14.08.2021
  229


Автор: Дүкенбай Досжан

Есіктің Король Лирі

1


Қазақ қай заманнан астарлап сөйлегенді ұнатады емес пе. Ашқарақ, қомағай адамды «ішінің жыланы бар» дейді; елге басы қосылмайтын кісіні «кісікиік» дейді; ал, өзіне-өзі дамыл таптырмай, артық бейнетке ұрынып жүретін адамды «ішінде жайтасы бар» дейді. Жайтас деп тұрғаны — кәдімгі найзағай, найзағаймен қосылып аспаннан киелі тас түседі, ол тас ғайыптан келіп базбір кісінің жан әлеміне өтіп кетеді білем ғой. Ішіне найзағай тасы енген адам қайбір оңсын. Екі аяғы дамыл таппайтын тынымсыз болып шыға келмек. Тыныш тұрған нәрсеге сүйкене кетпек, шынымды айтсам, әлгі жайтас мына менің ішімде ме деп қаламын. Мінекей, тағы да таң әлетінен тұрамын. Шығып келе жатқан күннің сары сәулесі терезе жақтауына қаймақша жұғады. Екі бұрышта шашы бұрқырап екі балам жатыр, үлкені оныншы класта, кішісі жетіде оқиды. Бұл шіркіндерді айқайлап оятып, үй шаруасына жекпесең бар ғой, асы аспаздан, наны наубайдан, түске дейін ұйықтайтын әдеттері. Сыртта көжесі құйылмаған күшік қыңсылайды. Салақ кемпірдің шүйке жүніндей болып түтеленіп әйелімнің жатысы анау; осыдан он, он бес жыл бұрын бұрымы тоқпақтай, жараған тайдай, құлын мүшелі келіншек еді. Пәтерден пәтерге көшіп, жазда су, қыста көмір тасып, итырақтап әрінен әр қалмапты, қарап тұрып аяп кеттім. Әйелім оянды. «Ақылдың аулына ойысайық, бәйбіше, — деймін, сығанға ұқсап көше берсек тозып кететін түріміз бар. Іншалла, институтқа іштей түсіп, сырттай оқып, жеті жыл дегенде тамамдап диплом алдым. Кеше қала іргесіндегі совхоздың директоры кездесіп еді, «бала, арық тоқтыдай азып кетіпсің, совхозға кел, жер берейін; қаражатың болса үй салып ал» — деп кеңес берді...


Әйелімнің үнінде арылмас мұң бар. «Жазған-ау, азғана ақшаны диплом жуамын деп құртып тындың, бұл күндегі кесек пен ағаш удай қымбат, сүйенетін туысқан тағы жоқ, әкеңнен қалған оншақты қойды діндар марқұмның жетісіне, қырқына, жүзіне, жылына сойып тауыстың; жалғыз кілемді жаназа шығарған молда қолтығына қысып кетті, неңе сеніп жер аламын дейсің». «Ау, мына үйде кеше түнімен думандатып дипломды жуған жолдастарым қол үшын берер, көмектесер: отыздан астық, қырықтың төбесі қылтиды, қашанғы өз елімде, өз жерімде пәтерші болып қаңғырамын».


Әйелім күрсінді. «Білдей бірлестікте істейсің, құйрығың тесіліп, саусағың сүйелденіп қағаз көшіргеніңе алты жыл болыпты, баспана бермес деймісің: жеті жылда алты пәтер алмастырып, орыстың зәктенген жаман үйін жөндеймін деп шаршадым».


Қосағым танауын жиі тартып сықсыңдап қалды.


Кенеп қалпағымды үстел астынан, резеңке носкиімді жастық үстінен тауып тездетіп киіндім. Үйден шықтым. Күн желкемдеу екен, бүйіріме шаншу тиіп, тер қатты. Өзім істейтін бірлестіктің бастығына ендім, осылай да осылай, астанаға сыймай пәтерші боп өкпем тесілді әбден дедім. «Ой-бой-ой, Еуропадан қысқарып келген әскер семьясына, әр түкпірден бас сауғалап, шабаданын арқалап үйіліп жеткен босқындарға үй таппай діңкелеп отырмын», — деп бастығым зар қақсап шығарып салды. Өз котырымды өзім қасимын ба, қайтемін. Менің жылағаным мысықтың жылағанынан арзан. Адамның құны кеміген заман. Көшеге шығып әрі сенделемін, бері сенделемін, ой ішінен ой теремін. Пәлен жыл істеген мекемеде күйеуі ауған соғысынан оралмаған екі жесір бар, үй бөлінер болса — сол шіркіндер жолымды кеспес деймісің, жүйкемді жұқартып, көзімді теспес деймісің. Осыдан екі жыл бұрын қала іргесіндегі совхозды тексеріп барғанмын. Шаруа басшысы аңқылдаған ашық, ішіне тас салған шелек секілді ақкөңіл көрінген, салдырап отырып: «Бала, үй саламын десең жер беремін» дегені бар еді. Сол сөзді арқаланып таныс кісіге төтеледім. Совхоз кеңсесі қайта салыныпты, сиыр бүйрегіндей буылтығы, бұрылысы көп бірдеме; даңғыраған дауысты жырақтан жазбай таныдым. Мені көріп түсі бұзылып, ерні көгерді. Бар мұңымды сайрап айтып бердім. Құлақ салып отырып бірте-бірте реңі кірді, самайынан сорғалаған терін сүртті, есепшісін шақырып алды. «Мына балаға үлкен жолдың құйымышағынан жер бер» — деді. Жүрген аяққа жөргем ілінеді деген рас. Әуелі әйелім қуанды. Сосын балаларым қуанды, олардың қуанғанын көріп өзімде ес жоқ. Сенбі, жексенбі сайын балағымды түрініп кесек кұямын.


