Бозінген
Салт атты екеу сары жоннан ақ тақыр андау жолға кеп түскенде, бетті қарыған алаптай дала күні жиекке құлаған еді. Шұбар ала теңіз толқынындай жалқау көлеңке әлсін-әлі жасыл ойпат үстімен ақырын сырғып жатыр. Ұлы сәскенің тыншу, қапырығы қайтып, қоңыр самал мен тыныс кеңітер жусан иісі жұпар атып қоя берді.
Ақ іркіт жиектен жетім мала қылаңдай көзге шалынған; әлгі алакеуім ымырт теңізінің нар өркеш толқынында батып-шығып тұрғандай салт аттылар жақындаған сайын биік-биік жота қалтарысынан қалықтай жоғалады. Олар зиратқа таялғанда жалды жиренін сипай қамшылап, бір қырын отырған етжеңді келген, шықшытты қарт мызғып кеткендей-ді: селк етіп, ат тізгінін іркіп қалды.
Бес жасар шамасындағы қағылез бала астындағы жаман көгін әлсін-әлі тебіне түсіп, соңынан дауыстап:
— Неге аялдадық, ата? — деді.
— Е, тәйірі... Сені тосып іркілдім емес пе?! Қалма.
— Мақұл, ата. Қалмайын.
Қара бала қартпен үзеңгі қағыса кеп, тізгінін жиды.
— Неғып тұрсыз, ата?
— Гүлшат тәтеңнің басына аят оқу керек-ау деймін. Сонсын... Жол-жөнекей фермаға да соға кету лазым.— Қарт мұны балаға ма, не өзіне айтқандай ма, қалай, күңкілдеп тұр. Екі көзі төрт құлақты, шымнан соққан қабырғалары шөге түскен зиратта. «Иә, бұл қабырғаның басынан не өтпеді дейсің... Мола мен інген сырын шөбересіне айтып берсе қайтер, түсінер ме?..»
* * *
Түйелі ауыл биыл жаз көл жиегіне ірге тепкен; жағасы күлтелі нар қамыс, заңғар қоғалы айдын талай жылдан осы елдің ірілі-ұсақты жандығына саятын. Әне, сары дала төсінен бастау алған ешкі соқпақпен құйрық тістесе ағылған қалың жылқы, тықыр түгі жылт-жылт етіп, қара өзектей көлге құлап жатыр. Шілденің аптап ыстығынан әбден марғау тартқан, келте мүйіз, күржікей, бәкене сиырлар жағада жалқаулана бастарын шайқап, әукелері бұлғақтап жүр.
Ал, мынау боз інген мен сары атан... Көлге жақын үй орнындай аумақты сұрғылт күлге аунап жатқан інген дымқыл самалға танауын тосып, манаурай мойнын созып қалыпты.
Кенет ол ырғала көтеріліп, екі тұтам шолақ құйрығын шипаңдатып ауылға бет бұрды. Ауық-ауық үздіге боздап, баладай екі өркеші болмашы, алма-кезек тербеліп барады. Шыбын-шіркей мен сонадан сая көл жағасы, қоңыр самал, күл бәрі-бәрісін тастап боз інгеннің ауылға тарта бергенін түсіне алмағандай сары атан маңқия қарап, көзімен ұзатып салды.
Иә, бұл боз інген де бір кезде «періштедей пәк» бота аталған. Кей тіні мақпал, үкілі бас жіппен ноқталанып, үстіне ою-өрнегі мол, зерлі жабу да жабылған; тіл-көзден қорқып, көлденең көк аттыға да көрсетпей, несі қамыс қорада да ұстады. Боталықтан өтіп, тайлақ боп та біраз тайраңдады.
Бұғанасы қатып інген аталғанда үкілі әдемі ноқта орнына мұрны тесіліп, мұрындық кигізілді, зерлі жабуды қамыт алмастырды; бөрідей ұлыған қара суық күзде де, көзге түртсе көргісіз қарлы боранда да, аспан айналып жерге түскендей шілденің шіліңгір аптабында да мойнынан қамыт, мұрнынан мұрындық бір түспеді.
