Азамат жолы
Қыс өтіп, жайдары жаз байтақ қырға келіп жеткен тұс еді бұл. Қойлы ауылда тұратын біздер үшін жайдары жаздың алар орны ерекше. Ең бастысы - жайлауға көшу. Ал жайлау әдетте көл жағалауында орын тебетін.
Бір күні сырттан енген әкем бәйбішесіне: «Жездең Ықылас өзі баққан сиырларын осы ауылға қарай беттетіп келеді, қарсы алуға дайындал» - деді.
Аздан соң бір табын сиыр көлге келіп түсіп, оның бақташысы сыртта қарсы алып тұрған бізге беттеді. Бұл - Ықылас, яғни шешеміздің жездесі еді.
Амандықтан соң: «Сендерге қоныс жайлы болсын деп айта келдім»,- деді. Үлкендердің әңгімесінен ұққаным - Ықыластың Жәнібек атты баласы Қарағандыдан елге көшіп келмек екен. Мұны естігенде, шешем қатты қуанды.
- Айналайын - ай, ақыры ат басын елге бұратын болған екен. Жұрттан естуімше, Жәнібек Қарағандыдағы шахтыда, сонан соң әлгі кәмпит шығаратын жерде жұмыс істеп жүр деуші еді.
Иә, шынымен ақ, Жәнібек 1952 - жылы Қарағанды қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқара жүріп, кейін Ленинград қаласындағы өрт сөндірушілер қызметінің бір жылдық оқуын аяқтағаннан соң, Қарағанды қаласындағы өрт сөндіру қызметінің инспекторы болып тағайындалған...
- Тағдыр деген – осы, - деді ол.
- Ақыры жалғыз ұлыңмен де қауышатын күнің туған екен.
Өй, сен естіген жоқ пе едің?
Жәнібек үйленген, кішкентай немерем бар, – деді Ықаң қауқылдап.
Ә, солай ма еді?! - деп шешем көзіне жас алды. Отырғандар: -Қайтсін енді, - десіп жатыр.
Олай дейтіндері Жәнібек оның апасы Торғайдан қалған алтынның сынығы, жібектің қиығы дегендей жалғыз ұлы болатын.
...Торғай екінші рет Қабден атты азаматқа тұрмысқа шыққан. Одан қалған Сапкен, нағашысы Қайырбектің қарауында өсіп ержетті. Атымтай атты азаматқа тұрмысқа шықты.
Бұл күнде Атымтай да, Сапкен де өмірден озған. Арттарында қалған жалғыз ұлы Сапарбек үйлі - баранды Кенжекөл ауылында тұрып жатыр.
Шешем Шалатайдың айтысына қарағанда, Торғай өте пысық, еті тірі жан болғанға ұқсайды. Ол өзге де ауылдас қыздар және әйелдермен «Қызыл отау» жанынан ұйымдастырылған сауат ашу мектебінде оқып, жазу - сызуға үйренеді.
Осы аз ғана білімнің өзі өте ізденгіш, өз - өзіне талап қойғыш Торғайдың замандастарының арасында ерекше көзге түсіп, ел ісіне ерте араласуына мүмкіндік берді. Ауылдық кеңестің хатшысы болып жемісті жұмыс істеген.
Бұл күнде сексен бестің асқар шыңына көтеріліп отырған Жәнібек аға ауылдасы, Тыйыштаттың айтысына қарағанда, шешесінің Баянда алғаш ұйымдастырылған бала бақшасының меңгерушісі болғанын мақтанышпен айтады...
Бір колхозда тұрғанменен, сіз мына жақта. біз ана жақта дегендей ел арасы шалғай, сондықтан естімеген шығармыз, қуанышың құтты болсын,- деп жатты әкем.
Сол күннен бастап, шешемнің құлағы жездесінің ауылына түрулі еді. Сол ауылдан әлде кім келе қалса: «Жәнібек көшіп келген жоқпа?» - деп сұрап жатады.
Ақыры, Жәнібек әкесінің ауылына көшіп келді. Бұл 1985 - жыл еді. Ол тұста «тың» деген ұғым қай қазақты болсын елең еткізетін. Жоқ, бәлкім, Жәкеңнің басқа мамандық таңдамай, сол тұста Қойтаста ашылған трактористер курсына түсуге сол да себеп болған шығар. Сол мамандықты ел қатарлы меңгеріп шықты.
Осы орайда, айта кететін бір жәйт, тың игерушілер қатарында жергілікті ұлт өкілдері шамалы еді. Сондықтанда кең байтақ еліміздің әр түпкірінен сан алуан ұлт өкілдері мал бағумен күн өткізіп жатқан қазақтарға шекесінен қарайтын. Тіпті бұлардан техника тілін меңгеретін адам шығады дегенге сене қоймайтын.
