13.08.2021
  248


Автор: Марат Қабанбаев

Аю, Аю, Аюлар

I. ӨРДЕГІ ӨРТ


Жаңбырсыз жаз еді.


Шіліңгір шілдеде әуеге алақандай бұлт жоламады. Жалындаған шарболат күн көз қарыды, ауа көңірсік сасыды. Бидайықтың басы сарғайып, ойдың шөбі жапырыла жығылып, аяқ астында шырма-шату бытысып жатты. Теміреткі орныңдай сары ала өң күш алды, жайлаудың жасыл өңі тайып, жас баланың жаялығындай жалқақ тартты. Әр жерде қурай сораяды. Сай, қолаттың қой бүлдіргені, өзен жағасының сиыр бүлдіргені, шатқал-шатқалдың тікенек тошаласы, қан түйіріндей қызылқат, итмұрын, сия көк бояу, қарақаттың алды қарайып аға бастады. Беткейдегі сояу-сояу сарымсақ биыл ерте діңгектеді. Тек қою жасыл шыршалар мен сыптығыр қарағайлардың түгі құрымаған, қаз-қалпы. Көкшулан орман тал түсте ұзақ қарасаң өз-өзінен түтіндеп тұрады. Қарағай, шырша арасына кіре берсеңіз, мұздатқышты ашып қалғандай өңез салқын бетке ұрады. Қатып үлгермеген шайыр жас баланың танауындай жылтырайды. Ауа күйген шөп пен шайыр, бүлдірген аңқиды. Тастан тасқа ырғып, ақ көбік атқан өзен аңғары ғана қоңыр салқын.


Осындай жел-құз ап-сап тынған ыстық күні аттылы адам тау бөктерлей жортақтап, жасыл жайлауға бет түзеді. Жас шопан ойдағы фермадан қоржындап қант, тұз, шәй-шақпыт, шырпы сатып алған, өзі аса көңілді. Мұрнының астынан ыңылдай әндетіп:


— Жұлдыз алып қайтқанда Мәске-еуден,


Шығамысың алдымнан, шықпаймысың, Маржан қыз? —


дегенде қышқырыңқырап кетеді. Сонау Ойқарағайдың ортасын ойған үй-орманын, бәйбішесі мен бала-шағасын ұмытыпты. Сағат бұрын фермадағы сатушымен қауқылдасып, толып жүрген 218 ішін бір босатып, жырғап қалған: сөздің ашығы керек, тиісті жүз грамын да тартып жіберіп еді. Мына ән де, ер үстінде бір жағына қисайып, қамшысын салбырата ұстаған сәні де сол "грамдардың" күші.


Қалтасынан шылым мен шырпы суырды. Минут өтті, өтпеді, аузы-мұрнынан сасық көк түтін шұбалды. Сүт пісірімнен соң темекі тұқылын сырт дегізіп, жол жағасына секірте ыршытып жіберді, тоқпақ жалды торы атын бауырға бір салып, қорқ-қорқ желіп кете барды. Былай шыға тұқыл басына түкірмегені, шоғы сөнбегені есіне түсті. Тұқыл түскен жерге қайта айналмады — ерінді, әрі аспан айналып жерге түскен ыстық болатын. Шылымды бүгін шегіп жүрген жоқ, жайлауда да құлаштап бағатын. Ойқарағайдың ат кеудесін соғатын шалғыны тұқыл түгіл, жанған шала лақтырсаң да былқ етпейтін.


...Бықсыған тұқыл ұшынбас па еді, егерәкім лып етіп, самал соға қалмаса. Көп ұзамай қызыл шоқ иненің жасуындай көзін қысып-қысып қалды, бұйра түтін түзіліп ұшты. Үстіне тұқыл түскен сағдар шөп әуелі сарғайды, іле қаралтқым тартты, бір уақта құйтақандай ақ жалын жылан тіліндей жалақтады, бес минуттан кейін кішкене қызылшақа балапандар шөп аралап жүгіре бастады. Көк түтін көлбеді.


Өрт осылай қау берген.


Күш алған өртке не дауа, қызыл жалын жолында не кездессе, бәрін қидай сыпырып жалап-жұқтап, тіке өрге салды, беткей-беткейдегі эфиоптың шашындай тобылғы мен бытқыл бұталарға жаудай тиді.


Жалама жартастарды көк түтін ыстады.


Торы атын тепеңдей белді басып, тау асып кеткен шопан бүл кептен хабарсыз еді.


Өрт қамыс-қауданға жаудай тиіп, сыңсып тұрған қарағай етегіне қол салды. Орман арасы бағзы заманда жай түсіп, қақ айырылған, кәріліктен қурап қалған ақсөңке ағаш, бұтақтан аяқ алып жүргісіз еді. Өршіл өрт бұталарды бытыр-бытыр күйсеп, шоқ шайнады, аспанға ыршып, қарағайдан қарағайға тиіндей ырғыды.


Орман іші — қолқаны қапқан көк бұйра түтін, орман іші — он аю апырып-жапырып, кезіп жүргендей сатыр-сұтыр, несін айтасың, орман отқа оранды.


Қарға қарқылдап, сауысқан шықылықтап, аспан астын айналып ұшты, ұлар, кекілік жалын тілі жетпейтін қорым тас пен жалама жартастарға шығып кетті, сығыр көз сілеусін де қарғып-қарғып солай салды, қабан шошқа, түлкі, қасқыр, қарсақ мидай араласып, күшіктерін шұбыртып сайға қашты. Әттең, әттең, жұмыртқаны кеш жарған, қанат, қауырсыны әлі жетілмеген балапан атаулы бытырлап отқа күйді. Отқа піскен жылан, кесіртке порс-порс жарылып, ісініп-кебініп аспанға атылды. Құмырсқа илеуі бықсыған күл төбеге айналды. Жан-жәндікке заман ақыр, жер тақыр күн туды. Тек қорым тас кезіп, тау қиялаған керіскедей арқар мен аспан астын сызған бүркіттер ғана паң, тәкаппар; жартастың ұшар биігінен, күн астынан, бұлт үстінен қалың өрт пен қара мор түтінге керенау көз салады.


...Ойдағы ел тау арасынан у жыландай тербеліп билеген түтінді кешке таман көрді. Ел орынға отыра сай, қолаттан мың-мың от қызарды. Онда да жалт етіп жоқ болған машина фары емес, талмай қоздап жанған өршіл от, қан қызыл от...


Қалың ел қапы қалмады, бір кісідей өре түрегелді, ферма совхозға, совхоз ауданға, аудан облысқа телефон шалып, екі араға жедел хабар жүрді. Ертеңінде ине жұтқан иттей имиген көк вертолет тау айналып ұшты, көп ұзамай аспан астынан: "Шүкір, төрт түлік мал жайлаған жайлау аман, тек елсіз, жансыз бергі тау ғана отқа күйіпті", — деген жұбаныш хабар қырылдап-сырылдап жетті. Әйткенмен алты алаш елге қыс отын керек, жаз үй салатын бөрене қажет, қысқасы, мына қара орманға бүре тиіскен өртті тез арада сөндіріс керек. Ісік төбе Қызыл машиналар қиқу салып, күрек, тырма, айыр көтерген қыруар ел тауға қарай машиналатып ызғыды.


Қаулаған от өp серпіп, өршелене түсті. Облыстан взвод-взвод өртшілер вертолетпен алдырылды.


Үшінші күн дегенде жаңбыр дүркіреп кеп қалды. Су сасыған қоймалжың, ақшыл жасыл түтін өрт үстіне жер бауырлап жатып алып, еңсесін көтертпей езді. Өз деміне өзі тұншыққан өрт пысылдап, пышылдап барып сөнді-ау, ақыры. Бет-ауыздары бес батпан кір, шаш арасы күл-күл, жыртиған көздері ғана жылтыраған атпал азаматтар сансыраған аяқтарын әрең алып, ауыл-ауылға тарады. Қожалақ тау қара жамылды.


Аудан орман шаруашылығының бастығы орнынан алынды, облыстағы сөгіс алды. Екі-үш орманшы жұмыстан қуылды. Сай-сай аузына шабынған аю, ырсиған қасқырдың бейнесі салынған сурет, плакаттар, "Өрт — тілсіз жау!" деп айдақтатып жазылған темір тақталар орнатылды, жүз жылдан соң дәу-дәу қарағай болатын ағаш тұқымы қолат, беткейлерге асығыс себілді. Бірақ бір тал шылымнан кеткен атың өшкір өрт істерін істеді — қара орманы күйген тау иен қалған...


2. "НАРУШИТЕЛЬ"


Міне, үшінші күн, бұлдыр-бұлдыр тау көк түтін астында бықсып жанып жатыр.


Қараойдағы егіншілер бригадасы бүгін саябыр; сушы атаулы таң сәріден күректерін көтеріп, өрт сөндіруге кеткен. Бригадир Бейсенбай мен Құнафия қарт қана қалқаңдап, қос күзетеді. Ac ішіп, аяқ босатар ауыз ойда жоқта кеміп, жұмысы азайған аспаз әйел кір-қоң, сүлгі жуып жүр. Арам шөп жұлуға келген он шақты оқушы ғана далада, лапас астында пысынап отыр.


Көпшілігі алдарындағы көже-көлмекке бас қойған. Ауыздары аста болғанмен, көздері тау жақта, өрт! Жайшылықта ду етіп басталып беретін ойын-күлкі, қылтың-сылтың бүгін аз.


Құлаққа гүріл жетті, көп ұзамай қыр үстінен автомашина қылт етті, әне-міне дегенше таңқы танау вездеход қос ортасындағы айна таз алаңқайға пыс етіп тоқтады, кіл жасыл киімді жас солдаттар жерге секіріп-секіріп түсе қалды. Бұлар алыстағы заставадан аудан орталығына беттеген шекарашылар болатын.


— О, Мекалай! Асқа кел, төрге шық! — Бригадир Бейсенбай орнынан тұрды. Үсті-басы сықырлаған "Мекалай" — жас лейтенант жаңа ортаны жатырқамады, өз үйіне келгендей төрге емін-еркін шығып отырды.


Шекара елі солдаттарды әлмисақтан жатсынбайтын, мұрынға су жетпейтін науқан кезінде шекара совхозға қолғабыс жасаса, совхоз адамдары ел шетін бұзған бірен-саран қашқынды шекарашыларға ұстап беретін. Оны былай қойғанда, әскерге келгенде біреу, қайтқанда екеу болып, бүл өлкеден еліне қыз жетектеп кетіп жатқан пысық шекарашылар да аз емес.


Өрт жайлы әңгімені қаузап, біраз жерге апарып тастап, бетіндегі майы бір елі борщқа енді-енді бас қоя бергенде:


— Анаң қара! — деген оқыс үн естілді.


Алқа-қотан жұрт тұқшиған бастарын жұлып-жұлып алды.


Көлдей көгерген егіннің арғы қанатын, қыр үстін баса зор денелі әлдекім ойға қарай қорбаңдап түсіп барады.


— Кім бұл?!


— Жоқ іздеген біреу ме?


— Жоқты жаяу іздей ме?


— Ми қайнаған мына ыстықта айдалаға қашқаны несі?


"Қашқаны несі?" — дегенде жұрт еріксіз үрдегейлене қалды.


