10.08.2021
  130


Автор: Сүлеймен Баязитов

Азғын - (Баллада)

  Құлдырау


XX ғасырдың басты дерті


Қынадайын отаған, қырған көпті.


«Оба» да емес, меніңше, «обыр» да емес.


Арақ дер ем ең басты тақсіреті.


Ғалымдар да, данышпан даналарға,


Жеткіншекке, ақ шашты аналарға,


Азаматқа билігін жүргізген ол,


Қазақша айтсақ, ханға да қараға да.


Әзәзілмен күресер шама бар ма?


Кете барған арақтың жетегінде,


Кәрі қыздай жабысқан етегіне.


Ақылыңды, еркіңді, жігеріңді,


Алып қойған «жүздіктер» өтеуіне.


Сан «жүздіктің» теңізін жүзіп ішкен,


Күн құрғатпай тұнығын сүзіп ішкен.


Қырық жаста бет- аузы безеуленіп,


Мылжа-мылжа,


Айрылған түгел тістен.


Бір күн анда сенделген, бір күн мұнда,


Тұрақты жұмысы жоқ аты Зында.


Басы ауырып, балтыры сыздағанда,


Дегендейін жын үйір әмен жынға.


Шөліркегіш шөлмектес достары көп,


Біз тіріде Зындеке батпа мұңға.


-Қазір-қазір жаныңды шақырамыз.


Бір бес тиын бар болса, қоссаң мұнда.


-Жоқ дейсің бе?


-Бұл кісіні қинама бізде бар деп,


Келесіде біздерді суарар деп.


Кеңкілдесіп өзара күпілдесіп,


Ішкіш біткен әп-сәтте жиылар кеп.


Ішкіштердің кейбірі ішсе болды,


Төбелес іздеп тұрады қышып қолы.


Тырнар еді әркімнің жан жарасын,


-Зындекелеп


Тұрсың сен бұл бір сорлы.


-Өй, бля, атың құрғыр, ұзын Тұра!


- Кім сорлы?- деп кіжініп шықты бұ да.


Онысынан анау да ықпаған ед:


-Сен сорлысың! -деп сөзін нықтаған ед


-Бейшара, қатының – кәрі, қызың – сақау,


Осы сөз тұтануға тұрған тақау.


Төбелестің отына май құйған ед


Мұндайда қала алады кім самарқау?


-Өй, бля,


Қолыңда өлем шық бері! - деп


Сарт еткізді Тұраны шықшыттан кеп.


Тілегені болғандай Тұран тегі,


Кім екенін Тұранның танысын көп.


Талайды жүнше сабап аты шыққан,


Зынданы сілейте бір сабасын кеп.


-Қалада Тұран, сірә, жай жүрмепті.


-Тани алмай тұрғаным жүгермекті.


-Жалғандікі жалғанда қайтат деген,-


Деп сүйсінді Зындадан көрген тепкі.


Бөтелкелес, өңештес достары енді


Тұранның күні батып, айы сөнді.


Дегендей сырттай бағып шеттеп тұрған


Дауыстан селт еткен ед: «Ойбай, өлді!»


Тұраның ішек- қарыны ақтарылып,


Дөңбекшіп, өңі қашып, жатыр сұлық.


Қанжарын қан-қан болған балағына,


Сүрте сап кете барды Зында жүріп.


...Оған да өте шықты біраз заман,


Түрмеде оныншы жыл отыр аман.


Мал ұрлап, төбелесіп сотталғандар,


Кісі жарған Зындадан қорқады әмән.


Айтқанын екі етпейді мұның, сірә,


Арақ десе жүгіред ата тұра.


Оған қоса анаша тауып беред,


Түрмеде аты шулы ерке-шора.


Зында  десе селт етеді көбі тегі,


Арақтан азғандай ма көкірегі,


Елестеп көз алдына әлденелер


Солармен билеген боп секіреді.


«Бля» деп байланысып әлдекіммен,


Сан рет аласұрып білек түрген.


