Келіншек және бала жігіттің сезім шарпысуы
Бала жігіт... бусанады жас көңіл,
Өртенеді шыға алмай бір тұманнан.
Түске айналып бара жатты басқа өмір,
Таутекедей тастан тайған тым аңғал!..
«Бүкіл жанға өрттей көзбен алау сап,
Өте шықты-ау, сиқырлы өзен – сонау шақ.
Кешігіп сәл көрген бұлдыр көктем бе ең,
Жүргенімді білмегенде нені аңсап!»
Деп келіншек көкірегі күйіп тұр,
Обал-ау, ә, алар еді сүйіп бір.
Қара көздер арбасуға төзімсіз,
Берер еді тереңінен құйып сыр!
Кешкі көктен жаңа туған ай құсап,
Келіншекке кетті жігіт қайғы сап.
Ол ұмытқан, жары екенін біреудің,
Ол ұмытқан, бар екенін ойлы шақ.
Қос махаббат,
Қос өзендей қос үміт,
Жалғыз шешім таба алмады қосылып.
Келіншек тұр «қайным» деуге бата алмай,
Бала жігіт кете ме деп шошынып.
Бәрі, Бәрі болып оған кінәдай,
Не болды деп сасады іштей, құдай-ай,
Көп қарауға жігітті аяп тым албырт,
Қарамауға дәті құрғыр шыдамай.
Ал, жігітің күйде екен ол қандай,
Жағасына жалғыз аққу қонғандай.
Жақындауға буындары дірілдеп,
Жан сезімі торға түскен торғайдай.
Өзіне-өзі дейді іштей «үндеме»,
Өртеніп бір көкірегі шілдеге,
Қу келіншек шапалақтап кетеді-ау,
Десе егер бірдеңе!?
Жалын отты жауып ұят санаға,
Мазақ етіп сезім ұшқан шағала.
Қалып қойды-ау, қарсы жүзбей толқынға,
Өткел таппай екеуі де жағада...
Көкіректің көзбен оқып күмбірін,
Түсінді ме, түсінбеді бір-бірін.
Сап-сап айтып тартынады қос ынтық,
Жел сезімнің төзім тартып шылбырын!
Бір-біріне деген ыстық іңкәрлік,
Кетті оларды өкіндіріп, мылқау ғып.
Ояу аспан кірпігінде әлі де
Со махаббат айтылмаған жүр қаңғып!..
* * *
Бір бұлтты сен кел төбеңе жамыл да,
Бұлтты жазар бір қызу бар жанымда.
Шомылып көк нөсеріне сезімнің,
Күн өтіне қанат жайып, дамылда!
Теңіз боп та, кел баурыма алқынған,
Ашуыңнан ақырғанда жал тұрған.
Сабыр айтып шаңқылдаған төбеңде,
Ақ шағалаң болайын мен талпынған...