13.08.2021
  312


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Сен мені сағындың ба?

Ағарып таң келе жатқанда,
Оңаша тіл қатып,
Толқып бір бақтарға.
Батып сәт жаның мұңға,
Сен мені сағындың ба?!
Жан-ағың жарқырап,
Тұрған бір шағыңда,
Жарысып қиялың
ақ толқын сағымға.
Бір бұлтты жамылдың ба,
Сен мені сағындың ба?!
Көріп көк дүниені көл бетінен,
Айдындағы айдай боп тербетілген.
Малынып сағым нұрға,
Сен мені сағындың ба?..
Өткен күн елестеп тізбектері,
Топ жұлдыздың ішінен іздеп мені.
Айналып әнің жырға,
Сен мені сағындың ба?!

* * *

Жапырақтар шуылдап жел шақырады,
Күн көзімен түрленіп.
Сезімім сыбырлап сені шақырады,
Кетпейсің бе бір келіп...
Жапырақтар теңселіп жел шақырады,
Көкке созып саусағын.
Жүрегім жол соғып сені шақырады,
Қайдасың, аңсарым!..
Қызғалдақтар бүрсіп таң шақырады,
Жатырқап көбелегін.
Арманым қол бұлғап сені шақырады,
Мүмкін бе елемеуің?!
Жапырақтар шуылдап жел шақырады,
Күн көзімен түрленіп.
Сезімім сыбырлап сені шақырады,
Кетпейсің бе бір келіп...

* * *

Тыңдайтын ем жырыңды мен ұйып көп,
Еңсем бір сәт биіктеп.
Естілмейді енді бүгін ол үнің,
Көкірегім толы мұң.
Тыңдайтын ем әр жолыңды тамсанып,
Іштей сыңсып, ән салып.
Оқылмайды енді бүгін ол өлең,
Жастығымды төлеген!
Тыңдайтын ем жырыңды мен ұйып көп,
Еңсем бір сәт биіктеп.
Кетті-ау, шіркін сол бір дәурен демде өтіп,
Шалғай тартып, шөлдетіп...

* * *

Ақ жаңбыр жауып, басылғанда сен кеп ең,
Таңғы гүлім ашылғанда кеудеден.
Бір жаңбыр жауып басылғанда сен кеп ең,
От үміттің сәулесіндей сөнбеген!
Тамшымен маржан түз қойнына төгілген,
Иіп жатыр жер-ананың емшегі.
Бір жаңбыр тағы жауып өтсе көгімнен,
Күн болып шығар соңынан деуші ем мен сені...
Ақ жаңбыр жауып басылғанда сен кеп ең,
Менің отты үмітімдей сөнбеген.
Саған деген сағынышты күннің басындай
Қойды ғой, жаным,
Мына жаңбыр басылмай...

* * *

Болсаң егер бір адамды сүйген шын,
Онда сенен сүюді жұрт үйренсін.
Шарпылмаған махаббаттың отына,
Әрі-сәрі күдікшіл бір күйге енсін.
Ой-хой, өмір жас арудай билеген,
Саған төніп ерін жоқ қой күймеген.
Отанын да сүйе алмайды дер ем мен,
Бір адамды тебіреніп сүймеген!..

* * *

Күтем ұзақ,
Қараңды сол аңсаймын,
Жани берсең
Тозады екен шыдам да.
Ең болмаса көрсем сені ай сайын,
Мен бақытты болмас па едім бұдан да.
Туған дала бір пұшпағын мекендеп,
Күн шуағын көкірегіме құлаттым.
Сипадым мен сенің шашың екен деп,
Бұйра-бұйра толқындарын бұлақтың.
Жанарымнан жарық өмір оты өнбек,
Сезімімнен селк етіп жыр құсы әппақ.
Айқай салдым сенің жаның екен деп,
Туған жердің кең жазығын құшақтап!
Сүю күші қайтіп,
Қалай өтелмек,
Сүю күші айнымайды бораннан.
Ту санадым сенің арың екен деп,
Әппақ бұлтты шың басына оралған.
Жүрегімді жыр ғаламның оты емдеп,
Сөзім ұқсап солқылдаған жас талға.
Күннің көзін сенің көзің екен деп,
Жасқаншақтап қарай бердім аспанға!
Күтіп ұзақ, үміт қуып аңсаймын,
Жани берсең тозады екен шыдам да.
Ең болмаса көрсем сені ай сайын,
Мен бақытты болмас па едім бұдан да...

* * *

Жазғы күннің жазықтағы желі өпсе,
Жүзімді бір өтер жұмбақ мұң қарып.
Оттай болып өзге жақтан ерекше,
Сен жүрген жақ көрінеді тым жарық!
Өте шығар жастық желдей уақыт түс,
Өте шығар осынау бір көктемдей.
Мен аңсаған арман атты бақыт құс,
Өзіңменен бірге ұшып кеткендей.