Есін жиып сонан соң сұрар еді.


-Қайда- деп,- әлгі иттер маған үрген?


Таң қалса мұнысына отырғандар:


-Әй, әй!- деп ақырар ед,- сәл тоқтаңдар.


-Мына жерде отырды әке-шешем,


Ана жерде Вася мен әлгі шешен.


Кетті олар айтыңдар қайда сіңіп?


Отырғандар шошитын қаны суып.


-Әке-шешем демеп пе ең қайтыс болған?..


Есеңгіреп қалар ед көзін жұмып,


Қанды жас жөнелер ед жүзін жуып.


-Сонда мен... болғаным ба, елесті ауру?!


«Блялап» еңіреді атып тұрып,


Жіберді өзін-өзі жаққа ұрып.


- Дәрігерге апарыңдар, өлдім!- деген.


Үнді естіп қараушылар етті елең,


Дәрігер: «Белая горячка!»- дегенінде


Күңіреніп, бетін тырнап, шашын жұлып,


Қимылсыз келесі сәт қалды сұлық.


    


      Сыртта


Қайта құру кезеңі.


Тоқыраудан құтылып,


Ашылған ел көзі енді.


Бір өзгеріс болатынын сезеді,


Көшелерде көк езу


Барды- жоқты езеді.


Оттады ойға келгенін,


Көрін қазып өлгеннің.


Жағасын жыртып тірінің,


Сыбағасын бергенін


Отырғандарда естіді.


Дүбәра қылған естіні,


Ақымақтарды ақылды.


Барды құрт сақ елдегі,


Саясаткерлердің ермегі.


Қақыратып қаланы,


Өндіріс орнын жерледі.


Қарғыс атсын ескіні,


Тоқыраудың тоқтасын,


Құртқан елді тепкіні


Қайта құру жасасын!


Осы ұранның екпіні


Саналарды меңдеген,


Тірі жан жоқ сенбеген.


Саясаткердің жағы сенбеген.


-Ленин жолы- осы,- деп,


Не болса соны жөндеген.


Сенделіп халық сан соқты,


Есепсіз ұран сан соққы.


Ақыры, елді құлатты,


Суалтты ұлы бұлақты...


-Сотталғандарды кеңес кезінде


Босатсақ дереу түрмеден,


Кем қойғаның өзінде


Сан миллион үнемдеп...


Қаражат қой бұл деген


Бірін-бірі іліп ап,


Депутаттар сайрады.


Бірте-бірте бюджеттің


Желдей есіп айдары,


Күмпиіп бүйірі шығады.


Тұрақсыздық елдегі


Сөйткенде барып ығады.


Қаратпайтын алды-артына


Кеңестің осы салты да


Зиянды еді жалпыға.


Біртұтас совет халқына


Отырғандар сыртқа шықты түрмеден.


Құтылып бит пен бүргеден,


Белигоречка дегендер,


Өкпесін құрт жегендер


Сау әлемге бет алды


-Жаратпаса да көпшілік,


Бас алмас ем ішуден.


Ішпе дегенді ішке тепкілеп,


Қиратар едім тісін мен.


Ауылға енген сәтінде,


Кеткенін артық түсінген,


«Бля» деп қойып ішінен.


Көшенің көркі бала еді,


Кемпір менен шал еді.


Кеуделері кепсердей


Нар жігіттер бар еді.


Мың бұралып майысқан,


Көз тартатын алыстан.


Көрінбейд неге қыз-желең?


Бір сәтке көзі жасаурап,


Құлазып, көңілі етті елең.


Үйлер жоқ ірге  тастары,


Қоралардың жатыр орыны.


Ауылдың қайда жастары?


Қосыла қалса бастары


Собраз деп ұран тастайтын.


Келгенде шөлдеп осылай,


Суарып-ақ тастайтын,-


Деген ойға беріліп


Жеткен тұста үйіне,


Күйгелектене күйіне,


Шошына шошып іркілді.


