10.08.2021
  180


Автор: Дихан-Баба Әбілев

Тарландар тазалықпен өтті десін

(Әбділда мен Әлжаппарға)

Біріңді мінеп,
Біріңді жақтарым жоқ -
Біріңді сілеп,
Біріңді мақтарым жоқ.
Адал сырын
«Аһ» ұрған жүрегімнің,
Айтып салмай
Кейінге САҚТАРЫМ жоқ.
Екеуіңді де көретін
Пайғамбардай,
Алдарына
Дұғалық жайдырғандай,
Пір тұтатын
Лаулаған жас қауымның
Болдыңдар-ау
Көңілін ТАЙДЫРҒАНДАЙ.
Қартайғанда
Мұншама «аласарып»,
Не жетпеді
Мұншама таласарлық?
«Шайтанның саудасынан»
Күншілдікті «Сатып ап»
Не күн туды АДАСАРЛЫҚ?
Кім екен
От бықсытып көсеп берген?
«Дос сымақ»
Біреу шығар «Өсек терген».
Екі кәрі
Тарланды шайнастырып,
Күлімдеді-ау,
Әзәзіл «ӨСЕК МЕРГЕН».
«Қап»деймін де
Күйзелем жаным ыршып.
Не туды
Екеуіңе жүрек қыршыр?
Ар тулап,
Көркем ойлар намыстанып,
«Аулақ!» — деп
Тарих баба болды-ау ыршыр.
Дегізіп:
— Үрит, соқ-соқ!
— Қайсы мықты?
Дегізіп:
— Мынау осал, анау жықты!
— Олай деме,
Мынау да осал емес,
Ит жығыс...
Үстеріне кезек шықты, —
Дегізу
Шаншыласқан «қарт батырлар»
Халыққа,
Тарихқа да түрпі-ау тіпті.
Япыр-ау,
Бір-біріңе міншіл ме едің?
Япыр-ау,
Бір-біріңе «күншіл» ме едің?
Атыңды,
атағыңды пір тұтатын
Білсеңдер еді,
Жастардың ТҮРШІГЕРІН.
Куәлікке шақырып
Өліні де, Көздеріңе
Бірдеме көрінді ме?
Бұларың не,
Достар-ау, бұларың не?
Жат қылық қой
Екінші ӨМІРЛІГЕ.
Сұмдық болды-ау,
Бұларың сұмдық болды.
Ұсақ па ендер
Япыр-ау, мұнша сорлы?
Қанды жылдар
Қақпаны қирамап па ед
Адастырғыш
Андатпай оң мен солды.
Тура айтамын
Туралып түссем де өзім.
Екеуіңнің де
Бүл жолғы бүл мінезің
Кең тынысты тарылтар
Кесір мінез,
Тарих кайтып көтерер
Етіп төзім?
Шырқаушы ек қой биікте,
Аласа ұшпай;
Алжыған қара кұстай
Бола қалмай.
Қарт қаламгер
Ақыл қой қасиетті
Сақталықта
Үзілмес ТАРАМЫСТАЙ.
Қайтеміз
Керуен күнге сызданып тым,
Қайтеміз
Құлы болып қызбалықтың,?
Шатынап,
Шаң көтеріп, шақылдаспай,
Өтелік
Тату-тәтті ризалықпен!
Жақсылыққа бастайық
Жастар көшін,
Келер ұрпақ,
Немере, шөбересін!
Көңілдің күймесіне
Күйе сүртпей
Тарландар
Тазалықпен өтті десін!





Пікір жазу