13.08.2021
  522


Автор: Марат Қабанбаев

Жиһанкез Тити

I


Түн. Көшеде ғана түн. Ал пәтер іші күндізгідей жарық. Төбеден салбыраған люстраның жарығы, әрине, күн жарығына сәл-пәл жетпейді. Бес жасар Таймасқа жарықтың қайта әлсіз болғаны жақсы. Жарық әлсіз болса жақсы ойланасың. Бөлме ішіндегі заттар көзге анық шалына бермейді, ой бөлінбейді. Сонымен Таймас — Тити ойланып отыр.


Шындығында Таймастың Таймас екендігін балалар бақшасындағы, подъездегі тетелестерінің көбі біле бермейді, бәрі жаппай Тити деп атайды. Оған кінәлі Таймастың өзі. Екі жасқа жете бере тілі шығып, былдырлай бастаған. Дәл осындай қысқы кеште папасы мен мамасы: «Таймас, сен дәу жігітке айналып, есейіп қалдың. Әр заттың, әр баланың өз есімі болады — осыны біліп қой. Мәселен, әне, анау төрдегі, саған күнде кешке мультфильм көрсетіп беретін сирақты қобдидың аты — телевизор. Кәне, телевизор деші?» — деген. Таймас папасы мен мамасына бір, экранды қобдиға екі қараған. Сосын сұқ саусағын жып еткізіп аузына апара беріп, қайтадан арқасына жасыра қойды да (ауызға саусақты тек жаман балалар салады): «Девиз!» — деді. Папа, мамасы бір-біріне бақырайып қарады. Таймас содан-ақ бірдеңені бүлдіргенін сезе қойды. Және, бүлдіргенде де, әлгі экранды қобдидың төңірегінде қателік жасағанын анық білді де, сасқанынан «девизді» түзеттім деген оймен: «Севиз!» — деп салды.


Әке-шешесі едәуір күйгелектенді. Мамасы бетін шымшыды. Тіпті ұйықтайтын бөлмедегі треляж айнаға барып, шашын тарап-тарап жіберді. Сосын қайтып келді де, папасының құлағына бірдеңе сыбырлаған. Папасы басын изеді. Мамасы Титидің алдына тізерлеп отыра қалып:


— Ұлым, енді Таймас деп көрші! — деді.


Таймас ернін икемге келтіремін деп біраз бүрістірді. Ақыры әжептәуір қиналып барып:


— Ти-ти... — деді.


Папасы да, мамасы да қоса қабат күліп жіберген. Екеуі бірдеңені біліп күліп тұрған шығар деген оймен Таймас та жымиды; әке-шешенің қылығын қайталасаң, көп қателеспейсің. Енді папасы Таймастың ойынын келтіретін ең сүйкімді көз қарасымен ұлына қарап:


— Кәне, менің атым Таймас деп тағы бір қайталашы! — деді.


Таймас бұл жолы ернін бүрістіріп, қайыстырып қиналмады. Бір нәрсені анық біледі — «Тити» деген сөз папасы мен мамасына ұнап қалды. Ұнағанда қандай! Ұнамаса, екеуі қосылып күле ме? «Қайтала» деп айта ма? Сондықтан бұл жолы мүдірмеді, жауапты сақ еткізді.


— Ти-ти...


Папасы басын сипады.


— Мейлі, Тити болсаң, Тити бол. Есейгесін өзін-ақ Таймас атынды тауып аларсың.


Сол күннен бастап Таймас ұмытылды. Жаңа есім көрші пәтердегі, подъездегі, балалар бақшасындағы құрбы-құрдастарына, тәрбиеші апайларына да тым-тым сүйкімді естілді ме, әрі бірден қатып алып, тез жаттай қойды. «Тити!». Қып-қысқа әрі айтар ауызға біртүрлі құйқылжып-құйқылжып кетеді. Өзі тауып алған ат болғасын ба, Тити Таймастың өзіне де бек ұнап қалып еді.


...Сонымен, Тити люстрадан себелеген әлсіздеу жарық астында ойланып отыр. Үйдегілердің әрқайсысы өз ісімен әуре. Алтыншы класта оқитын ағасы Алмас көрші бөлмеде алгебрамен жанын қинап отыр. Қиналып отырғандағы сондай: «Икс тең болады түбір астында және игрэк» деген даусы да шығып кетеді. Тити ойын сәл бөліп, есік қиығынан көрші бөлмеге көз жіберіп еді, ағасының маңдайы тыржиып, алайыңқырап кеткен көзін төбеге қадапты. Алмастан Титидің көңілі қалып қойды. Ағасынан ақыл сұрамақ еді. Бүйтіп быржиып-тыржиып отырған адамнан қандай жөндем ақыл шығады дейсің.


