14.08.2021
  203


Автор: Дүкенбай Досжан

Арыстанды-Қарабастың желі

Бұл ауылда Патшабай деген дүмше тәуіп бар, сол пақыр әңгімелесе кетсе: «Кісі аурудан өлмеу керек, — деп өзеуреп болмайтын. — Отқа күйіп, суға батып, не машинаның астына түсіп ажал тапқанға дауа жоқ; ал ауруға кісі беру бекершілік. Сырқаттан өлгенге ем-домын дұрыс таппаған дәрігер ғана кінәлі», — дейтін. Ылғи ақ халат киген шипагер әулетімен жауласып, айтысып жүретін Патшабайдың бұл сөзін жұрт құлағының сыртымен тыңдап, күлетін де қоятын. Сол күстана айтқандай Өмірсерік бүгін ертеңгісін ауырмай-сыздамай, дәрігердің алдын көрмей-ақ ажал деп аталатын күңгірт дүниенің есігін жартылай ашып қайтты. Неден басталды десейші? Кеше кешкісін астанада тұратын тарихшы досынан шұғыл телеграмма алған: «Екі күнге еліңе қыдырып барамын», — депті. Арғы жағы айтпаса да түсінікті, бұл жаққа ат ізін сирек салатын жақсы жігітке жылы қабақ танытып, құрақ ұшып қарсы алуы ләзім. Сосын пәленшенің үйіне астанадан ғылым жазған, кітап қорғаған атақты ғұлама келіпті деген дақпырттың өзі неге тұрады: бірер айға ішпей-жемей семіртетін абырой емес пе ол! Әшейінде ғой тандыр нанын қара шаймен итергілеп, кекірелеп, түк көрмегендей боп шаруасын істеп жүре береді екен. Келіншегімен «ал қонақты қалай күтеміз» деп ақыл қосып, сөз сарқып келгенде бұл үйде кісі қарсы алатын дұрыс жағдай жоғына көзі жетті. Қолда дайын сойыс малы (Өмірсерікке тегі былтырғы пойыз басып өлетін қасқа сиырдан өзге мал бітпеген), арақ-шарап, дастарханға көрік беретін тәтті-құтты, көкөніс деген атымен жоқ. Және жоқ... жоқ... жоқ... «Осы да үй ме, әлде кеңсе ме?» — деп күйіп кетті сонда. «Жалғыз қонақты күтіп алатын запас болмайды (Өмірсерік орысша сөзді қосып сөйлеуді ұнататын), қалай күн көріп жүргенбіз сонда? Жұрттың әйелі не қилы дәмді тағамды сандығына сале-е-еп сақтап отырады. Жыл жарымға дейін ұнда тұрып дәмін бермеген сүрді талай татқам? Ертең ауа көшетіндей сенікі қай қылық осы?!» Келіншегі жер қозғалса да көнтерлі мінезінен айнымайтын сабырлы-ақ еді, бұл жолы әңкілдеп кетті. «Сендей үй тірлігіне қырсыз еркек көрсем көзім шықсын», — дейді. Онан да қара! «Жарқыратып соғым сойыпсың да, оны сақтай алмағаным қалды ма енді? Көр қазып, құмыра жинап, «мұражай-мұражай» дегеннен өзге не білерің бар? Жоқты бар етіп отыратын еп-себім болмаса әлдеқашан мойныңа қоржын асып дуана болып ақтап кетер едің!» Оу, жарқыным, қоя қал енді, болды, болды. Әйел халқымен тәжікелесіп пәтуа табам деген еркекте де ми жоқ. Қалтасындағы көртышқан ұртты әмиянының түбі көрініп қалыпты, ал айлық жалақыға дейін апта бар. Ойлап-ойлап тапқаны — осыдан жеті шақырым жердегі ауданда тұратын редактор жолдасынан қарыз сұрау болды. Не қылыпты! Жалақыға дейін жалғаса тұрар, бұған қарағанда жілігінің майы тоқ ауқатты ғой әйтеуір. Ертемен торғайдан бұрын оянғаны содан. Жуынып, киініп, сыртқа шықса шығыстан батысты бетке алып соғатын үйреншікті Арыстанды-Қарабастың желі тұрыпты. Бұл алапаттың ені алпыс километрден аспайды, ырылдаған екпіні аса қатты, құм мен қиыршықты үйіріп ұйытқи ырылдағанда қарсы беттеп жүру қиын. Және бір құпиясы — бір басталса үш күнге созылады, үшінші күні басылмаса жеті күнге, онда да қоймаса он бес күн бойы дамылсыз аңырайды пәтшағар. Тұла бойды шеңгелше шабақтаған шатақ жел өтінде, күн қуырып, аптап жалаған боз даланың бетінде жатқан шағын ауыл шаңнан көрінбей кетіпті. Ендеше қонағы келіп-кеткенше көшемен көзді ашып жүре алмайтын болды. Арыстанды-Қарабастың желін қарғап-сілеп, түртінектеп келіп көршісінің қақпасын қақты. Бұл жігіттің тақауда ғана сатып алған су жаңа «Жигулиі» бар. «Айналайын, мың болғыр, бала-шағаңның рәтін көргір, — деді. Астанадан қонақ келетін еді, аудан орталығына жеткізіп салшы, түс болмай базарға барсам, мал алсам, түн ішінде кісі күтуге пойызға шықсам...» Сөзім желге ұшар-ау деп қаупайлаған. Бұрын машинаның бұған беймәлім қиын-қияпас дертін айтып, зар-зар етіп маңайына жолатпайтын. Бұл жолы орталықта өзінің де шаруасы болды ма, елп етіп көне кетті. «Майын берсеңіз мақұл-ақ», — дейді. Жолым болады екен деп іштей қоқырайған Өмірсерік. Көлік табылды, ақша да тұтымға түсер. Әй, құдай деген қазақтың жолын кім