Әр жылы боталайтын, әйтсе де бірде-бірі құтаймай-ақ қойды. Биыл да шетінеді. Ботасын жоқтап, құр сүлдері қалған; міне енді ғана сәл-пәл ет алып келеді.
Көл жиегінен үйге беттеген ерлі-зайыпты қарттардың әңгімесіне де бір сәт осы боз інген мұңы тиек болды.
— Жарықтық жануардың боздауын-ай! Тіптен сай-сүйекті сырқыратып, жанымызды қыдыртатынын қайтерсің,— деп жаулықты Батиха шешей ауыр бір күрсініп алды да: — Қаражан,— деді шалына.— Бұрын сен істеп берген тұлыпты Гүлшатжан алып шыққанда ие салушы еді. Қазір тұлыпсыз-ақ Гүлшатты көрсе болғаны боздап, қасынан екі елі кетпейді. Тіпті оны құрбыларынан қызғанатынды шығарыпты. Гүлшатты біреу ренжітіп жатқанын байқаса, мойнын шайнап тастардай еңкелеңдей ұмтылады. Тапырақтап ауыл үстін шаңдатады. Сұмдық қой...
— Ие-ие... Мұның мәнісін білдім. Малдың адам баласына осыншалық бауыр басуында үлкен гәп бар. Тұлыптың иісі балаға сіңген ғой. Гүлшатты көргенде иіп, оны жоқтай боздайтыны — аналық махаббатының оянғаны де...
— Әйтеуір, бір ғаламат сезім. Тек боздағаны батып барады.
* * *
Сәскелік шақ. Шілденің аптабы белең алған. Бесқанат қоңыр үйдің кел бетке қараған іргелігі мана түрілген еді. Қазандық қасында тәлтиіп тұрған сары самаурын енді міне дірдек қағып үйге еніп барады. Әредіктен етек-жеңі кең жайыла қонған ақ шағала бай ауылы көрінеді. Жылқының кісінескені, тоқ иттің әупілдей үргені де шалынады. Оған қарағанда жүдеу кедей ауылы зұлмат дауылдан әбден ит-сілікпелері шыққандай ығы-жығы, мыжырайып тұр. Бұл ауылдың сәні де, салтанаты да анау құбыла бетіндегі шалқар көлде құрбақадай шулап, шомылып жатқан қара сирақ балалар. Бірі басын суға көме айдынға жүзіп шықса, кейі жағада шалпылдап әлек.
Мойыл қара шашты, ақсары қыз нәзік қолын тырбита суға малады да, жоғары көтеріп, саусағынан тамған ақ маржанды қызықтай күледі. Су бетінде қыдырған күннің сиқырлы сәулесі сәби жүзін арбап, сан құбылады. Әзәзіл сәуле көлдің күміс белбеуі тәрізді, көсіліп жатыр: «үстімнен басып айдынға шық, баспалдағың болайын»,— дейді әлгі.
Боз інген жағада шөгіп жатыр. Екі көзі сәбиде. Қыз тереңге бойлағысы келгендей ыңғай білдірді-ақ, ол ыңырана қозғалақтап, келте боздап тынады; кейде тынышсыздана орнынан ширақ көтеріліп кетеді. Сәбидің сақшысы да, қамқоры да бір өзі екенін сездіріп, қасына тайраңдап жетіп барады.
Қоңыр үйде бүгін қонақ қаңғыр-күңгір әңгіме. Буы бұрқырап, екі иінен әзер дем алғандай: самаурын да кіріп, дастарқанның етегіне орын тепті; ол өзімен бірге шуақты шырай әкелгені анық. Жайдақ әңгіменің аяғына лекіген жеңіл күлкі ілініп, қонақтар желпінісе түскен еді. Түйе сүтін қатқан, қалампырлы бұйра шәйдің иісі көңіл сергіте бергенде: «ассалаумағалейкүм, халайық!» — деп суыт жүрісті, сылаң жігіт табалдырықты аттады. Жел қақты қарақошқыл жүзінде үлкен ауылдан келгендігін аңдатар тәкаппарлық та жоқ емес, қиық көзімен төрдегілерді немқұрайлы сүзіп өтті де, самаурын қасына тізе бүкті. Ізетті жасқа тән қауқалақтап, қол ұсынып көріспек пейіл де білдірмей, іле түсін жиып алды. Басында тартқан сәлделі орамалдың ұшымен жұқа еріннің үстіне қонақтаған тары түйір терін сорғытып, қомпалаңдай түсіп, келген шаруасына ойысты:
— Байекем жіберді, Қаражан-аға! Мынау ауыл бір-екі түйесін берсін, пішенге керек дейді. Өзінің тұяқ біткені құмға шыққан. Қолда көлік жоқ. Түбектегі маяны тарттыруды бүгін-ертең қолға алмақ ойда,— деп жігіт бай сөзін өзінікі етіп барып тынды. Қаражан қарт біреу қара санынан бұрай шымшып алғандай ыршып кетті.