Папасының да қолы бос емес, креслоға жайғасып ап, үстіңгі ерні жыбырлап, астынғы ерні қыбырлап, туырлықтай газетті аударып-төңкеріп оқып отыр. Папалары, неге екені белгісіз, газетті ерні жыбырлап оқиды. Оның үстіне, әлсін-әлі қосулы тұрған телевизорға қарап қояды. Мұндайда папасы мазасын алған адамды кіржіңдеп ұнатпай қалады. Ұрыспайды, жекімейді. Тек көзілдірік әйнегінің астынан ойын бөлген адамға соншалықты қинала қарайды. Тити үшін бұлай жекігеннен де ауыр тиеді. Өйткені папасы Тити сондай-сондай жақсы көреді. Ал жақсы көретін жандарды шама келгенше ренжітпеген жөн, орынсыз мазаламаған дұрыс.


Тити іштей күрсініп салды да, алдында бауырсақтай шашылып жатқан ойыншықтарды жиып тастап, орнынан тұрды, ас үйге беттеді. Мамасы кешкі астан қалған ыдыс-аяқтарды жуып, столды сүртіп, мұрнына су жетпей жүр екен. Көзіне түскен шашын алақанымен бір сыпырып тастап:


— А? Ойнап біттің бе? — деді де, қайтадан шанышқы, қасықтарымен алысып кетті.


Тити шешесінің етегінен тартты:


— Мам, ә, мам! Мен қалай жиһанкез боламын?


Шешесі баласынын сұрағына оншалықты мән бермеді білем, басын көтерместен күңк етті:


— Жиһанкез? Болсаң, бола ғой!


Бала енді быртиған кішкене қолын шешесінің білегіне салды:


— Қалай жиһанкез боламын, мама?


Жуып жатқан шыныаяғын қолынан түсіріп алған мамасы Титиге жалт қарап еді. Қарамай-ақ қойғаны жақсы еді. Тым ашулы екен:


— Жиһанкез, жиһанкез? Онысы несі тағы? Ерігіп тұрған ешкім жоқ... Ыдыс-аяқ жуып жатқанымды көріп тұр емеспісің? Бар да, жатып ұйықта. Төсегің салулы. Ертең қыңқылдап оянбай қоясың да, балалар бақшасынан кешігіп қаламыз. Апайларың ұрсады.


Ұрты қомпиып, ерні бұртия қалған Тити ұйықтайтын бөлмеге беттеді. Мамасына деген өкпесі қара қазандай. Жиһанкез болудың жолдарын айта салса қайтеді бәлсінбей? «Таңертең оянбайсың, балалар бақшасынан кешігіп қаламыз», — дейді. Мәселенің өзі балалар бақшасынан шығып кеткенін мамасы қайдан білсін.


Бүгін тәрбиеші апай Титилерге, яғни ересектер тобына жиһанкездер жайлы әңгіме айтып берген. Сөйтсе, жиһанкездер теңізге кеме салып жүзіп, түйе, ат, қодасқа мініп, тау-тасты аралайды екен. Кейде ыстық өлкелерде джунгли деп аталатын қалың жыныс ормандарды да кезіп жүре береді. Тәрбиеші апай әлгі Колумб, Пржевальский, Шоқан Уәлиханов деген саяхатшы ағайлардың суреттерін көрсетті. Колумб, Пржевальский төменгі қабатта тұратын Михаил, Саша ағайларға ұқсайды екен де, ал Шоқан Уәлиханов өзінін папасына аз-мұз келе ме деп қалды.


Ішінде Тити бар, әсіресе ұлдар жағы бұл әңгімені ауыздарының суы құрып тыңдады. Сыртқа шығысымен әркім әрқалай шуласты-ай кеп. Ақыры сөз аяғын «Бәріміз де жиһанкез боламыз» дегенге тіреді. Сол сәтте жиһанкез болу оп-оңай секілді еді. Үйге келгесін ойланып көріп еді, оның өзі қиын мәселе екен. Бәсе, қалай, қандай жолмен жиһанкез болады? Теңіздер мен мұхиттарда жүзетін кемені қалай жасайсың? Тити тіпті бұл төңіректе суға жүзетін кішкене бассейннен басқа теңіз, мұхит бар дегенді естімеген. Ат, қодас, түйе, ну ормандар қайда?