кессін?! Көршінің ақсары жүйрігі кедір-бұдыр көше уысынан сытыла суырылды. Жол жиегіндегі тырбиып жатып қалған жусанның түбі ашылып, жердің құм шекесі көрініпті. Бүйірдегі әйнектен түтеген шаңның түрі жаман. Аузы қышырлады. Алдынан бірсін-бірсін жонын беріп Шәуілдір — Шымкент тас жолы кесе-көлденеңдеді. Асфальт үстімен ақшағыл құм ақбас жыланша сусылдайды. «Жолайрықта абай бол!» — деп жанындағы жігітке бұрыла бергені сол еді, машинаның қуыс кеудесінде әлдене шақыр етті де жүйткіп келе жатқан машина аударылып домалап кетті. Бәрінің әп-сәтте болғаны сонша ойлануға мұршасы жетпеді, көз алдына жас толып, шекесі қатты сығып ауырғанын біледі. Өңгесі есінде жоқ. Әлден уақытта ұйқыдан оянғандай басын көтерсе жұрт жиналып қалыпты, маңайы ызы-шу. Ақ халатты жігіт мұздай қолымен мұның қойны-қонышын тінткілеп, сынған, қираған жерін іздейді кеп. Ауылдағы дүмше тәуіп Патшабайды осы жолы шындап бір есіне алған. Жайлап жатқан жерінен әзер тұрды, басы жүгері түйген келсаптың басындай аппақ шаң. Машина үш аунап түскенде іштегі екі кісінің де еш жері жарақаттанбапты, дін аман. Білгіштердің айтуынша, машинаның тормоз беретін тетігі мезгілінде бұралмаған, майланбаған: жылдамдық күшейген кезде діңгек темір морт сынған содан. Өмірсеріктің қос самайы солқылдай соғып, санасы шаншып ауырды. Енді байқаса, маңайындағы жұрт кеу-кеулеп көтеріп, өзге бір лөккебайға салып, ауруханаға жөнелткелі жатыр. Аяқ-қолымен төрттағандап бірдей сіресті. «Ау, тоқтай қалыңдар, сәл сабыр! Аман-сауымда ауруханаға бармаймын!» «Миыңыз ептеп, сәл-пәл шайқалған секілді, тексереміз... көреміз... Ауруханаға салып байқаймыз», — дейді дәрігер жігіт. Сөзі сұп-суық. «Ау, сөзге қонақ беріңдерші! Кешке күтетін қонағым бар, сосын базарға... вокзалға»... «Отағасы, қонақ та жағдайды түсінер. Денсаулыққа біз жауап береміз...» «Ау, айында-жылында бір келетін досымды қарсы алудан қашқан адам секілденіп ауруханада шәниіп жатқаным жараспас. Тексермесе тегі болмайды десеңдер қонағымды аттандырып салған соң өз аяғыммен келіп түсейін, ай жатайын, жыл жатайын. Балалар, бұларың қып-қызыл қиянат. Еш кінәсіз кісіні шырылдатып абақтыға жапқандай болмаңдар енді. Шақырып келтіре алмайтын қадірлі кісі еді, сөзі ұзын ғылым адамы; кімсің — пәленше, өлкетану мұражайын ашуға көмегі тиген, бабаларды тірілткен. Жолымнан қалдырмай бірер күнге мәулет беріңдер, балалар. Шын сөзім, балалар!» ...Кісіні қиын бейнетке бастап кіріптар қылам десе оп-оңай екен. Құлқын сәріден көлік іздемей-ақ, шайын ішіп, терін басып сағат ондағы автобусқа шығатын адам. Ақымақ бас екі аяқтың соры деп келіншегі тағы табалайтын болды. Әйтеуір дәрігер жігіттің темір тұтқынынан әке деп, көке деп жүріп жалынып әзер босанып шықты. Енді етек-жеңі делдеңдеп, ырылдаған желден ығып орталығына аяқ іліктірген. Редактор жолдасы Олжатайды үйінен баса алмады, қызметіне кетіп қалыпты. Арыстанды-Қарабастың желі ішін тартып екпіндей соғады. Аудандық газеттің мәсінің қонышындай қатпары мол кеңсесіне келіп кірген. Мұнда құлаққа ұрғандай тып-тыныш, еденге су сеуіп салқындатып қойыпты. Редактор жолдасы бөлмесіне машинистка қызды оңаша алып, иегін көкке іліп самбырлап бас мақала айтып отыр. «Отыз гектар жердің жүгерісі желден жатып қалыпты, жай жүрмісің?» — деп бұған төр жақтағы іші түскен диванды нұсқады. Бұдан бұлай амандаспайтын. Ауданға осы көктемнен жаңа хатшы келіп, жүгеріге айрықша бет бұрғалы тауып алған мінезі бұл. «Жаңа әлгіде машинамыз аударылып ажал аузынан қалдық. Көретін жарығым бар екен», — дейді бұл. «Абай болған жөн. Әлгінде телефон соқсақ — бұл неғылған адамдар екенін түсінбедім, отыз гектар пісіп тұрған жүгеріні желге жатқызып алыпты. Енді комбайн жүрмейді, жатка алмайды. Жауапкершілікті түсінбейтін бұл неғылған жұрт?! Сол бөлімшеге райком атынан өкіл едім», — дейді Олжатай жер тірегендей терең-терең күрсініп. «Астанадан ғалым Ұстабай келемін деп телеграмма салыпты. Осындай бір оқиға болса сөз жоқ өзіме айт деп жүретінсің...» «Көрмейсің бе, қырсық айналдырғанын. Хатшыекең ренжитін болды. Амал жоқ қолмен орғызамыз. Ұстакең келмекші дедің бе осы? Кәдімгі осы ел туралы құлаш-құлаш мақала жазған тарихшы Ұстакең! Әттеген-ай, жүгері