Мәшһүр Жүсіптің Қамаралдин хазіретті жоқтауы!
Кіші жүз Бөкей елінің ұланы Қамаралдин хазірет Мәшһүр Жүсіптің:
Мерғараб сабақ оқып Көкалдаштан,
Ғылыммен біте қайнап бала жастан.
Бұхарай шәріфте Мәшһүр болып,
Замандас, бастасына болған дастан - деп жазысына қарағанда, әу бастан - ақ аты аңызға айналып, сөзінің мол білімі, биік парасаты арқасында қайда барса да сол ортада ойып орын алғаны байқалады.
Оны Мәшһүр Жүсіптің:
Әуелі келіп тоқтаған Қоңырқұлжа,
Әр жұртқа ғылым шашып, салған жолға (олжа)...
Онан соң тұрған жері - Қыпшақ: Ыбырай,
Ғылымнан артық нәсіп берген құдай.
Советник Тұрлыбектің тірісінде
Неше жыл тұрған мұнда бірнеше ай.
Жиылып сабақ алған Керей біткен,
Атығай, Қарауыл боп құрмет еткен.
Қанжығалы, Қыпшақ пен Қуандыққа,
Он екі пән ғылымнан дін үйреткен, - деген.
Өлең жолдарынан айқын аңғаруға болады. «Ишан бар: өзі қажы Бесмұхаммед, демесең қара қазақ ел-Алтайда» десе сөз болып отырған жоқтауда:
Исі қазақ, үш жүздің баласында
Заманында молда жоқ мұнан асқан, - деп.
«Қара қазақ исі қазақ» – дегенде ақын әдетте ислам дінін қазақ қырында насихаттаушылардың бастау кезінде қожалардың тұрғанын меңзейді де сөйте тұра қазақ топырағында кіндік кесіп, кір жуып, терең білім алып, ислам дінінің насихатшысы айналған ел таныған, төл білімі даралымы, мақтан тұтатыны айқын аңғарылатындай.
Сол сынды ғұламаның Баян жеріне келіп орналасуына, ислам дінінің ұрығын шашуы сабақ болған Мұса мырзаға қанша дұға қылсақ аз сондай ерге - деуінің өзіндік себебі де жоқ емес.
Оны Мәшһүрдің:
Ғалым жоқ мұнан асқан Қараөткелде,
Атбасар, Көкшетау мен қалың елде...
Бір дуан оңтүстікте Қарқаралы,
Бар ма, айтшы, мұндай ғалым онда, кәні?!
Павлодар, күн шығыста Кереку бар,
Бес қадам әр жерінде молдалар бар.
Семей бар, илиада Ертіс басы,
Өскемен таяу тұрған оның қасы.
Болмаған оларда да мұндай ғалым,
Дария еді түпсіз терең жоқ шамасы,- деген сынды өлең жолдары айғақтай түседі.
Ал сонымен қатар діннің таралу тарихын зерттеушілерге тапсырмас мағлұмат беретін осы өлең жолдарын да Қамаралдин хазіреттің білімдарлығы діни тұлға ретіндегі өлеңдерінде азаматтың кескін - келбетін даралайды.
Омбыда екі бастан молда жоқ - ты,
Айтпайды ғалым бар деп онда тіпті.
Ахон бар, Ғабдал,- бәрі Қызылжарда
О, дағы бұл кісіні: «Артық!» - депті.
Міне осындай жанның сегіз болыс Сүйіндік баласын дін кәусарынан сусындатуы Мәшһүр Жүсіпті ерекше шаттыққа бөлегені байқалады. Қызылжарда жатқан Ғабдал бәрі Ахонның хазіретті «Артық» - деуі, мойындауы біріне бірі ит айтақтап, құс салып жүрген біздің замандастарымыз үшін асқан ерлік, үлгі болар жан ғой.
Мәшһүр Жүсіптің бұл шығармаларынан жалғыз діндарлар емес, жалпы жұрт қолына қалам ұстау, ой толғаушы қаламгерлер үлгі алса, құба - құп, олай дейтінім шамамызды білмей шалқып, аз ғана дін деп сауатын көпке балап өздерін шариғат шегесі, тұтқасы санап жүрген молдалар да, менен асқан ақын жоқ деп керемсоқтыққа салынған жазушылар да арамызда баршылық қой.
Солар Мәшһүрдің:
Құдайдың бар жаратқан қазынасында,
Ғылымнан ешбір нәрсе емес артық.
Немесе өзі туралы:
Сықылды шикі тері жетпей иім,
Көңілім бар секілденген жыртық киім - деген өлең жолдарына көз салып, ой жүгіртсе, ғылымның, білімдарлықтың, қарапайымдылықтың шынайы бағасын ұғынар ма еді.
Кезінде ұлы Абайдың:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма
Қолымды мерзімінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалғаныма кім жазалы
Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?!
Мәшһүрдің:
Кетіппін кейін қайтіп, келіп таяп
Шайнап дәмін ала алмай қалдым жалап.
«Болатұғын бала еді, болмай қалды»
Деп, тақсыр ренжіген сол мені аяп - дегендегі қос ақынның жан күйзелісін айқын түсінер ме еді?!
Абай жасында білім ала алмай қалғанына өкінсе, Мәшһүр Жүсіп табылғанның бәрінен қапы қалғандығын айта келіп, «Менің жоқ, ойлап тұрсам оңар жерім», - деп өкінішін ақтарады.
Сөйтіп Мәшһүр Жүсіп ел ардағының орны толмас қазасына арнаған жоқтауларында марқұмдардың елден ерек асыл қасиеттерін сөз ете отырып, адамгершілік, құдайға құлшылық қағидаларымен қатар ғылым, білім, адалдық мәселелеріне ерекше тоқталып, тәрбиелік өмірлік мәні зор туындыларды қалдырған. Қазақ үшін аса құдіретті өлең сөздің көкжиегін кеңейтіп, марқұмдарға өлмес, өшпес ескерткіш орнатқан.
Сүлеймен Баязитов