Трактор курсын бітіріп шыққан Жәкең солардан қалған тозығы жеткен темір тұлпар тізгінін ұстады. Абырой болғанда тыңға түрен салған алғашқы күнінен ақ, Жәкеңнің жұлдызы оңынан туғандай еді. Әрине оның техника тілін ұршықша иіріп меңгеруіне, өз ісін тиянақты атқаруына жан сала еңбек етуі себеп болғанды.
Содан да болар, егін орағы басталған тұста, Жәкең Қырғындағы қызыл қырманға меңгеруші етіп тағайындалды. Тусырап жатқан тыңның әлі эрозияға ұшырамаған тұсы бұл.
Егін шығымы жоғары еді. Қызыл қырманда қызықты еңбек күндері жалғасып жатты. Бұл арада Жәкең өзін іскер ұйымдастырушы ретінде танытты.
Бәлкім, бұған Қарағанды өрт сөндіруші инспекторы ретінде болып, адамдармен тіл табысу мәдениетін меңгергені себеп болған шығар. Әйтседе, Жәкеңнің есімі сол тұста ауыл еңбеккерлері арасында құрметпен атала бастаған.
Осыдан үш жыл өткен соң, Жәкеңнің отбасылық өмірінде үлкен өзгеріс болған еді. Сүйікті жары Үкітай марқұм болып, Жәкең Мәрия жеңгейге үйленді.
Сөйтіп,ол қаракесек елінен жан дүниесін түсінер жар ғана емес, жақын - жуық, қайын жұрт тапты. Мәрия жеңгейдің ағалары - Біләл, Қабжан, жеңгелері - Томаш, Қапиза және балдыздары жас отаудың шаңырағының берік болуына ақыл – кеңестерімен көмектесіп жатты...
«Қазақ қарға тамырлы» деп текке айтылмаған. Көп ұзамай Мәриямның Майқайыңда Зәбира атты нағашы апасы тұратыны белгілі болды.
Ол кісінің жолдасы милиция капитаны, тергеуші Қинаят Қатиетов екенін білген жұрт:
Өй, бұл Қайырбек Бәженеевтің жақын туысы емес пе?! - десті.
Сондықтанда болар әлдебір қылмыскерді «індетіп» Қойтасқа келген сапарында Жәнібек Қинаятты бірден танып, сәлем берген. Ол да мұның сәлемін жылы қабылдап: «Сенімен бажа болған екенбіз ғой», - деді күлімсіреп.
Бірер күннен кейін Зәбира да сіңілісі Мәрияға жаңа ортада өз орнын табуына айтарлықтай ақыл - кеңес беруге ат ізін салған еді. Осы орайда Зәбираның ағайын арасында жастығына қарамастан сол жылдарда - ақ ерекше құрметке ие болғанын айта кету орынды.
1963 - жылы бұрынғы Большевик колхозының орнына Южный совхозы құрылды. Шартараптан келген қоныстанушылар аз емес еді. Бір күні Жәкеңді сол кездегі совхоз директоры М.Е. Предохо шақырды.
Ол жаңадан ұйымдастырылып жатқан совхозға көптеген іскер мамандардың қажет екендігін айта келіп, сол мамандарды, қала берді, қалың жұмысшы көпшілікті партия саясатын жүзеге асыруға жұмылдыру үшін жұмысшылар комитеті құрылатынын сөз етті. «Соған басшылық жасауды өзіңізге ұсынбақ пыз» - деді.
Көп ұзамай ауыл еңбеккерлерінің алқалы жиынында Жәнібек Ықыласұлы Бәженеев Южный совхозының жұмысшылар комитетінің председателі болып, бір ауыздан сайланды.
Бұл үлкен сенім еді. Осы сенімді ақтап, Жакең өз жұмысын ұйымдастыра білді, «жарыс - табыс көзі» дегенді ту етіп көтерген сол жылдары Социалистік жарыстың жалауын желбіретіп, жеңімпаздар анықталуына көп күш жұмсады.
Сонымен қатар, ауырып сырқаған адамдарды шипажайға жіберу, баспанамен қамтамасыз ету, тағы да басқа совхоз еңбеккерлерінің әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерін шешуге көп үлес қосты.
1970 - жылы тағыда совхоз директоры Жәкеңді шақырып алып: « Мына үшінші бөлімшенің шаруашылығы біршама құлдырап кетті, соны басқаруға Сізді жіберсем, қалай қарайсыз?» - деген ұсыныс жасады. Жәкең бұл жұмысты да ойдағыдай атқарды.
Ол тұста, бөлімшеде 1500 - бас ірі қара мал бар еді. Осы аталған мал басын жем шөппен қамтамасыз ету, мал қораларын, бақташылар тұратын үйлерді қысқыға жөндеу сияқты қарбалас науқандар бірінен соң бірі жалғасып жататын.