жатып қалмағанда дұрыстап қарсы алар едік, дарияның жағасына апарып шашылық жасар едік. Қап!..» дейді Олжатай терезенің сыртындағы ала түлек желден шошып. Өмірсерік әңгіменің төтесіне көшті. «Қарыз ақша бере тұр. Дастарханда тандыр наны мен шақпақ қанттан өзге дәнеме қалмапты. Сыйлы қонақты дұрыстап күтіп алайын...» «Болмас-болмас», — деп отырып редактор жолдасы картаға деп қалтасының бір бұрышына сақтап жүрген ақшасын суырып берді, әжетін айырды әйтеуір. «Отыз гектарды бірдеме жасасақ сөз жоқ үйіңе соғамын, елге сыйлы, дуалы ауыз ғұламамен дидарласып сәлемдесіп қалайын, қолтаңба алайын. Айт, осындай да осындай, ғылым десе, заманның озық сөзі десе ішкен асын жерге қоятын досым бар деп. Жүгері мен желден өзге түк көрмей бұл дүниеден өте шығамыз әлі...» Олжатай негізі ақкөңіл. Бұрын аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып табандатқан он екі жыл істеген, бұл қызметке тақауда ауысты. Жиналыс болады десе дүниені ұмытып, басы қатып бүгіліп күнді түнге ұрып кеңсе күзетуге бар. Сұқ саусағының басы сүйелденіп, көзінің асты көгіс тартып баяндама жазып отырғаны көз алдында. Кірпі етіп қойған шашын таратуға да мұршасы болмай «Жүгері, жүгері!» деп құлақты жеуі тегін емес. Өмірсерік базарға келе жатып ойлаған: Олжекеңді де қонағыма қосып шақырып жіберейін деп. Ұстекеңмен кең отырып таныссын, біліссін. Бірауқым шаруасын ұмытып тінінен тарқатылып бой жазсын байғұс. Төрімнен орын табылады дейін. Кешкілік баламды жүгіртіп жіберейін. Өмірсерік осы оймен аудан орталығының шетіне, бір бұрым бұлақтың жағасына орын тепкен шағын базарға келген. Күн жұма, әйтсе де адам қарасы аз емес. Сататын, не сатып алатын ештемесі болмаса да таяғын артына көлденең ұстап ермек іздеген көкірегі тұнба кәриялар: еріккен бірер бозбала, қала қатынап қол сауда жасайтын келіншек сұлбасы ағараңдайды. Кіреберіс қақпа аузында азынаған желмен алысып, гармонын созып соқыр жыршы отыр екен. Елжіреп кетті. Бұл кісі қазіргі жастар секілді әнді иректеп салмайды, кең тыныспен айтады. Қалтасынан бір сом алып алдындағы табаққа тастады. Кейуана кісі алтындай толқыған сары сабамен қымыз сатып отыр. Сілекейін жұтты. Түстік беткейде төбеге шашылған шақпақ қанттай уақ мал жатқан. Жақындап келгені сол еді, желден жанары қызарған таныс делдал ұшыраса кетті. «Апырмай, тоқтай шабылған аттың майы қан тамырға кетеді екен ғой. Бәйге күреңді базарға әкеліпті!» — дейді ентігіп. «Баяғыда шалдар суық суға салып суытушы еді, бұл күнгі балалар ат баптауды ұмытқан...» «Жаңа әлгіде машинамыз аударылып өлім аузынан қалдық», — дейді Өмірсерік. «Ажал қайда — бассаң аяқ астында деген рас шықты...» «Машинаң шыны сынығындай шашылып кеткен шығар», — дейді делдал насыбай тұтқан тісін көрсете өзеуреп. «Көрші жігіттің «Жигулиі» болатын...» «Шашылып қалған шығар?!» «Үш аунап түскенде алдыңғы әйнегі ғана шытынапты, сәл болмағанда аллау акбар бола жаздадық, Құдай сақтады. Ұлпа құмға түсіппіз әйтеуір». Қира сақал делдал бұдан ауыз тұшырлық әңгіме шықпасын сезіп, ә деп қолын бір сілтеп суси бастаған. Қоя қал, жегілікті еті бар, қонаққа қоюға ұялмайтын қой сатып алуға келгенін айтты. Делдал мұның қашаннан мал таңдай алмас осалдығын біледі. Дереу жеңін түрініп, білегін сыбанып жіберіп желіде жатқан уақ малды мытып көре бастады. Ақыры шеттен тығыншықтай тұсақты сүйреп шығарды. «Мынау майын ішегіне жинаған ішқорда мал, өңгесі өлең шөпке жайылған кәупек әншейін: бойы болғанымен етінің маңызы жоқ», — деп ұқтырып жатыр. Өмірсерік алғысын айтып ақшасын мал иесіне санап берді. «Қол ақың» деп қира сақалға үш сом қалдырды. Арыстанды-Қарабастың желі күн қыза демін ішіне тартып бәсеңдеген секілді, әйтсе де бұл алдамшы тыныс, кешке қарай айдаһардай ысқырынып жер сабалап шығатыны анық. Асау тұсақ тыртыса-тыртыса бүйірі солқылдады.


Алыстан тау бұлымдары сағымнан бір батып, бір шығады. Үлкен жол бойына тырысқақ асау тұсақты ақ тер, көк тер болып әзер сүйреп жеткен. Жиектегі қойтасқа құйрық басып аздап тыныстап алды. Өз ауылы темір жол іргесінде, осыдан жеті шақырым жер. Құрдай қатынаған машинаның бірі тұсына тоқтай қалды. Мың болғыр таныс бала екен, лездің арасында есігінің алдына ақы-пұлсыз жеткізіп салғаны.


