Монолог
«О, вечный спутник мой, с душой ненадежной».
Альфред де Виньи
Би әбден қызған. Магнитофон касеті зыр айналып, тентек толқындар тұлабойға тынымсыз құйылады. Әркім барын салып, қым-қиғаш қимылдап жатыр.
Ұзын шашты жүдеу жігіт гитараға қосыла дауысын дірілдетіп, «Әкеме», тағы бір ағылшынша ән айтты. Шет тілдері институтынан көрінеді. Көңіл қойып, ынт-шынтымен тыңдап отырғандар санаулы. Екеу-үшеуден бұрыш-бұрышта сылқылдай күліп, қызына сөйлеседі.
Алмас сыртқа шығып, салқындап келді де, шеткері отырған бас-аяғы ықшам тобылғы торы қызды биге шақырды. Есімін сұрап еді, бөгелмей:
— Жаудыр, — деді күлімсіреп.
Стол басында да ғайыптың кереметімен қатар отырысып қалды. Айтуынша, жазғы каникулын өткізіп жүрген студент қыз екен. Киген киімі, сөз тастасы жақсы ортада өсіп, дұрыс тәрбие алғанын аңғартып тұр. Керім күліп, сыпайы әзілдейді. Жігіт қызды бұрын көрмегенін айтты. Сөйтсе, Жаудырлар былтыр ғана көрші ауданнан көшіп келсе керек. Ал бір жыл ішінде Алмастың Жаудырды қайткенде көруі қажет пе екен?
Алмастың көңіл күйі манағыдай емес, мүлдем басқаша. Әдемі қыздың қасында ауызға ылғи әсем сөздің түсетіні несі? Ағып сөйлеп, қызды бастырмалата үсті-үстіне күлдіреді. Келесі мезет мына кештегі биді көрші қалада өзгеше билейтінін, оның себебі, біреуінен екіншісі үйренгенде, әркім өзінің дене қимылының ыңғайына қарай бұрып алып, бұзатынын айтып тастады. Біреуінен екіншісі, одан үшіншісі... Сөйтіп кете барады. Жақсы би жырымдала келе, осылайша адам танығысыз боп өзгереді. Сөздері нысанаға доп тиіп жатты. Қыз басын үсті-үстіне изей берген.
Кештен шыққанда тозған табақ тәрізді талаураған ай еңкейіп қалыпты. Көкжиекке қалай құлап түспей тұрғаны таңқаларлық. Үздіксіз құйылып тұрған күлгін сәуле астында қалқыған үйлер көгілдірлене толқып, су астында қалғандай әсер береді. Қара күйе көлеңкелері ық жақта шалқалай құлап қалған. Еріксіз Сарьян полотноларын еске түсіреді. Ұзақ қадала қараса, оянбас ұйқы құшағындағы табиғаттың дыбыссыз терең тыныстап алған лебінің тура айға шымырлай ағып көтерілгенін көз шалады. Жапырақтар салқын жылтылдайды. Әредікте ағаш-ағаш түбіндегі орындықтардан жеңіл күрсініс аралас самарқау, солғын сөздер, алқынған сыбыр көмескі естіледі. Жел қозғаған жапырақ па, адам дыбысы ма, айырып болар емес.
Жаз ортасының қапырық та айлы түні еді...
Екеуі сөзден қағажу қалған, қолтықтасқан күйі қатар адымдап келеді. Үйге қайту ойға кіретін түрі жоқ, қыз көшесі қиыс қалған. Өйткені екеуі де жас болатын, екеуі де жазғы демалыста жүр еді, екеуі де кештен шыққан, ал кештен шыққандардың өте көңілді болатындықтары соншама, тіпті түн ортасына дейін үйге кірмей, көше кезіп жүре беретіндері өз-өзінен белгілі еді.