* * *

Жылы бір үн ести алмай мен сенен,
Жағадағы бос қайықтай теңселем.
Әйелге тән қасиеттер мендегі,
Сенің жалғыз қабағыңмен өлшенер.
Жылы бір күй қабағыңнан оқылмай,
Күрсінемін неге іштей, япырмай.
Әсерің тұр тиіп сезім көгіне,
Бұлтты күнгі нажағайдың отындай!..

* * *

Сол күндерді есіме шын сақтап ем,
Сол күндерге сонау айрық жол куә.
Жырларымды оқушы едім жатқа мен,
Сенің, жаным, жатып алып алдыңа.
Сол күндердің тастапты еске бір күні із,
Сол күндермен бізге қайда табыспақ.
Өзен болып ашық мөлдір күлкіміз,
Бір ағынмен кетіп қалған алыстап!
Жүрегіме жағып сезім отын бір,
Жанарымнан сонда жалғыз жас тамды.
Өз алдыңда жатып едім оқып жыр,
Қыз кеудеме жамылып ап аспанды!..
Бізге ол күн қайта соғып, жолықпас,
Ол күн орнын жүректен тек тапты шын.
Жатқам ұзақ өз-өзіме болып мас,
Бір бақыттың ұстай алмай ақ құсын.
Сенде де өзге,
Менде де өзге тіршілік,
Күнә қазір төске жалғыз жас таму.
Теңіздей бір кеме тосқан күрсініп,
Сол күндерді бақыт боп жүр еске алу.
Сол күндерді еске ұмытпай сақтап ем,
Сол күндерге арқау болған ән-жырым.
Айта алмағам бірақ сонда жатқа мен,
Бізге деген келер жолдың тағдырын...

* * *

Көл болып жатсаң момақан,
Түбіңде тұнып бар әлем.
Толқыныңның шашын балапан,
Самал боп барып тарар ем.
Жаздың бір әсем кешінде,
Базарым қайтіп тарқамақ.
Айдын боп жатсаң төсіңде,
Айың боп тусам шалқалап.
Бәйтерек болсаң шыңда өскен,
Жапырағың болып шуласам.
Кеудеңде үнсіз тілдескен,
Бұлбұлың болып жырласам.
Теңеуге басқа кедеймін,
Өзіңсіз іштей құсамын.
Кеттің ғой ұзап, не дейін,
Жарық қып жаттың құшағын!..

* * *

Көңіл шіркін кетеді-ау борандатып,
Жанымның жалынын бар алаулатып.
Бір жүректің жете алмай жағасына,
Бір тұңғиық түбіне барам батып...
Алаңсыз ашық күндей күйде жүр ек,
Қызғаныш қададың сан инеңді кеп.
Тарсынып бір кеудені тебеді-ай бір
Білмеген жазалауды сүйген жүрек!
Қызғаныш араласып долы қанға,
Тағдырдың тәлкегіне жолығам ба.
Қаңбақ боп кетер ме едім құйын қуған,
Болмаса шыңдап алар сенім балға!..
Қызғанамын өзгеден мен де сені,
Сезім құрғыр тайталас белдеседі.
Қызғанышым көңіл ғой шала жанған,
Дара жанса жүректе от сөнбес еді.

* * *

Өзіңе,
Тек өзіңе жалындырып,
Жақсы ма жерге төксем жанымды үгіп.
Сағымды уақытпен кетті ұрланып,
Кешегі асау арман,
Жалынды үміт!
Сөкпеймін, сүйгендіктен қызғанасың
Мен үшін от боласың,
Мұз боласың.
Мен үшін қайраттанып шыңға шығып,
Мен үшін құлағандай құзға басың.
Мен үшін сендегі саф адалдығың,
Тосасың көңіліңнің маған күнін.
Қалқам-ай, кешіктің бе,
Өзің үшін
Қай жерден солмас өмір табам гүлін.
Қайтесің күтіп алдан тағдыр әнін,
Сезімнің таптамашы бал құрағын.
Өтейік өткелінен бұл өмірдің
Күмбірлеп қос шегіндей домбыраның!

* * *

Өзің жайлы бір өшіріп, бір жазам
Өзің жайлы көңілде ұрыс, тай-талас.
Жүрек үшін жүреді екен кімге заң,
Ей, жігітім!
Пернеңді әлгі қайта бас!..
Мынау тірлік жайма-шуақ мазалап,
Ойға отырмын бірде шығып,
Бір батып.
Сүйгеніңді жиі көру азап-ақ,
Көрмей жүру емес тағы шын бақыт!..

* * *

Жайылған жасыл толқын сағым белдер,
Жабықсам, желпіп желің, жанымды емдер.
Жүгірген жалаң аяқ он бестерім,
Жоқтып тұрмын, шетіңнен жалынды еңдер!..
Әсемдікті құйып бар қыз көңілге,
Талпынып ек құмартып ізгі өмірге.
Айдындардан қалқыған таласушы ек,
Ақ моншақ аққулардың тізбегіне!..
Жүзінен жаңа туған әр айдың мен,
Сендерді көріп ұзақ қараймын мен.
Тізбек ек ажырамас сол аққудай,
Адастық енді міне әр айдынмен!..
Бұл көңіл мамырлаған қаздай бүгін,
От болып әр ошақта маздайтұғын.
Жаңғырғыш жандарың жаз табиғаттай,
Шетіңнен ақын еңдер жазбайтұғын.
Өзгеше бақыттымын тасып күлмей,
Мұңына ортақтасып ғашықтың кей.
Сендерді ойлап, достарым, бұра берем,
Бір жағым бұлт, бір жағым ашық күндей.
Түске айналып қызығым өңімдегі,
Есейтті досқа сараң өмір мені.
Түртіп қалса, кеудемде түйін болған –
Көп сырым жыр далаға төгілгелі...