Жұмыс күндері көрінген жүк машинасына қол көтеріп жолда тұрамын: «Інім, бір жартыға құм жеткізіп салшы... «Жерлес, отыз тақтайды іргедегі ұжымға апарып тасташы... «Жолдас, құлың болайын, жиырма сомға раствор тапшы...».


Ой, пәлі-ай осы да өмір болып па! Жораларымды шақырып ай сайын асар жасаймын, радио тыңдамаймын, газет ашуды ұмытқалы қашан, теледидар көрмеймін, басым жастыққа тиді — бітті қор ете қаламын. Әңгіме төркіні – қыштың құнынан, цементтің пұлынан төңеректеп аспайды.


Адамның ортаға сай өзгеруі оңай білем. Жан сарайымдағы жайтасым тыныштық бермей, титықтауға бет алдым. Ішімді өртеп, мазалап тұрған жайтас болмағанда бар ғой, кенеп қалпағымды жерге бір-ақ атып, резеңке носкиді лақтырып жіберіп, жалаңаяқтанып, астыма көрпешені қалың төсеп, шәниіп жатар едім. Жан тыныштығын армандаймын. Жүр-жүрлейтін, тұр-тұрлайтын, мазалайтын сол шіркін. Үйі құрғыр биыл бітпесе келесі жылы бітер деп, шегеменен жер шұқып... қиналамын... күйзелемін де шатырға қалай маймылша өрмелеп кеткенімді білмей қаламын. Қөп көрім пісенділігіме өзім таңданамын. Әлден уақытта әйелім төменнен дауыстайды. «Отағасы, төменге түсіп дем алсаңшы, ойласатын азырақ шаруа бар», — дейді. «Омай деген, аяқ астынан қалай жаның аши қалды, арғы ойыңды сезіп тұрмын», — деп жорыта кейіген боламын. Әйелімнің аяқ асты қамқорси қалғанынан іштей секем алып, қауіп қыламын. «Шиферді түгел қағып бітпей тырп етпеймін, түспеймін. Ертең қара күздің сүмелегі сүмектесе — төбемізден тамшы ағады». «Отағасы-ау, әлгі үлкен ұл үйленемін дей ме, бірдемені бықсытып жүрген, біреудің әп-әдемі қызын алып келіпті». Неғыл дейді!


Бармағымды оңдырмай жаншып алдым, калай төменге сырғанап түскенімді білмей қалдым. Қысылтаяң шақта қатын алғыш зәнталақты көре қалайын деп бөлмелерден іздеп жүгіріп жүрмін. «Қайда, қайда?» деймін. «Үйленгенді көрсетейін мен оған, май шелпекті тапкан екен, екі қолымды он ете алмай, тақтайдың бір шетінен ұстап жіберетін адам таппай көзім кіртиіп жүргенім мынау! Көрсетейін мен оған, үйсіз-күйсіз жүріп төсегін сайлаған қалай болатынын!».


Әр жерден бір басып үйді түгел тінтіп шықтым, ақ көйлекті үрпиген, көбелек секілденген әлденеге беттесіп қала бергенмін, сөйтсем болашақ келінім сол екен, әлгі зәнталақ ашуымнан қорықса керек, терезені ашып сытылып зым-зия жоғалыпты. Қайда-қайда!.. Ентігімді басып, сабама түсіп, ақылдың аулына ойысып, ойланған кезде — осы ісімнің құр бекер екенін кейінше білдім, болар іс болып қалыпты. Өз қолымды өзім кесем бе. Әлгі үлпілдеген ақ үрпек қызды отымның басынан қуып қай ұшпаққа жетеміз. Әрі ойладым, бері ойладым, әбдіренің түбінен табылған үш жүз теңгеге өкіметтен көтерме несие сұрап, толықтап, өліп-өшіп, жазған құлға дауа жоқ деп, қалтамды томпайтып қатынымды қасыма ертіп, кұдалыққа шығамын баяғы. Сөйтсем болашақ құдамның үйі таяқ тастам жерде, қалың баудың ішінде «әу» десең дауыс жететін ауылдың шетінде екен. Самай терім сорғалап, иттерді абалатып ентігіп, болашақ келінімнің үйіне бас сұғайын. Ойлағам: құдалар «жалғыз қызымыз қайда қашып кетті» деп өз-өзінен боғын пышақтап, шу шығарып шала бүлініп жатқан шығар деп. Ауласы тым-тырыс, есігі ашық. Аяғымызды шешіп, «кім бар-ау», — деп есікті ашайын, төрге озайын, маңайыма қарайын.


Оң бүйірде жұмсақ диван үстінде көсіліп болашақ құдам жатыр, құдамның осы екенін бірден таныдым. Ақ үрпек келіннің тәмпиген танауын мұнда да ұшыраттым. Құдамның бас жағында құмыра толы сыра, қолында «Алматы ақшамы», қызарабөртіп қиялға батып жатқан секілді, үстіне енген бізді шаншудай сезініп, тіксініп қабылдады.


«Бұл қайсыларың» деген кісіше отырып-отырып қолындағы газетті былай тастады. Салқын сыра құйылған құмыраны басына көтеріп шөлден келген кісіше құрқылдата бастады. Сабаздың саушылығы неткен мықты деп таң қаламын баяғы. Өз басым салқын су ішсем болды баспам көтеріліп, тамақ безім жарылып, қан түкіріп азап шегемін. Жайдақ жозының жиегіне тізе бүгіп тілге келемін. «Балалар бірін-бірі ұнатқан соң несі айып, ата салтын ұстап тапқанымызды қалтамызға салып, бүгін мінекей, әйелім екеуіміз келдік», — деймін. Үй иесінде үн жоқ.