Шекара елі қашқынсыз болмайды. Құрығанда жылына бір рет қашқын ұстамаса, ішкен асы бойларына батпай, "Бұл қалай, не болды?" — деп елегізіп отырады. Дегенше қолды-аяқты екі-үш оқушы асхананың төбесіне өрмеледі. Газет қалпақтарын бұлғап:


— Е-ей, ел мұнда, қос мұнда! — деп кеңірдек жырта айқайлады.


Әлгі қорбаңбай оған мойнын бұрмады, жыра-пыраға құлдилап, қарасын көрсетпеуге айналды.


Дегенше біреу:


— Мынау қайтеді, ей, қашып бара ма, немене? — деп аяқ астынан сезік білдірді. Оған бригадир Бейсенбай ілесті.


— Осы... анау болып жүрмесін.


Онсыз да манадан іштей: "Е, құдайым, бере гөр!" — деп тықыршып отырған лейтенанттың екі көзі шоқтай жайнады. Енді ше! Әскери училищені жуықта тәмамдаған өндірдей жас офицер "нарушитель" ұстап ала қойса, ә? Іздегенге сұраған, мына қорбаңдаған қашқын анық сол "нарушитель"...


Жас лейтенант орнынан салдыр-гүлдір атып тұрды, солдаттарға иек қақты.


— Машинаға!


Ойдан орғып, қырдан қарғыған машина лезде көзден ғайып болды.


Қос басындағы халайық суып қалған борщты көңілсіз сапсып отыр еді, бел астынан автомат үзік-үзік тырылдады. Оқушылар шу етті.


— О, нарушитель!


— Атысып жатыр!


Бригадир Бейсенбай біраз ойланып барып:


— Өлмесе болды, — деп тамсанды.


Ауыз жапқанша қыр үстінен машина шаңын бұрқ дегізді. Артқан жүгі ауыр ма, әлде "нарушитель" дөңгелекті көздеп атып, "аяғына" жем түскен бе, вездеход манағыдай емес, алға бір, артқа екі лоқып, жүрісі мандымай келеді. Жұрт ас-суды жылы жауып қойып, жаппай түрегеп кеткен. Машина кілкіген шаңды ақ шұлғаудай сүйретіп өңкеңдеп, тоңқаңдап, лезімде келіп қалды. Кабинадан нәумездеу түсті жас лейтенант. Жаңалық білгісі келіп, өліп бара жатқан тамам елге пысқырып қарамады, жасыл қалпағын шешіп, қолына алып қағып, кергіп тұрып алды.


— Не атыс?


— Кім екен? Тірі ме өзі? — деп қаумалаған қарашаға қысқасынан қайырып, жауап берді.


— Қазір көресіңдер...


Солдаттар қораптың артқы жақтауын ашып жіберді де, жүндес аңды күшене-күшене сүйреп алып шығып, қақ ортаға сұлатып салды. Ентелеген елдің екі көзі атыздай болды; "нарушитель" — талыстай аю екен. Түбі қаралтым, ұштары алтындай сары жез тырнақтары қанжардай жарқырайды. Ырсиған езуінің арасынан тістері ағараңдайды. Ара-арасына шөп қиқымдары тұрып қалыпты.


— Нарушитель осы! — деді лейтенант аюды етік тұмсығымен түртіп.


Ел аң-таң.


— Ау, тау иесі тал түсте етектен не іздеп жүр?


— Салып ұрып құмға қашқаны несі?


— Өй, бүйтіп бал ашып бас ауыртқанша, шақыр анау Құнафия шалды. Талай жыл мылтық асынып, орман кезген перғауын, мұның жайын бір білсе, сол біледі, — деп жөн сілтеді Бейсенбай. Қос ішінде қорылдап, ұйқыдан өшін алып жатқан қартқа бала жүгіртіп жіберді.


Пәленше жыл жалғыздан жалғыз орман кезіп қаңғыған Құнафия қарт көлденең, бос сөзге жоқ кісікиік адам еді. Аюдың ажалына тым тебіренбеді. Талтаңдай басып келіп — көп жыл бойы тепеңдеп, ат үстінен түспеген кісінің әдеті — үнсіз еңкейіп, өлген аюдың көзін ашып көрді.


— Нұры тайған... су қараңғы соқырдың аз-ақ алды, — деп бір қойды.


Балғадай жуан саусақтарымен аюдың тісін ашып, басып-басып қойды. Жеті қат жер астынан шыққан күңгірт үнмен:


— Мұқалған екен, өтпес тесенің нақ өзі, — деп екі жарылқады. Жүрелеп отырып, тау тағысының семсер тырнақтарын әлпештеп алақанына салып салалады. Түп-түбін мытып сипалады.


— Босап кетіпті, — деп үш қойды. Түрегелді де, өлген аюға ежірейе қарап, тігінен тік қақиып ұзақ тұрды. Басқадай ләм-мим жоқ.


Бригадир Бейсенбай шыдамады.


— Оу, Құнеке, мына тамам елдің тағатын тауыспаңыз, бірдеңе деңіз. Тауды талақ тастап, ел-құзсыз құла дүзге қашқан бұл неткен жұмбақ мақұлық?


"Сендер өзі шынымен бірдеңе деуге татисыңдар ма, ей?" — дегендей, Құнекең мойнын оң жағына бір, сол жағына екі бұрды. Халқына ақыры көңілі толды білем, қақырынып тастап, сөз бастады. Отыз жыл бойы қара орманға қамаламын деп қара сөзден қалған ба, тамызып-тамызып зорығыңқырап сөйледі.


— Дейтін не бар. Алжыған аю... Тырнақ, тіс жоқ... Мұқалған. Көз де кеткен. Өрттен қашып, басы ауған жаққа бет албаты қаңғып кете барған... — Саптама етігінің жайын басын ұзақ қарады. — Тісінің түбіндегі қалдық шөпті көрдіңдер... Бүлдірген, қарақат, көк бояу, қызыл қаттан қалыпты. — Бір арба жүкті дөң үстіне әрең сүйреп шығарғандай ауыр күрсінді. — Шөп-шаламды үзіп жеп күн көрген. Бәрібір анау Ақжонның құмына барып, аштан, шөлден өлер еді. — Шекарашыларды иегімен нұсқады. — Дұрыс істеген.


Құнекең, сөйтіп аюдың оққа ұшып өлгенін қоштап, әбден тәнті болды.


— Терісі, терісі бүлінбеп пе, ақсақал? Алдымен соны айтыңыз, — деп қылқылдады қақақтаған бригадир.


Құнекең бригадирге жаман кезімен үңірейіп тұрып қарады. Теріс бұрылды.


— Дәндеген екенсің, бала, — деді ақырын ғана, — қартайған аюдан қалжа дәметіп. Тері керек болса, ал, әне... төрімде жатқан көн тулақты. Оның өзін қорыққанымнан қапылыста атып алып ем.


Тілі аяқ астынан өстіп шыққан шал одан арыға бармады, қотан аяғын анда бір, мүнда бір тастап, қалай келсе солай кете барды. Қалған жұрт өлген аюға оқ шұрқ-шұрқ тескен теріңді бере гөр деп қолқа салған жоқ.


Қас қарая алжыған аю қос сыртына көмілді.


3. МЕШКЕЙ МИШКА


Марфа әжей біреу түртіп қалғандай селк етіп оянды. Тат темір төсектен ревматизм аяғын салбыратып, мең-зең күйі біраз отырды: "Келіп қалған ажал ма мені түртіп оятқан? Өстуі жиілеп кетті-ау соңғы кезде..."


Терезе — бұлыңғыр. Үй іші де алмасып қашқан ала көлеңке. Кемпір кейінгі кезде алыс, жақынды көруден қала бастаған. Сыртта күн найза бойы көтеріліп, жарық дүние шуақ пен сәулеге қоса қабатынан емін-еркін шомып жатыр-ау, сірә; сан қилы құстар жарыса сайрайды, әлденені бөлісе алмай шыр-шыр таласады, терезеден ішке елбірей қол созған жапырақтар әлсін-әлі сілкінеді. Шымшық, суықторғайлар ғой сыпсыңдап ұшып-қонып жүрген. Қарсы беткейдегі қалың қарағайдың арасынан бір әулекі карға қайта-қайта қарқылдап, жағы сембейді. "Бұ да бір мен секілді алжыған қақпас болды, не сөйлеп, не қойғанын білмейтін, — деп күбірледі кемпір. Тың тыңдап, сәл отырды. — Е, тайганың шуын енді қанша тыңдаймын дейсің. Бәрі де соңыра қараң қалады..." Төсектің шабағынан ұстап, ілініп-салынып киіне бастады.


Шабатасын тырп-тырп сүйретіп, сыртқа шықты. Қақ шекесі ысып сала берді. Күн жарықтықтың нақ өзі! Қарсы алды жасыл тұман: дәнеңені анық ажыратып болмайды. Таза ауа кеңірсік жарып, қолқаны қапты. Тас лақтырым тұстағы омартаға ілби басып беттеді. Шалы екеуі тау ішінде омарта бағады. Бал араларымен әжің-күжің "әңгімелесе" бастағанына, міне, биыл қырық жыл... "Әңгімесі" құрғыр өле-өлгенше таусылатын емес. Ефим шал сол шет-шегі жоқ қан базардан жалықты ма, бүгін құлқын сәріден тұрып, көк аттың беліне көтеріп ер салған, қос итін ертіп, совхоз орталығына бет түзеген. Шәй-шақпыт, қант-кәмпит, тұз, сіріңке — қысқасы, себеп-сылтауы жетерлік. Бірақ оның ар жағындағы ең маңызды шаруасын іркіп айтпай кетті. Матвеевичтің орталықта Мұса атты ағаш аяқ тамыры бар. Екеуі ит жылы соғысқа бірге аттанып, бірге оралған. Мұса шіркін отыз жыл бойы сиырдың құйыршығын бұраған әйгілі бақташы. Мылтық сайлап, кей кезде түлкі, қоян, қыза-қыза келе қасқыр да қуады. Қазір пенсияда. Былтыр тапқан-таянғанына орталықтан бес бөлмелі үй сатып алған. Сол тамырына жолай соға кетпесе, Ефимнің басы ауырады. Екеуі ит жылғыны еске түсіріп, гөй-гөйге басады. Кейде гөй-гөй бітпей, ара қонып қалады. Осыны есепке алды ма, кеше жатар кезде шалы былай деген: "Амандық болса кешке, әйтпесе ертең ораламын. Таң сәріде барлық жұмысты тап-тұйнақтай ғып тындырып кетемін, қалтақ қағып түрегелме, ұйқыңды қандыр, тынық. Түске таман омарталарды бір түгендеп, қарап шығарсың. Шеткі омартаның түбіне қазық қағып, Дусяны арқандап кетемін. Түскі ыстықта күнсітпей, алдына шелекпен су қой".


Марфа да есесін жібермеді, арыз-арманын айтып бақты: "Қырық жылғы жаман омартаң кімге дәрі. Жарайды, жарайды, тышқақ Дусяңды қасқыр жемейді. Мұса қарақпен әңгіме-дүкеніңді қысқарт, қысқарт... Көзілдіріксіз күнім қараң, бұта басын сипап, үй мен омарта арасын әрең қосып жүрмін. Анау шөпжелке доктордан ұмытпай сатып ала келгін".


