12.08.2021
  212


Автор: Мира Сембайқызы

Жәрдемақы жыры

Биыл қыс ерте түсіп, қалада жеке жұмыс берушілерде, кімдерге бұйыратыны белгісіз көпқабатты сансыз үйлердің кірпішін қалап, отбасын асырап жүрген Мұқыш жұмыссыз қалды. Ауылдағы бес баласына алатын жәрдемақы, әйелінің айтуынша, бір қап ұн мен бір баллон газ алуға және жарықтың ақшасын төлеуге ептеп-септеп жетеді екен. Бұған да шүкір. Бүгін таңғы ас кезінде әйелі бір әңгіменің шетін шығарды.


— Ана Түкеш бар ғой, соның әйелі «көп балалы» дегеннен өзге тағы да төрт баласына жәрдемақы алады екен.


— Иә, сонымен?


— Мен де құжаттарды жинап, сол жәрдемақыны жасатып көрсем қалай болады? Ең болмаса күн жылынып, сенің жұмысың қайта басталғанша бір себеп болар? — деді күйеуіне сұраулы жүзбен қарап.


— Әй, ол үшін мал басын есептейді деп еді… бізге шыға қояр ма екен? — деп Мұқыш сенімсіздеу жүзбен әйеліне қарады.


— Түкештердің бес сиыр, жиырма шақты қой-ешкісі бар ғой. Сонда да алады. Оларға қарағанда бізде мал басы аз ғой.


Сонымен не керек, осы әңгіменің жетегімен Мұқыштың әйелі үйдегі құжаттарын алып, кеңсе жаққа тартып кетті. Кеңсеге келген соң, анаған жолық, мынаған жолық деумен ақыры, бір жас жігіттің алдына келіп, жұмысын айтты.


— Қарағым, мен бұрын алып көрмеген едім. Бірақ көрші әйелдерден естуімше, балаларға қосымша жәрдемақы беріледі екен. Күйеуім уақытша жұмыссыз қалды. Енді күн жылынғанша, мүмкін болса, сол көмекті алсам ба деп едім, — деп жас қыздай ұялып, терлеп кетті. Біреуден қарыз сұрап тұрғандай қысылды, тіпті. Жас жігіт алдындағы тетіктерін тарсылдата басып отырған компьютерден көзін алмастан,


— Әрине, апай, ондай жәрдемақы бар, — деп асығыс жауап берді.


— Онда, жақсы болды. Қандай құжаттар жинауым керек? — деп мәселенің оңай шешілгеніне қуанған әйел сөмкесінен құжаттарын шығара бастады. Сол кезде ғана жас жігіт әйелге жаңа көргендей аңтарыла қарап:


— Апай, тұра тұрыңыз. Әуелі кірісті есептеп алу керек.


— Е, онысы бар ма еді? — деп Мұқыштың әйелі қағаздарын қайтадан жылы орнына салып қойды.


— Күйеуім жұмыссыз дедіңіз, иә?


— Енді уақытша ғана ғой, — деп байқұс әйел «жұмыссыз» деген сөзге жерге кірердей ұялып кетті. Бұрын ешкімге «жұмыссызбыз» деп көмек сұрап келмеген екен. Өзі де, Мұқыш та.


— Онда күйеуіңізге пәленбай мың кіріс жазамыз, — деп жігіт алдындағы ақ параққа екі орынды санға үш нөлді тіркеп жазып қойды. Мұқыштың әйелі шошып кетті.


— Ойбай-ау, мен оны жұмыссыз қалды деп тұрмын ғой. Пәленбай мың кіріс жазғаның не?


— Апай, ақша таппайтын еркек жоқ. Кем дегенде осындай кіріс жазуымыз керек. Жарайды, ары қарай, балаларыңыз нешеде?


— Үлкені жетінші сыныпты, кішісі даярлық сыныбында.


— Онда сізге пәленбай мың кіріс, — деп бір орынды санға тағы да үш нөлді тіркей салды.


Мұны көрген әйел тіпті шошып кетті.


— Қарағым-ау, мұның не? Мен мұндай кіріс кіргізсем, сендерге келемін бе?