Әйелім маған, мен оған аңырайып қараймын. Осы мезет сыртқы есік ашылып, даладан сөмке арқалап қараторының әдемісі бүйрек бет келіншек енді. Сыпайы үнмен сәлемдесті. Дереу көрпешені сілкіп, жозының үстін сүртіп шала бүлінді. Күйеуін «мұңсыз» деп бүйірінен түртті, «Кісілерді төрге шығар, сендей уайымсыз, дымсыз, мұңсыз серейген пәлеге қосақтаған құдайда ғой көз жоқ», — деп жасын көрсетпей сығып алды. Бүйрек беті дуылдап қызарды. Аяп кеттім. «Мұндай нәрсе ханның үйінде де болады, қапа болмаңыз», — деймін, тіземді бүгіп, малдас құрып жатып. Болар іс болды, бояуы сіңді, шаңы шығып бұрқылдаған тіршілік сапарында мені ғой алып келіп мынадай мұңсыз адаммен қосақтаған үлкен ұлымды ойласам, әй тұла бойым қалшылдап зығырданым қайнайды, құйрығым қоныс таппай кетеді. Мұңсыз ыржалақтап күледі, тұрып келіп қолымды алады, ұстарамен қырғызған сопақша тақыр басын көстеңдете сыйпайды. «Саясатпен танысып сауатымды ашып жатыр едім, қайдан білейін», — дейді. «Ертеңгісін кеңсеге бір соғады да басын былғаңдатып қайтып келеді, содан күн батқанша қорылдап ұйыктайды. Енді түнімен көз ілмей тіршілік жасайтын шығар деп ойлайсың, жоқ, басы қазандай болып тағы ұйқыдан бас көтермейді», — деп сүйкімді сылыңғыр келіншек шыж-быж. Мына бытпылдықты есітіп отырып тезірек бөстегімді көтергім келеді, қой, ә, деп іштей қауіп қыламын: үй салып бейнетке белшемнен батып жүргенім аздай-ақ, мына мұңсыз өзінің жөнделмей жатқан қорасын, орылмай жатқан жоңышқасын менің мойныма артып сорымды қайнатар.


Ауласын сыпыртар. Әлгіде әйелі айтып қалды: бұл үйдің және бір тығылтаяң шаруалары бітпей, тағы бір жолға жүретін жағдайы бар ма, қалай, қой, ә, ертерек карамды батырайын. Әлгі мұңсыз түкпірдегі қорасын ашып ішінен тырыстырып бір тұсағын сүйреп шығарды, бата сұрады. «Ал, құда-екем, мына жәндікті өзің бауыздап, өзің жәукемде — қолымның түк ебі жоқ» деп жалаңдаған жез сапты пышағын ұсынып жатыр. Амал жоқ, танысып тұрғанымыз осы, қайтіп бұрылып кетейін, малды өзім сойып, мүшелеп бұзып, тілшелеп, тұздап сорғытып бердім. Әйелім бас, сирақ үйітті. Үлкен ас үстінде мұңсыз жігіт аздап қызып қалды ма, әлде бойға сіңген әдеті сол ма, жұбайымен азын-аулақ кергілесіп алды, бір-бірінің мінін қазбалап айтып құлақты сарсылтты. Ойлаймын: бейнетім егіз жаратылып өзімнің де оңып жүргенім шамалы, ана төрт бөлмелі верандалы үйді жақында бітірдім, енді мына мұңсыздың дымбілмес үрпекбас қызын тәрбиелеп, адам етемін деп жүріп, әй, миым атала болар, шашым ағарар... Түн ортасында неге екенін білмеймін, кеудем қысып, ауа жетпей, елірмелеп ұйықтай алсамшы. Әйнектен ай сәулесі сүтше құйылады. Әйелім мазаланып оянып кеткені.


— Ішкен қышқылың жақпай отыр ма, неге жатпайсың?


— Білмеймін, жүрегім қобалжулы.


— Үлкен істі бітірдік емес пе.


— Күні ертең тағы бір қалың бейнет күтіп тұрған секілді.


— Қайдағыны айтпашы. Үйді салып бітірдік, ащы ішектей шұбалған сырт оқуды тамамдадың, Сәкенің, мінекей, үйленіп отыр, енді ғой адал тапқан нанымызды қара шайға жібітіп жеп жан тыныштығын ойлайтын


шығармыз. Ермек жетіліп үйленем дегенше қор жиып, жұрт қатарлы үлкен отау қара шаңырақ болып қалармыз.


— Әй, қайдам, жүрегім тегі жаншылып соғып тыншытпайды.


— Не болса соны айта бермеші, жазған.


Ай сәулесі терезеден таң сыз бергенше құйылды, айкезбе ауруына ұшыраған адамша күбірлеп, күңгірлеп, елірмелеп тегі мазам кетті. Ертесіне, жоқ, ертесіне емес-ау, үшінші күн дегенде келін түсіру тойын жасадым. Келген кісілер риза болып кекірелеп тарқады, риза болғаны емей немене, бір мәшине құдалар келген, қайтарында картоп салған қапқа ұқсатып үйіп-төгіп үлкен машинаға әзер тиедік, түсіп қалғанын түн ортасында «Беларусьпен» жеткізіп салдық. Келіншегімнің тірсегі-тірсегіне тоғысып, бетінен боздағы шығып сілелеп шаршап төсегіне бас қояр кезде айтқаны: бітті... болды... құтылдық...


