12.08.2021
155
Ей, жолаушы!
Ей, жолаушы, ойланыңыз енді сіз,
Кей істер бар қылмыстарға бергісіз.
Қарулыдан бетер кейбір мас шофер,
Қашан мерт қып кететіні белгісіз.
Мас шоферге жол теңіздей телегей,
Салдыр-күлдір, ой шұқырды елемей,
Бұрылыста аунап барып қайтады,
Тайдай толқын тарпып соққан кемедей.
Бір шофердің қылығынан санасыз,
Жолаушылар есі кетіп шарасыз.
Байқамаса бірер секунд өтпей-ақ,
Бала әкесіз, ана қалар баласыз.
Ей, жолаушы, ойланыңыз енді сіз,
Мұндай істер қылмыстарға бергісіз.
Ішіп алған шофер де бір дұшпаның,
Қашан мерт қып кететіні белгісіз.