кісікиік болып жүргенің жетеді, сорайған сирағын создырып құм ішіне қайтіп жібереміз, қалада қалсын, күйеу бала жұмсап шәниіп жатайын», — дейді өктем үн.


«Мамамның не дейтінін қайдан білейін, мынау деген дөкейлердің мода қуған, шашы жалбыраған жайсаң жігіттерін ұстамай, аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен мондыбасты қайдан таптың, «ұзын сирақ түйе мұның» деп кейіп жүрсе қайтемін?» — дейді қыз орысша сөйлеп.


«Ойбай, дөкейлердің балалары дес бермейді бізге, асыңды ішіп, алашаңды тіліп кетеді, оларға «олай етпе, бұлай ет» деп жөн сілтеп, билік айта алмайсың, тіл мен жағына сүйеніп, қағынып қақшаңдаған пәле. Мына жігіт аузымызға түскелі тұрған несібе, ырзық, ырыс, береке, тас қып ұста түп етегінен», — деп үй иесі құшырлана кіжінеді-ай, ас үйдегі әңгімені естідім.


«Қайдан білейін», — дейді қыпша бел қызы. «Тап қазірден айла-шарғы, амалыңды тор қылып құр маңайына, сенің сөзіңсіз, икеміңсіз аттап баса алмайтын болсын». «Қайдан білейін».


Осы мезет қоңырау шалынғандай болып, емен есік ашылғандай естіліп қыздың академик шешесі енді-ау деймін; әлгі ас үйдегі бірде естіліп, бірде естілмей күңіренген кергіме дау сап тыйылды, шарқай сұққан аяқтың тапырлап жүгіріп өткені сезілді, «киіміңді ілейін» деп біреуі өзеуреді, сампылдап сөйлеген радионың үні өшті, әңірейген үлкен үйде шыбынның ызыңдағаны естілердей өлі тыныштық орнады. Етжеңді, дөңгелек жүзді, қою бұрымын еріп тоқпақтай етіп төбесіне түйген орта жастағы әйел ішкі бөлмеге кіріп келгенде лып етіп орнымнан қалай көтеріліп кеткенімді білмей қалғаным; сәлемдескенім, қалай тілдескенім жадымда жоқ; әлгі әйелдің назары соншама өткір, сұсты болар ма, қарап тұрып сүмек боп терлеппін, екі сөздің басын құрап айта алмай бүгежектеппін. Академик әйел қадала қарап отырып-отырып төбеден түскендей етіп: «Ай, мыналарың ішіп алған ба?» — дегені... Әйтеуір көшеге сытылып шықса жаңбыр бүркіп тұр, су болғаныма, машинаның ығысқан арынына қарамай мойнымды екі иығымның арасына тығып бүрісіп, су тиген қарақұрттай құрысып жүре беріппін.


Екі-үш апта өткен соң қыпша бел қыз жатақханама іздеп келді, әупірім тәңіріммен алақандай дипломды алып, чемоданның терең түбіне салып, «әке, айдың аяғында жетіп қаламын», — деп қияндағы құм ішіне тілдей хат жазып, кешке болатын қоштасу дастарқанына әзірленіп жатқан кезім болатын. Қыздың жүзі сынық. «Мамам келсін деп жатыр», — деп жүзін төмен салып қыстыға, үздіге жылағаны. Аяп кеттім. Ернінен көме-көме сүйдім. Сол-сол-ақ екен қыпша бел сұлу екі көзі жәудіреп соңымнан бір елі қалмай қоштасу дастарқанына барды, староста жігітпен биледі, деканмен танысты... ақырында болар іс болды дегендей ғып үйіне, академик шешесінің алдына ілестіріп әкелді. Білім қуған, тоқырау жылдарында том-том кітап шығарып, докторлық қорғаған, философия ғылымынан академик болған білікті әйел бұл жолы да үсті-басыма сынай-міней ұзақ қарады, сосын әлқисса әңгімесін бастады. «Күшік күйеу» деген не ол, ол — феодализмнің сарқыншағы, біле-білгенге әйел — гүл, оны еркелетіп, аялап, алақанға салғандай етіп ұстаса жақсы өседі, көрген көздің жауын алады. Мына Қаламқасымды бетіне жел тигізбей, жаны қиналатын іс істеткізбей, нәзік гүлдей етіп мәпелеп өсіргенмін. Мұны тек қана еркелетіп, аялап, арудай етіп ұстасаң құлпырады. Мал — бақпаса кетеді, әйел — қарамаса кетеді деген білікті сөз; Қаламқасым мынау деген жігіттің жанында құлпырып жүретін, суыған жүректі жылытатын ғажайыптың ғажайыбы, қасыңа ертіп қара да жүр.