Бейне, тас қопарып, тау аударғандай аулаға айбындай енген. «Ау, қайдасыңдар?!» — деп балаларды үркіткен. «Мұндағының жаны шырқырап жүрсе шөп басын сындырмай отырсыңдар. Қақпаны жабыңдар, тұсақты тал түбіне байлаңдар... қарап тұрыңдар... қауынның қабығын беріңдер... апарыңдар... әкеліңдер!..» Ішінің жылығаны — келіншегі ерте тұрып, тынбастан қимылдап ішкі бөлмелерді әктеп, үйдің ішін қағып-сілкіп мұнтаздай етіп тазартып қойыпты. Жүрек басындағы тоң сіре еріп жүре берді. Машинамыз аударылып ажал аузынан қалғанымды айтсам ба деп бірауқым толқыды. Келіншегінің онсыз да елгезек көңілін қобалжытып қайтем деп қайыра тосылған. Жаңа байқады, жүк үстінде бөтен тыс қос жастық, ақ сейсеп жиналған. «Дүкеннен несиеге алдым», — дейді әйелі. «Әне бір жылы Ұстекең келгенде қасындағы серігіне көрпе-жастық жетпей қалып ұялғанымыз есіңде ме?» Өмірсерік епетейсіз ыржиып күледі. «Ай, Ұстекеңнің сол жолғы ақын жолдасы да азамат екен, «ауыл адамымыз ғой» деп костюмін жамылып сыр бермей жата кетті-ау сабаз». Ойлап отырса, өзіне ыңғайсыз, осы күні енді қайтем деп қара бастың қамын күйттей алмай маңайын сипалап отырған пенде жоқ, заман тыныш, уақыт жақсы. Әйгілі тарихи орынның өткенін жаңғыртқан өлкетану мұражайының аты дардай директоры ғой. Рас, мұражай үйі салынып бітпей уақытша тар мекенде отыр, соны сылтау қып басшылар айлықты да, қызметкерді де аз босатқан. Әйтсе де ел ішінде сексен сом біраз ақша. Шығасыға иесі басшы дегендей Өмекеңнің жұрттан өзге мінезі бар: басқалар ақшалы алақанын қысып ұстаса, бұл жайып ұстайды. Қалтасының түбі тесік. Басқалар тапқан-таянғанын үйіне тасыса, бұл мұражайға тасиды. Алдына жүгіріп келген кісіден ештеңесін аямайды. Ол-ол ма! Өлкетану мұражайына ел аралап, жер кезіп бұйым жинау деген тіршілігі тағы бар. Мысалға дейік. Әлдебір көне кейуанадан ескінің көзі күміс тана көрсе-ақ айналшық шөбін жеген атандай басы зеңгіп, көзі тұнып жіпсіз байланады да қалады. «Осы бұйымыңызды беріңіз, әже... мұражайға қоямыз... тарихта қаласыз, әже...» Әуелгіде Өмекеңді өкіметтің жіберген өкілі екен деп кейуана босаңси бастаған. Өмірсеріктің аузы қышып: «тым болмаса пұлына беріңіз, әже», — дейді. Ақшаның атын естіген кейуана демнің арасында батпансып шыға келеді, кейін шатқаяқтайды. Бұл өкшелей түседі, ақыр соңында қалтадағы бала-шағаның нәпақасын сыртылдатып санап беріп әлгі тананы алады. Өмекеңнің бұл күні қағанағы қарық, сағанағы сарық, қатықсыз қара көже ішіп жатса да көңілі көтеріңкі. Әйелінің кейіген сөзін құлағының сыртынан қағыс жіберіп үйренген. Қосағының күйетініндей бар: мұражайға экспонат жинау жалғыз танамен және бітпейді, бұл үйдің іргесін көлеңкелей жағалап кедейшілік тағы кетпейді. Мұражайға осы көктем де екі орын беріліп, қызметке оныншы бітірген өрімдей жас қыздар алған. Сондағы Өмекеңнің сөзі: «Қалдықыз, Мейрамкүл — сендерді мектеп қабырғасынан білемін, туған жердің тарихына құмар болған соң жұмысқа алып отырмын, біліп қойыңдар, жалақыны мұражайға жаратасыңдар, демалыс, бюллетень деген болмайды, қабір қазып, көр ақтарасыңдар, ел аралап экспонат жинайсыңдар». Өрімтал қыздар күлген де қойған. Ортақ іске басын тігетін, кісіге тырнақтай зілзалалы жоқ, мінезі жүрегінің түбінде емес, көңілінен көрініп тұратын қожанасыр кісіге қарсы шықпайды. Оймен отырып білмепті, ауласын ызы-шу көтеріп барады. Апыл-ғұпыл сыртқа шыққан. Үлкен ұлының танауы желпілдеп кетіпті: «Тоқтының аузына қауын қабығын тосамыз — жемейді, су береміз — ішпейді, жетелейміз — жүрмейді», — дейді. «Алда ғана пәдеріңе нәлет-ай! Қой көрмеген қой көрсе қуалап жүріп өлтірер деген. Ит те, бала да көк тұсақтың соңында жүр. Көрші жігіт дуалдан асылып көріп тұрыпты. «Түрлерің жаман екен, Өмеке, — дейді, — өлтіріп аларсыңдар, тұсақты біздің малға қоса тұрыңдар». Асау немені көршінің арқандаулы қойына қосып барып «уһ» деп жан шақырды әйтеуір. Үйіне қайыра кіріп тақтай еденнің қақырап кеткен жеріне жаңқауық сіңіре бастады. Ой ішінен ой теріп отырып: мал менің қай жеріме бітеді деп ойлаған. Аудан орталығына барса бір бухгалтер жолдасы мұны «директор, директор» деп қоқырайтады кеп. Сонда бұл: «Мұражай ашылса, штат берілсе, ақша бөлінсе қайтіп жеймін? Сендер жеудің әдісін білесіңдер ғой. Маған үйретіңдер», — деп тамырдан тартып әзіл айтатын. Сол айтқандай-ақ, мал қай жеріме бітеді? Үйге қарамайтын мінезім мынау, ел кезіп, экспонат жинап қаздаңдап жүргенім анау, қайта балаларымның несібесі егіз екен, томпаңдаған көнбіс көнтерлі мінез әйелім болмаса — жұрт аман, ел тынышта-ақ тозып кетуім әбден мүмкін екен. Үлкен мектептің мұғалімдігін тастап «Өлкетану мұражайын