Жантәсілім
Жарықтық жақындарым-ай! Қаншама көз көріп, жақын жүрген замандастарым «дүние тіршілігінің у да шу думаны үзілмесінші» дегендей, жарық дүниенің есігін ың-шыңсыз ақырын ғана жауып, жоқтыққа жұтылып — кетіп жатыр, кетіп жатыр, кетіп жатыр.
Сол кісілердің барынша қарапайым, ізетшіл, кеңқолтық, әзіл-қалжыңы егіз жүретін мінезін, жасын түскендей шатырлаған ашуын көз алдыңа елестетсең-ақ көңілің, бейне, көші кеткен жұрттай құлазып қоя береді.
Кеудеңе орны толмас өкініш сезімі толады.
Шіркін-ай, дегің келеді сонда!.. ешкімнің көңіліне тимейінші... ешкімді ренжітпейінші... ...мына жарық жалғанда бүгін ғой кеуде керіп, тәкаппарсып жүрсек — тағы ертең жоқпыз ғой десіп, көсіліп отырып сыр шерткің келеді.
Тереңірек күрсініп, тереңірек тыныстағың келеді.
«Көңіл құлпын көбірек ашайықшы. Жарық жалғанның есігін ақырын-ақырын жабайықшы» дегің келеді. Ұлы адамдардың көбінің жантәсілім алдындағы, соңғы демі үзілер кездегі жалғыз ауыз сөзі: «Есік» болыпты. Пушкин: «Есікті жабыңыз!» — депті. Лев Толстой мен мүсінші Микельанджело Буонарротти: «Үлкен есік...» — деп үзіліпті.