— Уа, аруаналары қайда?
— Е, итім біле ме?!
— Жарлының жалғызын қай шатқалға салып мертіктірерін де «итің білмей ме?» Боз інгенді көре қалғанын қайтерсің-ей ?!
— Қараеке-ау, екі арада шыбын өледі деп, күнәм не? Суымды сулап, жерімді жерлеген қазақ елдігін танытсын дейді.
— Е, білем ғой. Жә, таусылма,— деп Қаражан қарт табан асты сынып, міңгірлей төмен қарады. Хабаршы жігіт әлгіндей болмай, қайта даңғырлай жөнелді:
— Сонау «Сары тоғайдың» тұсындағы түбекті білесіз ғой. Сай, жыра-жықпылы көп жер. Ал, шөбі биыл бөген, ат сауырын қағады. Әрі биыл өзен көтеріліп, су шыққансын тіптен тұнып қалды. Соған көлік жетпей діңкелетіп отыр емес пе?!
Дастарқан басындағы қариялар бас шұлғысып: «ым... дұрыс айтасың, балам»,— десті. Бәрінің де көкейінде бай хабаршысының аузын жылы пейілдерімен алып, көзге түсу тәрізді пендешілік.
— Барым боз інген. Ол жетекке жарар-ау, мініске жоқ.
— Қалайша, Қараеке? Анада Гүлшат мініп жүрді емес пе?
— Ие... Гүлшаттың жөні бөлек, өзгені жуытпайды бұ кәззәп,— дей кеп, тартыншақтай түсіп отырғанынан қысылыс тауып, әрі ақыры беріп тынатынын сезгенсін босқа жаманатты болмаймын деді ме,— уа, оның не сөзі бар, ал... Елміз ғой, қол ұшын бермей бізге не көрініпті. Әйтеуір, бір тәуірі жеккі,— деп зорлана езу тартты. Жаңағы әбестігін де жайма шуақтатып, жуып-шайғанына іштей ырза; мына жігіт байға манағы сөзін қисайта, тұздықтан жеткізсе, шаруасының мұнан былай оңбасын білген де ұғып үлгерген.
— Наннан ауыз тидім, хайыр-хош!— деп жігіт серпіле орнынан көтеріліп, шыға жөнелді. Ілесе түскен Қаражан есік аузынан:
— Мырзаға сәлем айт. Қажет деп жатса өзіміз де дайын,— деп дауыстап қалды.
— Мақұл, Қараеке...
Боз інген су жағасындағы сәбиді бүкіл ауылға аманаттап, ұзақ сапарға жол шеккендей біртүрлі күңірене боздап барады. Қаражан қарттың қонақтары сәл үнсіз қалды да, іле жамырасып кетісті.
— Апыр-ай осы інгеннің үні не пәле...
— Жүрек қолқаңды суырғандай боздауын айт та.
— Иә, жарықтың... Өзіне көрінсін. Қара, кейіншектеп аяғын басқысы жоқ-ей,— деп қонақтың бірі түрулі іргеліктен көзі шалғанды жеткізіп дабырлай таңданды да, бері бұрылды.— Ғажап мал... Өткен қыста қалың қар түскені естеріңде ме?! Сонда түйе шанамен шөп тарттық қой. Боз інген бүкіл керуенді бөгеп ілгері баспай, әй әуре-сарсаңға салды-ау. Ал, ауылға қарай желдей еседі... Боздағаны жаман-ақ...