ұйымдастырамын» деп аудандық мәдениет бөлімінің сексен сомына телінгенде жұрт боқсытып сөз шығарған. «Өмірсерік бас пайдасын білмейді екен», — десті. «Енді бала-шағасын сексен соммен қалай асырамақшы?». «Кісіні жолдан тайғызбасын, тайғызса түзелуі қиын». «Осы ел мұражайсыз-ақ мың жыл жасаған, әлі де жасай береді», — десті. Мұндайға Өмірсерік киіз құлақ болып үйренген. Осылай да осылай. Мұражайға үй беруін сұрап аудан басшыларының табалдырығын тоздырып, облысқа жазды, астанаға барды. Ақырында уақытша тұруға аурухананың ескі бір босаған үйіне кіргізген. Сондағы мәдениет бөлімінің жігіттері қыс бойы жөндеп қалқитқан жұмыртқадай шағын үйді сыртынан итеріп көріп: «Құламайтын мықты үй екен — енді аудан басшыларын мазаламаңыз», деп әзіл айтқаны әлі есінде. Шындығында, басшылармен кездесе кетсе — құмыраны жеткізіп алуға көлік бер, үй жөндеуге цемент бер, ақша бер, штат бер, бер... бер... Бұл күндері біраз жігіттер мұның төбесін көргеннен айналып қашатыны содан. Әсіресе, осы ауылдың молдасынан бәлеге қалды. Қаза жөнелту, ас беру, сүндет тойы секілді жиында салақұлаш тәспісін тырсылдатып отырып ел құлағына не қилы қаңқу сөз, ащы әжуа ілетін көрінеді. Өткен жұмадағы тойда Өмірсерік сол молдамен бетпе-бет ұшырасып қалды. Ұшырасты деу бергі жағы, дастархан басын майдан даласына парапар қып аямай сілкілесті. Молдекең бетті тілмен тырнап үйренген сөзшең екен, өзін ішмылтықпен үнсіз атып отырған бұл көкеңді түтіп ала жөнелді. Әуелі: «Көр қазып атақ шығарғалы жүр екенсің», — деді. «Аруақты қорлап күнәға белшеден батып жүрген кісімен табақтас бола алмаймын», — деп шекесін көрсетті. Төменгі жақта ысылдап шай сораптап отырған Өмірсерік ышқынып кетті, өндіршегі сорайып: «Молдеке! — деді. — Өтірік айтпаймын, ұрлық істемеймін, кісі ақысын жемеймін, адам алдамаймын. Отырардың орнын қазып ілгергінің белгісін іздесем — ата-баба аруағын сыйлағаным, ісін, ізін жарыққа шығарсам дегенім. Бүгінгі жастар біле түссе дегенім. Аруақты құрметтегенім емей немене бұл?!» «Жігіттің құны — өзінің тапқан малымен есептелген. Сенің құның сексен сом», — дейді молдекең. «Осы жасыңызда өліні қойып, тіріге нендей жақсылық жасадыңыз?» — дейді бұл. Ел үстіне шолжаңдап үйренген молда баялыштай тырбиып отырып біраз сөйледі, әйтсе де тәспісі бұрынғыдай тырсылды қойды. Өмекең көңіл бірлегендей қоқырая түскен: «Сіз қаза болған адамды тезірек ұмытуға, жер қойнына жасыруға тырысасыз: мен сол кісінің аз да болса артында ісі, сөзі қалды ма деп сұрау саламын. Осы тірлігімнің кітап сөзіне не қайшылығы бар?!» Молдекең ашуланса күлбеттеніп, сақалының ұшы дірілдеп кетеді екен. «Сөзге кезек бермеген шешесінің баласы», — деп мұны мұқатқан болып уәждан жаңылды. Манадан бері мыштай болып отырған үй иесі Өмірсерікті саусағымен іліп сыртқа шығарып әкетті. Ашуын әзер басқаны. Енді ойласа, соның бәрі тезек тіршіліктің тезек қаптағандай ғана әуресі, көңіл іріткеннен басқа берері жоқ бекершілік екен. Пендешілік деп сондайды айтыпты ғой. Тыстан зерен толы жүгері көже алып қосағы кірді. Келіншегі осы елге баяғыдан салтқа айналған шөл басар жүгері көже жасауға шебер-ақ. Әспеті көп әйтеуір: әуелі мұрты кетілмеген, жарықшақ түспеген сары тіс дәнді сұрыптап екшеп алып, келіге түйер. Қауызы кетіп аппақ болған жүгеріні қазанға салар. Суға бөртіп жарылғанша қайнатар. Қауаққа құйып суытар, үстіне қатық, не шұбат қосар. Қараңғы жерде тыныстап ашыған көже ішсең көкіректі ашып кететін сусынға айналар. Қаңсып кеуіп қалған екен, зеренді басына бір-ақ төңкерді. Маңдайының терін сүртті. Аздап шалжайып жатып көз шырымын алуға дәт қылып еді, болмады. Келіншегінің ақылдың ішіне ала айтқан сөзі жамбасына тас боп батты. «Жөн-жөн», — деді басын көтеріп алып. «Қонақ сыртқа, таза ауада ұйықтаймын десе жалғыз сәкіге сыймаймыз. Қой, ерінгенмен болмас. Асханада жатқан тақтайдан құрап-сұрап балаларға арнап сәкі жасап қояйын. Тәуір масахананы да қонаққа тұт, бізге жыртығы да жетеді, бірер күнге қоян терісі де шыдаған». Келіншегінің бейнеті қауырт тегі. «Қамыр ашытып, бауырсақ пісіремін», — дейді. «Кесе-шәйнекті құммен ысып жалтыратып жуамын», — дейді. Уай, пәлі-ай, қонақ келмесін, ішіп-жемесін демейсің, кежегеңді кейін тартатын әлгідей тасқаяқтай тоғыстырар шаруасы ғой. Сырттан әйнек сабалап азынаған Арыстанды-Қарабастың үні естілді. Белін қайыс белбеумен тас қып буып сауылдай қозғалып сыртқа шыққан. Кішкентай баласы шаппа шотпен есік алдындағы жас тораңғыны шапқалы жатыр. «Ой, пәдәріңе нәлет!» деп қолынан шотты жұлып алды. «Бес жыл бойы мәпелеп әзер көгерткен жалғыз талды сен шауып тастасаң жетісерміз; бай-байға, сай-сайға