13.08.2021
  147


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Шопанға

Шаңырақтай көрінген мынау аспан,
Шертеді шопан жайлы мұра-дастан.
Тұлғаңнан көрем анық хас батырды,
Қабағынан мұз еріп, қырау басқан.
Әу баста тигеннен-ақ атқа аяғың,
Дала деген кеудеңде ақты ояу үн.
Сенің мынау момақан қойың түгіл,
Дауылдарды иірер ақ таяғың.
Ойыңнан өлмес өмір оты жанып,
Көрген жоқсың бір істен қапы қалып.
Бұлбұлды сайратасың қойыныңнен,
Жер-аспанды көгілдір сахна ғып.
Алдымнан белес-белес қыр домалап,
Бір сәтіңді сезінем жылға балап.
Бұлжытпай уақытты білесің сен,
Қолдағы сағатқа емес, күнге қарап!
Жанарға талай-талай жас парлатты,
Осынау тұрғызғанша баспалдақты.
Корабль дәл қасыма қона ма деп,
Бұл күнде шопан шолар аспан жақты!





Пікір жазу