10.08.2021
  175


Автор: Сүлеймен Баязитов

Газет және оқырман

Айтсын деп ақиқатты тіл берілген


Тәуелсіздік таңы атқалы да 25 - жыл. Осы ақ түйенің қарыны жарылып, Еліміз Тәуелсіздік тойын есте қаларлықтай ұрпақтан ұрпаққа аңыз болып жетерліктей дәрежеде атап өтіп жатқан тұста әркім-ақ өткен жылдарға өзі куә болған жайларды есіне түсірген болар. Дегенмен атқарылған істі бастан кешкен жайларды бір-ақ сәтте еске түсіру, бағамдап баға беру мүмкін бе? Тәуелсіздік жылдарында атқарылған игілікті істер ұшан - теңіз ғой.


Білім беру, денсаулық сақтау, отан қорғау, индустрия т.б. Салалардағы жетістіктерді айтып шығу тіптен де мүмкін емес және оның бір мақалаға сыюы да екіталай ғой. Толғаныс үстінде менің ойыма өзіміздің облыстық «Сарыарқа самалы» газеті орала кеткені. Сәл шегініс жасау артықшылық етпес.


Кешегі кеңес кезінде партияның айтқаны жүріп, айтқанымен тұрған көп газеттердің бірі еді. Ол тұста басқаны былай қойып, орталық комитеттің жоғары дәрежелі өкілінің облысқа келіп кеткенін облыстық газеттің оқырмандары тек ТАСС-тың КАЗтаг-тың қысқа хабарларынан оқып - білетін. Ал олардың қандай мәселеге назар аударғаны, қандай шешім қабылдағаны жұмбақ күйінде қалатын.


Бір сөзбен, облыстық газеттің (мұнан әрі газет) қызметкерлері үшін сөз бостандығы,  хабар алу және оны тарату мүмкіндігі шектеулі еді. Газет қызметкерлері тек сол аймақтың тұрмыс - тіршілігін  ғана жазуға тиіс деген жазылмаған қағида, темір тәртіп, талай қаламының ұшынан от шашыраған таланттардың қиялын қыр асырмай қылтасынан қиды десеңші. Сондықтан да болар  «Сарыарқа самалы» газетінде бұдан бірер жыл бұрын журналист Сая Молдайыптың Алматы сапарынан жазған (газеттің редакторы А.Әбіш) сериялық сұхбаттарын оқығанда, қатты қуанған едім. Осы сериялық дүниелердің жалғаса беруін тілегем.


Сөйтсем, бұл редакция ұжымының арнайы жобасы екен. Енді осы жобаға еніп, жарық көрген сұхбаттарға аз-кем тоқталайық. Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұршайықов, Қалмұқан Исабаев, Ахат Жақсыбаев сынды жазушылармен болған сұхбаттардың, қазақ ұғымына сәйкестендіріп айтсақ, әрқайсысы бір қаралық еді.


Мұзағаң мен Әзағаңның ұрпақ ертеңіне алаң көңілден туындаған толғамдары, отан үшін от кешкен бүгінгі жарқын болашақ ел тәуелсіздігін толымды ой толғақты сырлары газет оқырмандарын тәй басқан тәуелсіздік тұсындағы жетіп артылардай уақыт салмағын бір сәтке ұмыттырғандай еді-ау.


Ал қазақ үшін адам айтқысыз әдеби мұра қалдырған Қалекеңнің соғыс соқпағында Италия жерінде отан үшін опат болған қазақ партизандарының уақыт тозаңына көміле бастаған есімдерін Италиядағы қазақ елшілігі арқылы айдай әлемге паш етті. Оларға Италияда кесене тұрғызылды. Міне, осы жайларды газет тілшісі С. Молдайып жарқырата жазды.


Біздің жерлестеріміз үшін Сәбит Дөнентаевтың есімі аса ардақты, өйткені ол біздің өңірден шыққан шебер журналист. Қазақ әдебиетіндегі алғашқы сатира сардарларының бірі. Оның  Семей қаласындағы бейтінің мүшкіл халде екендігі туралы дабыл көтерген де -  белгілі қаламгер Сая Молдайып . 