Енді, міне, оң қолында лепілдеген бір шелек суы бар, сол қолымен шарбақ қармалап, бір басып, екі басып, Дуся қайдасың деп келеді. Дуся — биыл ерте көктемде аш қасқырлар тура үйдің іргесінде ішек-қарнын жарқыратып жарып кеткен Машаның бұзауы. Енесін ембей, еміренбей өскен бұзау бүлікшіл, басбұзар бола ма, бос жіберсе, басы ауған жаққа қаңғып, хутордан ұзап кетеді. Ұлыма қасқыр мен қорбаңдаған аюға керегі осы. Әнеугүні ғана көк бөрілер Қызыр қойшының түн қараңғысында күзетсіз қалған отарына шауып, он саулықты тамақтап кетіпті. Сол себептен Дуся "бойжеткен" бұл күнде амалсыз арқандалып, кейде тұсалынып ұсталынады.


Кенет кемпір күйік исін сезді. Ғұмыр бойы орман, таудың иен тегін жұпар ауасын жұтқан Марфа әлгі иісті жақтырмады. "Кеше таудың арғы беті өртеніп жатыр деп еді, рас болмағай".


Кәрі әже шарбақ қадаларын санап, кібіртіктей басып келе жатып, бүл күнде сайда саны, құмда ізі жоқ бес баласын ойлады. Теректей-теректей еді шеттерінен. Ешқайсысы ата жолын қумады. "Қырық жыл бойы қара орманды күзеттіңдер, содан не пайда, құрығанда кеудеге бір медаль тақпадыңдар. Біздің жол бұдан басқашалау, төтелеу" деп, қатындарының етегінен ұстап, "төте" жол іздеп, қаңғып кете барды. Обалы не керек, хат-хабар үзбей келіп тұрады. Кейде кіл шыт жана киімдер салады. Екі ай бұрын Сібірдегі кіші ұлына: "Темір сабақ көзілдірік бұл жақта қат, жібер бері бір-екеуін" деп, үшбу сәлем айтып еді, әзірге жауапсыз жатыр.


Обалы не керек, көзілдірігін түн баласы шүберекке орап, басына жастап, сары майдай сақтайтын. Матвеич те алжудың алдында ма, алдыңгүні жастықтың үстіне жалп етіп отыра кеткені. Мүйіз көзілдірік бытыр етіп, кеңсірігінен қақ бөлінді. Міне, енді ауа қармалап, қаша сипалап келеді.


Әлгі Дуся шіркін қайда, ала арқан қайда? Құрақ шалғынды бырт-бырт орай тартқан дыбысы қайда? Мұсаның кемпірі ана жылы қырық құлаш қыл арқан есіп беріп еді, бұзау соны ұзынынан ұзақ сүйретіп, көк қуалап, ұзап кетпесе игі. Түбіне тас салып қойған ба, шелек те қолын үзіп, карын талдырып барады. Кәрі аяқтан әл кетіп, қылтасы дірілдейді.


Қолын алға созып, қармаланып еді, жұп-жұмсақ ұлпаға тиді... Дуся ғой мынау! Жұнттай болып, сауыры жалт-жұлт етіп семіріп алған. Қазір де таудың нілді шөбіне кенеше жабысып тұр. Осы күйден айырылмаса, биыл күзде қашып, келер көктемде бұзаулап, қасқыр жеген шешесінің орнын басады.


Қара бұлттай қайнаған қалың араның қаһарлы гүжілі естілді. Бармақ басындай ара да иесін біледі, басқаға қырғындай тисе де Ефим, Марфадан бастап, осы хутордың итіне дейін жоламайды. Әйткенмен мына гүжіл ерекше гүжіл... Ұясы бұзылып, ойран-ботқасы шыққан ба, ашулы, ызалы гүжіл.


— Дуся, Дусенька! Шөлдедің бе, шөліркедің бе. Мына араларға кім тиді, соны айтпайсың ба, Дуся? — Әжей ұлпа жүнге саусақтарын молынан батырып, құйрықтан желкеге қарсы қайырып еді, әуелі жас баладай қомпылдап өкпелеген, одан кейін ызалана ырылдаған үн жетті. "Япыр-ау, ырылы несі, әлде қаңғыбас ит кіріп кетті ме қаша ішіне?" Дегенше жан ұшыра бақырған зор үн құлағының қағанағын жарып жібере жаздады. Дию біреу қашаны сындыра-мындыра күтірлетіп, дүбірлете безіп бара жатты. Өкірген үн өшер емес. "Аһ!" — деген Марфа әжей қаша құшақтап, шарбақ түбіне сырғып құлай берді... Шелегі ақтарылып, анадай жерде төңкеріліп жатыр.


...Ымырт үйіріліп, қас қарая Матвеич: "Священное море Байкал!" — деп күңіреніп, хуторға кіре берді. Күні бойы Мұса тамырмен "шер тарқатып", ішін босатып еді, соған шаршап қалған ба, бара салысымен Марфаға төсек салғызып, капуста щиге де қарамай, тас бүркеніп жата қалмақ. Аттан түсті. Шайқалақтап әрең жүрсе де күндегі әдетімен хутордың есік-тесігін түгендеді. Тас бүркеніп, төсекке сұлай кетудің реті келмеді. Хутордың мына сиқы ұнап тұрған жоқ. Шеткі омарта қираған, күші бойына сыймай тасыған палуан біреу қалыңдығы үш елі қақпақты бұйым құрлы көрмей жұлып алып, анадай жерге лақтырып тастаған. Белуардан келетін омартаның кенересі жағал-жағал сары өңез бал... Дуся да, қырық құлаш қыл арқан да, жерге кеңірдегіне дейін қағылған темір қызық та ұшты-күйлі жоқ, зым-зия. Мен де аң-таң, апам да аң-таң екі ұдай қалыпта үйге жақындап, баспалдаққа шығып, есікті тартса, тас жабық. Іштен ілгектеулі. "Ай-күннің аманында мына кемпір алжыған ба, кеше ғана сап-сау, сайрап жүр емес пе еді?" Ефим шал есікті добалдай жұдырығымен қойғылап:


— Әй, кемпір, танысаң байыңмын, танымасаң құдайыңмын, — деп дәудірейді. Іш үнсіз, жауап жоқ. Ефим есікті тепкілейді.


— Құтырма, кемпір! Сап-саумын, міне, көр де тұр.


— Әрмен кет, қаңғыбас неме! Әйтпесе қақ маңдайдан көздеп тартып жіберемін! — Үн үрейлі. Және кемпірінікі. Есіктің саңылауынан мылтық қылтиып, қос аузы арлы-берлі шайқалып үңірейеді.


Ефим састы.


— Қатын-ей! Марфа! Көрсетпе маған мына концертіңді. Ел естісе ұят-ты. Әлде басқа шал тауып алып па ең? — деп, әзілге жығып, жуып-шайған болды.


— Сен... шынымен Ефим Кривобоковсың ба?


— Тура өзі, Кривобоков! Кривобоков болғанда қандай!


Есік сықырлап ашыла берді.


— Ефимушка! Бармысың, Ефим-мм?


Марфа әжей мылтығын еденге сүйретіп тастай салып, сұңқылдап жылады ма, сыңсып әндетті ме, әйтеуір, шалына асыла кетті.


— Қайда жүрсің, Ефимушка?! Жау шапты ғой бізді, жау шапты. Ажалдың тура өзі сек жоқта баспалап келді. Дәл бүгін балда басымыз қалса да кетейік көшіп орталыққа. Отыр ғой, әне, Мұсаның кемпірі қартайғанда бейнетінің зейнетін көріп. Қырық жыл бойы қасықтап жинаған ақшаңды шаш шөміштеп, Ефимушка! Көрге бірге ала кетеміз бе ол құрғырды?


Әжей есін жинап, сабасына түскесін, бүгін күндіз басынан кешкен пәлекеттерді құлағынан тізіп айтып берді.


Ефим шал ғұмырында қатын-қалашқа құлай сеніп көрген емес. Марфа, жалпы, жақсы адам, дегенмен, шашы ұзын, ақылы қысқа әйел затынан. Сондықтан оның сөзін екі шоқып, бір қарап тыңдаған жөн. Оның үстіне Мұсаның "гөй-гөйі" басын әлі дәңгіретіп ауыртып тұр ма, әуелі есалаң адамдай кеңкілдеп күлді. Сонсоң мықтап ойланды. "Жел соқпаса шөп басы қозғалмайды". Шашы ұзын, ақылы қысқа дегенмен Марфаның мына сөзінің жаны бар. Тексеру керек... Ұрыста тұрыс жоқ, карт кемпіріне басу айтып, сабасына түсірді де, бұзылған омартаға қарай аяңдады. Омартаның төңірегін тінтті. Жапырылған шөпті етігінің тұмсығымен, қамшысымен ашып, із кесті. Миығынан күлді: бәсе, бал дегенде бар дүниені ұмытатын майтабанның нақ өзі! Ефим мен саққұлақ қос ит кеткесін көптен бері омартаға сырттай сыпайы көз салып жүрген Мишка әй-шай демей омартаға тура тартқан ғой. Қалған жағдай бесенеден белгілі. Тоңқаңдаған аюды — ата жауын көрген торпақ темір қазықты суыра-муыра қашып, бұл маңайдан безіп кеткен. Марфа болса қауға басын толайымен омартаға тығып жіберген аюдың жүндес жотасын: "Дусям менің, Дусенькам менің, Дусенька!" — деп қойып сипай беріпті. Балдың қызығына түскен Мишка әжейді көрмек түгіл, сезбеген.


...Қос ит осы жаңа қыңсылай тіміскіленіп жүр еді, сол екі арада құйрықтарын бұтына қысып, бел астынан атып-атып шықты. Мылтығы шошайған Ефимді көргесін ғана жандары кірді. Құйрық қайқайтып, танау жиырып, жер тырнап, бел астына қарап өршелене арсылдады. "Көк шұнақтар Дуся шіркінді ылди астында жәукемдеп кеткен жоқ па?" Ефим қосауызын көлденең ұстап, бел үстіне шыға келсе... қабақтың бауыздар тамағында жас аю жайрап жатыр. Басын еңіске бере жан тапсырыпты, оқ тиді дейтіндей терісі шұрқ тесік емес, бүп-бүтін. "Бұл не ғажап?" Таң-тамаша шал сол төңіректі біраз шарлады. Ақыры, іздегенін тапты. Әлдекім тас төбеден қос қолдап ұрғандай жеткен жерінде тұрып қалды: аюдан сұйық нәжіс кетіпті, оның шөп басын шалған сарғылт ізі созылғаннан созылып, сонау омартаға дейін жетіпті.


Мән-жай былай екен...


Жоқ жерде әлдекім желке жонын сипап жатқасын басын омартадан жұлып алған ғой. Жұлып алғанда тас төбесінен әзірейілдей үңірейіп төніп тұрған Марфа Саввичнаны көрген. Бұл тауда аюлар тек адамнан ғана қорқушы еді. Зәресі зәр түбіне кеткен аюдың іші қолма-қол ағыпты да, қарғып-қарғып қашып, осы белдің ылдиына сүйретіліп әрең жеткен.


Мишка мешкейдің жүрегі жарылып өліпті.