құяды деген рас сөз: қанша тырбанайын, қанша пысық болайын, көр де тұр — маған өмірі мал бітпейді. Бітсе де пойыз басып кетеді. Диқаншылық кәсіп те бұйырмаған. Бұйырса, не дарыса — есігінің алды жайқалып тұрар еді де: жаз болса базарға барғыштайды: күз түсе аңдитыны — совхоздың қыртысты қоймасы, сараң қоймашының тас түйін жүрегін жібітумен әлек. «Балалар жүгері көжеден айналып қашатын болып жүр, бірер қап картоп босатыңыз», — дейді. «Қонақ келіп қалды, палауға салатын, арақ ішкенде тіске басатын көк шөбіңнен бере тұр», — дейді. «Ата қуалап келсек алыстығымыз жоқ». Қоймашы жаяу қашқан дүниені машинамен қуып ұстайтын, пайданың көзін тебеннің жасуынан сығалап білетін пысықтың өзі «Мұражай ұстау сенің атаңнан қалған кәсіп емес», — деп көсемсиді. «Ел кезіп қоқсық жинағанша кетпен алып жер шұқысаң ғой бүйірің томпаяр еді». Әшейінде үндемей кісі өлтіретін Өмірсерік мұндай қорлыққа шыдай алмайды. «Көртышқан секілді ін кеулеп, қойма күзеткен атаңның кәсібі шығар — дейді, — ін баққаннан ілгергінің ізін тапқан менің шаруам көш ілгері, - дейді. — Сенің көк шөбіңсіз күн көрдім, ә!» — деп қолын бір-ақ сілтеп тайып тұрады. Желге ығып, шаң жұтып жүріп сәкі жасауға кіріскен. Манағы кішкентай тентегі енді бір-бірлеп шеге алып беріп тұрды. Бір дем ары, бір дем бері асығыс жасалған сәкі сәнді шықпады. Қонағы кеткенше үйелменімен иллалай тұруға жарайды. Шаруасын тәмәмдап ауланың ішіне түтікпен су септі. Үй сыртында желге тосқауыл болсын деп тіккен қалың жыңғыл біраз сеп, әйтпесе аулада құйын көтергендей шаң түтейді. Мойнының желін үзіп тұрып байқады, күн екіндіге ойысып кетіпті, жіті қимылдамаса пойыз келетін уақытқа үлгерер емес. Бұрын үй шаруасына бір мойын боп жүре береді екен: асхана мен үй арасына құмырсқаша қатынап тірлік істеген әйелінің қаншырдай мүсіні, кейде мұның әзіл сөзін көн құлақпен тыңдауы, дүниеге немкетті жанармен қарауы — сол асқынған бейнеттен болды. Әлме-әл шаңға батып ойнаған балалардың үстін тазартудың өзі — тоң ойып, әуіт қазғаннан қиын көрінді. Сонысына қарамай ашуланып келгенде түбіт үнмен қарсы аларын қайтерсің. Ойын айтпай-ақ түсінгенге тәнтісің. Содан қорытындыға келеді: «Саудыраған еркек халқын қалыптан шығармай, қатыбас қылмай ұстайтын әйелдер», — деп. Өмірдің жылуын, күннің қызуын әйел бойына сіңіріп, батылдық пен бас ие батырлықтың еркекке бөліп, бірінсіз-бірін тұл жетім етіп жаратқан туасы табиғат шебер. Келіншегіммен қалай қосылып едім өзі?.. Иә, Шымкенттің педагогикалық институтында оқып жүрген кезі, сол, жаңа жылды қарсы алу кешіне жерлес жігіттер бас қосып сауық құрған, бұл да ішінде. Кеш басшысы мұны бармақ басты, көз қысты қақ-соғың жоқ деп кісілерге шарап құйып, бөтелке жағалатып отыратын «қызметке» қойған. Шынын айтса, ол кезде жиын-тойда көбіне әңгіме айтып, домбыра шертіп өткізетін, қазіргідей бас салып арақ ішу болмайтын. Құрсаққа қазан үсті қасықпен сіміргесін бе, бұл көкең әу дегенше қызып қалыпты. Бір мезетте кәйпі тарап көзін ашып қараса, дәл алдында таң шолпандай жарқырап аршыған пияздай әдемі қыз отыр, қапелімде сасып қалды. Жерлес қызға ілесіп келген болды. Танадай үлкен жанары толайымен мұң, жұртқа ұқсап жоқ нәрсеге күліп, жоқ нәрсеге бұлданып жатқан ол жоқ. Көзін айыра алсыншы кәне: қыздың қарашық суырар көркі ашық айқын жанарында ма, әлде жұқа ерні мен үшкіл иегінде ме, әлде торсықтай тоқ маңдайында ма — ол арасын ойлап-ойлап ажырата алмады. Жігіттер бұрынғы жігіттер емес, бірі сұлу қызбен рюмке соғыстырғанға мәз, бірі жанарына іліккенге мәз; бос мойын болып мөлиіп қалғандары да бар. «Атасының көрі, — дейді бұл ішінен, — әшейінде жылқының жалындай шаш қойып кісінескенде кісіні тапап кететін бұл шіркіндерді көк мұзға отырғызайын, ұятты қойып көрікті қызбен танысып алайын. Тегі болмаса бір ауыз тіл қатар, тегі болмаса тіктеп қарар, өлтірер деймісің?» Қазан құлағынан және ішті. Айналайын қанға қызу, бойға желік берген қызыл шарап, жақсылығыңды өмір бойы ұмытпасын. Имандай шыны, сол жолы шараптың шалығы болмағанда басы салбырап тұқырайып, тырс етіп үндей алмас еді. Айтты-айтпады қызды бұл биге шақырды, сізге өтірік, бұған шын, не марқасқа жігіт сөз айта алмай отырған үркек қыз ұшып тұрып мұның иығына білегін салғаны. Өкшесі жерге тимей билегенін біледі, қыздың уыз қылығына елтігені есінде... Кейде отырып қиялдайды: «Сол сұлудың сорына қалған өзім», — деп. Қыз атымды байым жойды дегендей — перизатты пенде еткен өзі: басқа болса шыттай киіндіріп Мәскеу асып, шетел басып сейілдетер еді, сахнаға шыққан әртістей көрген жұрттың қызғанышын қоздырар еді: мынау не енді... шаң