Кімнің неден қалай құтылғанын жер бетінде балағымен шаң сыпырып тіршілік күйттеген пендесі құрғыр білмейді екен; барша пәрмен тағдырыңның қарауылы — құдіреті күшті жаратқан иенің қолында білем. Әйтпесе енді шәниіп жатып қара шайымды тыныштықпен ішермін деген құс арманымның құйрығын да ұстай алмай калдым. Ішімдегі жайтасым қозғалып кеткен секілді. Таң әлпетінен қағаз салған пәпкемді қолтығыма қысып, қалпағымды милықтата киіп қасқа жолға түсіп еңкеңдеп бара жатқанымды бір-ақ білдім: өкшем жерге тимей бара жатқаны — қызметтің жайы: я үйіме, я күйіме мысқалдай пайдасы жоқ бірлестіктегі жұмысымнан шығып, осы қала іргесіндегі совхоздың майлы кеміктің басындай жайлы жұмысына тұмсығымды тығып алу. Кеше кешкісін совхоз директоры: «Қолыңның ебі бар, жөні түзу бала екенсің, инженер қоямын, келсең кел», — деген. Сол сөз қиялыма қамшы болып түнімен кірпігім айқаспай шыққанын айтып неғылайын. Бірлестік бастығы кететінімді есітіп налып калды. «Үй бермеді деп ренжіп бара жатқаныңды сеземін, сәл кідіргеніңде өз қаржымызбен үй салуды бастайтын едік... өкінішті... өкінішті... білгіш маман бізге де қажет, — деді. Қайда баратынымды суыртпақтап сұрап біліп алған соң, басын шайқап, таңдайын тақылдатты. «Өкінішті-ақ, — деді, — басыңды май топыраққа тығып, көрбейнетке бату үшін бара жатырсың. Әй, жылы орынды суытпағаның жөн еді...» Білікті басшының кеңесін құлаққа қыстырмай пәпкемді қолтығыма қысып, өкшем жерге әр жерден бір-ақ тиіп, кете беріппін. Бірлестіктегі міндетімнен босап, іргедегі көтерем совхозға инженер механик болып орналастым. Ертесіне таң әдетінен аяғыма керзі етік, үстіме кенеп комбинезон киіп жүрексініңкіреп көк гараждың есігін ашайын. Әуелгіде кең гаражға түйе келесі, жылқы үйірі ме, әлде баяғы Шыңғысханның мұздай темір асынған қисапсыз түмені еніп кеткен бе деп ойлағам. Белі кеткен тележка, төс шынжыры төгіліп түскен трактор, моторы тоналған машина, көкқұтан мойын комбайн бейберекет пырдай болып шашылып жатыр, аяқ басатын бос жер қалмапты. Есептегі сексен машинаның жиырма үші ғана дөңгелейді, өңгесі өлі темір әншейін. «Бұл кұрғырларды шаруашылық есебінен неге шығарып құртпағансыздар», — деп сұраймын есепшіден. «Амортизациясы бітпей акт жасалмайды», — деп ол байғұс безектейді, — көбі құнтсыздықтан, орға түсіп, соғысып қирағаннан бүлінген, егер бар ғой, білек сыбанып жөндейтін кісі болса біразы ілдебайға жарап қалады;


Мына дөңгелек директордың тойына таудан тайынша тасып жүріп белтемірі үзілген; Оңғардың есерлеу баласының терекке соғып қиратқан жүйрігі осы; Оңғардың жиені құлпынай сатамын деп Сібірге жөнеліп сүйегі әзер жеткен төрт тонналық машина мынау; Оңғардыңәйелінің астынан түспей моторы өртенген газиктің қаңқасы бұл; жөндейтін епсекті қол болса әлі де сүйретпеге жарайды. Қосымша бөлшек іздеймін деп шағын автобусты Оңғар көкем көктемнен селкілдетіп мініп жүрген. «Оңғарың кім, айтсаңшы?» деп ышқынып кетемін. «Ойбай, ол кісі директордың туған бөлесі».


Әттеген-ай, — деп аяғымның басына түкіремін, — кеңсе төрінде төсі қайқайып міз бақпай отырған сыпа сол болды ғой. Көтерем шаруашылық қайтіп табысқа шығып, майлана алмақшы. Қой, ә, жайрап жатқан газиктің ол жер, бұл жерін көріп шығайын». Сырт киімімді машинаның астына төсеп шалқалай сүңгимін. Кілемші қыздың қолындай, өрмек тоқығандай ал келіп өнерлейін. Түс ауа шайымды ішіп келіп және шұқыладым. Кешкісін буыным сырқырап, сүйретіліп үйге жетсем әйелім шыж-быж «үстіңнің майын кетір», — деп үйге кірбізбейді. Алғашында бекерге ренжіппін, аптаға дейін жермай сасып жүрдім, аптадан кейін әлгі газикті құрастырып жүргіздім. Оңғар есімді қияқ мұртты, қасы, көзі қиылған төсі қайқы жігіт келді де күректей алақанымен арқамнан қақты. Есепші жігіт ертесіне қой сойып ерулікке шақырды. Үстел үсті дәмді тағамнан қайысады. Үй иесінің аузында дамыл жоқ-әй. — Несібеңіз жоғарылайды, жігітім, — дейді даурығып. — Оңғар-көкем жұрт көзінше арқаңыздан қақты». «Оңғар көкемнің арқасынан қақкан адамы дүниеден тапшылық көрмейді, тасы өрге домалайды», «Оңғар көкем адамның арқасынан аса сирек ағады, қаққаны қағыс кетпейді». Бұл ауылдың пайғамбары ертеңгісін келіп арқамнан қағып, жөнделген газикті мініп кеткен қияқ мұрт қызылшырайлы кісі болды. Ойлаймын: тыншысам енді тыншитын шығармын, баспана тұрғызып алдым, үлкен баланы үйлендірдім, оң жамбасыма келетін қызметім бар, енді қалың ұйықтап, аяқты алшаң басып, уайымсыз өмір сүретін шығармын, пайғамбардың назарына іліктім. Шетел шарабына аздап қызып, түн ортасына дейін әйеліме домбырамен ән салғызып, қонақасыға риза болып, үй иесіне алла разы болсын айттым. Әйелімнің домбыра тартып, ән салатын өнері бар. Жақсы ортада «мен мынаумын» деп кеудесін керген, әлем-жәлем боянған талай сылқым келіншектерден көрнекті отырады; оның үстіне баяулатып ән салған кезде тегі кереметпіз деп деміне нан піскен марқасқа жігіттер қызыға мойын созады. Төмен қараған көрбілте керіксіз біреуді қосақтамай, саналы, сымбатты әйелді бұйыртқан тағдырыма ризамын. Жігітті қартейтетін жаман қатын, шабаң ат, өтпес пышақ деуші ме еді. Мені жасартып жүрген мына қатыным.