4. ТАЛ ТҮСТЕГІ ҚОНАҚ


Төрт қанат киіз үйдің құбыла іргесі түрулі. Қаны бетіне тепкен ақ бөрте жас келіншек көк гүлді кесені бес саусағының ұшында ойнатып, қан қызыл шәйді рақаттана сораптап отыр. Қақпағын әлсін-әлі көтеріп тастап, бір езулеп қана бу үргілеген ақ құман екі иығынан демалады. Астындағы қарағайдың қызыл шоғы іргеден самал лекісе, жайнап қызарады, кейде ағара түсіп, күл түсіреді. Жас келіншек тұмса босанып, қалжаланып отырғандай-ақ он екі айрығынан тер кеткен, несін айтасың, әбден баз рақат күйде. Біраз істің басын қайырып тастаған ол осы отырысында. Бойдақ қойды анау беткейдің биігіне, жел өтіне иіріп тастап, үйге ентігіп кірген қосағына мана шәй жасап, қаңсыған шөлін басқан, төрге жұмсақ жастық тастап, сәл-пәл мызғытып алған. Ұйқысын қандырып, өріске аттандырып салған. Енді сонау кешкі қарбаласқа дейін қолы бос. Шайқап май іше ме, қайнатып шай іше ме, жоқ, мына аңқаны кептірген аптапта пырылдап тұрып ұйқы соға ма, қысқасы, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, өзі би, өзі байбатша. Киіз үйдің шығысқа қараған есігі жабық. Бұл да жас келіншектің жайлаудың тамыз айы болса да еттен өтіп, сүйекке жете беретін салқын самалына қарсы жасаған амал-далдасы.


Қаймақ қатқан нешінші кесені ерніне апара берген келіншек кенет тіксініп етегін қымтады, еркінірек кетіп қалған қол-аяғын жинап отырды. Секемшіл түйсік: "Киіз үйдің бір саңылау тесігінен сұғанақ ұры көз қарап тұр" дейді. Айдаладағы ақ отау, аузы-мұрны жоқ отауда жападан жалғыз отырған жан ғана бұл сезімді жақсы біледі: жоныңнан жылан жорғалап өткендей тым жайсыз жағдай... Жылан демекші, осы аты жаман ирең байлар түн ішінде іргеден сусылдап кіріп, сүт іздей ме, аяқ-табақ, қобдидың түбінен таңертең табыла беруші еді, қат-қат жүктің ар жағынан сол неме сұқ көзін тігіп тұрмасын. Ерке келіншек түсі суық немені көрмек түгіл атын естісе, қатты сескенетін. Адамды, әсіресе, жалғыз адамды құйрығының ұшынан тік шаншылып тұрып, құлап түскенше ысқырынып арбайды дейді ұзынқұлақ. Алдыңғы күні бір шетте үйездеп тұрған қара қойды шағып алып, шөп басын қыбырлатып зытып бара жатқан ұзынқұйрықты күйеуі күрекпен бір салып, жанын жаһаннамға жіберген. Әлгінің бөлек-бөлек қалған басы мен құйрығы екі жерде иретіле дөңбекшіп, ал, қара жерді салпылдатып сабасын. Мал ашуы — жан ашуы, күйеуі ет қызумен күрегін сілтеуін сілтеп қалса да, кейін бармағын тістеді: "Осы төңіректі ордалы жылан жайлайды деп естіп ем, алда-жалда біреуі кісі қолынан мерт болса, қалғаны сол адамды аңдып жүріп, ақыр аяғында шағып өлтіреді-міс". Сонсоң қобди түбінен қырық құлаш қыл арқанды келіншегіне алдырып, үйді айналдыра жазып, созып тастады. Әлгі ордалы жыландар арнайы "уәкіл" жібере қалса, өте алмай күдерін үзіп, арқан сыртынан кері қайтып кетсін деген қулық, айла сымағы.


Келіншек қара тұяғын қыбырлатпай қатып-сеңіп отырып, ыдыс-аяқ, қобди, жүк төңірегін, бұрыш, қалтарыстарды көзбен тінтіп, шолып шықты. Артық-ауыс ештеңе жоқ. Қорқып-үркетіндей ешкім көрінбейді. Келіншек жеңіл күрсініп, демін еркін алды, есі де енді-енді кіре бастағандай.


Сеңгір-сеңгір тау баурайында, зеңгір аспан астында жападан жалғыз шошайып отырған момын ауыл, қай жаналық, қайбір жақсылықты киіз үйдің есігінен күтеді, екі көзі сонда болады. Сол дағдымен келіншек есікке бұрылып еді... о тоба! Жаңа ғана жабықты саңылау қалдырмай қымтап қойып еді, қазір сәл сырылып, қиықтанып тұр, бір пәле жылтыр да дымқыл қара тұмсығын, добалдай басын қиықтан ішке сұғып жіберіпті. Кәдімгідей арбағысы келе ме, жылтыраған кішкене көздерін келіншектен айырмай, өліп барады. Келіншектің қол-аяғы біртіндеп жансыздана бастады. Сол екі арада басы добалдай мақұлық пысқырып салды. Сонда ғана келіншек оң мен солын айырды, жабықтың шетін қымқырып ұстаған сояудай ақ тырнақ, жез тырнақтарды көрді.


— Аһ-һ!


Келіншек шыңыраулата шыңғырып, қолындағы кесені шәй-пәйімен қоса шошайған тұмсыққа қарай атып ұрды.


Мезетінде ойбайға жуық, өкірген бе, бақырған ба, жан шошырлық үн шықты, добал бас, жылтиған көз, сүйір де дымқыл қара тұмсық көрген түстей жоқ болды, шой денелі әлдекім киіз үй сыртынан дүбірлей басып, тез-тез ұзап қашып бара жатты. Келіншек әупіріммен есін әрең жиды, не істеп, не қойды, оны өзі де анық білмейді, есі кіресілі-шығасылы. Өң мен түстің арасындағы елес халде қолымен жер тіреп орнынан тұрды, тәлтіректей басып есікке барды, қалтыраған қолымен жабықты ысырып сыртқа көз салса... нән аю бетін екі қолымен басып алып, сай құлдилай қорбаңдап, безіп барады. Жас баладан әрмен ботадай боздап жылайтынын қайтерсің.


Биік-биік таулар көк ала түтінге белшеден батып, жүрелеп-жүрелеп, қалғып-мүлгіп отыр.


5. ЕТІКТІҢ ЕКІНШІ СЫҢАРЫ


Қабілқақ қария ақ шытпен мандайын бастыра тартып алып, баурайдағы ұзынша өзектің көк майса шөбін қыра шауып құлаштап барады. Елп еткен жел, қалт еткен бұта жоқ. Жасыл шалғын тұнып тұр. Бармақ басындай ара гүжілдеп кеп қона қалса, балапандай сап-сары сарғалдақ қорғаншақ қалтырап, әйеншек тербеледі. Көбелектер түрлі түсті кішкене дельтопландай қалбақтайды.


Аяқ асты да үріп ішіп, шайқап төгіп жатқан мазасыз өмір — шегірткелер жаныға шырылдайды, кешелі-бүгін жұмыртқаны жарып шыққан балапандар жем сұрап шиқылдайды, құмырсқа, қоңыздар қым-қиғаш жанталасып жүгіреді. Алмас тырнақ дәуіт қияқ басына қонақтап ап, осынау тірлікке көңілі толғандай бетін сипап, бата береді. Шөп арасынан кірпі оқта-текте пырсылдайды.


Аспан асты да мазасыз: бозторғай шырылдайды, күйкентай сып-сып ұшады, жуан, семіз крестен аумайтын қарақұс кербез де самарқау қалықтайды.


Қабекең алты ай қыста қолына қарап қалатын меншік малына — екі сиыр, әлденеше тайынша-торпақ, жиырма шақты ұсаққа деп шөп шауып жүр. Өткен жылы пенсияға шықты. Екі-үш ай бойы біреуден жазықсыз жәбір көргендей томсарып жүрді. Бүйтіп оп-оңай шал бола саламын деп ойламапты. Совхоз жұмысына жегіліп жүріп ол туралы ойлауға мұршасы келмеді. Пенсия шіркін енді, міне, мойындамасына қоймады. Алғашқы айларда екі қолын алдына сыйғыза алмай, әбден іш құса болды. Аула қорыған шал-шақпыттарды менсінбеді. Пайғамбар жасына осы жарасар деген оймен өткен кеткенді қозғап еді, қызыл сөзге о бастан жоқ басы айдалаға лағыды. Ғұмыр бойы ойда егін орамын, қырда мал бағамын деп жүріп, осы бір ұлағатты жасқа іштей әзірлік жасай алмапты, Ана Сәрсенбай құдасына іштей қызығады: ер жасы — елуден асқасын-ақ аяқ астынан шал бола салды, аса таяқ ұстады, жасы кішіге көзін сығырайта қарап, тісін шимен шұқып, ақыл соғады және ол ақылы көбіне дұрыс шығады. Ал, мойындамай көр!


Сәрсенбайлардың қасында сақалды бала көріне берген соң, туған-тумаларды аралады. Олардың бірі малшы, екіншісі егінші, үшіншісі шөпші. Күнді түнге жалғаған бейнетқор қауымның төрінде: "Қолым бос еді, ерігіп жүрмін, қарақтарым, кәне, келіңдер, әңгіме-дүкен құрайық" деп, тағы жантайып жата алмады. Ер кезегі үшке дейін, кел демек бар да, кет демек жоқ, үшінші, төртінші күні өзің-ақ айтқызбай қайқаясың. Өстіп торта түскен үкідей томырылып отырған шақта әдемі ермекті айналып кетейін бригадир баласы тауып бере қойсын. Қыраулы қыс кезінде, былтырғы жұт қыстың ортан тұсында: "Көке, комиссия малды кінегелеп жатыр, қойшылар азар да безер: "Қосқан меншіктеріңді қайтып алыңдар, сотталатын шама жоқ" деп, хош десеңіз, сол бес-алты тұяқты алдыңызға салып берейін", — деп қиылды.


Хош деді.


Содан бергі көрген қызығы — екі қолға бір жұмыс. Қыста сеңдей соғылысқан малға шөп шашады, суарады, астын тазалайды, көктемде төлін ауыздандырып, аяқтандырады. Жазда, мінеки, қырғын шөп шабады, көтек арбамен қораға тасиды. ешкімде бес бересі, алты аласысы жоқ, өзімен өзі. Қысқасы, жазған құлда шаршау жоқ.


...Сиырсәске. Күн тас төбеден тіктеп түсіп, алап-жалап әкетіп барады. Баурайдағы жел тимейтін ойпаң қолат қалың бық: шалғыны сыр-сыр сілтеген сайын шыбын-шіркей гулеп көтеріледі, бет, мойын, самайға мизам жылбысқыланып жабысады, қолтық, кеуде, мойын, жауырын екі бастан шылқыған тер. Белі де сырқыратып әкетіп барады.


Қарт шалғыны қара қорс топыраққа тігінен тік шаншыды да — қалай болса солай тастай салса, аңдаусызда өз тартпасына өзі түсіп қалады, басынан ақ шытты сыпырып алып, мойнын, төсін сүртті. Құлағы шың етіп еді, "Оң құлағым! Оң құлағым!" — деп күбірледі. Кім екен мұны жамандап жатқан? Қартайғанда бұл кімге керек? Сай табанында тастай суық тұма оймақтай аузы бүлкілдеп, қайнап жатқан, соны көздей қиялап түсе бастады.