Қарсы алдында тұрған үй


Еңселі еді бір түрлі.


Сырт жағы қора –қопсылар.


Айналаға көз тігіп,


Бұл үйден бірден үзді үміт,


Ойға батты күйіне.


Күзетші болар әлдекім


Сыздана бұған тіл қатты:


-Кім керек, қымбаттым?


-Бұл үй кімнің тұрағы?


-Біліп ал сен, жарқыным,


Көп білгенді құдай ұрады.


Ұрмасын десең, сол құдай...


-Сол Құдайым сенбісің?


Ақырып анау: « Мен!»- деді.


-Танымай тұрсың сен мені,


Мен Кәрімнің Зынданы


-Зында болсаң кел бері,


Танытайын әкеңді


Жатқан анау көрдегі.


Басылып қалды сол сәтте,


Кеудесін керген кердеңі.


Басылып сала бергені,


Қорлығынан қорынып,


Өз-өзінен торығып,


Тіл қатпастан мұнан соң


Ілбіді алға,


Жоқ үміт.


                        


        ***


-Бір апта бойы енеңді...


Жолда келем мен енді.


Ұмыттым тамақ дегенді...


Аузыма алмай ананы.


Мөлт етті сол сәт жанары.


Өңе бойым әлсіреп, аштық жеңіп барады,-


Дей бергені іштей сол еді.


«Магазин» деген жазуға


Көзі түсті көлемді.


Қуанғаннан Зында сұм.


Кеткен еді тым артық.


-Өй, бля, мына қатындар


Жол бере ме, әлде бермей ме?


Еркек деген атым бар,


Шыбын құрлы көрмей ме?-


Деп кезекті кимелеп,


Ығыстырып кейбірін,


Кейбіреуін сүйрелеп


Былай деп бір көкіді:


-Әй, қатындар,


Еркекті аңсап күйлеген


Сары масадай төңірегіме үймеле,


Айыздарыңды қандырам,


Естеріңнен тандырам.


-Сандырақтамай кет әрі!


Сенсіз де жынды жетеді,-.


Дегенді тыңдар Зында ма?


Мен- Кәрімнің Зынданы!


Бола қалды жым бәрі.


-Ақ арақтан бөтелке,


Нан әкел деді бір бөлке.


-Арақ жоқ бізде атымен


-Спирт ше?


-Бар,  қымбат тұрады.


-Қарай гөр, Құдай ұрғанды


Ақша дейді,-деп кіжініп,


Сөрені сарт ұрған-ды.


-Білмеймін мен басқаны!-


Деп қанжарын суырды.


-Бір сұққаным мұнымен


Он бес жыл маған тұрады.


Пісіп алған пендемнің


Шырқырап жаны шығады.


Сөнеді мәңгі шырағы,-


Деп ақырды,- мен Зындамын


-Құйса құйсын,


Құймаса,


Өлтір деп тұр сені жындарым.


Әйелдер сол сәт есікке


Лап берген ед таласа.


Сатушы мен екеуі


Қалған сәтте оңаша.


Қос білектен шап беріп,


Биледі бойын бір желік...


Төсіне-төсін тіреді.


Құтылмасын біліп бұл енді.


-Аға!- деді алқынып,-


Сізге спирт құяйын


-Сөйте ғой, Құлыным, сөйте ғой,-


Деп жатыр анау жалпақтап,


Жан-жағына жалтақтап.


Деп қойды суың бар ма еді?


Көзі ойнақшып, басы қалтақтап.


Қысқандай безгек денесін,


Сілекейі шұбырып,


Сәт сайын өңі құбылып,


Стақанның жиегі


Тісіне тарс-тұрс тиеді.


Қолымен қолын демеді,


Ақыры болды дегені.


Жүз грамм спирт әп-сәтте-ақ,


Еңсерсе керек сананы,


Лағып ала жөнелді.


-Қатынымды өлтіріп,


Сақау қарды алам мен бүгін.