Осыны ойлағанда Титидің басы ауырды. Ақыры өстіп жатып қалғып кеткенін байқамай қалды.


ІІ


Жауырынын күдірейтіп алған Алмас қарды қарш-құрш басып, Титидің қолынан жетектеп келе жатыр. Пальтосының жағасын көтеріп алған. Өзі ой үстінде. Алмас ылғи ойланып жүреді. Әсіресе алтыншы класты бастағалы тым көп ойланатын боп кетті. Өйткені биылғы оқу жылынан бастап Пионерлер сарайындағы математика үйірмесіне қатысады. Ал математик деген ойлантпай қоймайтын қызық сабақ болу керек. Өзі тағы ауладағы футбол командасының қақпашысы. Осы қалың ойдың кесірінен қақпаға доп жіберіп қойып та жүр. Сонда да ойлануын қоймайды.


Тити де ойланып келе жатыр. Кешегі жиһанкездік жайлы әңгіме есінен екі елі шығар емес. Дұрысында бүгін таңертең ұмытып үлгеріп еді. Балалар бақшасындағы достары да кеше қалай жиһанкез боламыз деп таласып-тармасқандары жайлы тіс жармады. Біреуі әткеншек теуіп, екіншісі темірден соғылған, сырты боялған ракетаға кіріп кетіп, қым-қуыт. Алдынғы күні Алмас сатып әперген жұлдызша значокты әркімге жылтыңдатып көрсетіп, бөсуден Титидің де күн бойы қолы тимеді.


Енді, міне, өзін балалар бақшасынан алуға келген Алмасты көргесін ғана жиһанкездік ойына сарт етіп түсе кетті. Себебі, Тити қалай жиһанкез боламын деп мәңгіріп отырғанда, Алмас көрші бөлмеде «икс тең болады түбір астында а және игрэк» деп қойып, есеп шығарып жатқан.


Ұрыста тұрыс бар ма, томпалаңдаған Тити Алмастың қолынан тартып қалды.


— Алмас!


Жерге қарап тұқшиып, әлденендей ойға кеткен Алмас:


— Игрэк... — деп салмасы бар ма. Кешегі алгебра бүгін де басын қатырып келеді.


— Алмас деймін... — деді қыңқылын қоймай.


Сонда ғана көзілдірігі дымқылданған Алмас Титиге жалт қарады.


— А, о, не?


— Қалай жиһанкез боламын?


Алмас тұра қалып ойланды. Төңірегіне — көшеге, көшедегі өтіп жатқан адамдарға, сан қилы маркалы автомашиналарға көзілдірігін түзеп-түзеп қойып тесіліп қарады.


— Іһм, қалай түсіндірсем екен саған? Жиһанкез... Ә, былай... Сенің жасындағы балаларға жиһанкез болу үшін алыс-алыс жерге саяхат шегудің қажеті жоқ. Бәрібір шаршап қалып, жетпей желкелерін үзіледі, — Бұл Алмас алда-жалда алгебра жайлы ойға батып кетпесе, әжептәуір мысқылшыл еді. — Қалай жиһанкез боламын дейсің бе? Кешке қарай, күн батпай жылы киініп алып, мына көшені бір айналып шықсаң болды... — деді. Сонымен сөз тәмәм. Алгебра есіне түсіп кетті ме, жауырыны аспанға шығып, басы салбырап жүре берді.


Тити де біраз ойланып қалды.


Екеуі іркесіп-тіркесіп пәтерге кірсе, әке-шешелері әлі жұмыстан қайта қоймапты. Папалары кеше: «Кәсіподақ жиналысы бар, кештеу келермін», — деп отырған. Ал мамасы үйге ылғи да қас қарая артынып-тартынып бір-ақ оралады — жұмыстан шыға жолай дүкендерге жағалай кіріп, азық-түлік сатып алады.


Таймас — Титиді шешіндірді де, қонақ бөлмеге ойыншықтарды салдыр-гүлдір төге салды.