Алмастың еркіне салса, әлдекімге есеп-қисапсыз еркелеп, мұң-шынын шығара айтып, ақ көңілден аңқылдай ақтарылғысы бар. Ол қазір тіпті тентек жігіт. Иә, сөткесіне бір рет тәртіпті ептеп бұзып қоюға болатын сияқты. Таңертең тұрасың, тамақтанасың, тәртіп бойынша көшеге шығып, таныстармен амандасасың, тағы да тәртіп бойынша түстенесің... О, бір күн үшін тым-тым көп тәртіптілік! Ендеше, бүгін Алмас тәртіпсіз болады. Тәртіпсіз болатыны соншама, көкесінің ұрсатынын біле тұра үйге қайтпайды. Қызға әлдеқандай құпия, мағынасы күдіктілеу сөздерді айтады, керек десе...
Ол қыз белінен орай құшақтады. Денесі дір етіп, жігіттен сәл қашықтағанмен, қарсылық білдірген жоқ. Жұқа көйлегі алақан астында майда тайғанақтайды.
Жаудыр жанарын көтеріп:
— Алмас, мен жақсы қызбын, сенесің бе? — деді. Ол сенді. Мынадай тылсым түнде айтылған сөзге сенбеуге болушы ма еді.
— Мен де жаман жігіт емеспін.
Жаудыр жымиды. Қыз күлкісі жігіт үшін әманда батылдықтың бастамасы. Еркінси бастады.
— Сені ептеп сүйіп алайыншы.
— Жағыңнан тартып жіберсем қайтесің?
— Менің әжемнің үлкен ақ таяғы бар. Сүйгізбегеніңді білсе, қуып жүріп ұрады.
— Әжеңе көп-көп конфет берсем, менімен төбелеспейді. — Тәттіге алданған аңқау кемпірді елестете күлісіп алды.
Тротуар шетін кемерлей аққан бұлақ бетінде ай тыржыңдап, толқыннан толқынға қарғып, тоқтаусыз сырғиды.
— Қарашы, біреу алтын сырғасын түсіріп апты. — Ол еңкейіп суды іліп алды да, жоғары шашып жіберді. Тамшылар аққайраңша жылтылдап, альфальтқа топыр-топыр құлайды.
— Күнде кездесіп тұрайықшы, Жаудыр?
— Жоқ, мен күнде, яғни күндіз емес, басқа уақытта қыдырамын. Және сенімен екен деп еш ойлама. Түн ортасы ауа маған ылғи көзі үлкен, қасы қара, ұзын бойлы жігіт келіп жүреді.
Жұлып алғандай:
— Ол кім? — деді.
— Ол ма... Оның аты — Түс.
Жігіт қызды өзіне тартып, ұзақ сүйді. Алақандар кеудесінен әлсіз итеріп, босаң бұлқынады. Ауаны лептерімен үн-түнсіз жұтқан күйі тұрысып қалды.
— Бәлем, тентектігің үшін ертең сотқа берсем қайтесің?
— Ондай сотқа қуана-қуана барамын.
— Алмас, түнде неге батылданып кетесіңдер?
— Түн — адамдардың іс-қимылын жасыратын сенімді жамылғы. Ұры қорықпай үйге түседі, ит әлдекім ұрып жібереді-ау деп жасқанбай айға қарап, тұмсығын шошайта емін-еркін ұлиды, қыз бен жігіт, ім-м, қалай деп айтсам... Яғни бұл кезде не істесең де соттан қорықпауға болады. Сен де менің сұрағыма жауап берші. Түнде қыздар неге сұлуланып көрінеді?
Жаудыр аз ойланып барып сөйледі:
— Ай сәулесі жүзге жұмсақ нұр береді. Бұл бір. Екіншіден, көлеңке мен сәуле беттің рельефін анықтап, ақ-қара, ой-шұқырға жақсы бөліп тұрады. Мәселен, кішкене мұрын кенет дөңестеніп, ал қабағы биік көздерге көлеңке ұялайды. Әне, сондай. Әрі көрік кетіретін секпілдердің байқалмауына жақсы.
