ҚЫЗ БЕЙІТІ
Күн екіндіден ауа бастаған шақ . Әкемнің айтуымен кешке дейін қой жаюға қамдандым. Қойға мінетін жуас сұр құнанды асықпай ерттеп, маңғаздана басып үйден шыққам . Бірақ,қойлардың көз ұшында қарауытып, Сарыбелге қарай қыбырлай беттегенін көріп астымдағы сұр құнанды сипай қамшыладым. Айдалаға қарай жалғыз шыққан соң, түстен кейінгі сергек табиғат әсер етті ме, көңіл-күйім көтеріліп айғайлап әнге бастым.
Көз ұшында қарауытып қой барады а-хоу, Артымда мені баурап қыз қалады а-хау- деп өзімше ырғақ, ұйқас тапқаныма ырза боп, құнаныммен желе жортып келем. Өзімнен -өзім көңілім көтеріңкі, әлдебір қуаныш шаттандырып келеді. Жападан -жалғыз дабырлап келе жатып байқамай қалыппын , ауылдың оңтүстік беткейіндегі зираттардың жанынан өтіп бара жатқанымды біліп , дымым ішіме түсіп дыбыссыз қалдым . Ежелден бейіт басынан өткенде денем тітіркеніп, сескенетінім бар. Дәл солай болды. Бірақ күтпеген жерден бойымда қорғасындай ауыр сабырлық пайда бола қалып, көп зираттардың ішінен «Ақзейнептің бейітін» көргім келді. Өзімде таң қалдым өзіме. Әйтсе де ішкі әлдебір сыбыр құлағыма қайта-қайта сыбырлап, томпайып жатқан ку молаларға жақындай түсіп, сыртын қоршаған тор сымдарды жағалап бейіттердің күншығыс тұсына қарай жүрдім.
Үлкендердің айтып отырғандарынан естігенім бар-тын, зираттардың күншығыс беткейіндегі биіктеу дөңеске оқшау жерленген Зейнептің қабірі бар деп. Жақындауға батылым бармаса да, Зейнептің төмпешігін көзбен бажайлап, ақыры таптым. Шағындау ғана үстін шөп басып ертерек жермен жымдасуға асыққандай момақан бейіт. Өзгелерден оқшау тұрса да басқалардан еш айырмашылығы жоқ секілді. Осы бейітке неге қызыққаныма әлі күнге таңым бар , бойымды белгісіз үрей билеп жақ жүндерім жыбырлап, жотамнан әлдене жорғалап өткендей тұла бойым тітіркенді. Көп қарап тұруға дәтім шыдамай, атымды бұрып жүріп кеттім. Қанша уақыт басым салбырап жүргенім белгісіз, бір мезет аттың шашасынан келетін көк шалғыннан бас көтермей жайылған қойларымның кейбірінің қозысын іздеп маңыраған даусынан басымды көтердім. Көз ұшында мөлдір сағыммен бұлдыраған ауылға қарай қойларды қайырып, тағы да ауылдан алыстау тұрған иесіз зираттарға қарадым. Атымнан түсіп, көк шалғынға жантайып жатып бағанағы Зейнептің моласын көз алдыма әкелдім. Мені ауыр ойлар қинай берді.
Зейнептің моласы көп төмпешіктердің арасындағы ең қасіреттісі, ішінде бүккен сыры аса мол бейіт еді...
Сол жылы жауын көп болып шөп те, егін де бітік шыққан. Біраздан бері шөп жақсы өспей, қу тақыр болып жататын мидай жазық далада қыстыгүні қар аса мол болып , қыс та жылы болған. Қар астынан қылтиған көк шөп күн көрген соң аз уақта қаулап өскен. Құдайдың мейірі түсті ме, әйтеуір, жауын ағыл-тегіл болып, күн жылып аз күнде сай-саланың шөбі тізеден келген. Биылғы жыл малға да жанға да жайлы болатын болды деп кәрі -жас тегіс қуанысты. Тіпті, кейбіреулердің қойлары егізден, үшемнен төлдеп жүректері жарылардай болған . Осындай жаймашуақ көктемнің арайлы күндерінің бірінде көрші ауылға көктемгі келіншек те келді . Жас келіннің аты -Зейнеп еді. Өзгелер қуанғанда Зейнеп қатты қайғырған , жанарынан жас төгіліп көңіл шіркін еркіндік тілеп, шерменде жүрек зорлықшыл қолдардан құтылғысы келіп сан рет талпынған . Амал не, өктем өмір өз үкімін өзгертпеген . Бостандық болмады. Қайырымсыз қатал тағдыр гүл ғұмырды күл қылды . Зейнеп биыл он тоғызға шыққан. Әппақ өңіне қарап көрші - қолаң қызығып та, қызғанып та «қызың кімге тартып әдемі туған» деп тамсанып жүретін. Періштедей пәк бойжеткеннің аққүба ажарын сөз қылысатын-ды. Аққұбаша, нәп-нәзік, майысып тұратын талдырмаш, балғьп денелі, қастары қарлығаштың қанатындай қиылған, қарақаттай мөлдір тұнық қара көзін төңкере қараған мұндай ажарға тамсанбайтын жан баласы болмайтын: Ажарына ақылы сай болып өсіп келе жатқан.