Сары самаурын екінші еселеніп келгенде, шанағын сүйек шалған үкілі, күмбез домбыра қонақтардан ауысып, Қаражанға да жетті:
— Қареке, ауылдың алты аузынан сен де құралақан емессің ғой. «Әу» деп жібергін! — деді қонақ шалдың бірі күлімдей,— төгілтші бір, мына ыстықтан самал боп екеумізді желпісін...
— Батиханы да де...
— Иә, Бәкең үшеумізді де.
Толық ақ сары қария — Батиха сәл езу тартқаны болмаса, еркектердің әңгімесіне килікпей тартынып отырған. Осы сергек көңіл жанның жеңіл әзілге елп етпей, сабырлы қалпы, түс бермесін бұлар білсе де, шырайына қан жүгіріп, арайланғанына қатты қуанысты. Сол сәт әлдеқайдан ұйытқып құйып соғып өтті де, қария үрейлене «піссімеллә» деді.
— Қатты ыстық соңы жауын дейтін бұрынғының адамы. Қайтер екен мынау күн?
— О, да жөн, Қараке. Ұмытпасам, өткен қыстың аязды күні осы күнге тура еді. Әлі ыси түспесе қайтсын,— деп ұзын шал жұдырықтай басын әнтек кекжең еткізіп қойды.
Енді әңгіме арнасы ауа райына қарай ойысты.
Әлдене есіне түскендей Батиха асыға тысқа шықты. Қазанның қақпағын жауып, айналасында сәл түртінектеп жүрді де, үйге қайта оралды. Самаурын түбіне жайғасқаны сол еді, есік алдынан үрейлі бала үні шалынды.
— Апа!.. Көке!..— деп ауылға атойлап жеткен балаларда ес-түс жоқ. Өңдері боп-боз. Үй ішіндегілер өре түрегелді. Табалдырықты аттаған сіңір қара бала ентігін баса алмай:
— Гүл... Гүлшат суға... кетті, батты,— дей берді.
— Қой ойбай, не дейді мынау...
— О, жасаған!.. Керең қалғыр құлағым не естіді?! Қайда... Барсаңдаршы... Құтқарыңдаршы.— деп Батиха қолын созып, есікке ұмтыла екі сүрінді. Ауа қармана: — Тәңірім-ау, не жаздым мен...
— Уа, неменеге ұйлықтық, жүріңдер! — Ұзын шалдың үні.
Қаражан қарт төрден бірнәрсе іздегендей аласұрып жүр. Не істеп, не қойғанын да білер емес. Ақселеу шашы желбіреп, көлге қарай құстай ұшып бара жатқан ананың есіктің сықырлауығына ілініп қалған жаулығын көргенде ғана ол есін жиды; ышқына айқайлап: «қайда... қайда батты?!» — деп үйден атып шықты.
Ауыл түгел көл басында; абыр-сабыр шапқыласқан ел. Балалар шетте қағажу, үрпиісіп тұр. Сәби денесі де табылды. Суға кеткен адамды құтқару үшін істелер қаракет те қалмаған; сәби ес жимай дүниеден өтті. Ел қоршалай үрпиісіп, өлікті құшақтап егілген қарияны жұбатысып жатыр.
Қан қызыл күн бөріте дөңгелеп, көл жиегіне де батты. Ымырт үйіріліп, қара көлеңке де ауылға төгіліп келеді. Күндізгі қапырық орнына дымқыл самал жайлап жүре берді. Осы сәт үздіге боздаған інгеннің жалынышты үні көл жағасына өзінен бұрын жеткен; ел үрпиісе толқып, алақтасып қалды. «Апыр-ай, мынау жарықтық білген бе? Тәңірі сездірді ме-ей?!» — деседі күбірлесе. Зарлы үн әр төбенің астынан бір шалынып, даланың өзі күңіренгендей де болды. Үйден мойыл шашы желбіреп, қарсы алдынан жүгіріп шығар «ботасының» енді жоқ екенін ол қайдан білсін...
* * *
Ауыл адамдары талай күннен бергі боз інгеннің жан күйзелісін сезген де, көңіл бөлген де жоқ. Сәбиді ақ жауып арулап қойды. Жетісі өтті. Міне, сонан кейін ғана оның азалы үніне ел құлағы түрілді.
