13.08.2021
  182


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Сағыну

Туған жер, ата мекен – Қосағашым,
Жыл өткен сайын қайта жасарасың.
Өзіңде туып-өсіп,
Алғаш рет
Аттағам арманымның босағасын!
Бүгіндер өзгерді екен далам қайтіп,
Бұлты жүр сағыныштың таралмай түк.
Төркінің қай жер десе, біреулерге
Ұқтырам Ілияс пен Сараны айтып!
Көңілге медет болып не түрлі арман,
Күттім мен үмітпенен ақ күнді алдан.
Туған жер!
Мен өзіңе сәлем айттым
Төбемнен сыңсып ұшқан аққулардан!
Сен жақтан балаңдықты іздедім мен,
Қарлығаш – сол баяғы қыз көңілмен.
Туған жер,
Мен өзіңе сәлем айттым
Жөңкіліп көшкен бұлттар тізбегінен!
Кеудеме келер күннен от сап арман,
Күттім мен үмітпен көк бақшаны алдан.
Туған жер!
Мен өзіңе сәлем айттым,
Ақырын есіп өткен ақ самалдан!
Арқаға құлап қара егіз бұлақ,
Серілік құра алмадым сезім бұрап.
Бөленіп өзеніңнің толқынына,
Кеудеммен жүрмін мынау теңіз құрап!
Үстімен ақ топырақ,
Құм шағылдың
Жүргенді жалаң аяқ шын сағындым.
Сені еске алсам,
Еріксіз тұла бойдан
Иісі шығар боз көде,
Жусаныңның!
Мың күнім сенде жүрген бір күнге тең,
Ақсуым, аспаны ашық,
Бұлбұл мекен.
Жүрген соң өз аулыңнан алысырақ,
Қадіріңді мен содан білдім бе екем!..
Баба жұрт!
Алтын қазық – жанға тұрақ.
Бұл жүрек сенен өнген тал-жапырақ.
Шабытымды шақырам өр кеудеме,
Толқынын Ақсуымның аунатып ап!
Бір балаң осы менше сүйіп пе екен,
Көгіңді көңіліммен биіктетем.
Махаббат жалынына шыдай алмай,
От сезімге өртеніп
Күйіп кетем!..
Шабытпен жел боп тиіп бұлт қашырдым,
Таласып асқарына шырқау шыңның.
Ақсуым, жарға соққан ағысыңның,
Аспанға атып шыққан бір тамшысымын!..
Өзіңсіз жетер маған ауа қайтіп,
Бұлты жүр сағыныштың тарамай түк.
Біреуге, туған жерің қай жер десе,
Ұқтырам Ілияс пен Сараны айтып!..
* * *
Жартастар туады
Шілде айында қыс толғатып.
Керуен бұлтты үстіне түсте аунатып.
Келіншек уақыт қайда екен,
Беу, дариға-ай,
Қойнынан түнеп бір ұшқан бақыт!..
Жартастар туады.
Толғатып бұлт тураған жай отымен,
Төсін ұрған теңізді оятумен.
Мұңайып бір, түнеріп тұрар кезі бар,
Табиғаттай беттесіп ол ақынмен.
Жартастар қыраны!..
Сендерді жылдар аңсадым мен,
Оралар деп осынау таң сәріммен.
Жартастар бесік балапандарын тербеткен –
Теңізді шайқап толқындай сүйрік саусағымен...
Жартастар ашуын
Жауар бұлттар жамырап жазардай келіп,
Бауырларын толқынға сазандай көміп.
Көктемі қайта келгенде –
Кеудесі иіп жатады екен құстардың
Қиқуларымен
Тарқамаған жәрмеңке базардай болып!..
* * *
Менің жырым – күлкісі ұл-қызымның,
Бір суынып, солармен бір қызындым.
Ана кеудем аспандай айы туған,
Ақпаса екен бірі де жұлдызымның!
Менің жырым – ақтығы аспанымның,
Тұрса екен күннің көзін бүркемей бұлт,
Өмірім арасында қас-қағымның
Үмітімді жандырар білтедей ғып.
Менің жырым – осынау ғалам жыры,
Сіңірген тамырына шапағын күн.
Менің жырым – жер әлем амандығы,
Амандығы, от басы, Отанымның!..
* * *
О, жыршы құс!
Тілейсің сен бағыңның тыныштығын,
Нұрын сеуіп тұрса деп күміс күнің.
Тілеймін мен де сендік жүрекпенен
Амандығын туған жер, уыс гүлім!..
Сен титтей-ақ болғанмен,
Дала – кеудең,
Сыбағасын жарыққа ала келген.
Болса егер көгің тыныш, көңіл тыныш,
Сенің ұяң тағдырлас бар әлеммен.
Сенің әнің секілді өмір әні,
Сезімге кеп сан сәуле соғылады.
Сен тұтатқан жастықтың жалынының
Үрлеп келем сөндірмей шоғын әлі.
Бар сұлулық сен үшін таранады,
Әкетсін деп біздерді орап әні.
Бүкіл тірлік біртұтас бітімімен
Сенің титтей кеудеңнен жаралады.
Сәл мұңайып бір оймен отыр едім,
Биіктеді сені естіп көкірегім.
Оралып ең көңілдің көктеміне,
Көктем болып кетпесең, өкінемін!..
Серік емес сезімге бұлдыр арман,
Арман айқын жылатып, күлдіре алған.
Зарықтырмай шырқашы,
Тағы келдім
Даусыңды естуге мың бұралған.
Сайрап жібер бағыңда, әнші құсым,
Шертіп бір жүрек қылын, жан шынысын.
Жауыннан соң ашылған даладай боп
Тазарып шаң-тозаңнан қалсын ішім.
Сен титтей-ақ болғанмен дала – кеудең,
Бар байлығын өзімен ала келген.
Болса егер ел де тыныш, сен де тыныш,
Сенің бағың тағдырлас бар адаммен!..





Пікір жазу