— Ал құмарын қанғанша ойнай бер. Тек салдырлатпа. Мен сабақ қараймын, — деп, бүйір бөлмеге кіріп кетті. Содан тырс еткен дыбыс жоқ. Тек анда-санда ашылған кітап бетінің сыбдыры мен қалам сықыры ғана естіледі. Тити ойыншықтардың біріне де тиіскен жоқ. Не сөйлемейтін, не жүрмейтін жансыз мылқау ойыншықтардан баяғыда-ақ жалыққан еді. Құлағында Алмас ағасынын көшеде келе жатып айтқан мына сөздері шуылдап тұр: «Қалай жиһанкез боламын дейсің бе? Кешке қарай, күн батпай жылы киініп алып, мына көшені бір айналып шықсаң болды...». Дұрыс қой. Ағасы айтса, қателеспейді. Ылғи ойланып жүреді. Математика үйірмесіне қатысады. Жақсы оқиды. Сап-сары мыстан жасалған көзілдірігі бар. Қысқасы, өте жақсы ата... Ендеше, атасының айтқанын орындау керек. Құлағын бүйірдегі бөлмеге салып, тың тыңдап отырды да, сүт пісірімнен кейін орнынан тұрды. Етігін, құлақшынын киді. Пальтосының жеңіне қолын сұқты. Түймелерін ілгектеді. Есікті сыбдырсыз ашты да, үн-түнсіз сыртқа шығып кетті. Бір басып, екі басып, сатыларды санап төмен түсе бастады.


ІІІ


Ұзын бел сұр үйлер қоршаған ат шаптырым аулада сөмке, портфель көтерген бір-екі аға, апайдан басқа ешкім көзге түсе қоймады. Тити қатарлы балалардан ешкім жоқ. Бәрі үйді-үйіне тарап кеткен. Қыс еді. Аула қызыл асықтан келетін қар, ауада бет ұшын шымшылайтын аяз бар. Қас қарайып қалған. Мұндай кезде папа-мамаларын тыңдайтын тәртіпті балалар үйлерінде поезд ойнап отырады. Әйтпесе, түрлі түсті қарындашпен сурет салып, қызыққа батады.


Титиді бұл жағдай еш абыржытқан жоқ. Ауладағы балалармен ойнай қояйын деген ойы да жоқ еді. Ол саяхат жасауға, Алмас көрсеткен көрші көшені бір айналын, таң-тамаша жаңалықтарды ашу үшін белін буып шыққан. Басқа балалар құсап үйде отыруға түк құлқы жоқ; ешкім бұған бала екен деп көңіл бөлмейді. Алмас есеп шығарады, папасы телевизор көреді, газет оқиды, мамасы ас пісіріп, ыдыс-аяқ жуады. Мейлі, өздері білсін. Титидің де, ендеше, айналысатын ісі бар — көрші кварталды бір айналып келеді, сөйтіп, жиһанкездік құрады. Апайы мақтаған Колумб, Уәлиханов сияқты ағаларындай болады.


Тити ауладан шығып, көрші кварталды маңдайға алды. Көшеде кешкі қарбаласпен арлы-берлі ызғып жүрген адамдар жылы киінген бес жасар балаға назар аударған жоқ. Тити машиналар ағылып жатқан көше жиегіне жақындай беріп, семафорға қарап еді, жасылы жанып тұр екен. Еһе, бұл ештеңеден қорықпай-ақ өте бер деген сөз. Томпалаңдап көшені кесіп өте беріп еді, бір әлуетті қолдар қолтығынан көтере іліп әкетті. Сол көтергеннен жолдың арғы шетіне дік еткізді. Зәресі ұшқан Тити сасқанынан көзіне түскен құлақшынды әлсін-әлі жоғары көтере берді. Жиһанкездер көретін қиындықтар дәу де болса басталып кетсе керек.


— Мамаң мен папаң қайда, балақан?


Түлкі жағалы апай сәл еңкейе түсіп, баланың бетіне үңіліп тұр. Тити неге екенін өзі де білместен басын изей салды.


— Мына екі кештің арасында сені көшеге қалай жалғыз жіберген? Адасып кетсең қайтесің? Қай үйде тұрасың, балақан?


Тити өзі беттеп бара жатқан кварталдағы бір діңкиген сары үйді нұсқай салды. Және ең жақын тұрған үйдің өзі сол еді.


— Пәтеріңнің нөмірі қандай, білемісің?


Тити нөмірді білетін. Алмас: «Көшеде үйден ұзап шығып, адасып кетуін мүмкін. Сондайда біреу сұрай қалса айтасың», — деп екі-үш ай бұрын аты-жөнін, үйдің телефонын, пәтер нөмірін әбден жаттатқан. Сол себепті бір-ақ деммен:


— Тити... Таймас Құндақбаев, телефон 42-62-93, Жамбыл көшесі, 165-үй, 31-пәтер, — деп салды.


Түлкі жағалы апай жымиды:


— Жарайсың, жарайсың! Пәтеріне телефон шалайын ба?