Мына миғұла басым сол сөзден, әлгі әңгімеден жарытып ештеме түсінбеппін. Академик әйел аялап өсірген қызының тағдырын маған сеніп тапсырарда неге «қасыңа ертіп жүрсең», «аялап ұстасаң», «ештеме істетпесең» деп нығырлап, нымдап айта берді десем; Қаламқастың өзге әйелден бөлекшелігін, ерекшелігін түсіндіргені екен ғой. Үйленіп, бас құрағаннан кейін көзім жетті, үзіліп түсер піскен жүзімдей мөлдіреген келіншегімнің ерекшелігі — ертеңгісін өліп бара жатса да еркектен бұрын тұрмайды екен; кіржуғыш машина болмаса ешқашан қолдап кір жумайды екен; қонақ келгенде қасында көлеңкеге ұқсап жүрмесең, ісінің берекесі болмайтын секілді, үйдің ішін жинай салуға, жуылған, шашылған киіміңді өтектеп, текшелеп орын-орнына қоюға ерінетіндей ме, отқа қойған сүті үнемі тасып төгіліп жатады, майға салып пісірген бауырсағы тәулік өтпей жатып шөлде жүрген түйенің құмалағындай қатып қалады. Не пәлесінің барын қайдам, ұйқысы өмірі қанбайды. Уақытты ұтайын деп асығыстау айтып жатырмын, айып етпессіз. Қызылқұмның ішіне, жаздыгүні өрттей жанған ыстық өлкеге «үйленейін деп жатырмын, келіңіздер, қаражаттан қол ұшын беріңіздер», — деп салақұлаш хат жазған едім; кейінше естідім, хатымды оқып кәрі жіліктей иілмейтін әкем қатты ашуланып шешемнің, інілерімнің, туған-туысқанның басына әңгір таяқ ойнатыпты. «Ол күшік құм ішінен скважин қаздырамын, құбыр салдырамын деп езуін қиғаштап жүр еді, неғып аяқ астынан үйленетін болып қалды, ол неғылған батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық, — деп мойнын сыртқа салып сенбей, көнбей бәле қылыпты. Ақырсында бері қарай, астанаға шешем мен немере ағамды жіберіпті. «Үйленсе — үйелменімен алып келіңдер, бәрін өзім асыраймын», — депті. Мына сөзді естіген қалыңдығымның академик шешесі шабына шоқ түскендей шыжбалақтады, ішіп отырған шайына шашалып, парт болып қызарды. Той ресторанның үлкен залында өтті. Қуанышқа жиналғандар сөз кезегі келгенде микрофонға қос қолдап жармасып, жас жұбайларды мүлдем есінен шығарып, академик шешемізді мақтаумен шаршады: «Пәлен жылы қалың кітабы шыққан, атақты кісі мақтаған», — деп шаптаса; «Қазақ әйелдерінің ішіндегі тұңғышымыз, пионеріміз, заңғар биігіміз», — деп тебірентіп тұрып алды; «семьяға адал, балаға мәйін», — деп қиыннан қиыстырғаны есімде. Бұл жерде қайын енемді жамандайын, қотыр сөзбен жүрегін тырнайын деп тұрғаным жоқ, шындығы сол — үлкен шаңырақтың ішкі-тысқы шығыны, жайылым өрісі, демалысы, дәм-тұзы, бәрі-бәрі сол кісінің мойнында екен. Байды, баланы, жолдас-жораны иір мойнына мінгізіп алып қиян құмды кешіп бара жатқан қуатты інген көзіме елестейді. Алғашыңда мұртымнан күліп, ішімнен мәзденіп: «жақсы болды-ау өзі, мен де сол иір мойынға мінгесіп, аяқты салақтатып қамсыз-мұңсыз тіршілік кешейін, институтқа орналасайын, қағаз шұқылап жүріп қорғап алайын, қолымды жылы суға малайын», — деп жоспар құрып жүргенмін. Орысша айтқанда — бал айымыз ұзаққа созылмады. Оқжетпестің баурайына ай бойы үй тіккізіп жатып, қымыз ішіп, бағланның етін жеп аппақ болып оңалып оралдым. Бұрын таспа қара болатынмын, енді жораларым «Нар кескен ақ семсер» деп жанама есім жапсырды; мейлі де, о ғып, бұ ғып бұға басып жүріп қорғап алсам ұпайымның түгелденгені. Үй алуға заңды болады деп қайын енемнің кеңесімен қала шетіндегі шағын екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрдық. Пәпкемді қолтығыма қысып елеусіздеу, ғылыми мекеменің мардымсыздау ғылыми кеңесшісі болып томпаңдап жүріп жатқанмын. Ерте кетемін, кеш келемін. Ертеңгісін шошына оянып, жуынып-шайынып, қырынып, шай қойып қолымды күйдіріп жатсам: келіншегім «басым зіл тартып барады», — деп төсегінде дөңбекшіп жатады; кешкісін кішкентай институттың тарақан жайлаған, сарғайып кеткен қағаздарын көшіріп, кітапханада отырып — дөңгелек атаулының жаңалығын салыстырып зерттеп, шетелдік рефераттың жылт еткенін аударып, көшіріп, көз тамырым қызарып, сазарып, шеке тамырым жиілей лыпыл қағып сүйретіліп баспанама келсем, ас үйдің іші алатүтін, картобы құрғыр табаға жабысып қалған, сүт тасыған, суға салған макароны қайнамаған, келіншегім бұлданады. «Жасыма жетпей үйге қамалып, қамырға былғанып отырғаным мынау, әйда ресторанға барып тамақтанамыз, серпілеміз, сергиміз», — деп өзгеше өрнек танытады. Ақшамның азайғанын айтамын, жұбайлық тіршілік дегеннің күнде дырду, күнара сейіл, сері жүрістен гөрі от басы, ошақ қасында қонақтап бұйырған ас-ауқатыңды бөліп ішіп, байыздау, ащы да болса арзанға үйрену, қиын да болса сұрғылт, бірқалыпты тіршілікке көндігу деймін.