ҚР Тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шорман дәстүрлі әнші  Қайрат Байбосынов, Құнанбай ролін сомдаған Д. Жолжақ-сынов сұхбатын оқып отырып, Саяның сұхбат алу тәсіліндегі бір ерекшелігіне назар аудардым.


Ол кейбір әріптестеріміз сияқты сұхбаттасушының өмірбаянын,  қол жеткен жетістігін тізбелеп  жаза келіп: «Сіз біздің қалада бұрын болып па едіңіз?  Қала сізге ұнады ма?» - деген жаттанды сауалдардан бойын аулақ ұстауы, жазушының, ғалымның, актердің  шығармаларындағы көптеген кейіпкерлердің атын атай,  іс-әрекеттеріне  тоқтала отырып қойған сауалдары сұхбаттасушысын өзіне ынтықтырып, нақтылы жауапқа бастайды.


Ал бұл газет оқырманын қызықтырмай қоймайды. Әттең  оқырманға олжа салған дүниелер туралы газет көлемі (жариялана қалса) көшірмейтіндіктен тартына сөйлеуге мәжбүрмін.


Әйтсе де журналист Фархат Әміреновтің, (Бас редактор Н.Жайықбаев) Бауыржан Момышұлының келіні белгілі жазушы Зейнеп Ахметовамен «Қазақтың кіндігі жерден ажырап қалды» атты сұхбатына атүсті болса да тоқтала кетуді жөн көрдім. 


Бұл   біздің  газеттің оқырмандарымен қатар   исі қазақты толғандырған небір зауалды жайларға жауап берерліктей дүние екен. Солардың ең бастыларына аз-маз тоқтала кетейік.


Журналистердің: «Жастардың адасуының себебі неде? Қай жерден шалыс бастық?»- деген сауалына Зейнеп: «Ең басты себеп –біздің 70 жыл бойы Құдайсыз қоғамда өмір сүруіміз. Ал адасып жүрген жастар басқа қоғамнан келген жоқ.


Өз ортамыздан шықты... Шекараны айқара аштық, ал оларға керегі жер асты, жер үсті байлығы еді. Сөйтіп, қазақты батыс жалаңаштады, шығыс тұмшалады»,-деген еді.


Сол сияқты Зейнептің дін мен дәстүрге байланысты: «Қазір дін жолында жүргендердің дені қандай бір мәселе жайлы ой айтылса, бұл шариғатта жоқ дегенді алға тартады... Біздің иман- молдалар дін мен дәстүрді дұрыс түсінбейді...


Құдай сені қазақ қып жаратты сол ұлттың тілі, дәстүрі,салты жөн-жобасы, әдебиеті, мәдениеті, тарихы, елі, жері – бәрі саған тиесілі деуді де естен шығарып алады»,- дейді.  -Тіпті қазақтардың бойындағы бауырмалдық, мейірбандық, дархандық сынды қасиеттердің барлығы өзінің бастау көзін ұлттық салт- дәстүрден алатыны жөнінде де жұмған ауыздарын көп аша бермейді.


Газет еліміздің өткенін, бүгінгісін бүкпесіз жазып, оқырманға жеткізе білсе ғана күнделікті өмірдің жылнамасы бірте-бірте тарихқа айналмақ. Жазушылар мен ақындар өнер шеберлері шашасына шаң жұқпайтын Республика ғылымын дамытқандар туралы «Қазақ әдебиеті» газеті, т.б.


Республикалық басылымдар жазсын деп күтіп отырмай,  өз оқырмандарына қазір де көп айтылатын тосын сый ұсынып, бірталай білімдарлардың ой маржанына ортақ еткені үшін,  «Сарыарқа самалы», саған шексіз алғысымды айта отырып , журналист әріптестеріме: «Жазар көбейсін, бауырлар!» -дегім келеді.  


Сүлеймен Баязитов   





Пікір жазу