12.08.2021
  214


Автор: Мешітбай Құттықов

Тергеуші

Өтті түндер бір-бірімен жалғасып,
Ұйқы да жоқ,
Ажарыңнан қан қашып,
Қақтығыста қимыл баққан әтештей,
Қылмыстымен отырасың арбасып.

Ойланасың әлденеге, бейжайсың,
Қағазыңды көңілсіздеу жинайсың.
Жауапкерді алып кетті бөлмеге,
Сен отырсың,
Өзіңді-өзің қинайсың.

Ұйықтамайсың,
Күндізгінің бәрі есте,
Көз алдыңда - жас жұбайлар,
Нәресте.
Демалсаңшы бүгін істі бітіріп,
Айыбына қол қойдырдың емес пе?

Білем,
Білем…
Өзім ғана түсінем,
Тебіренсең терең ойдың күшімен,
Адам үшін іздейсің-ау
Бір жарық,
Көмескі бір бөлмелердің ішінен.





Пікір жазу