Жұбайлық келешекке үміт арту, іргеңді бекіту, қос бірдей асау көңілді көндіктіру, біріктіру емес пе. Ендеше қалтаны қағып күнара ресторанға шапқылау, күнара қайын ененің шұрайлы мол дастарқанына телміру жетіскен тіршілік емес деймін. Әр отбасының өзіне лайық ішкі, сыртқы саясаты болуы керек. Еркегі отбасыны асырауға, пәтер ақыға, киінуге жетерлік табыс табуы керек; үйдегі әйелі сол табысты айға, аптаға, күнге бөліп дегендей ұқсата ұстағаны ләзім; шаршап келген еркектің алдынан шығып алқымынан алғандай болып: «Маған ананы тап, мынаны тап», — деп жүйкесін қажамай, дәмді асыңды алдына қойып, қабағына қарап; «Тәйірі, бүгін бітпеген тірлігің ертең біте жатар, соншама мазасызданбашы... күні ертең-ақ ел көзіне, жұрт алдына түсетін мақтаулы семья боламыз... сен жоқта киіміңнің кеткен жерін жөндедім, тіктім, жетпей тұрған қаражатты ептеп ұстап жеткіздім әйтеуір», — деп мамыражай мәйін мінез танытсаң ғой құба-құп болар еді деймін. «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген баяғы білгіш бабалардың сөзін қайталаймын. Мұны естіген қаймыжық ерінді, жұқа қабақ әйелім: «Ну, что-ж такого, — дейді, — на кой черт мне нужна назидание феодальной знати, они как тараканы живущие в подвале, темные, әйел мен еркектің тең праволы екенін түсінбейді...»