Шаруашылық есепке көшу үшін машина паркіндегі дөңгелектердің құрығанда жартысы дөңгелеуі керек, осы жұмысқа келгелі бері жоқтан бар құрап үш дөңгелекті әзер дөңгелеткенім етке тоймай жатып тіс шұқығандай ғана болымсыз шаруа екен: қалған қираған темір ортақтың дәулетін қарап жатып сүлікше сорды.


Темір-терсектің қожаларынан тескеру келді. Қаламы жалаңдап пәле-е-ен деген темірдің төле-е-ен деген терсегі, тетігі қайда деп кеудені қысып мүңкір-нәңкірше жауапқа алды, бас бұруға мұрша қайда. Тексеру келген күннің кешінде, кешінде емес, түн ортасында машина-трактор паркі өртенді. Сізге өтірік маған шын, от гулеп, шоқ маздап қыза-қыза келгенде көк темірдің гүрілдеп жанатынын сонда көрдім. Тұтанып алса темір, тас жаңқаша лаулап кетеді екен. Ертесіне емес-ау, үш күннен кейін баяғы тексерушіге ілесіп көзілдірік киген, сыпайы тілдескен тергеуші келді; «сіз, біз», — деп нақа бір жанашыр жекжатша амандық сұрасып, білегіңнен қолын өткізіп өпектегенде бар ғой, сырыңды түгел жайып салғанша асығасың.


Сонда деймін-ау, қаладағы тыныш, жайлы жұмысымды тастап, майға малшынып, топыраққа батып бейнет кешкенімде көретінім көк темірдің гуілдеп жанғаны ма?.. әлде маған бұйырғаны көзілдірікті сыпайы тергеушінің алдында тіземді дірілдетіп тұрып жауап беру ме?.. Зығырданым кайнайды ғой. Бәрінен де батқаны әлгі сыпайы азаматтың жылжытпалап келіп: «Әңгірейген үлкен үйді қандай қаражатқа салдыңыз?.. үлкен ұлыңыздың үйлену тойына қанша ақша жұмсадыңыз?..» - — деген сауалы болды: ойбайымды салып, маңдайымды тоқпақтап, маңайыма караймын.


Совхоз директорының қайда құрығанын білмеймін. Арқамнан кағып жұмсай білетін Оңғар көкем ұшты-күйлі. Төс қағысқан, құйрық-бауыр жескен бауыздау құдам сұрау салып халімді білетін емес... жым-жылас... тыныштық... үнсіздік... қараңғы үйдей еңсемді баскан қапалық қана... Осымен пашпыртым біткен-ақ шығар деп сорым қайнап омалып отырғам. Сыпайы тергеуші бес беттік кағазға сықата жазған түсініктемемді оқып шығып, төменгі жағына қол қойғызды да терең күрсініп шығарып қоя берді. Түстеп кейін тау жақтан бұлт селі лықсып төніп, аспан асты жарылғандай болып күн күркіреді. Өрік талдың жапырағы дірілдеді. Тулақша қатып-семген ылдиға мына жауын селдетіп өтсе астықтың астында қалатынымыз кәміл. Үйге жетіп жан шақырып жастыққа бас қойғаным сол: ішім бүріп ауырып, аузым уылып ал лоқсиын, ал құсайын. Әйеліме дауыс қып «табақ әкел» деуге де шамам келмей қалды. Шекем түсіп алып барады. Домалағаннан домалап есімнен танып қалыппын.


Түн ортасында төсегімде жатып ойлаймын: жас кезімнен бейнетім егіз жаратылған, мен жүрген жерде көлеңкеше ілесіп сор жүреді. Әжем айтып отыратын: әкем мен шешем күнара басы піспей шатақтасып, бір-бірімен ерегісіп ұрыса беріпті, ақырында бірбет әкем өз үйінен безіп кетіп қалыпты, өзімшіл шешем қызылшақа мені тонға орап, өзен жиегіне тастап төркініне тайыпты. Мал іздеп жүрген картаң әйел тауып алыпты. Бәлкім сол өзен жағасынан жабысқан тағдыр ызғары, бәлкім іш әлеміме еніп кеткен жайтас әлегі — кішкентайымнан аса тынымсыз, басымды тауға да, тасқа да ұрып, ұрынып өстім, өзімнің дегенім болмаса көзіме қан толып кететін бірбет мінез жамаппын. Қой аузынан шөп алмайтын, кісінің алдын кесіп өтпейтін момын-ақпын. Баяғы бірлестіктің беделді бастығы: «Өзімізде қысқарту жүріп жатыр: — деп ауызын ку шөппен сүртті.


Есік қаласын таудан құлаған қызыл сел алып, біраз адамды, үйлерді, құрылысты, машина паркін үйдей үлкен домалаған тастар ағызып қарап қылыпты, кайта калпына келтіру жұмысына кісі қолы жетпей жатыр дегенді естіп, солай қарай аяңдаймын. Сел жүріп өткен шақырымдай тастақты арна алып диназаврдің қаңқасы секілді, қала ортасын ырситып сойып кетіпті. Білегімді сыбанып, белімді бүгіп шаруаға жегілдім, темір жидым, машина айдадым, кесек құйдым; екі айда екі ұртым солып шөмиіп азып кеттім. Әлдекімнің көзіне түсіп, баз біреудің көңілінен шықтым ба, бір күні қала басшысы шақырып алып: «Жеңіл машиналарды жөндейтін станция ашқалы жатырмыз, соның тізгінін қолыңа ал, директоры бол», — деп қолқа салды. Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, мақұл-ақ. Жіңішкені желеп-жебеп жүретін құдайы бар деп іштей лүпілдедім, жанарыма жас іріктім, көне кеттім. «Үйді сатамыз, көшеміз, өкіметтен от жақпайтын үй аламыз», — деп алқынып жетсем — әйелім сенбейді: ол неғылған тегіннен-тегін жатқан батпан құйрық дейді. Сөйтсем әлі күнге тергеуде жүр деп күдер үзеді екен. Жырақты шолып кайтейін, жаңа қызметтің буына семіріп үйді сатыппын, Есік қаласына телешкамен көшіп келіппін, шаруаның шет пүшпағынан ұстап желпілдеппін; айналайын өкімет көп ұзамай кұрқылтайдың ұясындай екі бөлмелі үй берді, үйленген бала «үлкендермен бастасып-аяқтасып қалай жатамын» деп бөлек пәтерге шығып ол кетті, кіші балам «үйленемін» деп үрейді алып дігірлеп бұл жүр.