* * *

Астан-кестен кеудемде сезімдерім,
Аспан көшкен көлдердей, көз ілмедім.
Қиялымнан ұшқандай қыран құсым,
Әлде аңсатқан армандай бір әнбісің!..
Мен аңсаған бір мүсін өзің бе едің,
Астан-кестен сезіммен көз ілмедім.
Қара шашты кетсе де қырау шалып,
Өзіңді іздеп табармын сұрау салып!
Көздеріңнен кеудеме қызу еніп,
Көшіп кетті талайғы мұзым еріп.
Көшіп өткен осынау таң сағымын,
Қуамын деп тоналды бар сабырым.
Мен шыға алмас сен әлде бел-өрмісің,
Қарсы келсем бетпе-бет, елермісің.
Өтермісің шошынып жалғасудан,
Атқан оқтай зу етіп, дәл қасымнан!..
Осы күйді сен кешсең, қайтер едің,
Бұрымдарды тарқатып, қайта өремін.
Шомылып бояуына таң нұрының
Жүгенін алсаң еді тағдырымның!..

* * *

Тағы,
Тағы... ұйқысыз азап таңы,
Дөңбекшітіп, қайтейін тез атпады.
Семсер сезім кеудемді тілгілеумен,
Тәлкек етіп жанымды мазақтады.
Жанарыма тамшыдан жасты ойнатып,
Мойыныма ауыр ой тастайды уақыт.
Жаным-ай, сенсіз мынау жұмсақ тәнге,
Жұмсақ төсек барады тастай батып!
Дөңбекшітіп,
Қайтейін, өтпейді уақыт,
Көкіректе көп қиял атты ойнатып.
Бір көңілге кішкентай медеу болар,
Жалғаннан жылтыраған таппай бақыт!
Күлгенім де, белгісіз күрсінгенім,
Ұзақ түннен тұрады құр сүлдерім.
Ұйқысыз өзіңді іздеп бір сапармен,
Жол тартқан жүрек болып дүрсілдедім.
Сол күйі түнеп қалдың көзімде сен,
Солқылдап кетер ішім, өзің десем.
Неге екенін білмеймін, сені еске алсам,
Шайқалып-ақ кетеді сезім кесем!..

* * *

Сыртқы көзге сабыр сақтап, сыр сақтап,
Жүрген жай бар нөсерлетіп, бұршақтап.
Көкірегімнен алай-дүлей қорқамын,
Өртке айналып кете ме деп бір шақпақ!
Тыныштықты тілеп жүрген шағымда,
Сен кездестің, азабым ба, бағым ба?!
Батып кеттім ұстатпай-ақ бірақ шын,
Қоңыр күзде қырдан қашқан сағымға!
Мен сен үшін көрінбеспін көктегі ай,
Күліп жүрсең көп ішінен жоқтамай.
Сұлулықты бермей бетке табиғат –
Үйіп-төгіп құр ішіме төккені-ай!..
Екі көзім тұманданып, тіл қатпай,
Өтіп кетсем, сезім әнін тыңдатпай.
Қала берші, таңданбай-ақ сен оған,
Әйел жаны шешуі жоқ жұмбақтай!..
Сыртқы көзге сабыр сақтап, сыр сақтап,
Жүргеніммен бұзыламын бір сәтте-ақ.
Көкірегімнен алай-дүлей қорқамын,
Өртке айналып кете ме дер бір шақпақ...

* * *

Қоңыр жел – қоңыр даусың қырдан ескен,
Кетпейді қайда жүрсем ырғағы естен.
Қыран құс құлдиласа құр қайтпаған,
Бұлт күйін қанаттары жырлап ескен!
Аңсаумен арман әнін өлең-кеудем,
Үн шықса дір етеді елеңдеумен.
Үн шықса, дір етеді тұла бойым,
Сабыр боп сағынышқа келер деумен.
Қоңыр жел – қырдан ескен қоңыр даусың,
Өртімен сезімге кеп соғылған шын.
Сол өртке жаңбыр болып, дауыл болып,
Жетсеші! тағы да бір шөлім қансын.
Қоңыр жел қырдан ескен өз әніңмен,
Көңілдің қалың бұлтын жазамын мен.
Бақытты бір сәтім боп орал жаным,
Жолдағы салмағы ауыр азабымен!
Қоңыр ән бұлт баурынан дала көшіп,
Бір үміт бір кеудеден жанады өшіп.
Арман-ай, бозбаланың әнімен сол
Туған жер, тербеледі ана бесік.





Пікір жазу