Бұған не дерсің енді. «Мейлі сенің айтқаныңды дұрысқа жориық, әйтсе де мына жас отауымызды қайткенде де мықты, іргелі, мағыналы етеміз; соны ойладың ба?.. Ата-анаға телмірмей, ешкімнің артығына, жарқырағанына қызықпай, бейнетімізге сыйынып, бір-бірімізге арқа сүйеп, сеніп тіршілік етсек болмас па», — деймін ғой орағытып. Қыпша бел келіншегім астарлап айтқан сөзді түсінбейтін, тура бетке айтқанды ұнататын. «Алақаныма салып жүремін, бетіңе жел тигізбеймін деген талай жігіттерге қарамай, саған сенгендегі шекемнің шылқ еткені осы ма, түйеші шалдан телміріп ақша күту, пәтер жалдау, қамыр илеп, бауырсақ пісіру, осындайда өмір болып па, мынау жас жұбайлардың жұмақ тіршілігі емес, қайыршылардың тозақ өмірі ғой». «Дозаққа үйренейік, бір-бірімізді сыйлап ғұмыр кешейік». «Мұндай тозағыңа өзің үйрен, кеттім мамама, тырнағымды өсіріп, бой-басыма қарап есімді жинағанша отын бұтап, үй тазалап, ас үйді сырлап...»


Қайсы бірін қоқсытып айта берейін. Жылға жетпей үш пәтер алмастырдық. Алғашында «бір-біріңе лайық тауып қосылған әдемі қосақтар екенсіңдер» деп қуана қарсы алатын пәтер иелері әрі кетсе апта, ай өткен соң түсін суыққа салып, тыржиып, қыржиып: «Ау, жас жұбайлар, қоқсықты неге төкпегенсіңдер, терезені неге жумағансыңдар, ас үйлерің толы тарақан, ванналарың тау боп үйілген кір, пәтер ақыны сіздерден күтіп жүрсек, өзімізден телміріп қарыз сұрайсыңдар, бұл болмайды, бізге тыныш, таза жүріп, уақтылы ақшамызды төлеп, алдымыздан кесіп өтпей сызылып тұратын мәдениетті пәтерші керек», — деп... өкпесін айта бастайды. Айтпай қайтсін, өкпем өшіп командировкада жүрсем қыпша бел сұлуым мектепте бірге оқыған, институтта қосыла сейілдеген, санаторийде танысқан тең құрбыларын аядай пәтерге шақырып, даңғырлатып музыка ойнатып, темекі тартып, самбырлап сөйлеп үй иелерінің мазасын алып зықысын шығарады екен. Ол байғұстардың жүйкесін жүн ғып түтіп, сіріңке сұрап, тұз сұрап, қызылбұрыш сұрап сенделтіп қоя ма, тіпті пәтерші кемпірдің түн ортасында қан қысымы көтеріліп дәрігер шақырып бере ғой, қарағым десе: дәрі орнына шарап ішкізіп, құсқызып, өлтіріп қоя жаздаған ба, білмеймін... Командировкадан келсем үй иесі төбемді көргеннен қорлық көрген баладай кемсеңдеп жылап қоя бергені. Күн тимей өскен шөптей болып бозарып қалыпты. «Ау, мұның қалай?.. Өкіметтен үй алғанша мейірімді адамдардың қасы мен қабағына қарап амалдап жүре тұрмаймыз ба?!» — деп қатты кейіс білдіремін. Тұңғыш рет даусымды көтеремін. Әйелімнің қиын мінезі — басынан ешқандай сөз асырмайтын, асырды дегенше торсаңдап өкпелеп, ас үйдің астаң-кестеңін шығарып, шаптығып шала піскен қамырдай бүрісіп-тырысып жатып алады, я болмаса есікті тарс жауып шешесінің үйіне кетіп қалады. Бұл жолы да сөйтті. Қарным қоңылтақсып асқазаныма ел қондырайын деп тоңазытқышты ашсам: апта бұрынғы базардан удай қымбатқа сатып алып келген ет тілшеленбепті, тұздалмапты, жеке сақталмапты, иістеніп өзге тамақты бүлдіре бастапты. Алда ғана тайқымаңдай тағдыр-ай, бүйтіп академиктің ақсаусақ қызын алып қатынға қарық болғанша Қызылқұмның иен түйешілер өлкесіне без теріп безіп кетсемші деп іштей солықтап өкінемін. Әкем әлдене емеурінді емексітіп «көн қатса қалыбына барады», «шешесін көріп қызын ал» деп алыстан хат жазып ақылға кел деп шақырған еді; бұла өскен қыздың былқылдаған мықынынан қысып, көпсіңкі ернінен көме-көме сүйген сайын санам тұманданып, сайқымазаққа ұшырап, ғалымдар үйінің маңайын шиырлап шықпай қойдым емес пе. Бақыт деген үлкен сөз, зәулім сарай, сол сарайдың әуізі жалтыраған, суы шапшыған, бұлбұл құсы сайраған жұпар иісті жұмақтай төріне қадам басамын ғой деп нық сенгенмін. Жұпар иісті қалыңдығымды құшақтаған кезде есімнен танғам. Әйтсе де мына тіршілік лепірген көңілдің талқыған мезетіндей жалғыз поэзиядан құралмайды екен, семья құру, өз алдыңа түтін түтету, ошағыңның оты өрелі жануды ойлау, үй-ішіңнің тауқыметін арқалау — прозаға көбірек ұқсайды. Драмаға соғып жатады. Сынды да тыңдай білер құлық пен құлақ керек көрінеді. Жұбайлық өмірден әйелім ұйқасы келіскен ырғағы бай поэзияны ғана күтіпті. Бұл ойын ертесіне, соңынан кешірім сұрап барған өзіме жайып салды. «Өзімшілсің», — деді; «феодалсың», — деді; «кешегі қайыршыланып жүрген күніңді ұмыттың, өз қолың өзіңе жетіп ғылыми атақты қорғап алған соң құмға қашып кетпекшімісің», — деді; әйтеуір академик шешесінің көзінше айтпаған сөзі кем.