Көктемнің мамыражай күндерінің бірінде белгісіз көрсеқызар жігіттер Зейнепті алып қашып кетті. Қапелімде ұқпай қалған Зейнеп қарманып қайрат қылуға, өз тағдырын өзі реттеуге аз уақытта дәрменсіз болып қалды . Андағайлаған жұртқа «апырмау,бұларың не, мен де біреудің періштедей қызы едім. Мені неге зорлап алып қаштыңдар?» десе де ешқайсысы елемеді .Ендігі қайратты артынан келер аға-жеңгесінен күткен. Іздеп келген ағасының алдынан көз жасы көл болып, жат жерде қаскөйліктің торына шырмалған, тағдырына араша қарындасы Зейнеп шыққанда, әділін айтар ағасы: « қалқам, түскен жерің бақуат жер екен, тарықтырмас. Аз жыларсың да басыларсың . Сабыр ет. Тағдырдың ісі» - деп күмілжігеннен басқа айтары болмаған. Жігерсіздігін,қатын құрлы қайратының жоқтығын айқын дәлелдеген жері осы болған. Көзінен аққан мөлдір жас төгіліп жатты, төгіліп жатты. Шарасыз болған шерменде жүрек енді жеңгеден үміт еткен. Бірақ жеңгенің ақылы тіпті асып түсті. « тәйірі, жаман ағаң алып қашқанда қыңқ демеп едік . Сендер-ақ жаңа заманның еркесісіңдер. Айтқандарың болғасын өстіп тантырайсыңдар да. Қой, жетті енді, тый жасыңды»- деп жұбатқансыды. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, құлағына таман сыбырлай: « Біздің жайды өзің де білесің ғой бикеш-ау. Қайта қуана бер, түскен жерің бай екен, жыларсың да қоярсың. Кейін күйеуіңді уысыңа түсірерсің . Түсінерсің. Апам қатты тапсырып жіберді, мұндай бай жерден айырылмасын деп. Шүкіршілік ет, мұндай жерге жете алмай жүргендер қаншама. Болды, қой» - деп ақылын айтқансыды.
Шындығында да Зейнепті алып қашқандар үйіне барғанда әке- шеше, аға-қарындас мың жылдық құда разы болмаған. Қызымыздың рұқсатын күтелік дескен.Бала жақтан келген тісқаққан әккі хабаршылар жаюлы дастарханға буда-буда ақша мен машинаның артына өңгеріп әкелген тайыншадай нән қошқарды жарқ еткізіп шығара салғанда жиналғандардың ішіне от түскен . Сонда қартаңдау хабаршы қасындағы жас серігін шынтаққа миығынан мырс-мырс күліп: « қу дүние -ай! » деген дүниенің арбауына түскен туысқандар періштедей қаракөз қарындасты пасық дүниеге сатып, компьютер заманында атам заманғы әдеттің сарқыншағымен өз туғандарын өзгенің босағасына байлады.
Туған жерге кеткісі келіп жалынып жылаған бойжеткенге мейірімсіз жеңге қайта қайырылмады. кете барды. Барлық жайтты түсінікті етіп кетті.
Әлдебіреуге әлпештеген қыздарын малға сатып бағзы заманғы Қарабайдың тірлігін тағы да паш етті. Етбеттей құлаған Зейнептің қолқа-жүрегін әлдекім суырғандай кеуде зырқырап, шырылдай жылап, қатты өксіді. Шарасыздықтың шырмауына мықтап оралған, тумысынан ерке жаны тұңғыш рет тұрмысынан тұңіліп, қасірет шегіп жер бауырлай қалды. Күбірлеп әлдекімдерге лағнет айтып жатты.Сол сәттен бастап жат өлкеде, болашағы белгісіз боп қара көзі мөлдірей , көкпарға өңгерілген лақтай боп , қауқарсыз ғана қаракөз қарындас қалып қойды.