Сарала таңнан іңір қараңғысына дейін арбаға жегілген боз інген пішенде жүрген; бірде. Қаражан қарт адал малын өз көзімен көріп қайтқалы қосқа соққан еді. Інгені танып бұйдасын сүйрете қасына тайраңдай жетіп келмесі бар ма, ойында ештеңе жоқ Қаражан мойнынан сипай іркіліп, іле жануардың жанарына көзі түсіп кеткенде тіксіне, бұршақтай үзіліп түскелі тұрған жасты көріп жағасын ұстады.
— О, тоба! — деуге ғана тілі шақ жетті.
Күннен-күнге жайылыстап қалып, шөгіп бара жатқанын да байқаған еді. Баладай қос өркеші қамшылар жағына жығылыпты. Боздай бейіттен ұзайтын да ізінше қайта оралатын ғой. Қаражан ауылға сәл тыңайтқалы әкелген, інген керісінше күрт төмендей берді. «Сары дөңдегі» төрт құлақты зират оның қазығы тәрізді. Соны төңіректей береді. Жер тарпып кеп молаға малды да, адамды да жолатпай айбат шегеді, боздайды.
— Батиха-ау, мына сор маңдай түбімізге жетер болды. Садақаға шалсақ қайтеді?— деді Қаражан қарт зайыбына.
— Пышақ тигізбе, тілімді алсаң... Таста пышақты! — деп Батиха үрейлене, ыршып түсті.— Ботасынан айрылғаны аз ба? Күнәқарлық істегелі жүрмісің, зар үнін ести тұра оған пышақ... Жо-жоқ! Өз күйігінен... өзіне көрінсін шер, мұңы... Енді мал болмас, әйтсе де тимеші...
* * *
Боз інген бүгін шөп басын шалды. Көптен нәр сызбағаннан ба, ащылы ит жуаның дәмі тіл үйіріп, зираттан әжептәуір, қозы көш ұзап кеткенін ілкіде сезбеген; маңқия төңірегіне көз тастағанда шошына, кері қайтты. Көңіліне әлдене сезік ұялап, өн-бойын үрей билеп жүре берді. Біртүрлі осы қазір тез жетпесе өз ботасындай, сәби денесін әлдекім ұрлап әкетердей желіп келеді; әбден арыған, қабырғасы арса-арса, тізелерін ұп-ұсақ бір діріл билеп, қалталаңдап та кетеді.
Енді міне жота үстіндегі жалғыз мола басында тірі аруақтай қалқиып тұр. Неге жан ұшыра асықты? Неден қорықты, қауіп етті? Өзі де санасымен түсінбейді. Әйтеуір көңілі жайланып, жүрек лүпілі бір сәт басылғаны анық. Аналық махаббаттың әмірі екенін ол түйсініп, ұқпағанмен жүрек әмірі екенін сезеді. Жарық дүниеде көргені көп. Ол шілденің аптабында да, ұлыған қарлы боранында да, ызғырықтата соққан күздің өкпек жел құзында да талай керуен жолын артқа тастап, өмірдің ащы-тұщысын аз татпағаны ақиқат... Сонау көгілдір көл жиегіндегі ақбоз шаңқан киіз үйлер жота-жон арасына құстардың салып кеткен ұясындағы жұмыртқадай көз алдында ағараңдап жатыр. Өзіне етене таныс, жылы мекен. Әне, алыстан сіріңке талындай боп, арық, ақ жаулықты ұзын келіншек шалынды да, әлгі шеткі үйге еніп кетті.
Иә, ол Гүлшат дүниеге келген қараша үй. Онан әріде пышақ орнындай ырсиып шалынатын тыртық жара — ескі өзектің ізі, жыра. Жақында ғана сол жерден топырақ, балшық тасыған. Ілкіде ол ештеңе сезген жоқ. Гүлшатты жанарымен іздеп, ауыл жаққа жаутаңдаумен болды. Мынау ұсақ күйбең адам тірлігін тез бітіріп көлге жетсем деумен жүрген; күн бата Қаражан қарт алдына бір шелек су қойды. Әлгіге еңкейіп, қамыттан босаған мойнын сілкіп қалған танауына жас үйінді моладан таныс... ботақанының иісі... иә-иә, соның иісі келді. Қолқасына ащы, жас тығылып: «уа, адам ақылды еңдер ғой! Өз, ботамды өзіме көмдіргендерің не? Не жаздым мен?» деп боздай жас қабірге ұмтылғанда Қаражан бұйдасына жабысып, шірене тартып тоқтатты...