Қалай десе де бүгін Қабілқақ қарт бригадир баласына наразы.


Анау етектегі ақ шатырлы Кендірлік пен мына қолаттың арасы көп болса үш, әйтпесе төрт шақырым. Шалғы арқалаған тал осы екі араны күніге арлы-берлі жүріп өтеді. Шөпті өндіртіп шабамын десең құлқын сәріден тұрып, таңғы салқынмен қимылдау керек. Ыстық түсе ісің мандымайды, шақырайған күн қақ шекеден ұрады да тұрады, кенезең кеуіп, қан қойылады, шыбын-шіркей, сона, маса көбейеді. Сөздің ашығы керек, осы екі арадағы екі, үш, төрт пе, әйтеуір, шақырымдар шаршатып жүр. Шалғысын арқалап, ашымал тары көжесі бірдіні ақ бидонын қолтықтап, қолатқа жыбырлап жеткенше күн тұсау бойы көтеріледі. Демігін басып, бидонын тұмаға белуардан матырып қойғанша әлгі күн қамшы бойына жетеді. Өзімен алаң-елеңнен жарыса тұратын баласы, обалы не керек, бұрын жаман әкесін үш аяқты тарқылдақ мотоциклімен жеткізіп тастайтын. Бүгін құдай ұрды, безектеп аяғына тұрғызбады. "Таудың арғы беткейі — өрт, фермадағы қол-аяғы бүтін, дені сау деген азаматтар бір кісідей тік көтеріліп, соған аттануы керек" деді ме-ау, соларды таңертең ерте сирақтарынан суырып алып, өртке аттандыру өзіне жүктелген деді ме-ау, есебі, қисабы жоқ сылтауынан құлақ сасыды, тоқ етері, әлгі үш аяқты тарқылдақтың құлағына жарбиып қонып алды да, шаңын әудем жерден бұрқ еткізді. Шал жаяу қалды.


Аз қайғыны туыс басады, көп қайғыны жұмыс басады. Ашу-ызамен қатты кеткен екен, демнің арасында шөпті жайратып, жамсатып жіберіпті. Ашу-ыза, наласы термен бірге шығып кетті ме, шал түске таман таңертеңгі "шатақты" ұмытып үлгерді. "Аумай тартпағыр ит неме, үкімет жұмысы десе өлімін салады... баяғыдағы өзім секілді" деп, өртпен алысып жүрген алыстағы баласын сырттай мақтады. Былдыр-былдыр сөйлеген тума жағасына жүрелей отырып, мұздай суды алақанымен іліп алды, беті-қолын шайып, шоқша сақалын уыстап тарамдады, салқын да дымқыл алақанын маңдайына басып, сәл ойланды. Аясы мол ақ теректің түбіне бешпетін жайып жіберіп, сәл-пәл мызғып ала ма, қайтеді? Сонан соң шөп шаба ма, жоқ, үйге қайта ма, көре жатар. Етігін шешіп, аяғын желге қақтырды. Шіркін, патшаның кебісін киіп жүрсең де, қара жер басқанға не жетсін. Табанын майда шөп қытықтайды. Топырақтың қызуы май сылауындай жағып, тұла бойын балқытып барады. Жас құрақ арасында, жасыл бесік, құндақта жатқан тұма ернін шөпілдетіп, өз-өзімен ойнайды. Буын-буыны сықырлап, жер таяна түрегелді де, кеңірдегінен суға көмілген бидонға қол созды. Ақ қалайының бүйіріне алақанын басып еді, тастай суық зыр етіп миына жетті. "Зәмзәм суы ғой, зәмзәм... Ішсең тас төбеңнен шығады, бет шайсаң бұл дүниеге қайта туып келгендей боласың. Қарашы, қай халадегіңнен кем?" Су кіріп кетпес үшін астына алақандай шыт салынған қақпақты ырғап-ырғап ашты. Бидай көженің көгілжім суы бетіне көлкіп шығып, дәні астына шөгіп, тұнып тұр екен, шайқап еді, ашымал исі танау жарды. Жасыл қына жабысқан тарғыл тасқа құйрық басты, ақ бидонды еңкейтіп, кішкене кесесін тоса беріп еді... ту сыртынан біреу: "Ау, жарықтығым, көжені өле ішкенше бөле ішейік, сабыр, сабыр!" дегендей, жауырынынан жайлап қақты. Әлде түртті? "Бұл кім, бәтірекесі, иен тауда адасып жүрген? Әуелі сәлем беруші еді адам деген, мылқау ма, сақау ма кісі танымайтын?" Мойнын керенау бұрып, ала көзімен артына қараса... ойпыр-ай, бет-аузын қалың жүн басқан, алпамсадай бір албасты бұған сығырая қарап тұр. Келідей жуан бір қолын қойтасқа тіреп, екінші қолын көтеріп-ақ қалыпты. Салып жібермек пе, қалай? Пәтшағардың түймедей көздерінде анау айтқандай жаулық жоқ, Қабекеңе күнде иық тіресіп, қатар жүрген жақсы жолдас, үзеңгілес досындай, әйтпесе шапқан шөбін айырласып жинасуға келген ауылдасындай жымиып қарайды.


Ары қарай не істеп, не қойды, анық-қанығы есінде жоқ; қолынан қалайы бидон шылп етіп суға құлады... іркіт көже лақ етіп, тұмаға төгілді... екі өкпесін қолына алып, еңіске қарай құлыперен қу талқан құйындатып барады... мұны еміс-еміс біледі. Жүгіріп келе ме, жоқ, әлде қос қолтығына қанат бітіп, ұшып келе ме, ол жағы енді тас қараңғы.


...Қабекеңнің қалған жайын ауылдастары былай жырлайды. Таңертең: "Ойбай, белім шойырылды, ойбу, тізем сырқырап, алдыртпайды мүлдем" деп, тауға зордың күшімен әрең-әрең кеткен ерке шалың түс әлетінде ауылға шаңдатып шапқылап кіреді ғой баяғысында. Аяқта құрым етік, баста ақ қалпақ жоқ, дырдай өзі ғана. Екі көзі алақтап шарасынан шыққан дейді, түтігіп кеткен, жүзі қап-қара, жағасы жайлауда. Шаңдатқан, шапқылаған бәйге шал онымен тоқтай қойса жақсы, рас болса, жолай құрт қайнап жатқан тай қазаннан аттап-бұттай қарғып өте шығып, өз-өзін тоқтата алмай, қора-қопсыны, күл-күресінді үш мәрте айналыпты. Үй көлеңкесінде жүн есіп, түбіт тазартып отырған кемпір-кепшік өре түрегеліп, үйді-үйіне зытыпты. "Ойбу, Қабекеңнің бет-аузы қисық, көзі қыли, тегі түрі жаман, үйде асырауы келіспей жүр ме, иен таудан ала жаздай шықпай қойып еді, жын-шайтан соғып кеткен ғой ұйқтап жатқан жерінде" деп, тыныш жатқан елдің зәре-құтын алыпты әлгі өжелер.


Содан не керек, шүйкедей әжейдің қолына әупіріммен жетіп құлаған қартыңның тіл-аузы тұп-тура үш күн байланды. "Не болды?" деген әжейге бақырайып қарайды да қояды. Апта өткесін барып қартыңның тілі кәлимеге келеді. Бірақ мандытып, жарытып тағы ештеңе айтпайды. Әкесі ұшып жығылған күні-ақ бригадир бала тарқылдағын ойқастатып, тұма басына барып қайтқан. Сөйтсе, ақ бидон тұма жағасында омпысынан түсіп ақтарылып жатыр, шалғы болса, көкорай шалғынның нақ ортасында жүзі жарқырай тікесінен тік шаншылып тұр, ал, құрым етіктің бірі теректің түбінде қылжиып жатқан жерінен табылыпты да, екінші сыңары үшті-күйлі жоқ дейді. Тұма төңірегін алақандай із шиырлап, таңбалап тастаған. Тырнақтары қара жерді сойып-сойып кетіпті. Тау иесі — темір тұяқ аюдың нақ өзі... Етіктің екінші сыңарын Қабекеңнен ескерткіш деп, әзіл үшін киіп кеткен бе, жоқ, ойын үшін тістеп алып, бір қуыста жұлмалап жыртып тастады ма, ол арасы белгісіз.


Бұл күнде Қабілқақ шал сол баяғы Қабекең, қыс болса малын жайлайды, жаз шықса шарбақ тоқып, қора-қопсыны жөндейді. Әттегенесі сол, шөп шабуға аттап баспайды, тау десе зар қағады. Алыс, алыста ақ қар, көк мұз жастанып жатқан биік тауларға тіке қарамайды, жасып қалған қарадан қараң. Кей-кейде сол тылсым тау қойнауынан әлдебір ақырған, ырылдаған, күңіренген үннің, тіпті ботадай боздап, қыңсылай жылаған не ғаламат үннің жаңғырығы талып жеткендей тұра қалып, ұзақ-ұза-ақ тың тыңдайды.


Бригадир бала, амал жоқ, бұдан былай меншік малына шөпті өз ақшасына сатып алатын болды.


6. АҢ МЕН АДАМ


Қырық жыл қатарынан Сауыр, Сайқан тауларын арман кезіп, орман, су, тұяқ, тісті аңның амандығын баққан Құнафия қарт сөзге сараң-ау, сараң. Бәлки, жарты ғасырға жуық тау, мылқау шатқал аралап, кіл төрт аяқты мақұлықпен араласып-құраласқан адамның өзі де соларға біртін-біртін ұқсай бере ме, қартың тау-тасын тастап, Қараойға қарауыл болғалы "иә", "жоқтан" асып көрген емес.


Қалауын тапса — қар жанады. Реті, қолайы келсе мылқауға да тіл бітеді екен.


Оның өзі былай болды.


Сол жылы Сауыр, Сайқанның ойға қараған быдырқай беткейін үш күн қатарынан тілсіз жау — өрт ұйпалап бақты. Ауыл, үй арасы гу-гу сөз... Таудан қашқан, босқан, көлденең көк атты атып алған, соғып алған қыруар аңның хикаясы дүрілдеп тұр. Әрі-беріден кейін ел құдайдың зорлығымен түсіп кеткен арқар, қабан, елік, қасқыр, түлкіні төрт малындай көріп, сөз ететін болды. Соның ішінде қорбаңбай туралы үрейлі әңгіме тым қалың. Әлде өтірік, әлде шын "Пәленше совхоздың түгенше сиырын аю жарып кетіпті, ойпырой, өздері мұншама палуан, соншама әбжіл болар болар ма, қаннен-қаперсіз жайылып жатқан табынды қақ жарып, киіп-жарып кіріп келеді екен, содан өкіріп-бақырған сиырлар ортаға шоқтай иіріліп жиналады-мыс. Содан әукесі салбыраған, қып-қызыл көзі шатынаған, ай мүйізді болат тұяқты бұқа тарпып, өкіріп-бақырып бері шыға бермей ме. Аюекең әлгі жерде қашпайды да, қумайды да, "Келсең кел!" деген табанынан тік тұрып, арлы-берлі теңселеді дейсің. Бұқа басын шайқап тастап, қос семсерін кезей ішке кіре бергенде — алып, көтере лақтырып тастамақ қой, тегі — аю мүйізінен беріп, қос қолдап ұстай алады да, алапат қара күшті аясын ба, мойнын бір-ақ бұрап, еңіске қарай домалатып кеп жібереді. Қалған сиырлар да көп ұзамай мойны қайырылып, тілі лақтап, терең сайдың түбінен табылып жатады-мыс.