Ертеңіне көрді, күйеуі Бекен іркілдеген резеңке шардай домаланған, түрінен түсінік-пайымы аңғарылардай боржық сары екен. Көздерімен ата қараған Зейнепке байлығын бұлдап қалаған нәрсеге қол жеткізе алатынын айтып өз-өзінен ыржалаңдай күлді. Зейнептің не демегін ұқты. «Түлкінің соры сұлулығында демеуші ме еді, сендсұлулығыңның арқасында жапа шектің. Құдайың қайырымсыз екен, саған байлыққа ұшатын туысты да сыйға тартыпты-ау, бейшара»-деп бұны байлықпен сатып алғанын айтып намысын қорлады. Көр көкірек надан неме жас жанды айықпас азапқа салып, мазақ етті. «Бекен емес, нағыз Бекежан екенсің, жауыз» деп Зейнеп сыртқа шығып кетті. Көзінен аққан мөлдір жастар ағар арна іздеп тырс-тырс тамшылады.
Ендігі ғұмырында істеген ісі мен жүрген жүрісінің ТҮК мәні қалмағандай. Сарылған уайым мен күйікке айналған ақ
армандары бір сәт те есінен шықпай, жас жанды мұлде шөктіре берді. Құп-қу боп жүдеген, қабағынан кірбің, көңілінен қайғы арылмаған Зейнеп мүлде өмірден ТҮҢІЛІП бітті. Тіпті, қашқан күнде де қайда бармақ? Сағалап барар туғандары шешесінің айтқанымен мұны қайта әкеліп тастайтыны айдан анық. Онда Бекен ғана емес бүкіл ауыл да бұған мұсіркей қарары сөзсіз. Бұл жерден ешкім білмес алыстарға қашып кетсе ата-енесі тауып аларына шұбә келтірмейді. Өйткені олар бақуатты. Құрығы ұзын. Бәрібір... Қайда барса Қорқыттың көрі... Ащы өксік пен ауыр уайым еңсесін көтертпей, жас жанын қатты қинап айықпас азапқа салды. Келіндік кепшікті кигеніне ҮШІНШІ КҮН болғанда терең тұңілу бұған қатты қозғау салып, анық ой салды. Өксік пен шерге толы жас жүрек анық байлау жасап та үлгерді. Бұл нықта анық өзгермес шешім болды. Анық өзгермеді.
Кешке қарай аспанға батыстан қою қара бұлт шығып, жел де қатая түскен. Мезгілді күткен Зейнеп те қора жаққа қайта-қайта көз салып, әлдекімді күткендей мазасызданған.
ТҮННІҢ ортасы ауа бастаған шақта тысырлатпай сыртқа шыққан.Зейнеп аспанға қараса,ұйысқан қою қара бұлттардың арасынан мұның бар қимылын баққандай дөңгеленіп толған Ай қарап тұр екен. Әлдене деп күбір етті. Тез-тез басып кұншығысқа қараған үйге қарсы қораның
жанындағы діңі жуан, талай тарихты басынан кешкен кәрі ағаштың түбіне келді. Ойланбастан-ақ КҮНДІЗ дайындаған қыл арқанды мықты бұтағына байлап, бір ұшын тұзақ істеп
үлгерді. Жалғаннан жалыққандай. Лезде бар киімін шешіп тек ақ көйлегімен ғана қалды. Ағаштың діңіне өрмелей, жоғары шығып мойнына тағдырдың тұзағындай сұсты да қатал арқанды салып бір сәт қозғалыссыз отырып қалды. Аспандағы тұтасқан қою қара бұйра-бұйра бұлттарға, дөңгелене толған сап-сары Айға қарай отырып, солтүстіктен баяу соғып тұрған ерке албыраған бетінен сүйгізді. Бұлтты аспандағы жұлдыздарсыз жалғызсыраған айға қарап дұға оқығандай күбірлеп.сыбырлай сөйлеп кетті: « О, тағдыр. Табаныңда қаншама жанның бағы ашылып, қаншама жан-ның тауы шағылды. Өмірге келген әрбір жан сан мәрте сенен тауы шағылса да қүтыла алмаған. Құрығың қатты-ау, тағдыр Бейкүнә басыммен не жазып едім саған?..Алаңсыз күлген сәбидей қуанған бақытты шағымды ұрлап, мені қарағы түнегі мәңгі айықпас қапасқа тықтың-ау. Қайсы күнәм үшін, айтшы... Әлдекімнің қу дүниесіне мені байлап ап берген туғандарыма не жазып едім? Мені қу дүниеге сатты.Неге?... Ең болмаса еркек болып тумадым екен деп алғаш өкіндім. Жо-жоқ! Ағам секілді қуыс кеуде болып Әттең-ай, ерлерше алысып өлер ме ем өмірмен!?