Боз інген ескі жан жарасын өзі тырнап алып, ауыртып жібергенін сезіп, ыстық тақырға шөге берді. Күйіс те қайырмай, қыбыр етпей жатыр. Көз алдындағы шөп басын шалса, біртүрлі жақ түбі саудырап түсіп қалардай, астыңғы ерні салбырап ыңыранып қойды. Боталаған жанарында ащы шер табы, тұңғиық мұң ғана бар. Еш пенде алаңдатып, түртпектеп осы бір тыныштығымды бұзбаса дегендей тілек үстінде тәрізді. Ойлы көзін манаурай жұмып ашады...
Бір сәт әлдеқайдан тұлым шашы желбіреп Гүлшат шыға келді де, быттиған сәби саусағының арасынан күміс тиын көрсете сықылықтай күліп көз алдында көлбеңдеп тұр. Шын сағынып, аңсарың ауса жүрегіңе жылы үн де аштықта жеген тағамыңдай тәтті болады екен де. «Күле... Күле түсші, ботақаным», — дегендей боз інген келте боздап тынды.
Гүлшаттың көмекке шақырған құлын даусы кенет құлағына ап-анық жаңғырып жеткен; ол ытырынып атып тұрғалы ұмсынған, әл-қуаты кетіп қозғала алмады. Не болды маған? Күні кеше емес пе еді оның бота аталғаны? Ойынсақ денесі кеңістік тілеп, күші бойына сыймай тайраңдайтыны қайда?! Қаражан қарт үкілі ноқта, кестелі жабумен сәндеп, көлденең көзден жасыратын. Алыстан бейтаныс салт атты шалынса, қамыс қораға апарып қамап тастайтын, енді міне ол әлдекімге ренішті. Иә, мынау соның үні. Қасында бейтаныс біреу бар. О да әлдене деп былдырап тұр. Бұлар неғып жүр? Неге келді? Қаражан қарт ызалана, қатқыл сөйлей бастаған. Боз інген даусын анық естіді:
— Ертең, Гүлшаттың қырқы!.. Батиханың ренішіне қарап, арам өлтірер жәйім жоқ. Ақ адал малымды балама құрбандыққа шалсам, оның не айыбы бар... Ойбой-ой, жарықтықтың құр сүлдесі, арсиған қаңқасы қалыпты-ау, ә?!.
Боз інген зордың күшімен көзін ашты. Мұңлы інгеннің тостағандай жанарының қарашығына екі адамның суреті кеп түсті. Ақ киімді ұзын шал мен Қаражан қарт. Қаражан қарт ағаш сапты, алмас жүзді қара бәкісін қолына алып, мәсінің қонышына сүртіп жатыр. Ұзын шалдың қолында ешкі қылынан ескен ақ ала қыл шылбыр.
Қаражан қарт інгеннің дәрменсіз адамдай мұңды, кірпік қақпай қарап қалғанын енді байқап, үрейлене шегіншектеп пышағын жерге түсіріп алды. «Неге асықтың, қожам?.. Бір аяғым көрде, бір аяғым жерде екенін көрмеймісің? Кешікпеспін»,— дегендей еді боз інгеннің тұңғиық, мұңды, өлімнің суық саусағы бүре түскен жанары. Қаражан безгегі ұстағандай қалтырап, ауа қармана.. аузын аша түсті де, жалғыз еместігі есіне енді түскендей қалтиып қатып қалған ұзын шалдың қолынан шап беріп ұстай алды...
Інген көзін қайта жұмды. Қаракөк мұнар біртін-біртін таң арайындай рауан нұрға ауысып барады. Міне, жанарында шам жанғандай жап-жарық ойпат... ақ ботасы тайраңдап келеді. Үлпілдеген мақпал жүні қандай әсем дейді інген мейірлене ботасын иіскеп. Ол болса келе, шырыш ернімен желінін түрткілей берді.