Ол Жаудырдың байқампаздығына сүйсінумен қатар секемденіп қалды. Білгіші білгіш, осы қыздың өзі мөлшерден тыс көп біле ме, немене?
Бірақ дәл осы минутта тентек сезім тартыс тілеп келе жатқан жоқ еді. Жастықтың бұлқынып аққан асау ағыны салиқалы суық ойды шыдатпады, күдік санатындағыны сыпырып-сиырып алды да, сезім ауласының дуалынан асыра лақтырып тастады. Адамның өзі түгіл, жеке қасиеті де тиынның екі бетіне ұқсас. Әзірде Жаудырдың тым ашықтығын іштей жек көре қалып еді, байқаса, қайта кем-кемдеп ұната бастағандай. Ол қыздардың қылықты көрінгенсіп, болымсызға жас шібидің айдарынша қызарып, тәлімсіне қалатындарын жақтырмайтын. Ондайлар мінезінің жауыр тұсын жаба тоқу үшін тыраштанады. «Сырты бүтін, іші түтін» деген осыларға арналып айтылған болуы керек. Тамашасы сол, жұрттың дені бұлардың маңына шаң жуытпайды. Шекесінен шерттірмейді. Сүйіспеншілік, махаббат туралы әңгіме қозғаса, солардың көбінің «Ой!» деп ыршып түсіп, бауырға тартса, еріндерін өздері жабыстыра қалатындарын бұрын кездестірген де. Керісінше, нені ойласа, соны бетке тура айтатындар — өздерінің кінәсіздігіне, кіршіксіздігіне әбден сенетіндер. Жаңағыларға қарама-қарсы, осы топтағылар ашық, жайдары мінезіне бола пыш-пышқа ілігіп кетеді, жазықсыз қараланады.
Алмас бұрын көкесінің айбатынан жасқанып, үйге ертерек оралушы еді, бүгін ол дәстүр бұзылды. Әңгімеден әңгіме өрбіп, Жаудырға «ұнатқан жігітіңіз барманы» емеуріннен танытқан. Қыздан «атай көрме, сенімен алғашқы қыдыруым» сияқты әдеттегі жаттамалы ақталуды күтіп еді және солай деп айтса деген тілектің іштен түртпектеп жатқаны да шын еді.
Қыз кідіріссіз жауап берді. Иә, қыдырғаны рас. Кімнің қандай екені маңдайына жазылмаған, біраз сөйлесіп, пікірлескенен кейін, адам адамға бірте-бірте танылады. Ол үшін бірге жүру, қыдыру қажет. Адамның жаманы жоқ секілді, жалғыз қалыптан жақсы боп жаратылмаған да, білісе келе бірі бұған ұнамаса, келесісіне өзі жақпады, сөйтіп, айрылысып кетті.
Сөзбен айналып келе жатып, олар қыз үйіне келіп қалғандарын байқамапты. Қоштасарда құшақтап еді, әлсіз қарсыласа:
— Тәттіні көп жей берсең қайтеді? Дәмі кетеді. Алмас, сен қыздармен тым ақылды сөйлеседі екенсің. Жаңағы би туралы әңгімеңді айтам да. Жас жігітке тым көп білген жараспайды, — деді. Бұл сілейген күйі тұрып қалған.
Өкпелетіп алдым ба деп ойлады ма, қыз қақпаға кіріп бара жатып, кілт қайрылып:
— Ұйықтағанда жақсы-жақсы түс көр. Оның ішінде мен де жүрейін, — деді де, есікті жапты.