мен топырақ, Арыстанды-Қарабастың азынаған желімен алыстырып тырпыл-тырпыл таусылмас үй тіршілігіне салып қойғаны. Ауызғы үйде, сыпыра жиегінде тізе бүгіп, нан жайып, бауырсаққа қамыр кесіп отырған келіншегінің кеспірін көргенде көңілі тым пәсейіп-ақ қалды. Баяғы қасына барып тіл қатуға жүрексінетін қас сұлу бұл күнде көп ұсталған қуыршақтай ұйпаланып, аумақты жанары ғана жастықтың алыстап кеткен көкжиегін, сол көкжиекте үзілмей, терілмей қалған махаббаттың алқызыл гүлін елестетті. Уай, дүние деген, қолдағы алтынның мыс құрлы құны болмайтыны рас екен. Бордай үгітіліп бара жатқан бойына қосағының: «Жазған-ау, көкнәр ішкен кісідей көзің боталап кетіпті ғой», — деген наз аралас үні суық су бүркіп жібергендей әсер етті. «Редактор жолдасыма қонақтың қасында бол деп бала жіберсек қайтеді?» — деді сынық дауыспен. «Бұл ауданда қағаз иісін ажыратып, қалам түртіп жүрген жалғыз сол ғой». «Кейінгі кезде таяқ жұтқандай сіресіп кетіпті, кісінің көзінше көсемсіп сөйлеп, сені мұжықсынып отырғанын әрдайым байқаймын»,— деді келіншегі. Айтып отырғаны рас. Редактор жолдасы кейінгі уақытта жаңа жүріс ашты. Бірде бұл Олжатайдың үйіне телефон соққан. «Әлө!» дейді бұл алыстан. «Иә» дейді ол сұп-суық етіп. «Аман-сау барсың ба, Олжеке?» «Сондай» дейді ол. «Үй-іші, бала-шаға саушылық па?» — дейді бұл қазақтың рәсімін аттамай. «Сондай» дейді және ол. «Сондай» деген сөз кеудесіне үкідей қадалды. Олжатай алдында ғана астанаға барып бір айлық дәріс тыңдап келген. «Мүмкін, — дейді бұл ішінен, — үлкен жерден үйреніп келген үлгісі болар, үлкен кісілер хал-жағдай сұрасқанда уақыт алдырып жатпау үшін солайымен «сондай-сондайға» көшкен шығар?!» «Жә, құдай берген мінезідағы, астанадан келген досым мені тақырға біткен жалғыз қурай деп ұқпасын», — деп Өмекең жуып-шайған болды. «Өз бойыңа лайықты кісіден жолдас таңда дегенім ғой. Олжатай сенің қоғамыңдағы адам емес, әйтеуір, көжеңді қызғанбаймын, шақырам десең шақыр», — деді келіншегі және көнбістік танытып. Сонымен орталықты бетке алып шақырушы болып зыр жүгіріп ортаншы ұлы кетті. Өмірсерік керзі етікті қоңылтаяқ кигендей миды сауалға сорғызып көпке дейін өз-өзіне келе алсыншы қанекей. Мор ошақ жанынан шәугімді алып ішіндегі жылып кеткен суды шүмегінен құрылдатып кеп жұтты. Жанарының оты сөніп, іші босап құлазыды. Есік алдына қайыра шыққанда көрді: күн саңы сынып, көкжиекке еріп сіңіп барады екен. Жел түтеген кеңіс, буалдыр көкжиек, шоқтай қызыл күн, тас төбедегі бозғыл ай, бейне, сексеуіл шоғына көңірсітіп бас үйітіп жатқандай елес берді. Сонда қалай?.. Олжатай мен екеуінің арасы шынымен кереғар тартқаны ма?.. Мұның сүрлеуі ылдиға құлап, оның соқпағы қайқаңға тырмысқаны ма?.. Әкесі марқұм айтып отырушы еді: тірі мен өлінің айырмасы алты қарыс дым топырақ деп. Сол айтқандай Олжатай мен өзін айыратын шетен қалпақты қоқырайтып кигізген мансап пен мықшитып шәпке кигізген қаратабан жаяу тіршілік болмағай. Мана әлгіде уақ малына уақытша қосып қойған тоқтысын алуға қоңсысына келген. Дәу дарбаза тарса жабық. Ауылды жерде есік іліп ұйықтамайтын қазақ салтын бұзған көршінің бұл қылығы шамына тиді. Ал кеп соқ, ал кеп соқ. Әлден уақытта қасқыр итті абалатып иесі әзер ашты. «Қол тимей жатыр еді», — дейді көршісі бұдан әбден мезі болған сыңай танытып. Сондағы тірлігі сыртқы есігін кеуде тұстан тесіп әлдебір көзәйнек қондырып жатыр. «Мұның не, бәтір-ау?» — дейді бұл. «Іштен сығалайтын көз, — дейді көршісі: — Сырттан келген кісіні әуелі осы көзден сығалап байқастаймыз, сосын барып есік ашамыз, әнеукүні қаладан қоймай іздеп әзер таптым...» «Оғаштау, ерсі нәрсе екен...» «Мінекей, былай етіп сығалаймын, — дейді әлгі шиша көзді мұның кеудесіне туралап. — Өмеке, көршіңнің кәлласы істейді!» Өмірсерік нақа әлгі жылтыр көз әйнектен жылан көргендей шошынды. Сұмдық!.. Сұмдық!.. Ел аман, жұрт тынышта үйіңе келген кісіні іштен сығылап тексеріп жатса, ол байғұс өңменіңнен өткен суық ішмылтыққа жем болып табалдырық түбінде тышқырып тұрса — жетіскен екенбіз, аулақ!.. Аулақ!.. «Тоқтымды ұстап бер, жарқыным». Асау көрпелдесті жетелеп келе жатып та, мақұлықтың тамағына пышақ тақағанда да: тоқтыны бауыздап, терісін ірегенде де көз алдынан көршінің жыланкөзбен сығалаған жымысқы кеспірі кетпей қойды. Іш майы ірдім-ірдім боп түсті. «О, тағдыр, пейілімді қушитып, қолымды қалтыратып есікті ілдіре көрме: үптесе — үптесін, көтерсе — көтерсін, мамыражай жақсы заманда кісі бойы дарбаза соғып, есігіме жыланкөз әйнек орнатпай-ақ өтейін. Айра-жайра болып жатсақ та бұрауымыз жоғалып көрген емес әлі». Тоқтыны мүшелеп бұзып, етін тілшелеп, аздап тұз