Несін айтасың, алып қашты әңгіме — пішен. Бір аю таудағы омарташы Ефим шалдың кемпірін қамапты, алжиын деп отырған әжеміз жат та ашуланып, әлгі немені атын жығып алыпты, екінші бір қушыкеш аю қойшы жігіттің жалғыз отырған жас келіншегін арқалай алып қашқан ба, үшіншісі Қабілқақ деген шөпші шалды таудан үйіне дейін тырқырап қуып түсіпті, төртінші аю тападай тал түсте егіншілердің қосына шапқан ба, әйтеуір, бас-аяғы жоқ ию-қию әңгіме... Құлақ салып отырсаңыз, адамдар мен аюлар қым-қуыт, өкіріп бақырған, мылтық сарт та сұрт атылған қан майданға кірісіп кеткендей екен. Бәрін айт та бірін айт, аюлардың жырын айт, сол күндері атам заманнан адам қолынан жылда-жылда ұшып, пышаққа түсіп жататын, ақыр соңы ашына-ашына осы үш күнде соңғы аламан-тасыр шабуылға шаққандай болған қорбаңбайларға тіл де тиді, жаптым пәле, жақтым күйе де аз он жоқ.


Сондай бір бұралқы әңгіме ақшам кезінде шикілі-пісілі котлетке тойып алып, томпи таулардан лекіп соққан самалға жалаңаш кеуделерін төсеп тастап отырған сушылардың арасында қау берді. Талай пендеге аю шауып, талай аюдың басы іліп бітті. Әңгіме аяғы созалаңдап келіп, анау көлкіп ағып жатқан Ертістің арғы бетіндегі өр Алтайда ит жылы қатын қашқан бір пысықай аюға ұласты. Сөз қайта қоздады. Қарқ-қарқ күлкі қылаң ұрды. Осы тұста манадан бері сушылардың күрегін кезегімен алдына өңгеріп, шарық таспен қайрап отырған Құнафия қарт ойда жоқта өнер шығарып, дүңк ете қалсын.


— Оттапсыңдар!


Тамам жұрт ашық күнде төбелерінен жай түскендей болып, сілтідей тұнды.


— Оттапсыңдар, өңкей мұндар! — деп, одан әрмен нығыздады Құнафия қарт. — Өздерің білмейсіңдер, білгеннен алмайсыңдар.


Мынау бір оқыстау шылғи "оттау"- дан гөрі аяқ астынан тіл біткен қартқа таң қалған халайық шу етті.


— Ойбай, сұрайық, сұрағанда қандай, онда да сізден сұрайық. Сөйлеңіз, Құнеке, құлағымыз сізде.


Құнекең сөйлемеді. Күректі қашыр-құшыр қайрап, меңірейгеннен меңірейіп отыр. Не ойда, еш адам білмейді. Аспан ашық, жер жазық. Тас төбеде жалғыз жұлдыз жалтылдайды. Қас қарайып, ауа салқындаған сайын, қара көк таулар тез-тез биіктеп барады. Өрттің айшылық алыс жерден жеткен демі ме, көңірсіген иіс деміл-деміл желпінеді. Қырғыз қалпақ шыңның шошақ төбесінде қызғылт сәуле бұлыңдайды. Ac үй жақтан ыдыс-аяқ сылдырлайды; ертеңгі күннің қамын бүгіннен ойлап жүрген аспаз әйел... Қос желкесіндегі қорым бейіттен байғыз сұңқылдады.


— Оу, Құнеке!


Қарт көзінің аласымен қарады.


— Не?


— Ұйқтап кеттіңіз бе? Сұрап отырмыз ғой... Қайралған жүзі қара күңгірт кеште мұздап көрінген күректі Құрекең бір шетке ырғытып тастады, түшкірініп-пысқырынып, өңеші мен кеңсірігін тазалады, тарғыл, қою үнмен сөз бастады.


— Қай жылы... ә, иә, соғыстың созылып барып, кілт үзілген кезі. Ашаршылық жылдары қапияда айрылып қалған туған-тумаларды іздеп, Ертістің арғы жағасына өттім. Көрістік, қауыштық, жыластық, екі-үш күн өтпей жатып мауық та басылды. Алтайдың қуыс-қойнауын түк қоймай аралап, сақалдары беліне түскен, өңкей қызыл бет, қызыл ерін кержақтарды көрдім. Ащы суды татып алмайды, шылым шекпейді, аң еті, жеміс-жидек, ара балымен күн көреді. Ара-тұра балық аулайды. Шеттерінен екі қолдары тізесіне түскен еңсегей бойлы, ірі-ірі, аюдан аусайшы. Иен жерде, көлеңке ұялаған бір шаттың қуысында қапыда алдыңнан арбаңдап шыға келсе: "Ойбай, аю, қаш, қаш!" деуің мында тұр.


Екі атадан қосылатын бір туыс Марқакөлдің жағасында Ұранқай деген ит арқасы қияндағы кержақ ауылда тұрады екен. Атаңа нәлет, қоямыз ба, сұрай-сұрай оны да тауып ал. Ағайынымыз жазда көлге ау салады, қыста із кесіп, аң аулайды, мал бағады, атаңа нәлет, бақуатты, етек-жеңі кең, өрісті екен, тек туыс-тумадан басқасын түгелдеп алыпты, бізді құшақ жайып, қуана қарсы алды. Е-е... Иә, сол өзі қай күні, ек күні ме, әлде үшінші, жоқ, төртінші күн, әй, бесінші күні бесінші күн шығар... — деп, Қабекең танауынан осқыры саусақ бүгіп әлденені санамалап отыр. Содан әлі отыр. Әңгімеге тамсанып, ындыны құрыған біреу:


— Қай күні екенін қайтесіз, Құнеке. Сол күні құрғырды өзіміз-ақ есептеп шығарайық, бөгелмеңіз, ары қарай жүйткіңіз, — деп сөзбен түрткілеп, қартты "ұйқысынан" оятып жіберді.


— Е, жарайды.


Құнекең тағы аз-мұз ойланды. Ұйқы-тұйқы қасын ж еткізіп, басын көтерді.


Тықыршып отырған екінші біреу:


— Е, бере гөр, тәңірім! — деп жіберді.


— Содан әлгі ағайын: "Ну, братан, іздеп келдің алыстан, а, племянник, да, да, к чорту, көлді көрдің да, тоже вроде бы местный Байкал, священное море Байкал... Іһм, тауды көрдің, ускуч жедің, енді не қалды? А, бүгін мына көрші Еремей монша жағады... іһм, конечно, по черному, но, түсуге болады. Қалайсың?" — деп, ақиды маған. Сол су мен бу моншасына құмартып тұрмасам да көңілін қимадым ағайынның. Сөзге кедей болса да, мінезге бай, ар жағы кең сарай еді.


Біз келсек, іштен кіл қаба сақал қызара бөртіп шабынып шығып келеді екен. Қайыңның жапырағы мен ыс сасыған моншаға кірдік. "Братан ағай" үйреткендей, сәкіге шалқалай жатып, екі аяқты көктегі құдайға: "Ал, мә, істеріңді істеп ал!" — деп, көтеріп тастадым да, қайың сыпыртқыны ыстық суға малып алып, бас-көзге қарамай ал кеп сабалан, ал кеп сабалан. Сол мезетте сақалы беліне түскен, бет-аузы жүн-жұрқа, бір тірі аруақ үстімізге кірді. Жас шамасы жетпістің ар жақ, бер жағы. Тыриған арық болса да тарамысына тартылған сіңірлі неме ме, қып-қызыл от тасқа ожау-ожау суды сілтей шашып, ыстық буын аспанға бұрқыратып бір-ақ шығарды. Ағаш сәкіге өрмелеп шығып, өз-өзін аркаға, іні сыпыртқымен пергілеп бергенде, моншаның іші борап к. Алап-жалап бара жатқан ыстық буға анау қыңқ демеді, шыдамадық, сәкіден сырғып түсіп, босаға түбіне бұғып-бұғып отыра қалдық. Шал сәкіге етпеттеп тарбайып жатып алып, қалың бу мен судың арасынан: "Әй, барчук, бері кел!" деп, саусақ ұшымен мені шақырды. Сатымен еңбектеп, қорқа-қорқа қасына бардым. "Қара күшке бар екенсің, мә, сыпыртқы, іші-сыртымды мес қып, қып-қызыл ғып сабап бер мені" деді таза қазақ тілінде. "Күйіп қалмайсыз ба?" "Оны маған беріп қой. Аяма, аянба!" Аямадым, шықпыртып сабап, көкесін көзіне көрістірдім-ау өзінің. Оған тыри шалың қыңатын емес, қайта: "Рақатын-ай, рақатын! Тағы! Тағы! Ана жерді, мына жерді!" деп, аударылып-төңкеріліп, өліп барады. Әбден қызыл шақа болды-ау дегенде: "Енді болды, барчук. Бара бер!" — деді. «Тағынан» түсіп, бу астымен еңбектеп қасымызға келді. Бәріміз де салқын сенекке шығып, аз-мұз желпініп, тыныс алдық. Шал мана қолтығына бидон қысып ала кірген екен, соның қақпағын ашып, дем арасында басына бір-ақ төңкерді. Шошайған ағаш кеңірдегі арлы-берлі жүгіріп, сылқылдатып жұтып жатыр, жұтып жатыр... Маңдайына бұрқ етіп шыққан терді білегінің сыртымен сыпырып тастап, бидонды бізге қарай итерді: "Тауысып тастаңдар, ішке түскен ыстыққа мың да бір дауа". Сыра ма, квас па, әйтеуір, тіс қақсататын мұздай суық сусын екен. Кержақтар ешкімнен алмайтын, ешкімге бермейтін дүлей сараң деп естіп едім, өтірік екен, әлгісі бізге ем болды. Барға риза болып, көсіле беріп ек, кенет қаба сақалын екіге айырып отырған шалдың төсіне көзім түсіп кеткені... Сізге өтірік, маған шын, омырау еттен бірдеңе болса бұйырмасын, сылып алғандай жалаңаш төс сүйегі ғана шодырайып тұр. Күйім кетіп, суқаным ұша бастағанын сезді ме: "Немене, барчугім, сақалы сасиған шал көрмеп пе ең?" — дейді кеңк-кеңк күліп. "Мынаған не болған?" — дедім иегіммен төсін нұсқап. "Нені айтасың - деп, таң қалыңқырап қалды шал. Шамасы, жалаңаш қалпына өзінің еті әбден өліп, тіпті төс еті бар ма, жоқ па, ондай уақ-түйекке көңіл де аудармайтын халге жетсе керек. А-а, - деді қайдағы жоқ болымсыз бірдеңені сөз еткеніме ренжігендей болып. — Баламысың деген... Жарайды, — деді қолын бір сілтеп, — қарап отырғанша әңгіме болсын, мен айтайын, сен тыңда".


Сондағы айтқан әңгімесінің ұзын-ырғасы мынау еді.