Темір-терсекке қожа болып, темір-терсектен өкіметке пайда түсіргенге жайтасым жанып мәзденіп қалпағымның ернеуі делдиіп жүре берер ме едім; бір күні ертеңгісін төсегімнен тұрып бара жатқанымда әйелім қолымнан тартты. Дөңгеленген қарақоңыр жанарында салқын мұң, жүрегімнің басы дір ете қалды. «Өстіп аяғыңа жел бітіп жүгіре бермексің бе?» — дейді әйелім. «Енді қайтейін!» «Ау: пілдің құйрығын ұстаған адам сендей болмас, өліп-өшіп салған үйді ойлануға мұрша бермей саттың да жібердің, үлкен бала мен келін баспанадан баспана ауыстырып сыған болып олар жүр, кіші бала кеше біреудің кызын әкеліп таныстырып бірдеменің шетін бықсытып ол кетті», — дейді әйелім. «Маған не дейсің сонда?!» «Ойбай, мына құрқылтайдың ұясындай тар үйіңде өкпем қысылып өлетін болдым, қаражатты жина, құрылыс материалын төк, жаңадан үй салуға кірісеміз», — дейді әйелім. «Қолым тимейді ғой». «Ертеңді-кеш жәрдемдессең жетеді, калған жұмысты балалармен қосылып өзіміз тындырамыз». Мақұл деппін, аңқау басым жұмысқа асығып бара жатып аңғал басыппын. Сел жүріп өткен арнаның шығыс қабағынан жер алып, іргетас құйып, әні-міне дегенше бес бөлмелі үлкен үйді бастап кеп жібердік. Сандықтағы ақшаны жұмсап құрылыс жабдығын түсіремін, жексенбі сайын сөзім өтетін жолдастарымды көжеге шақырып асар жасаймын, жұмыстан қалт етіп шамалы босай қалсам костюмімнің етегі қанатша жайылып үйге шабамын.


Екі сөзімнің бірі — кесек қалау, сылақ сылау, түсімде көрінгенмен жағаласып тақтай ұрлап жүремін. Үй құрылысы бейне зырғып айналған диірмен тасы, өзім соның дән қуған бақалағы секілдімін. Бір күні есімді жинап қарасам, құданың құдіреті, қолымда балға, суағар кағамын деп тырмысып үй төбесіндегі шифрмен жоғары өрмелеп бара жатырмын. Өкпем сыр-сыр, буыным дір-дір. Ентігімді басып, үй төбесінде шоқиып отырып самайымнан сорғалаған шұбыр терді саусағыммен төмен ысырып маңайыма көз саламын.


Осы үйді бастар кезде қолтығыма дым бүркіп «салысамыз, қолқабыс береміз, — деген үлкен ұл ұшты-күйлі; әне үйленемін, міне үйленемін деп күнара қылқылдап зәремізді алған кіші ұл әскерге аттанған; жанымдағы жалғыз жанашырым — әйелім еді, базарын базарлап, шаруасын шаруалап қайда қаңғып жүргенін ешкім білмейді. Қолымда балға, төменнен шеге әперетін жан баласы жоқ, үй төбесінде мөлиіп отырған сиқым мынау.


Ит тіршіліктің ит терісін басына қаптап сілейте сыбаймын. Қалың бейнетке қарай бұра тартып тұратын ішімдегі жайтасты сыбаймын. Үй төбесінде қарғаға ұксап қарқылдап, «қайда қашсам да үй салудан құтылмадым» деп тағдырына нәлет айтып отырған Сағадат деген көкең мен боламын.


2


Арада көзді ашып-жұмғанша болмай он жеті жыл өте шықты. Ауыл арасының тілімен айтқанда «құрметті зейнетке шықтым», әйелім де зейнетте. Батыстың бір ұлы жазушысы айтқандай, әр адамның тағдыры келістіріп жазуын тапса бір-бір роман екен. Төрт қабырғаға қамалып, ішім пысып, омалып отыра бергенше деп қолыма қалам мен қағаз алып, басымнан өткен өмірімді қиыстырып жаза бастаған едім… О, құданың құдіреті Құм ішінен бұлақтың көзін ашқандай сөз дегенің түйдек-түйдегімен лықылдап, кестеленіп ағытыла түскені.


Зады, адамды жазушы ететін жылдар бойына ішке жиналып қордаланып қалған мұң мен шер білем. Өз басымда ғой ондай сезімдер жетіп артылатын. Сол мұңның шетін шығарып жаза бастағаннан-ақ кәдуілгі тірі сөздер, сөйлем оралымдары дестеленіп қағаз бетіне құйылып түсе берді, түсе берді. Қағаз шақ келетін болмады.