сеуіп сөлін тартсын деп терісіне қайта орап белін жазғанда сағат түнгі он бірді ұрды. Шақырушы етіп жіберген баласы тірсегі майысып енді оралды. Көйлегі ышқырынан шығып, жағы үрпиіп кетіпті, Өмірсерік кейіп берген: «Пәдеріңе нәлет-ау, тұмсығымыздан шаншылып жатқанымыз мынау, сен жүрсің гөләйт қылып», — дейді. «Енді екі сағаттан соң пойыз келеді, шешеңнің жаны тастан жаратылған екен, тәуліктен бері құйрық басқан жоқ, өзім тұла бойым салдырап әбден болдырдым». Тыстағы жел үдей түсті білем, терезеге қиыршық ұрып өтеді. Өмірсерік қолын жуып мөлтек жасалған шайға отырған. «Көке, — дейді баласы, — Олжекең бірінші хатшының қайда жүргенін білейін, жатып қалған жүгеріні болжайын, барсам сосын барармын дейді». Өмірсерік аузындағы нанын қылғынып әзер жұтты. «Ау, мені мазақ қылғаны ма, әлде өзінің есі ауыса бастағаны ма?.. «Қайда жүргені», «жатып қалған жүгері» деп сандалғаны қалай? Шақырсам — адал көжеме шақырдым». Баласы желді күнгі соқыр шамның көлеңкесіндей діріл қағады. «Ұйықтап жатыр екен, көке. Екі сағаттай күтіп әзер деп тілдестім, көке»... Өмірсерік кесесін дастархан жиегіне шиырып жіберді. Үйеме табақ бауырсақтың бетін жауып жатқан келіншегі ернін сылп еткізеді. «Жазған-ау, несіне даурығасың? Атақты кісімен әңгімелесуден емес, қонаққа үйін көрсетуден қашып отыр ғой ол». «Апырмай, — дейді бұл ішінен суалып, — қалай ойыма келмеген, мына қулықпен, ана кісілікпен көр де тұр бұлар мың жасайды әлі! Жердің астындағы сыбысты сезіп-біліп жүріп біз секілді құмырсқаша тірлік кешіп, бізбен бірге Арыстанды-Қарабастың шаңын жұтатынына таңданасың ғой». Әшейінде байқамапты. Бұл пәлен жыл істеген мұғалімдікті тастап аудандық өлкетану мұражайын ұйымдастырамын деп мәдениет бөлімінің сексен сомдық жалақысына шыққанда Олжатай жаман кейіген. «Жұрт ілгері тырмысса, сен кері кетесің», — деген. «Бала-шағаңды сексен соммен қалай асырайсың?» — деген. Мұражай ұйымдастырмақ түгілі эрмитаж ашсаң да қалтаң томпаймаса, ең құрығанда екі адамға бастық болмасаң, жуан жерде жақының отырмаса құның көк тиын деген. Сөйтсе дүниеге әркім өз биігінен қарайды екен, өз шошағынан сөйлейді білем. Өз басы адал еңбек, арзан ақымен-ақ ел кәдесіне жараса, ұғымтал ұрпақ өсіріп, соңына тәуір сөз қалдырса — басқаны тілемейді. Ойына көміліп отыра берер ме еді, сағат тілі түнгі бірге озыпты. Қонағын күтіп алуға жинала бастаған. Төргі бөлмеде балалармен бірге жатып қалды ғой деп ойлаған келіншегі — cыланып, таранып шығып келе жатыр. Танадай аумақты жанарына нұр үйіріп: «Вокзалға мен де шығайын», — дейді. Әрине, алыстан елім-жерім деп жол алып келе жатқан зиялы кісіні оркестр ойнатып, шампан атып, мол дүбірмен қарсы алса да айып емес. Азынаған жел өтінде үңірейген түн ішінде кепкасы қиқайып кездескен мұнан шошып қалуы да кәміл екен-ау. Келіншегіне іштей сүйсініп кетті. Көшеге шыққанда аңыстаған аспан аласарып кетіпті, өлеусіреген жұлдыз саусақпен санарлықтай тым селдір. Жел қойны-қонышын кеулеп, кеудеден итеріп жүргізер емес. Оқыстан сүрініп кеткен келіншегін қолтығынан ұстап қалды, тым-тым алыста қалған қызулы, қызықты күндері көз алдына қайыра тізбектелді. Қолының астында бүлкілдей соққан жүрек лүпілі, жан жылуы бір ғана бұған бағышталар өмірдің ызғырық өтінде септесе жүрер: қиында да, қиырда да тілеулес болар, күнделікті тіршілікте талай жүз шайысып, артық кетіп, кем түсіп жатса дағы қатарындағы қағілез сұлудан өзге жанашыр аздығын сезгенде Өмірсеріктің тамағына түйір-түйір жас кептелді. Қысыр мұң жүрегіндегі өшуге айналған махаббатты қайта тірілтті. Вокзал басында жан жоқ. Осыдан отыз-қырық шақырым түстікке, не терістікке таман тұнық ауа, терең аспан, қыбырсыз селеу бар десе ешкім сенбестей. Табиғаттың құпиясына дауа жоқ, әрине. Шәуілдір елі азынаған алапатқа әбден үйренген. «Осы енапат жел болмаса пысқырып-түшкіріп тымауратып қаламыз, бұл жарықтық залалды дертті ұшырып әкетеді»,— деп мақтанатынын қайтерсің. Құм үріп, қиыршық суырған өкпек бетінде үзбестен соққан Арыстанды-Қарабастың өтінде қос көлеңке көп қалтыраған. Жүйрік пойыз уағынан кешігіп жетті. Зарықтырған вагонның есігі жуықта ашыла қоймады. Өмірсеріктің есіне осы өңірде туып өскен Майлықожа ақынның «өлшеніп берген өмір бар, уақытымен жүрерсің, көлеңкелі бұлттай, көшпелі болған дүниесің» деген өлең жолдары оралды. Кешқұрым көңілсіз отырған бір кісі «күн көзі жарқ етсе» деп тілеген екен. Күні бойғы іштей толғаныс, не қилы қорытпа ой Өмірсерікті өмір елегінен қайыра өткізіп дүр сілкінтіп өткен еді. Ақыры вагон есігі ашылып жалғыз қара боп Ұстабай түсті. Арыстанды-Қарабастың желі ішін тартты.





Пікір жазу