Тыртық төс шалың көзін тырнап ашқалы дүниеге мылтықтың қарауылынан қараған әйгілі аңшы екен. Ата-бабалары ішкі Ресейден Алтайға жерұйық іздеп ауып келген, әлде дін жөнінен қуғындалған, мүмкін басқа себептен, әйтеуір, ақ патшамен келісе алмаған бір пәлесі бар. Олар да аң аулап күнелтіпті, мына шалдың да ата кәсібі сол. Опанасың, жаңағы шалды айтамын да, суыр мен тиынның көзінен тигізіп, терісін бүлдірмей алатын құралай көз мерген. Қансонарда аяғына жалпақ шаңғы байлап ап, аң қызығымен ай бойы қатын-бала бетін көрмей, орман кезетін кәнігіңнің нақ өзі.


Жиырма, әлде отызыншы жылдары, шалың еңіске салса, төске озған қылшылдаған жас, Қалба тауының бір шатынан сәтін салып, нән аюды атып жығады. Қос қонжығын томпаңдатып ерткен үйелмендей ұрғашы аю — кірекей бұл еркегі жәукемдегенше орманға кіріп жан сауғалайды. Опанас аюды сойып, атына теңдеп, үйіне жеткізеді де, терісін таныс капитанға — застава бастығына, етін ішіне ас тоқтамай жүрген пақырға сатады.


Арада апта өтеді, өтпеді, мойнында қосауыз мылтығы астында жуан сіңір күрең қасқа аты бар, ойында түк жоқ, ылғи да айдаһардың лебіндей суық желі аңқылдап соғып тұра терең шатқалды өрлей бір табын маралдың ізіне түсіп жатпай ма. Отау үйдей өңкиген тарғыл тасты айнала бергенде, күрең қасқа пысқырып, құлағын жымырып, жалт бергені есінде, тас қалқасынан қара диюдай үйме-жүйме албастының өзіне көз ілестірмей атыла бергені есінде... Аттың басына ие болам деп, мылтығын да сыпыра алмады, жалтарып та үлгерген жоқ, сол иығынан гүрзі балғамен қойып жібергендей бүткіл денесі солқ етіп, бір жағына ауып бара жатты, көзінің оты да жарқ етті, күрең қасқаның шұрқырай кісінегені құлағында... Ары қарай қара тұман, тұмша түнек...


Заманның заманында әупіріммен есін жинаса, тас еденді жауырынымен жаншып, шалқасынан жатыр. Ақшам тұсы, бейуақ шақ па дейді. Ауырмаған, сырқырамаған жері жоқ, тигізбейді, зілмауыр басы қорғасыннан құйғандай алдырмайды. Әсіресе, кеуде жағы от жағып қойғандай жалындап, удай ашып барады. Қолын апарып еді, қоламтаға тығып алғандай қайта тартып алды. Жаға, өңірі бойра-бойра, быт-шыт. Алақанын танауына апарып еді, қанның күлімсі иісін сезді. Талай аңның қанын Алтайдың сан сайы мен шатқалында шелектеп төгіп еді, енді, міне, сол кеп өз басына келді. Зауал, зауал! Аяқ жағына көз қиығын салып еді, алыстан үміт сәулесіндей әлдене ағараңдады. Көзі де қараңғыға өйтіп-бүйтіп үйрене бастағандай Адам үш күннен соң көрге де үйренеді деген осы. Жатқан жері төлдің үйшігіндей тас үңгірдің іші, анау ағараңдаған — ауыз... Тотияйындай күйдіріп бара жатқан кеудесіне не жазым келді, білмейді. Кеудеде жан болғасын тірлік керек, ышқына аударылып түсіп, ағараңдаған ауызды маңдайға алып, жер бауырлап жылжып берді. Өлдім-талдым дегенде табалдырыққа жетіп, зорығып жатқан күйі сыртқа бас шығарса... зәре-иманы қалмай жүрегі тас төбесіне шығады! Жоқ, ол да емес, бұл да емес, ол әншейін сөз екен, дұрыстап қорқуға да қауқар-хал керек, иегін үңгір табалдырығына сүйеп, қарсы алдына қадала қарап берді. Текше тас алаңда дәу қоңыр аю малдас құрып отыр, құр отырмай қол тоқпақтай қонжықты қолтығына қысып, жүнін ашып, арасынан бит, бүрге іздейді. Аулады деген аты ғана. Қанжардай-қанжардай бес тармақ болат тырнаққа өлдім десең бит, бүрге іліне ме. Қапияда тырнақ батып кетсе, қонжық шіркін қыңсылап, жас баладай бақырады. Кірекей аю: "Көресіні сенен көрдім-ау, қарақұрт неме, ал, ендеше!" — дегендей гүр етіп, баласын шапалақпен салып жіберіп, алдына шашып тастай салады. Қонжық өкпелегендей теріс қарап, сәлден соң: "Аю да болса анам-ай, ол шіркін қайдан табылар-ай!" дегендей, жағымси қыңсылап, ене бауырына қайта тығылады.


Опанас етпеттеп жатып, өз көзіне өзі сенбеді: мынау дәуің бұрын тарсыл да гүрсіл оқ астынан сытылып кеткен кірекейдің нақ өзі. Осыған дейін қанын нақақ төккен он, жиырма аюдың о дүниеден келген зауал бейнесі, солардың рухы! Айналдырған жау алмай қоймайды, апта бойы мұның жүрген-тұрғанын аңдып жүріп, бүгін қыбын тауыпты, ата аюдың кегін алып тыныпты.


Аңшы үңгір түбіне көткеншектей жылжыды. Аяғы қабырғаға тірелгенде барып, зырқылдап алып бара жатқан басын тастап жіберіп, жер тістеп, сұлқ жатып қалды. Ойы он тарау. Не істемек керек? Кеудесі жара ма, жара болса қаншалықты? Тас үңгірге аю арқалап алып келген бе? Арқалайтындай азабының не? Манағы тарғыл тас түбінде бұтын бұт, қолын қол қып бұтарлап, екі асап, бір қылғи салмады ма? Әлде... Жүрегі су ете түсті, ар жағын ойлағысы келмеді. Аю соғып алған мал мен аңын жерге көміп, әбден борсытып барып жеуші еді, бұған да соның кебін кигізбек пе? Онда оңбады. Одан да мана жанын жаһаннамға бірден аттандырып жібергені жақсы еді. Қалай құтылады мына тас қапастан? Төте жол, қисынды амал бар ма? Есік күзеткен жүндес дию тірі тұрғанда мұны жібере қоймас.


Аю өзі тиіспейді, тиіскенді оңдырмайды. Бұл қағиданы әкесі бала жастан құлағына құйып еді. Орман кезген қаңғыбас жылдар оған көзін үстемелеп жеткізген. Атқанын құр жібермей жыға бергесін, мейманасы тасып, көзін шел, көкірегін май басқан. Әйтпесе үйірлі аюға ізденіп тиісе ме. Тиіскен екен, түгел жамсатып атып жығуы керек-тін. Мейманасы тасыған май көкірек енді, міне, көзді ашып-жұмғанша қан көкірекке айналды. Ат үстінен жұлындай ұшып түсіп, есінен танып қалған Опанасты аюекең үңгірге не арқалап, не сүйрелеп әкелген — қазіргі болжамы осы. Әкелуін әкелген екен, неге сары майдай сақтап отыр — соған таң. Мүмкін, мүмкін, мұны әуелі қонжықтарға талатып, тістетіп, баулиын деген шығар? Ит қорлық өлім...


Үйдей қара пәле үңгірге кіріп келіп, тарпа бас салса, жастығын ала өлейін деген оймен тас қараңғыда төңірегін тапалап, қолға ілігетін тас іздеді. Тапқан тасы бұған бұйырмай, саусақ ұшынан ары қарай домалады. Тысырын естіп қойды ма, заматында үңгір аузын аю кептеді, бұл аузын бақадай ашып, бақырамын дегенше қара тажал ырылдаған күйі кеудесіне қона кетті. "Аһ!" деуге шамасы келмеген аңшы талып кетеді...


— Астаһиралла, сақтай гөр! Бастан аулақ, аулақ!


Бір діндар шал жағасын ұстап, Құнафия қарттың қолтығының астынан қара аю жылтиып қарап тұрғанда құйрығымен әрмен жылжыды.


Құнекең құлақ қақпады, ары қарай ағыла берді.


— Сол жатқаннан мол жатып, су ішкілігі бар ма, жарық дүниеден татар дәм-тұзы әлі таусылмаған ба, Опанас бие сауымнан соң ес жинайды. Үңгір іші манағыдан гөрі жарықтау, шамасы, таң жаңа сібірлеп келеді. Таудың таңғы дымқыл ауасы тым суық, қолды-аяққа тұрғызбай қалтыратып әкетіп барады Есін жиғаны да сол себептен бе дейді. Тас еденде қол-аяғы төрт жаққа кетіп, тарбайып жатыр. Удай ашыған кеудесі қол апартқызбайды. Шынтағымен жер тірей басын көтеріп, кеуде тұсына қараса... шодырайған төс сүйегі ғана ағараңдайды. Төбе шашы тік тұрды әлгі жерде. Ойпырым-ай, шып-шып шыққан қаны қара қотырланып қата бастаған омырауы жып-жылмағай! Сұлқ түсіп, үңгірдің күйе-күйе ыс төбесіне қарап ұзақ жатады, Шынымен дәм-тұзының таусылғаны ма? Аю түнде мұның кеудесіне бекерден бекерге қонжимапты: жара-жара омырауындағы май мен қанға әбден құныққан екен. Түйенің жылға азық қорегі өркешіне, аюдың майы табанына жиналады. Адамның нәрі мен сөлі омырауында. О баста аю Опанасты ат үстінен кеудеден ұрып алып түссе керек. Жыртқыш аң ақсиған тіс пен ауызды аясын ба, дереу омырау етін қарпып жұлып алған. Қан мен майға ұрты толған аю аңшыны қайдан жіберсін, үңгіріне арқалап сүйреп әкелген. Жаялықтай жараға әлсін-әлі шіпілдеп қан шығады, дәніккен аю оны әлсін-әлі жалайды...


— Құлақ естімеген, көз көрмеген сұмдық екен, — деп, біреу ішін тартып еді, Құнекең:


— Тыңдағың келмесе, жарқыным, құлақ өзіңдікі: тұр да жүре бер, — деп, аюдайын гүр етті. Анау жым болды. — Жақ пен тіліңе сүйенгенше, артын тос. Қызығы алда. — Қолындағы шыбықпен жер сызып біраз отырды. Тамағын кенеді. — Бұл пенденің ит жандылығын қойсайшы. Ажал аузында жатқан адам тұяқ серіпсе де тірлік үшін жанталасады. Опанас біраз тыншып жатып, әл-күш жинауға тырысады. "Мертіккен ат бастан құлақ садаға, егерәки осыдан жаным аман қалса, өле-өлгенше мойныма мылтық ілмеспін" деп іштей ант-су ішеді. Тірі жан тіршілігін жасайды, қаңқиған құр кеудесін сүйретіп, тағы да шығар ауызға мысқалдап жылжиды. Сондағы сиынғаны бір үміт, бір-ақ тілек: тағы аң қашанғы үңгір аузын бағып отырады, күндегі әдетінше жеміс-жидек теріп, тау-тас аралап кеткен шығар, сол екі арада еңбектесе де жер тістеп, қарыстап жылжып, тас түрмеден шығып, жан далбаса жасау керек...