Амалым не, нәзік жанды жаратылдым. Мені құртқан атам заманғы алып қашу емес пе? Мың лағнет, саған, мың лағнет!!! Әппақ адал армандарымды жауыз тағдырдың қайырымсыз қанжары паршалаған жоқ па, құдай-ау ? Талай күткен бақытым осы-ақ болғаны ма? Еңсемді езген,келмей жатып көрген қорлығым, құр күйікке айналған мол сырларым, кеудемді кернеген ащы өксік мені мүмкін пендешілікке жетелеген болар, бірақ, өкінбеймін.Бұл жалғанда құр сүлдерім жүргенше табытта мүрдем жатсын. Бүған ешкімді де кінәламаймын, кешіріңдер туғандарым, ата-ана кешіріңдер. Бұған мені мәжбүр еткен жүрегімнің үкімі! Мүмкін, тағдырдың қатты соққысын көтере алмай әлсіздік еткен болармын. Бірақ, енді шегініс жоқ. осыған байладым. Жүрегіме жауыздықтың сүр жебесі бойлай кіріп қатты мертіктірді. Кешіріңдер мені, кешіңдер... деп Зейнеп қыл арқанды мойнына ілді. Жанарынан парлаған жас ағаш түбіндегі көк шалғынға төгіліп жа тты.Көзін жұмған бойы аялдамастан бір ақ ырғыды. Төменге құлаған балғын дененің аяғы жерге сәл-ақ тимей ақ қалды. Алқымын қысқаштай қысқан рақымсыз арқан ауа өткізбей, тағдырынан тауы шағылған жас жанның өмірден сртерек өтуіне қатал үкім еткендей. Ауа жетпей қиналып бұлқынған балғын дененің әл-дәрмені құрып, тынысы тарылып барады. Ақырғы рет «кеш мені» деген сөздің жалғасы миында, айтылуға дәрмені қалмай қалып кетті. Қиналып қысылған дене жан азабынан мәңгі құтылып тыныштыққа тап болғандай біржолата сылқ ете түсіп қимылсыз қалды. Азап шеккен, қорлық көрген Зейнепке ендігі сәтте торығу, жылау, қайғыру сезімдері жат секілді. Жас құрбан өмірдің қатты соққысын қабыл ала-алмай мәңгілікке сапар шегіп, бір сәтте ғайыпқа айналып мәңгі толастағандай. Аса ауыр өлімге куә болған бейкүнә айдың бетін бүркегендей боп бұлттар жауып жатты. Жел қатая түсті.
Сол жылғы қаулаған қалың шөп мезгілсіз ерте солды. Мезгілсіз қайтқан көктемгі келіншектей көктем де ерте қайтқан. Ерте гүлдеген ноқатек, шытыр;боздар тез қурап, гүлден өркен жая бастаған кеурек, лақсалар күндіз-түні қақаған суық желден қурап аз күнде желмен белгісіз жаққа аттанып сапар шегіп бара жатты. Қуаңшылық басталып, ел қатты абыржи бастаған. Зейнепті жұрттың бәрі «зорлықтың құрбаны» болды десті. Бірақ заңмен қудалағанда айыпты екендіктерін біліп баланың ата-анасы келін келгенде ауру болатын » деп лақап таратысты.Мен түсінбей үлкендерден сұрап едім ол жаман ауру деп басқа ештеңе айтпады.
Зираттарға қарап жатып ойыма осы өткен оқиға түсіп еді. Терең ойға берілген екем, қойларым көктем күнінің күндізгі ыстығынан кейінгі кешкі салқынмен талмаурап жатқан ауылға беттепті. Астымдағы құрақ көрпемді алып, атқа салып белін мықтап тартып, үстіне ырғып міндім. Басым әжептеуір ауырлап қалыпты. Менен біраз алыс кеткен қойларыма жетіп, шәйт-шәйттеп ауылға қарай : бастадым. Ауыл жақтан ата қораздардың шақырғаны мен иттердің жарысып шәуілдей үрген үндеріне құлақ тостым.Сол сәтте ызыңдаған жел құлағыма «Зейнеп, Зейнеп» дегендей болды. Аң-таң болдым. Бұрылып,көз тал-
дырып қарауытқан зираттарға қарадым.Оларда түсіп келе жатқан түннің қойнауына сүңгігендей. Мен қойларымды жәймен ауылға қарай айдай бастағам. Бұл уақытта көкорай шалғынға оранған иен далаға айнала көгілдір тартып түн орнай бастаған. Ымырт үйіріле бастаған шақ еді.