— Апай, кешіріңіз, солай жазуым керек. Көршінің баласын түске дейін қарап беріп, ақша аламын немесе нәски тоқып сатамын дейсіз бе, әйтеуір, бірнәрсе істеуіңіз керек.


— Ауылда көршінің баласын бір ай қарап берсе де, ақша алған қай қазақты көріп едің? — деп ашуланып қалды Мұқыштың әйелі. Істемеген ісін қалай істедім деп жазсын?


— Апай, түсініңізші, солай жазуым керек. Ал енді үйде малдарыңыз, үй құстары, бақша бар ма? Соны айтыңызшы? — деп жас жігіт тағы да қағазына үңіліп, жазуға ыңғайланды.


— Бір сиыр, бес қой. Құстан екі тауық, бір қораз. Есік алдында шағын бақшамыз бар, — деп Мұқыштың әйелі малының санына жете алмағандай кібіртіктей жауап қатты.


— Бір сиырға пәленбай мың, бес қойдың әрқайсысына пәленбай жүзден, бақшадан түскен өнімге пәленбай мың, тауықтың жұмыртқасына пәленбай мың, — деп, суырмадан суырып алған бір бума қағазына қарап сартылдатып екі орынды, бір орынды сандарға нөлдерді тіркеп жатыр. Қолы әбден кіріс есептеп машықтанғаны көрініп тұр. Мұқыштың әйелі сасайын деді. Тіпті ұяла бастады. Осынша кіріс кіріп тұрып, мұнда келгенін естісе, көршілері қанағаттарың қайда деп бетіне басатын болды-ау! Сонда да көкейіндегі сұрақты қойып қалды.


— Сонда мына кірісті мал мен бақша қалай кіргізіп жатыр. Соны түсінбей тұрмын, қарағым.


— Түсінбейтін несі бар? Сиыр деген сүтті жануар ғой. Сүтін сауып, күніне екі литрін өздеріңіз ішсеңіздер, сегіз литрін сатыңыздар. Ал қойды, ай сайын жүнін қырқып сатыңыздар. Ал өзін ай сайын базарға шығарып немесе сойып, етінен қаржы жасаңыздар. Ал тауық деген нағыз жұмыртқа фабрикасы ғой. Бір айда екі тауық 60 жұмыртқа туады. Соны сатып шәй пұлыңызды шығарасыз. Бақшадан алған бес қап картопты да базарға шығарып сатсаңыз, әжептәуір пұл болады.


Жас жігіт бастырмалатып, сату-сату деп кетіп еді, Мұқыштың әйелі қатты састы. Ұялғанынан қалай бөлмеден атып шығып, көрші әйелдердің бірі көріп қоймасын деп, үйіне қалай жеткенін аңғармай қалды. Іштей өз-өзін жазғырып келеді: «Құдайым-ау қайдан келдім? Осынша қаражатымыз бар екен. Соған шүкір етуіміз керек еді ғой. Ұят-ай!» Үйіне келе сала Мұқышқа кеңседегі барлық жайды жайып салды. Бекер бардым, неге мені тоқтатпадың деп, күйеуін жазғырды. Әйелінің әңгімесін естіген Мұқыш мырс етіп бір күлді.


— Әй, аңқауым-ай! Сені әбден қатырыпты ғой! Өзің ойлашы, сиырыңнан қанша сүт аласың? Не, жыл он екі ай сүт саулап тоқтамайтын ба еді? Бір қойды ай сайын базарға апарып сатып, байыған қай қазақты көрдің? Сонда не, бәрін сатып, екі қолымызды мұрнымызға тығып отырайық па? Бұлар енді күн жылынса, үйге кірген шыбын мен қоймадағы тышқанға да кіріс жазар. Үйде Ақтөс деген итіміз бар деп айтпадың ба? Кірісіміз көбейе түсер еді, — деп Мұқыш қолын бір сілтеді.


— Ауызды жаратқан Құдай, нәпақасыз қалдырмас. Ертең қала жаққа барып, жұмыс қарастырып көремін тағы да. Киімдерімді дайындап қойшы, — деп Мұқыш кімге күлерін білмей, орнынан тұрып тысқа шығып кетті. Ал әйелі болса, түк түсінбей, көзін жыпылықтата берді.





Пікір жазу