Күздегі зейнетақыма қол машина сатып алдым. Ерте тұрып соны тықылдатамын, түннің бір уағына дейін шам түбінде тықылдатып отырғаным. Шай ішуге уақытым болмайды. Баз бірде, зерігіп кеткенде көше аралап, базарға барып оны-мұны сатып әкелуші едім, үйден шығуды қойдым. Құдаларым алыс-жақыннан амандық білейін деп телефон шалса-ақ: «Қол тимейді, уақытым жоқ!» — деп безектей жөнелемін. Үйге қонақ шақырайық деп әйелім қолқа салса-ақ зәрем ұшады, «жазуыма кедергі болады…. Кезекті тарауды бітіре алмай қаламын…!» – деп безек қағамын. Әйеліммен тілге келіп тынамын.


Жазушы болғалы, қайдағы «жазушылық», жазуды қолға алғалы, мінезім мұқым өзгерді, бұрынғы Сағадатқа мүлде ұқсамаймын.


Достарымның бәрі «жазушыға соғып неғыламыз!» — десіп, танау шүйіріп, менсінбей, сырт айналып өкпелеп олар кетті. Қараптан қарап қағаз шұқынып, сұрау белгісіне ұқсап үстел күзетіп мен бейбақ қалдым. Бақсының моласына ұқсадым.


Мақұл-ақ деңіз! Бастан кешкен қиын өмірімді термелеп, кезеңді оқиғаларға табан тіреп күз бойы жаздым, сүмелегі сорғалаған қарашада үйде, қаракөлеңке түкпір бөлмеде қағаз көшіріп отырғам. Келесі тараулы қыс бойына жаздым. Әйелім: «Наурыз келді, ақ көбейді, наурыз көже істеймін», — деп қазан-аяқты салдырлатып жатқанда, өз басым үстелге шегеленіп кітабымның соңғы тарауын кестелеп жатқам. Аз айт, көп айт, тау бөктерінен қар кетіп, ылжырап еріп, сормақта секілденіп ерігенде өмірімді түгел жазып бітірдім. Қолжазбамның атын «Жағалас, жанталас» деп қойдым. Маңдай терімді саусағыммен сыпырдым, тәулік ұйықтап жан шақырдым.


Қаладағы көзтаныс жазушы жолдасыма әкеліп, қампиған қалың папкіні алдына ысырдым. Бір айлық зейнетақымды түйіп әкелген едім, оны да сыпайылап алдына қойдым.


— Көріңіз, кәдеге асары болса көмектесіп, ақыл айтып, кітап қып шығаруға қол ұшын беріңіз, — дедім.


Жазушы досым алдындағы қобыраған көп қағаздарын былай ысырып қойып, алғашқы тарауды сол жерде оқып шықты. Көзілдірігін қолына алып, басын шайқады. Көрінбейтін нүктеге қадалып ұзақ ойланып отырып қалды. Жүзіне шуақ ұялады.


— Сөз саптауың дұрыс екен. Кей тұстарын мұртынан басып шықса ғой, құйылып тұрған ғұмырнамалық кітап дүниеге келгелі тұр. Сөйлем құрылысы мүлдем бөтен, дүниені суретпен, бояумен көресің. Әттең, әттең, жазуды осыдан жиырма жыл бұрын бастағаныңда ғой сенен майталман, қабырғалы жазушы шығар еді. Қолыңды тым кеш сермедің.


— Жазушы болайын деп дәмеленгенім емес, іштегі мұңымды, шерімді шығару әрекеті ғой. Енді неғыламыз, досым?


— Ең арзан баспахана табайын, үстінен қарап берейін, алғысөзін де өзім жазайын. Сен баспахана жұмысына төлейтін ақша тап.


— Кемі жүз елу мың. Қолжазба қалың, компьютерге теруі, беттеуі, безендіруі өз алдына, әлгі сома жетіп жатса – құдайыңа қой айтасың!


Кітап жазғалы бұрынғы топырлап үйімнен шықпайтын жолдас, жоралар «пайдасы жоқ, қиялиға жоламайық» десіп, ат-тонын алып безіп кеткен. Зейнетақы күнкөріске әзер жетеді. Артық-ауыс дүние, мүлік тағы жоқ. Жалғыз жеңіл мәшинені кіші ұл Ернар үйленген кезде құдаларға мінгізгенбіз.


— Амал табыңыз енді, Сәке? – дейді жазушы досым.


— Таптым, — дедім ендігі кезекте қуана көтеріліп, — бұл күнде үш ұлым үш үй болған, үшеуі де қызмет істейді. Үйленіп, шаруасын шаруалап, мына нарық заманына сай пысық боп жетіліп келеді. Соларға барамын да шетінен салық саламын, «елу мыңнан теңге тауып беріңдер», — деймін. Құлындарым айтқанымнан шықпайды. Қайтіп жүріп өсіріп, жоғары оқу бітіргізіп, үйлендіріп, жеке отау етіп шығарғанымды ұмытып үлгерген жоқ әлі де. Жазушы досым кәдімгідей көтіріліп қалды, жадырап, жазылып отырды.


— Ендеше іске сәт! Әр ұлыңнан елу мың теңге тауып келгенше қолжазбаңды үстінен қарап, қатесін түзетіп, компьютерден өткізіп, алғысөзін жазып әзірлеп қоямын. Бұл саған деген достық көмегім. Осы қолжазбаны қазір апарып баспаға өткізсең — әлгідей жұмыстарың үшін қосымша пәлен ақша сұрайды. Ал, менің еңбегім өзіңе су тегін түсіп отыр. Ендеше жолың болсын, тарт ауылға, үш ұлыңды жағала, бірер айдың көлемінде қайыра ұшырасамыз.


Осы уәдемен жазушымен сөз байласып, автобусқа отырып, Есікке қайыра қайттым. Іштей шүкіршілік етемін. Құда қаласа, үш ұлым қуана-қуана демеушілік жасайды, жүз елу мың теңге не тәйірі!.. жинап әкеп, әлгі жазушының алдына қойсам бір ай ішінде жарқ етіп кітабым шығады деп іштей лүпілдеп қуанып келемін. Әлдебір мұңлы мақамды қайталап ән салғым келеді. Жүрегім лүп-лүп қуаныш сезіміне бөленеді.