Інген рақаттана ыңыранған әлгі елес, Гүлшат боп сықылықтай күліп, тырбаңдап мойнына асылды, өркешіне өрледі. Енді осыдан айрылмайыншы деді ме, ол көзін ашпады. Әйтсе де үзік-үзік түсініксіз сөзді құлағы шалып жатыр.
— Иә, жасаған... Батиха... бекер айтпапты... Құдай сақтасын, алмағаным пышақ болсын!.. Жүрші... Кетелікші... Екі дүниеде менің әулием... түйе... ақ адал малым... өзіңмен кет... Қане зиратқа. Зират түбіне жақындатайықшы... жеткісі кеп... тырбынады-ау деймін... Жарықтық... әулием,— деген Қаражан қарт үнін шырамытты.
Ол көзін ашпақ болған. Кірпігі қорғасын құйып қойғандай ауыр тартып көтертпеді. Өзін сүйреп барады. Зират түбіне жақындатып тастаған сияқты; кебірсіген таныс топырақ иісі танауына кеп, жаңа елес... көгілдір көл беті... толқып... ақ жалдана көбіктенген толқын арасынан қараңдаған сәбидің қуаң жүзі; сонсын ақ саусақ көрініп жоғалған: «Апа!» — деп Гүлшаттың жан ұшырған ақырғы үні де құлағына шалынғандай боп кетті. Боз інген аласұра ұмтылмақ еді, мойнын бір зіл басып, жерге жаныша түсті; жүрегі аузына тығыла алқынып, тұңғиыққа құлап бара жатқанын сезді...
* * *
Дала үсті алау ыстықтан кілкіп түр. Тірі жәндік біткен аптаптан бассауғалап қалғандай төңіректе көзге ілінер қара жоқ. Айнала тылсым тыныштық. Әне, зираттың құбыла бетінен жалғыз бүркіт қорбаңдай жүгіре түсіп, жалп-жалп қанат қағып көтеріле берді. Соңғы рет төрт құлақты сіріңке қорабындай жапырайған төмендегі зират пен інгеннің қураған қаңқасына көз тастап қиырға бет түзеді. Ақ айран аспанға шарықтай самғап біртін-біртін ноқатқа айналып барады. Иә, оның өз беті, сапары әрине бөлек...
Қарт қалың ойдан зиратқа тірелгенде айықты. Атынан түсіп қалпағын қолына алды.
— Салықжан, боз інген жәйлі хикаяның ұзын-ұрғасы осы. Небір заман бастан өтті ғой... Мынау Гүлшат апаң мен боз інгеннің жатқан жері,— деп Қаражан шөбересін аттан өзі түсірді. Сонсын төңірекке біртүрлі қобалжи, сезікті көз жүгіртіп алды. Мұнар шалған жанарына ауыр мұң ұялап та үлгерген еді.
Зираттан құрық тастам жер қуаң тартып, шөбі ақселеуленіп тұр. Жасыл дала төсінде бұл бір таз төбе тәрізді. Бейіттің шығыс бетінде бас жарған қыршын гүл мезгілінен ерте солған, тым жүдеу-ақ; қылаңдай қалықтар үстінде алқанат көбелек те, сыбызғы үнді ара да жоқ.
Қарт аттарды шідерлеп жіберіп, жерден басын көтергенде шөбересінің төменде, жасыл ойпат ішінде жүгіріп жүргенін шалып қалды.
— Салықжан, не істейсің-ей? — деді ол.
— Гүл... гүл теріп жүрмін, ата...
Көңілі сәл көншіген қарт бетін құбылаға бұрып жүрелей тізе бүкті де, аят оқуға кірісті.
Тіл сындырып, сәби шағынан үйренген, әбден жаттанды болған алла сөзіне беріле күңірене жөнелгенінде, әлдеқайдан құлағына тосын, ұмытыла бастаған боз інгеннің шерлі, зар үні алыстан талып жетті. Үздіге, жүрек-қолқаңды суыра боздайды... Қаражан қарт тұңғыш рет талайдан білетін құран сөзінен сүрініп кетіп, жаңыла берді... Жаңыла берді...
1960 ж.