САРЫМСАҚ ШАЙНАҒАННЫҢ ТІСІ БҮТІН
Қазақ даласына жете қоймаған теңіз саяхатшыларының цинга деген ауруы бар. Оны қазақтар діңгене деген. Ол кәдімгі обадай миллиондаған өмірді жалмаған. Бұл ауру теңізшілер арасында ғана емес, алыс жатқан елді мекендерде де кеңінен тараған. Оның ішіне Сібірде. Негізгі себебі аскорбин қышқылының жетіспеушілігі. Медицина тілімен айтқанда, С дәрумені жетпейді деген сөз. Бұл сырқат қызыл иектің талаурауынан басталады. Сол сырқаттың мың да бір емі сарымсақ екенін бабаларымыз білген. Сарымсақ болғанда чеснок емес, даланың (сайдың) сарымсағы. Сол сарымсақ діңгененің мың да бір емі. Қазақ көпестері соны пайдалана білген. Сарымсақ шайнаған адамның тісі бүтін деген сөз содан қалған. Сарымсақ шайнағаннан иіс шығып тұрады. Хош иіс емес, әрине. Мағынасы өзің үшін қолайсыз болса да құрбандыққа бар деген сөз.