Үңгір табалдырығына жете жығылды, ұзынынан түсіп жатып қалды, үміті өшті, тілегі аяқ асты болды — бәрі-бәрі дәл кешегідей қаз-қалпында: шоқиған аю қонжығын қолтығына қысып, бит, сірке аулап отыр. Екінші қонжық анадай жерде қыңсылап, өз үстін өзі тістелейді, аузы-басы қылшық, тіпті болмағасын жата қалып ары аунайды, бері аунайды. Бит, бүрге шыдатпай әкетіп бара ма, бір кезде өзін-өзі шапалақтап ұрып, бұл жаратқанның шеберлігін қойсайшы, шоқиып отыра қалып, тұмсығын аспанға шошайтып, ботадай боздап жылап берсін. Жас баланы қара да, қонжықты қара, іс-қылығында қылау айырма, өзгешелік болсайшы.


Арбайған тұяғына дәнеңе ілікпей, еңбегі еш болған кірекейдің қаны қайнап кетті ме, алдындағы қонжықты ортаға таман секіртіп жіберіп, әлгі жылауық сыңарына ұмтылады. Одан түскен пайда не, бәз-баяғы жағдай... Аю еңбегі соқыр тиынға татымағасын алаң шетіндегі қойтасқа қорбаңдап шығып, алдаспан тырнақтарын салбырата тарбайтып, тас құшақтап жатып алды. Тау мен тастың дүлей патшасы бит, бүргеге шамасы келмей, ит болды.


Сүт пісірімнен соң тірі азапқа шыдамаған қонжықтар бір-бірін ұрғылап, ырылдай қауып, қырғын төбелес салды. Аю да болса ана ғой, тас құшақтап, шаршап жатқан кейуана дәудің кішкене көзінен бадана жас тарыдай домалады.


Өлі де емес, тірі де емес аңшының уайымы басқа. Қас қарая тырнақты дию тағы да кеудесіне қона кетсе қайтеді? Бір күн шыдаған жан екінші күнге төзе ме? Тағдырдың қылдан да жіңішке жібі үзіліп кете берсе ше?


Жо-жоқ, көрер таңы, татар дәмі әлі бар екен, екінші бүйіріне бір оқыстау аударылып түскенде, қалтасынан шырпы сылдыр етті. Жарты ғұмырын ағаш арасында өткізетін аңшы байғұс қатын-баласын ұмытса да, бес нәрсені өлсе де есінен шығармайды: ол — мылтық, оқшантайы мен темекі, бір қорап шырпы, он шымшым тұз және жалаңдаған селебе пышақ. Тау заңы солай — пәле-жала аяқ астынан.


Опанас екі көзін аюдан айырмай, қалтасына әупіріммен қол сұғып, шырпы алып шықты. Белдігін сипаса, о ғажап, қанжары қынабында, оқшантайы белінде! Қорқыныш шіркін ақыл-есті алып, тіл мен көзді байлап тастайды деуші еді, рас екен. Оған шыбын жанды шырқыратқан жара қосылғанда, әлгі асай-мүсейлерді тас ұмытыпты.


Опанастың кеудесінде үміт шырағы тағы, тағы жылтырап жанғандай. Құтылудың амалын шындап ойластыра бастады. Қара аюға қанжар сілтей алмайсың — ол анық. Әбден әлсіреген, әл-күш жоқ. Ал, шырпы... шырпының себі бар. Тағы аң, оның ішінде аю оттан жаны қалмай қорқады. Аю жинаған ба, әлде кезінде қарға, сауысқан, ұлар, қарсақ, түлкі мекендеп, солар шым-шымдап тасыған ба, үңгір іші қурай, қараған, тобылғы, қарағайдың қураған ақсөңке бұтақтарынан аяқ алып жүргісіз.


Опанас жатқан бетінде бұта, қурайдың қолына ілінгенін бауырына ысырып жинай береді, жинай береді. Шырпы тұтатып, шетіне от қояды. Үңгір іші самаладай жарқырап, шылымкеш адамдай аузынан будақтатып көк түтін құсады. Тас құшақтаған кірекей келсаптай басын келідей-келідей екі аяғының арасына салып қойып, тесіле қарап жатыр. Осыдан аю азуын айға білеп, тұра ұмтылатын болса, аңшы алдымен от және оттан да басқа тағы бір қайла сайлап қойған. Ол — аю жақындай бере оқшантайындағы патрондарды отқа лақтыра беру, таяй берсе отқа бір-бірлеп лақтыру...


Қонжықтар... тырнақты аң болса да бала, баланың ісі шала, әуелі жалпылдаған жалын мен шалқыған түтінге: "Бұл не пәле біз көрмеген?" дегендей үрдегейленіп қараған. Сүт пісірімнен кейін еттері үйренді ме, көздері қанықты ма, үңгір аузына тақап келіп, табалдырық алдында ауа иіскелеп біраз тұрды. "Ғафу етіңіз, қайтейік енді, құмарлық жеңіп өліп барамыз, отыңызға біз де ортақпыз" дегендей жағымпаз қыңсылап, тәртіппен қойқалақтап, бірінің ізін бірі басып бері кіреді. Тәртіптері көпке жетпейді. Есіктен емпеңдеп кіре салысымен дереу тайтаңдап төрге шығады. Отқа құмарта ма, мінбелеп, деміл-деміл жетіп барады. Арыстай сұлап, оң жақта жатқан Опанасты адам деп менсінетін емес. Қауға бас, екі қол, екі аяқты, сақал-мұрты сала құлаш, білте шашы көзі мен желкесін жапқан аңшыны жүндес келген жақын ағайынымыз деп санады ма, қорықпайды, жасқанбайды. Отқа тебітіп тақап келіп, қалт тұра қалды. Бит, бүргелер жалынның қызулы табынан тіріліп, бір бүлікті тыпырлап бастап кетті ме, қос қонжық манағыдай қасынып, қыңсылап жіберсін. Бұл жолы тіпті алабөтен. Мойындарын қайырып тастап, жота, сауырларына тістерін аямай-ақ салды. Бір-бірін шапалақпен ұрып, от шетіне домалатып, аунатып та алады.


Бұл кезде Опанас әм әл шақырып, әм ес жинап, от басында жүрелеп отырған. Қай әулие-әмбие аян бергенін қайдам, қос қонжықтың ең мазасыз, ең тентек ұр да жығын қос қолдап көтеріп алды да, жалпылдаған жалын үстіне тосып, шашлықша аударып-төңкеріп, қақтай бастады. Күйген жүннің иісі қолқаны қабады, қолының отқа қараған сырты бырысып-тырысып шыдатар емес. Опанас оған пысқырып қараған жоқ, омырауын талап тастаған кірекейге деген өшпенділік пен жазықсыз қонжықтарға бағышталған аяушылық сезімі көкірегінде кезек тайталасып, итжығыс түсіп, жеңісе алмай жатыр. Үйдегі алысып-жұлысып ойнап жүретін қос перзенті — Пашасы мен Сашасы есіне түсті ме, әлде тән ауруы жан ауруына айналып, қалай да бір қопарылыс қимыл бастады ма, кім білсін. Таудың жабайысына қорек керек, бұған шыбын жан керек, аң мен адамды атыстырып-шабыстырып қойған бұл тағдырды қойсайшы!


Рақаттан қыңсылаған қонжықтың үстінен бит, бүргелер отқа домалап, күйген бидайдай бытырлайды... Кірекей ар-р етіп жалғыз-ақ қарғып, үңгір аузына жетіп келді. Баса-көктеп кірген жоқ. Қонжықтардың бейбіт үнін естіді ме, жеткен жеріне шоқиып отыра кетті. Бит, бүргеден арылған, түбегейлі тазарған қонжықтың алғашқысын аңшы қон беріп еді, сәби неме құнжың қағып, үңгірден атып шықты, ал, содан асыр салып ойнасын. Аю оған ұза-ақ қарап отырды. Аңшы тізесіне сүйкеніп, "мені де сүйтсеңші" дегендей қыңсылап, түртінектеген екінші қонжықты қолына алды. Оны да отқа шала үйітіп, не түрлі жыбырлақ, қышымалардан басын азаттайды. Аңшының қолын жалап тастап, тайып тұрған бұл қонжық та құнтыңдай домалап сыңарына қосылады. Қутыңдаған қос қонжық, тас алаңның шаңын аспанға шығарып, не түрлі ойын ойнасып: құшақтасып күреседі, құлақтарынан тістеп тартады, бір-бірінің басынан асып домалайды, тоқ етері, жер бетіндегі барлық бақытты балалардай шат-шадыман, мәз-мейрам. Кірекей әлі тапжылмай, міз бақпай отыр... Үңгірдегі шөп-шалам, бұтақтар отқа түсіп, ақыр-тақыр таусылуға таяу. Үлбіреген аппақ күлдің астында көз жылтырап өлеусірейді: шәй қайнатымнан соң о да сөніп бітеді. Үңгір аузынан аю бейнесіндегі ажалын күткен Опанас та қанжарын кезей ұстап жүрелеп отыр. Аңдысу көпке созылмады. Бір уақытта аю күрсінгендей дем шығарды, пысқырынды, орнынан жайлап тұрып, қос қонжығын ертіп, астырттағы сайға түсіп кете барды. Манадан бері қорқыныш сүйеп отырған аңшы табалдырық құшақтап құлай кетеді.


Сол күні Опанас аңшы қас қарая әбден халы бітіп, өзен жағасында есінен танып, етпеттеп жатыр екен, шекарашылар үстінен шығып, тауып алады.


...Қарт кеш қараңғысында ажырамастай қабысып, кірігіп кеткен аспан мен жердің жігіне мелшие үңіледі. Қолына қайрақ, күрегін алды. Көкжиек үстіндегі пышақ жүзі сәуле секунд санап жұқарып барады. Қарт қайрақ пен күректі алдына өңгеріп алуын алғанмен, бір-біріне егестірмеді, үнсіз омпиып отыр. Оқыс біткен таңғажайып әңгіме естерінен тандырып тастаған халайық тым-тырыс, мең-зең. Жұлдыздар жыпырлап көбейе түскен. Таулар қара түнмен астасып, қос бүйіріне кезек теңселеді. Мұзтаудың көгілдір жылтырақ иығынан ай қорғалап қарайды. Байғыз шақырды. Селт етіп, бойын жинаған біреу түсінен шошып оянғандай:


— Опанас... сертін орындап па? — деді.


— Қайдағы серт?


— Аю тырнағынан аман-есен құтылсам, мойныма мылтық ілмеспін деген...


Қарт құмығып сөйледі.


— Тағы он шақты аюдың терісін сыпырып алыпты.


— Құдайын тез ұмытқан екен.


Әлдекім еңіретіп тұрып есінеді.


— Рас па осы?


— Естіген құлақта жазық жоқ, — деп, Қабілқақ қарт дүңк етті де, орнынан тұрып, етегін қақты.


***


Рас, өтірігін қайдам, құлағы түрік ел: "Сол бір тұл қалған таулардың биік құз, терең шатқалдарынан аюлардың өкіріп бақырып, күңіренген үні бүгінге дейін естіліп жатады", — дейді.





Пікір жазу