Әңгімені созбайын. Созғанда май шығады дейсіз бе. Қара күзге дейін қисық аяқтана басып үш ұлыма — әрқайсысына үш мәртеден – қайта-қайта барып жүзімді салдым, «демеушілік жасай гөр», — деп құдайдың зарын қылдым. Көп айтып неғылайын. Жазған құлға дауа жоқ, аяғымнан таусылдым, талығып шаршадым, бетімнің арын бес төгіп дегендей, тиын өндіре алмадым. Үш ұлдың сөзі төбемнен ұрғандай әсер етті. Үлкен ұлым, Сәкенім, соңғы рет барғанымда кәдімгідей ашуланды.


— Немерелеріңізді бағып, қағып үйде отырмай, жазушы боламын деп миымды қатырдыңыз, түге! Қазір не көп – жазушы көп. Жолдастарым: «Әкең қияли жазушы болып кетіпті», — деп кеше бір отырыста күліп жерге қаратты. Қартайғанда бұл неғып жүргеніңіз, қайыр тілеп, тентіреп! Шимай-шатпағыңды кітап қып шығарамын деп қарадай шашылар жайым жоқ!


Мына сөз Сағадаттың төбесінен таспен ұрғандай есеңгіретті, үлкен ұлының үйіне кірместен, қош деместен, кілт бұрылып жөніне жөнеле берді. Ортаншы ұлы Ермек ұйғыр қызына үйленген еді, базарда кәкір-шүкір сатып, шаршап, жаңа ғана босағасын аттағаны осы екен. Маймақ аяқтана басып келе жатқан мұны көріп кірпідей жиырылды.


— Ақша сұрап келдіңіз бе? – деді сұп-суық үнмен.


— Иә, түнеукүні айдың аяғында соғыңыз, бірдемесін ойластырып көрейін дегенсің. Сол уәдеге сеніп келіп отырмын. Жазушы досыма ақша жинап ораламын деген уәдем бар.


— Келініңіз екіқабат, әні-міне босанғалы жүр. Базар нарқы көтеріліп кетті. Пайда түспей жатыр. Биылша қарызға он мың теңге бере тұрайын, қалғанын келер көктемде толтырармын, әке.


Мына сөзді естіген Сағадат ұлына қадала қарап ұзақ ойланып: «Осы сен өзімнің перзентімбісің, әлде туа жат болып үлгергенбісің», — деген сөзбен қадалып тұрып алды. Ләм деместен кілт бұрылып жүре берді. Орта жолда, қақпа алдында теңселіп құлап қала жаздады. Ортаншы ұлы жүгіріп кеп қолтығынан демемеді.


Кіші ұлы Ернар келіншегімен жанжалдасып, ажырасқалы жатыр ма, бет әлпеттері, сөз саптастары жаман, тыңдап тұрып шошыды.


— Папа, — дейді кіші ұлы жасты көзімен әкесіне жаутаңдай қарап, — тойымызда сыйға тартқан теледидар, тоңазытқыш, диван секілдіні мына келініңіз үйіне, төркініне тасып тынды. Енді үйді, баспананы бөлісеміз дейді. Тапқан ақшамды қалтасына басып, көк тиын көрсетпейді, тамақ істемейді, күніге жанжал, миым ашып өлуге айналдым. Сотта, қорғаушы жалдауға азын-аулақ тиын тауып беріңіз!


Мына сөзге сенейін бе, сенбейін бе дегендей, бұл көкең сөзден тиылып, есік алдындағы жайдақ отырғышқа құйрық басып, мөлигеннен мөлиіп ұзақ отырды. Күрсінген кезде көкірегі қарс айрылды.


— Шынымен ажырасасыңдар ма?


— Ажырасамыз, папа. Ажырасып құтылмасам — өміріме қауіп төндіретін түрі бар бетпақтың! Бұл көкең ішкі үйден көгеріп, сазарып шыға келген жас келіннің түрін, көгіс тартқан ернін, ебет-себет пошымын көргенде іштей тіксініп қалды. Кенжесінің бекер сөйлемегенін, жас отаудың бүлінгелі тұрғанын сезді. Жан әлемін суық жел аралағандай қалтырады.


— Жақында ғана жолдас-жораны шақырып тойларыңды жасап бердім. Жасау-жабдықты қамдап бөлек шығардым. Бұл енді не қылғандарың?


— Шешесі күнде келіп шырқымызды бұзады. «Сирағы сықырлаған кедей теңің бе еді», — деп қызын сөзбен қамшылайды. Өмірім өмір болмады, көке. Бұрын әскерге кеткен бизнес иесімен астыртын уәдесі бар секілді. Жан қалтасына ұқыптап салып жүрген кезекті зейнетақысын саусағын жүгіртіп суырып алды. Ернарға ұсынды. Үні құмығып бәсең шықты.


— Қайдан білейін, түлкінің баласындай сызылып тұрған сайтанның сапалағы екенін.


Деді де түйіп жүрген азғана ақшаны ұлына берді. Теңселе басып бұрылып жүре берді. Күн қарсы алдынан шоқтай қызарып батып бара жатыр екен. Жүрегі түршікті. Мына өмірдің бейопа, өткінші, әшейін-ақ екенін шындап түсінді. Жарық дүниеден домалап алыстаған күнге ілесіп кетіп қалғысы келді… Аз айт, көп айт, ХХІ ғасырдың қауқарлы азаматы, бейнетқоры, қолы ашық сақысы, Есіктің ақ жүрек адал Сағадаты, өмірдің мың көпірінен өткен кейіпкеріміздің халі, Есіктің Король Лирі кейінгі кезде не істеп жүргені белгісіз ұшты-күйлі хабарсыз кетті деседі. Бәлкім сұрау салып іздейміз бе!





Пікір жазу