Тойыма сені шақырам,


Қыз жолдас қылам кел, күнім...


Той десе қу бас домалар,


Кеп қалыпты-ау мыналар.


Әке-шешем, өй, мынау


Ұзын Тұра марқұм ба?!


Сені өлтіріп мына мен,


Қалған ем ғой артыңда.


Тірілгеніңді енді жуамыз,


Кел ішейік тартынба.


Келгенін мұның есіткен


Дей бергенде есіктен


Әйелі кірді жүгіріп,


Ере келген қызы Ақерке


Әкесін көріп тұр күліп.


-Отағасы!-


Дегенде жалт бұрылды Зында да


-Кәрі ит, саған не жоқ!- деп


Сақау қар мына тұрғанда,


Жолаушы болма бұл маңға.


Сақау қарға үйленем,


Сөйтіп әлі-ақ түзеймін


Тірлігімді күйреген.


Ұға алмады сөздерінің бірінде


Мұң ұялап түріне


Ынтықты сол сәт білуге.


Сатушы қыз ымменен


Сақаулардың тіліне


Аналардың сөзін аударды.


Есіне ап тағы аңдарды.


Адам...


Солай дей ме?- деп


Шошынды сонсоң таң қалды.


Таң қалу, жылау не бермек?


Уайым құртпақ, ой кермек


Тал бойын намыс күш кернеп,


Беріспеуге бекінді.


Не де болса боп көрмек.


Ал шешесі


Қарғап-сілеп жылады.


Ал әкенің меңіреу еді құлағы.


-Тоқтатар мені кім бар?- деп


Екіленіп одан сұрады.


-Сенгенің совет болса  құрыды.


Айтпа маған сен талақ


Құдайыңды, піріңді,


Тыңдамаймын біріңді.


-Сақау қар енді қатыным,-


Деп білегін түрінді.


Дәлелдеймін мұнымды,


Деп қызына бет алды.


Тоқтатпақ болған әйелін


-Бажылдама бет алды,-


Деп бір ұрып сілейтті


Жалаңдатып қанжарын


Қызына таман жақындап:


-Шешін!- деді бақылдап.


Сатушыға


-Шешесін


Алып кет,- деп,- мынаның!-


Бұйыра сөйлеп ақырды.


Сілейіп қызы тұр әлі


Кіргені ғой, сірә, ақылы...


-Менен басқа айтшы өзің


Кім алмақ бұл пақырды?


Содан соң саспай шешінді.


-Бері кел!- деп қызға ымдады


Сол сәтте...


Шыр көбелек айналып,


Менменсіп тұрған Зынданы


Иегінен


Сілейте теуіп, ұрған-ды.


Гүрс етті кескен теректей


Тұра алмай құр тырбанды.


Сол сәтте безіп кеткен еді,


Қоршаған елес- жындары.


Әзір асқа тік қасық


Милиция да келіп жеткен-ді...


Ал Ақерке аймалап құшып анасын,


Ал анасы қызын панасын


Құшағына ап егілді.


-Қыз да болса, айбарлым,


Танытқан асыл тегіңді.


Табарсың әлі-ақ теңіңді,               


Ақерке, сенен айналдым.


 


        Түйін.


Ала тайдай бүлдірген


Тұнық көлдей елімді.


Талайын саптан шығарған,


Айбар болар ерімді.


Өмірден ерте оздырып,


Бүгілдірген белімді.   


Арақ, саған не дейін?!


Аздырған да тоздырған


Сен десем...


Өз-өзіме сенбесем,


Мәшекеңше айтсам, бір уақ


Қу нәпсіге ерік берген кім?!


Арақ, сендей шайтанға


Сөмпең қағып ерген кім?!


Мен десем,


Яғни адам дегенім.


Талас жоқ мұның жөн десең,


Бар үмітім, сенерім,


Осыны ұрпақ ұқса егер.


Азғындап,


Азып өлмесек...


 


      Сүлеймен Баязитов





Пікір жазу