Алмас шешініп жатқаннан кейін де көпке дейін көз іле алған жоқ. Мұғалім семьясының қатал тәрбиесінде өскен ол есейгесін ғана қыздар жақты маңайлай бастаған. Олар түйедей жігіттің жасықтығына әуелі зілсіз күліп қызықтағанмен, аяғыңда көңіл көтеретін клоунға айналдыратын болды. Институтта ғана қыздар төңірегінде көп жортуылдайтын жігіттердің жанына еріп жүрген. Бірақ жолы болмады, тым кексе, тым тәжірибелі тұстас қыздарды көңіл тартпады, тым жастары ауыр мінезіне бола «ағайдан» асырып жақындата қоймады. Сонымен «Сабыр түбі — сары алтынды» қанағат тұтып жүргенде Жаудыр кездесті. Бұған оның ұнағаны анық, оның да сыңайы кет әрі емес. Сиыр секілді салмақтылықты инабат деп танитын, болмаса термин араласқан екі-үш ауыз сөз, әлдеқайдағы журналдан жаттап алған анекдот айтса, ауыз ашып, көз жұматын қыздардан өзгеше, қылтың-сылтыңы аз, сыңарсыз дара жан-ау деп бағалады. Жақсы қыздар құйрықты жұлдыздай көз алдында жарқырап тұрғанда қол созып қалмасаң, қапы қаласың, қайраң соғасың.
Екеуі сол түннен бастап үнемі кездесіп тұрды.
Бірде олар парктің түкпіріндегі орындықта әңгімелесіп отырды. Жаудыр көңілсіз. Күндегі күлегеш қызды тану қиын, қабағынан қар жауады. Мінезінің ондай аумалы-төкпелі қырын бұрын байқаса да, мән бермеп еді. Сергітпек оймен арзан әзіл айтты, селт етпеді. Орынсыз қоңырайған оған жігіт те ыза бола бастады.
— Қарқылдап бір күлетін көңілді анекдот айтшы, — деді, қыздың жанына тиетінін біле тұрса да.
Жаудыр бұған тесіле қарады. Тегі, әбден жирене жек көріп отырса керек. Жігіт үндемеді. Келесі сәтте қыз жүзін бұрып алды да, сөйлеп кетті:
— Анекдот па? Жақсы, айт дедің, айтайын. Өзі өте күлдіргі анекдот. Күлкілігі сондай, соңында өкіріп жылағың келеді. Ал құлақ сал. Мен секілді бір жақсы қыздың досы бар екен. Ал оның техникумда оқитын ағасы болды. Танысқаннан-ақ ол жігіт мына қызға ұнамаған, телміре қараған көзі арғы-бергіден өтіп тұрады. Бірде жаңағы қыз кешке таман әлгі ағасы бар досын іздеп үйіне барып еді, ағасы жалғыз отыр екен. Қайтпақ еді, анау қызды көзімен шешіндіріп тұрып: «Мәриям қазір келеді, тоса тұр», — деп құрақ ұшып қалбаңдап, жібермеді. Сыртта жаңбыр жауып тұрған, кете қоюға өзі де соншалықты құштар емес еді. Әйтсе де, су өтпес плащы да бар еді, ары айт та, бері айт, қара кеште көлеңке ұйыған бөлмені қиып кете алмады. Радиола ойнатып, Мәриямның ағасы қызды биге шақырды. Биледі. Демалмақ боп диванға кеп отырысты. Байқаса, жігіт білегі қыз белін орай өзіне икемдеп барады. Ұшып тұрып еді, жарықты өшіре салды. Жаңағы жерде ал кеп алыс. Қалай айтқанмен, жігіттің аты жігіт, қаусырып барады. — Осы тұста Жаудыр сылқылдап тұрып күліп алды. — Тіпті болмағасын: «Менің осы жағдайым қарындасыңның басына келсін», — деп еді, жаңағы қызды босата салды...
— Мұны неге айтып отырсың?
Жігіт дауысы қатқыл шықты:
— Неге айттың деймін?!