Бәрін де көтеріп жүрмін ғой, көтере берер едім-ау, «кешегі қайыршыланып» деген сөз жүрегіме ине сұққандай әсер еткені, тіксініп, ішімді тартып қалдым. Апырым-ау, ешкімнің есігіне барып алақан жайған күнім жоқ қой; маған бұлдағаны, салмақтағаны — ғылыми мекемеге сөз салып жұмысқа орналастырғаны ма, үйленген кезде сыйлаған костюм-шалбары, шетелдік ағашы, сары самаурыны ма. Қызылқұмның иен түкпірінен алтын табылып қалуы кәдік, иен түкпірді жайлаған түйешілерге, геологтарға су көзін ашып беру керек деп осы көктем арнайы экспедиция шықпақшы еді. Соған ілессем деген ойда жүргем. Санамалап, қазбалап сөздің түбін қуа берсең бейауыз бәдік болғаның. Нище айтушы еді: тұңғиыққа көп қараған кісі тұңғиыққа жұтылмай қоймайды деп. Мына ғалымдар ортасының шырма-шату ұйығына жұтылмай тұрғанымда табанымды жалтыратайын, бойымды аулақ салайын деп ойладым. Ертесіне поезға билет алдым. Облыс орталығынан автобусқа міндім, ауданнан совхоз орталығына дейін май тасыған бензовоз қатынайды екен, соның кабинасына сығылысып сегіз сағат селкілдедім, ұжым орталығынан құм ішіне құбыр, тұз тасыған түйелі керуенге ілестім, бесінші тәулік дегенде өлдім-талдым шағын ауылға іліктім. Әкемнің ежелгі құяңы ұстап тұзды шуда оранып тоқал тамның түкпір бөлмесінде ұзыннан сұлап жатыр екен, қол ұсынып сәлемдескен кезімде танымаған сыңай танытты.


«Ә, келдің бе?» — деді қарлығыңқы үнмен. «Келдім, әке». «Біржолата ма?» «Біржолата».


Құм ішінде еркін дөңгелейтін вездеход машинасы қирап түйе қораның сыртында жатыр екен, білегімді сыбанып күні-түні шұқылап жүріп апта дегенде әлгіні жүргіздім. Ауылдастар таң қалды. Құдық аршитын насостың көмейін тазалап, моторын майлап іске қосқан едім. «Е, адам болады бұл, шалымыздың сонша ақшаны шашып оқытқаны текке кетпепті», — деп мәзденісті. Сәске түсте шыжғырған күн астында көксау мотордың белдігін ауыстырып салып жатсам, алыстан алай-түлей шаң көрінді, бірте-бірте әлгі ақбас шаң құйынша дөңгеленіп ауылға беттеді, «тапа-тал түсте ауылға андағайлаған Қоқан бегі ме» деп баяғыны еске алып тұрғанымда түтеген ақ түтек арасынан геологтар мінетін вездеход машина суырылып шыға берді. Тұп-тура біздің үйге маңдай тіреді. Артынша-ақ «көкем шақырып жатыр» деп екі өкпесін қолына алып шабарман бала келді. Босағадан еңкейіп ішке аттағаным сол еді, жас келіншек сыңсып кеп мойныма оратыла кеткені. Кәдімгі астанада, академиктің алты бөлмелі үйінде өкпелеп қалған келіншегім, құдай қосқан қосағым осы. Әкемнің жанары шатынап, көмекейі бүлкілдеп еңсесін көтерді.