Тити басын шайқады.


— Әлде өзің тауып бара аласың ба?


Тити басын изеді.


— Бара ғой, ендеше. Сау бол, Таймас! Ендігәрі көшеге жалғыз шықпа. — Апай өз үйіндегі Тити секілді балаларын сағынып, асығып тұрған болу керек, қарш-құрш басып, борандата жөнелді. Тити жоғары көтерген қолының басын қыбырлатуға әрең үлгерді.


— Сау болыңыз!


Сөйтіп, саяхат сәтті басталды. Өз ауласынан қарға адым ұзап шықпай жатып, алғашқы жаналықтардың ұшы көрініп қалды: Тити секілді балаларға көшеге жалғыз шығуға болмайды екен.


Әлгі ең жақын тұрған діңкиген сары үйге жете беріп еді, бұрышта екі қолын артына ұстап тұрған бір маңғаз қара баланы көзі шалып қалды. Өзі Титиге менсінбегендей кекірейе көз салып тұр. Мұндай балаларға Тити бұрыннан да қарадай тиіскісі кеп, құлшынып тұратын. Тек жалғыз Тити емес, оның достары Данияр, Дәурендер де сөйтеді. Жалпы, олар кербез балаларды жақтыртпайды.


Әрі Тити жиһанкез ғой. Апай жиһанкездер белгісіз жерлерді анықтап, жаңалық ашады деген. Мына қара баланың шәниіп тұруына қарағанда, бойынан бір жаңалық табылып қалатын секілді.


Тити маңғаз баланың қасына жетіп келді де, салған беттен:


— Атың кім, әй, бала? — деді жымыңдап.


Бала он шекесінен қырындап қарады. Шамасы, жымың-жымың еткен Титиден аз-мұз сескеніп қалса керек. Әрі қыр көрсетіп тұр. Ақыры аузын дөрбитіп:


— Менің күшігім қайда? — деді.


Тити аңтарылып қалды. «Менің күшігім қайдасы несі? Тити атын сұраған жоқ па еді? Қайдағы бір күшікте Титидің қандай шаруасы бар?


— Сенін атың жоқ па? — деп, қайталап қадалып сұрады.


Томпақ ауыз бала теріс қарады да, күңк етті:


— Мен сенімен ойнамаймын... Күшігім қайда? Гранатым қайда?


Баланын біреуі ойнамаймын демесін. Десе болды, қасында тұрған екінші бала міндетті түрде қарадан-қарап ойыны келіп, тыпырши қалады. Тити де сондай мінездің баласы еді. Сол арада әлгі томпақ ауыздың жеңінен жұлқылап, бетіне қарау үшін мойным оң жағына қисайта:


— Кел, алысайық, ә? Күресейік, ә? — деп, қарқ болды да қалды.


Томпақ ауыз сыныққа сылтау таба алмай тұр екен. Тити тиісіп, әншейін аспаннан іздегені жерден табылды. Асқан долылықтан аузы дөңгелене қалып, құлшына-құлшына шыңғырып жіберді. Сосын ту сыртын қабырғаға бере жерге отыра қалды да, өкшесімен жер тепкілеп қоя берді:


— Ата, ата! Ата деймін, ата! Қайдасың, ата!


Тити әбден састы. Күшігін де, атасын да қосақабат жоғалтып алған баланы бірінші көруі. Ептеп жаны да ашып тұр. Орнынан тұрғызбақ болып, қолтығынан ала беріп еді, бала қолын қағып жіберді.


— Кет! Тиіспе! Атама айтам! Күшігім қайда-а? Гранатым қайда?


Маңғаз қара баладан көңілі әбден қалды. Ешкімге құлақ аспайтын, тіл алмайтын, үсті-үстіне бақыра беретін қызық бала екен өзі. Саусағын аузына сұға берді де, қайтадан тартып ала қойды (жаман бала сөйтеді), қасынан кетіп қалды. Бұрышты айнала бере сұр үйлер қоршаған кен алаңның шетіне ілікті.


Мұнда да ешкім көрінбейді. Қас қарайып, көлеңке үйіріле бастапты. Он, он бес қадамдай жердегі қалқиған ағаштар ақ кірпі секілді домаланып-домаланып тұр. Тити жалғызсырай бастады. Саяхат жасаймын деп мана үйден шығып кеткенде көп-көп балалармен танысып, жана әткеншек, сырғанақтарды көріп қайтамын деп ойлап еді. Балалардың бәрі үйді-үйіне тарап кетіпті. Мына екі кештің арасында әткеншек, сырғанақтар да көрінер емес. Қарны да аша бастаған ба, сазып тұр. Мана балалар бақшасында ұшы тесіліп қалған қолғабының басы тызылдай бастады — саусақтары суыққа шыдамай барады. Шаршаған болу керек, аяғы талды.