Қыз мойнынан құшақтады. Алмас оның айқасқан қолдарын жазып жіберіп, ысырылып отырды. Жаудыр теріс айналып, маңдайын ағашқа сүйеді де, өксіп-өксіп жылады. Ол әйелдердің жұбатқанға үдетпесе, жасын тыя қоймайтынын білетін. Бар бітіргені — үн-түн жоқ басы салбырап отырды да қойды. Жігіт астында жаншылған Жаудыр... Қиял қазынасының қымбатына санағанын ластағаны үшін мынау бойжеткенге қарымы қайтпастай ашулы. Ол айтпай-ақ, бұл білмей-ақ қойса етті.
Алмас алғашында намысты қыз осы бетімен кетіп қалар, қайтып қайрылмас та деп ойлап еді. Дәл солай істесе, табан астында кешірім сұрап, аяғына жығылатыны анық-тын. Біраз уақыт өтті. Қыз көзін орамалмен сүртті де, ауыр күрсініп отырып қалды.
Төбеден төнген жапырақтар арасында бірен-саран жұлдыздар лыпылдай маңып жүр. Әлдекім темекі тартып тұрған тәрізді. Сусылдап жапалақ ұшып өтті. Алыстағы көшеден машина гүрілдеді де, іле-шала сөніп қалды.
Қыз қаусырынып қойды. Алмас өзінің әлденені айтуға тиіс екенін сезіп отыр. Жаудырға жаны аши бастағаны бір бөлек, әзірдегі сөзін қатыгездікке жорыды. Жігіт туралы айтса, өзімсініп, сыр ашайын деген шығар. Алмас болса, талағы тарс айрылып, жағасынан ала түсіп, жыртардай болды. Әрі мынау қалың жыныстың түнек түкпірінде тірі жанның жылуын, жақындығын сезбей, дүниеден бөлініп қалу қайдағы бір қорқынышты түсініктердің қолынан жетектеп әкелгендей.
— Жаудыр!
Тырс еткен сөз болсайшы. Дүние мақау, тас саңырау...
— Жаудыр, ғафу ет. Мен...
Жауап жоқ. Ол қолапайсыз қозғалып, ернінен сүйді. Көзі көзіне түсіп еді, бұған мағынасыз-түйсіксіз қадалып қапты. Ағы, қарашығы қайсы, айырып болар емес, тұтасып кеткен өте жәйсіз сурет. Әлденеден секемденіп, құшағын қолма-қол босата салды. Оның жанарының осыншалық мұздай суық екенін бұрын неге байқамаған?
Кенет ол селк ете түсті.
Қыз тығыла сықылықтап күліп отыр екен. Бүкіл ішкі дүниесін әлдене уыстай төмен тартып бара жатқанын сезді. Медеу іздеп, қолынан шап беріп ұстап еді, сұп-суық. Жалма-жан тартып алды.
— Жаудыр, саған не болды?
Ол ашық күлкіге ауысыпты. Қыз емес, ағаш-ағаштың арасын аралай біреулер жындана сақылдап жүргендей. Келер сәтте жиылып кеп жабыла түсіп, шүйке-шүйке етіп түтіп жіберетіндей. Алмас оның иығынан сілкіп-сілкіп қалды.
— Жындандың ба, Жаудыр?
Күлкісін қалай бастаса, солай қоя қойып, аз-кем үнсіз отырды. Қолын қағып тастап, парктің қақпасына бет алды. Соңынан ерген Алмасқа:
— Қал, шығарып салма! — деді.
Жігіт жүре түсті.
— Ерме дедім ғой саған! Оны да, сені де — бәріңді жек көремін!
Алмас маңдайға соққандай қалт тоқтады. Тықылдаған қыз тағасының дыбысы алыстай түсе өшіп жоғалды.
Кейін Алмас ол жігітті көрді. Айтқанындай көзі үлкен, қасы қара, ұзын бойлы — сымбатты. Қолтығында қалқып бара жатқан аққұба, талдырмаш қызбен күле сөйлесіп барады. Көзі мұнартып, кеңсірігі ашып сала берді. Неге екені белгісіз, оның көз алдына Жаудырдың өксіп-өксіп жылағаны емес, сақылдап күлген бейнесі келді.