«Мына келіннің аяғы ауыр көрінеді, үйірінен безген бурадай беталды боздамай, жоғал, жөнел, келінге иелікті бер!» — деп саусағымен сыртты нұсқады. «Ұжыммен есеп айырысайын, көке». «Есеп айырыспайсың, есебіңді өзім беремін», — деп жан қалтасынан шамалы ақша шығарып алдыма тастады. «Құрбы-құрдастарыммен қоштасайын». «Не бетіңмен қоштасасың!.. Қазір қараңды батырасың», — деп салалы ұзын саусағымен есікті нұсқады.


Сонымен аз айт, көп айт, бұйдаға бас ілген ботадай болып келіншегімнің соңынан мөнтеңдеп ілесе беріппін. Жетекке көндігіп астанаға келіппін. Қала шетінен екі бөлмелі баспана сатып алдық. Ерте тұрып, кеш келетін, былығып жатқан үй ішін келе салып жинай жөнелетін, ас пісіретін, көмір түсіретін, базарға барып азық-түлік әкелетін үй-ішінің тірлігіне әбден көндігіп алдым. Келіншегіме қыңқ демеймін. Бәрібір ерегісіп, ашынып, шаптығып шыға келеді, жүйкеме тиеді. Құданың құдіреті, қазір ғой үй ішін тазалағым келіп қиқымды тере бастайтыным, киімімді жуа салатыным, палау баса алатыным — сол күндердің сарқыншағы; сынықтан басқаның бәрі жұғады, әйел шаруасы маған оңай-ақ жұқты. Көп ұзамай келіншегім босанып, ұл туды. Жолдас-жораны шақырып кішігірім қуаныш тойын жасаймын ғой деп дәмеленген едім, тағы да базарға шабатынымды, көкөніс сатып алатынымды, шөлмек арқалайтынымды, палау басатынымды, үй-ішін жинайтынымды есіме алып ол ойымнан тез айныдым. Тойсыз да перзент есейер, буынын бекінер, келіншегім әйел тіршілігіне көндігіп үлгерсе, — кісі шақыру, қонақ күту ешқайда қашпас деп тұжырдым. Осындай ит ырғаспен, «баланың жаялығын кім жуадымен», «шайды кім құядымен» жүргенде қара күз өтті, қыс жетті... Әні-міне көктем шуағы қыр асып келіп қалды. Семьяның әу бастан берекесі кетіп, түңлігі желп-желп етіп босаңси бастауын ылғи әйелімнен көрсем әділетті емес, әрине, өзімді ғана мақтап, оны даттағаным сенімсіз болар, сірә. Рас, еркекке тән өзімшілдігім бар шығар, қаланың жігіттері сияқты орысшаға судай емеспін, екі кештің арасында елірмелеп ресторанға, балет кешіне, варьетеге шаба жөнелмеймін, кір жууға, үйді тазалай салуға икемсізбін, ашулансам — морт кетемін, қызғаншақпын; әйелімнің жақсы қасиеті — қызғанбайды, дүние ертең төңкеріледі, бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырайық десең, көнтерілігі, шыдамдылығы жетеді, «алда күн бар ғой», — дейді; басы жастыққа тисе, ұйқыға шым батады, қазір ашуланып отырып қазір күле салады, жүрегіне зіл сақтамайды. Ойыма ауырлау нәрсе оралса-ақ түнімен көз іле алмаймын, біреу оғаштау сөз айтса-ақ көңіліме кір жинаймын; қашан сол адаммен қайта мүйіздескенше, қайта сүзіскенше шыр-пырым шығып тынши алмаймын. Тоқ етерін айтқанда: академик шешеннің зілі, нықыртуы жиіледі, перзенттің бой-басына, тамағына қарау түгелдей өз мойныма түсті, келіншегім ақсақ қой түстен кейін маңырайдының әлегіне беріліп: «Қорғаймын», — деді. «Ғылым адамы болмасам оңбаймын», — деді.