Әлгі көп сұр үйдің біреуінің подъезінің алдындағы орындыққа отыра беріп еді... тура қылтасының астынан ащы дауыс шаңқ етті. Зәре иманы қалмай, жүрегі тас төбесіне шығып, орнынан қалай атып тұрғанын білмей қалды. Жандәрмен дегенде подъезге ұмтылды. Тап құлатынын түбінде бір бала жаман дауыспен барылдап, айқайлап жылап келеді. Ал балағына жұдырықтай ғана ақ қанден жабысып алған: ізінен екі елі қалмай шаңқ-шаңқ етеді. Жана Тити көсіліп жайғаса кеткен орындықтың астында жатып алып шаңқ еткен ит осы ақ қанден. Тити подъезге сүңгіп кетті. Қанден шығар ауызда, екі құлағы тіп тік, көздері отша жайнап, тұмсығы шошайып, үріп-үріп қояды. Өзі шоқиып отыр.


Подъезге кіргесін ғана Тити құлағының түбінен жаман дауыспен жылаған баланын кім екенін айырды: ешкім де емес, нақ өзі екен. Енді ара-тұра мырсылдап қойып, сыңсып жылауға көшті. Жиһанкездік жайына қалды.


Біреулер дабырлап баспалдақпен төмен түсті.


— Мынау біздің Гранат қой!


— Хайдар қайда жүр, ендеше? Гранатты Хайдар ертіп шығып кетіп еді ғой?


— Мынадай бала біздің подъезде тұрмаушы еді, қайдан келген? — деген сөздер жарыса жамырай шығып жатты.


Ерні томпақтау келген жылы жүзді ағай аңтарылып тұрған Титидін иығына қолын салып:


— Кім боласың, қарағым? — деді. Сол мұң екен, Титидің көңілі қайта босап, екі рет мұрнын қорс етіп тартып қойды. Жасқа тола қалған көзін төмен сала бере:


— Жиһанкезбін... — деді.


Подъезд дүбірлеп кетті.


— Жиһанкез?


— Аты ма?


— Атым Тити! — деді бұл күбірлеп.


— Ал үйіңнің телефонын білесің бе? — деді томпақ ауыз ағай еңкейе түсіп.


— 42-62-93...- деді.


Сосын ағасына тоқталып қарап еді, әлгі бұрышта жер тепкілеп қалған долы балаға бет пошымы келіп қалғандай екен. Тити:


— Папамды, мамамды, Алмасты сағындым... Қайтқым келеді. Ал Хайдар үйдің сыртында тұр, — деп иегімен құбыланы нұсқады.


Атай:


— Мен Хайдарды ертіп келейін, тоңып қалған шығар. Сырттағы ойыннан кешігіп жатқанын естен тас шығарып алыппын. Сен, мамасы, үйге бар да, 42-62-93-ке телефон шала ғой. Тити деген балаларыңыз біздің пәтерде де. Телефон нөміріне қарағанда, осы төңіректегі үйлердің біреуі. Титиді үйге ертіп апарыңдар, — деді де, сыртқа асыға басып шығып кетті.


IV


Он минуттан кейін Хайдарлар тұратын пәтердің қоңырауы шырылдады. Есік ашылғасын, үйге Титидің қойны-қоныштарынан бу бұрқыраған папасы мен мамасы, Алмас — бәрі тайлы-таяғы қалмай қотарыла кіріп келді. Манадан бері Хайдармен қол футбол ойнап отырса да, екі көзі есікте болған Тити орнынан ұшып тұрды. Сүріне-қабына жүгіріп барып, үшеуін кезек-кезек құшақтап:


— Жақсы көремін! Жақсы көремін! — дей берді.


Ол сол мезетте кішкентай көшенің төрт бұрышын, онда тұратын адамдарды — бірін қалдырмай, түгел жақсы көріп тұр еді. Бәр-бәрін — түлкі жаға ішікті апай, Хайдардың папасы, тіпті Хайдардың өзін де... әйтсе де, осылардың ішінде папасы, мамасы, Алмас ең жақсы көретін адамдары екен.


Жиһанкез Титидің бүгінге ашқан ең үлкен жаңалығы осы еді!





Пікір жазу