12.08.2021
  197


Автор: Қалқаман Сарин

Тесіктас

Саған деген көңілдегі күй – үнім,
Сағынышым, сан мың мақам иірім.
Таңғажайып тағдырың бар, Тесіктас –
Сенсің менің ең алғашқы биігім!

Әппақ үміт алып-ұшып асыға,
Арманымды қашап жаздым тасыңа.
Бар әлемді көріп тұрмын деуші едім,
Балалықпен шығып алып басыңа.

Тас дегенде тас емес ең, тау едің,
Ашылмаған сырға толы әлемің.
Ғасырлардың омырауынан үзілген,
Сезілетін маған ауыр әуенің.

Түнгі аспанға тесігіңнен телміріп,
Таңды атырдым талай жұлдыз сөндіріп.
Саған деген сағынышым ғұмырлық,
Таусыз жерді жүргеніммен төр қылып.

Маған жұмбақ сенің тарғыл тағдырың,
Жалғыздықтың жалғыз тартып бар жүгін.
Жарылмастан қайтіп, қалай жатырсың,
Замандардың жұтып алып зар-мұңын?

Тереңдерден талып жеткен тынысың,
Жастығымның жалаулаған жырысың.
«Тесік моншақ жерде қалмас» десе де,
Елде қалған ең қымбаттың бірісің!





Пікір жазу