Әйелімнің күн тәртібі: ғылыми кеңес, жетекшінің жетегі, кітапхана, қонарға үйге келеді әйтеуір. Менің күн тәртібім: баланы киіндіру, ертемен балабақшаға жеткізу, базарға соғып көкөніс сатып алу, жолай айран, сүт әкелу, үйді тазарту, балабақшаға жүгіру, шай қайнатып үлгеру. Осы күн тәртібі бара-бара жазылмаған заңға айналды. Бір күні, бір күні деймін-ау, айдың басында жұмыстан, гастрономнан, базардан, балабақшадан шаршап титықтап келіп түкпір бөлмеге құлай кетіп жан шақырып ойланып жатсам: сізге өтірік, маған шын, ұйқылы-ояу жатқан секілдімін, көз алдыма ап-анық құм ішіндегі Құланшы сай елестегені, жиегіндегі құм шағыл, ырсиған жар ернегі, сай табаны, сол табанда қаулап өсіп тұрған таусағызды көрдім, жазбай таныдым, бала кезімде түбінен сағыз алған өсімдік осы!.. Қаншама жылдар өтті, есейдім, самайыма ақ түсе бастады, көзімнің айналасын әжім торлады, таусағыз болса әлі сол күйінше үлпілдеген басы желмен тербеліп, сағызының иісі бұрқырап, қоян құлағындай үшкіл жапырағы көгеріп көз тартады. Орнымнан қалай ырғып тұрғанымды сезбей қалыппын. Кілт ұстап есіктен кірген келіншегіме бар болғаны: «Кетемін», — деппін.


Екінші мәрте соңымнан қуып келген Қаламқас құм өлкеге, Құланшы сайдың ішіне баламызды қолынан жетелеп өзімен бірге ала келді. Арамызда томпайған қарадомалақ бала, әрі итеріп, бері итеріп дегендей, бір-бірімізбен түсініспей, үрпиісіп тұрған сұрықсыз сыйқымызды көрген әкем шындап ашуланды. «Ол заман да бұл заман, әйелдің төркініне қашқанын көруші едік, ал мына сендей еркектің әйелден қашқан сыңайын бірінші көруім!» — деді. «Әйда, бұлай бірде шөлге, бірде қалаға сүйрелеп жүріп мына бүлдіршінді өлтіріп аласыңдар, баланы алып қаламын, қайда кетсеңдер — сонда кетіңдер, ызғысқан мына түрлеріңді көрмейтін болайын», — деді. Ауылдан ит қосып қуғандай сезілді. Әйелім екеуміз сүмірейіп, солбырайып астанаға келсек, академик шешеміз кәдімгідей әкесі тіріліп келгендей қуанды. «Баланы түйеші шалға қалдырып кеткендерің жөн болған, енді екеулеп қорғап алыңдар», — деді. Сол сөзге елігіп мен де аспирантураға емтихан тапсырайын, шамам келеді-ау деген тақырыпты алайын. Қазір есіме түссе — кісі күлерлік. Жұрттың үш жылда әзер қорғайтын диссертациясын өз басым жарты жылда-ақ зор беріп жазып шықтым; басымнан шығарған жоқпын әрине, көп жерін кітаптан көшірдім, жетекшімнің ойын өрбіттім, құдай қаласа — бұйырса — енді бірер айда қорғап қалармын деп дәмеленіп жүргем. Шаршап келіп төсегіме қылжия құлап жан шақырып жатқам.


Үйде ешкім жоқ деп ойлады ма, сүйікті келіншегім апақ-сапақта құтханама әлдебір еркекті ілестіре келді, өздері аздап ішіп алған ба, әлде ішейін деп жүр ме, күңгір-күңгір кеңескен болады, ауыз үйде, жоқ, ә; асханада рюмке сылдырлайды; келіншегім дамылсыз сыңғырлайды, әне бір жуан дауыс еркегі үзбестен мырыңдайды; «ә», — деп ойлағам; бұл әлгі ғылыми кеңесте айтысамын деп, санасы жетпейтін пәлсапалық трактаттарды қазақшаға аударамын деп жүріп жұқалап жүйке аурумен ауырған ғылыми жетекшісі болғаны. Төсегімнен тұрып барып сәлемдесейін деп бір оқталдым да, сүйек-сүйегім қақсап ауырып, серейіп жата бердім.


Әлден уақытта шала мызғып кетіппін, түс көріппін. Өңімдегі оқиға секілді тегі. Беймезгіл уақытта үйіме келіп келіншегіммен рюмке соғыстырып, шарап ішіп, бөсіп сөйлеп басы былғаңдап отырған ғылым адамын тымақша жұлқып, жағасынан алып тұрғызып, тамағынан сығыппын. «Бұл үйге бас сұғып нең бар?» — деймін. Әлгі үзіліп, үздігіп: «Қорғатамын, қорғайды», — деп қырылдай тіл қатады. «Қорғамайды, қорғатпаймын», — деп әлгі былқ-сылқ еткен еркекті алқымынан сыға түсемін. Кенет әлгі ғылыми жетекші жеңді білектей қарабас ирелеңдеген ұзын жыланға айналып жүре бергені. Тұла бойымды суық тер жауып тітіркеніп, әлгі жыланды сілке лақтырып жіберемін, төсегімнен атқып тұрамын. Шошына дауыстап, жығыла-сүріне сыртқа сытыламын.


«А-а-а-а!» Жүгіре басып бара жатып шамы жарқырап жанып тұрған ас үйге қараймын, ешкім жоқ, ортаңғы қонақ бөлмесіне кіремін. Әлгі жыланға айналған ғылыми жетекші келіншегімді тікесінен тік тұрып қапсыра құшақтапты, әйелдің ауызы ашылып, көзі бақырайып, не істерін білмей тұр. Тіфә-тіфә, кәпірдің қолы келіншектің беліне жыланша оралыпты тегі.


«А-а-а-а!» Төсегіме киімшең жатқаным қандай жақсы болған, әйтпесе көшеге тыржалаңаш шығып кеткендей екем. Аттай басып, жейдемді, костюмімді жүре түймелеп алқын-жұлқын жүгіре беріппін. Кешқұрымғы апақ-сапақта машинасы сығылысқан үлкен көшеге шығыппын. «А-а-а-а!» Өзімнің мына ұсқынсыз кейпіме, жын қуғандай жүрісіме ішімнен сылқ-сылқ күліппін. Сол түн ішінде алды-артыма қарамай, енді сәл аялдасам әлдекім қаусыра құшып ұстап қалатындай далақтай жүгіріппін, вокзалга жетіп, билет алып, жүргелі тұрған поезға мініппін. Түнімен селкілдеп, ұйқысыз, күлкісіз көз ілмей отырып таң алдында облыс орталығынан түсіппін. Қызылқұмның түкпірін мекен етіп, түйе бағып, бала өсіріп, ортақтың дәулетін молайтысқан шаруақор әкенің алдына жетіп, ағымнан жарылып сыр ашуға, жүзіне тіктеп қарауға бет жоқ. Жақсы ит өлігін көрсетпейді, өзіме бұйырған ит тіршілікті итшілеп жүріп өткізермін әйтеуір деп жолдағы бөтен совхозға табан тіредім. Ұжым директорына мән-жайымды түсіндірдім. Әуелгіде басшы азамат басын шайқап отырып: «Жұтқа ұшырағансың ба өзің?» — деді. «Рухани жұтап жүрген жаным құлазыған сормаңдаймын», — дедім. Кімнен жасырайын, жалған намыс неге керек: бұл күндегі қатар құрбымның көбі әншейін сенделген құр тұлып, сырты бүтін, іші түтін, мына Арал айналасы, ана Балқаштың маңайы таздың басындай алағаттанып соры шығып, аңғары ашылып, аңқаны кептіріп нәубетке ұшырап жатқанда маңайында мекен еткен адамға да кепиет-қайғысы жұққан ба, қайтсем нанымды тауып жеймін, бала-шағамды қалай асыраймын деп бейнетке батып жүрген кілең тұлып. Бас десең құлағын көрсетеді, осының бәрі рухани экологияға ұшырағаннан. Рухани экологияға ұшыраған адамның бірі — мына мен.





Пікір жазу