Бөлімшенің бес мың гектар егістік алқабы болатын. Онда бидай, арпа, қарақұмық дақылдары егіліп, орып алу жұмыстары бірінен бірі ұштастыра жүргізілді.
Бірте - бірте жұмыс алға басты. Бөлімше еңбеккерлерінің Жәкеңнің бұл жұмысы да бір кісіден кем меңгергендігіне көздері жетті. Мемлекетке сапалы да семіз ет, сүт, май тапсыру ісі бірте - бірте оң жолға қойылған.
Ол жылдары Қырғын учаскесі бөлімшенің егістік алқабы болатын, бұл сол шаруашылықтың құнарлы жері боп саналатын.
Егін егу технологиясын дұрыс сақтау арқасында, жер құнары өз жемісін беріп, бөлімше дихандары әр гектардан 10 - 12 центнер өнім алуға жетісті. Бұл сол жылдары жоғары нәтиже болып есептелетін. Жәкеңнің еңбектегі табыстары елеусіз қалмады.
Оны бөлімше еңбеккерлері ауылдық кеңестің депутаты етіп сайлады. Енді ол өзінен басқа да әріптестерімен қатар совхозда еңбек мәселелерін көтеріп шешуге ат салысты.
Южный совхозында еңбек еткен сол жылдарды сағынышпен еске ала отырып, Жәкең өзімен қанаттас, жұмыс істеген пікірлестері Ғаббсаттар Сарбасов, Әбілә Сабденбеков, Серік Анафин, Сағадат Ысқақов сынды ауылдық кеңестің депутаттары болған азаматтардың есімін мақтанышпен атады.
1975 - жылы отбасы жағдайына байланысты Жәкең Жосалы совхозының Қызылтау бөлімшесіне қоныс аударып, мұнда екі жылдай бөлімше қойма меңгерушісі болып қызмет атқарды.
Бір айта кететін жәйт, Жәкең қайда жұмыс істесе де, өзінің адалдығымен ерекшеленді. Ол ішіп - жеуге, қоғам мүлкін талан - таражға салуға жол бермеді.
Бұл оның өзіне де, өзгеге де қойған талаптардың бірі еді. Ал енді осы қасиет, бәлкім, оған нағашысы Қайырбек Бәженеевтен жұғысты болған шығар.
Совхоз директоры Тоқтыбай Бралинұлы Құлшыманов Жәнібек Ықыласұлын совхоз орталығындағы орталық қойма меңгерушілігіне шақырды. Он бес жылдай бір орында табысты еңбек еткен Жәкең, көп жылғы бейнетінің зейнетін көрер шаққа жетті.
Қызылтау жерінде өмірінің жалғасы - балалары өсіп, ержетті. Көп жылдар бойы елге есімі белгілі азаматтар: Қапен Төлеубеков, Марат Әшімов, Қоқан Закарьянов, Бақыт Аязбаевтармен бірге еңбек етті. «Ел дәулетін еселеуге шамамыз жеткенше үлес қостық», - дейді Жәкең.
Осылардың арасынан, өз басым, совхоз директоры Қапен Төлеубекұлы есімін ерекше атар едім. Өйткені ол кісі Баянауыл өңірінен, қателеспесем, Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесіне депутат болған азамат. Баянауыл өңірінде бірнеше шаруашылық басшысы, Май ауданында ауыл шаруашылық басқармасын басқарған адам.
Міне, көпті көрген көшелі осы сынды азаматтармен қанаттас еңбек ету Жәкеңе аз олжа болмағаны сөзсіз. Ол жылдарда Үкімет наградасы екі еңбеккердің біріне беріле бермейтін. Өйткені, жасырары жоқ, кей тұстарда сол наградалар маңдай терлеп, еңбек еткендерден «ұр тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге енеді» демекші, «аты озғандардың» кеудесіне қадалатын.
Ал Жәкеңнің адал еңбегі аудандық партия комитетінің грамоталары, мақтау қағаздарымен аталып өтті. Ең бастысы зейнеткерлікке шыққанда Жәкеңе совхоз директоры Қапен Төлеубекұлы еңбегін бағалап, арнайы бұйрықпен астына автокөлік мінгізді.
1982 - жылғы сәуірде Жәкеңнің асқар тауы, әкесі Ықаң, 84 - жасында өмірден озды.
Осы орайда, Ықаң жайлы бір - екі ауыз сөз айта кету артық болмас. Ол кісі өте момын, шаруақор болатын.
Көзінің тірісінде - ақ аты ел арасында аңыз болып таралған еді. Сонау бір жылдары, ағайынның топырақты өліміне бата жасағанда, кіндік шеше атанып, нәрестенің кіндігін кесіп, қалау қалағанда, ауыл адамдары малдарын сойып апарады екен.
Сондай бір сапарға Ықылас ақсақал да әзірлік жасайды. Қойын сойып , етін сорғысын деп терісінің үстіне жайып қойған ол бірер шыны шай ішіп, шөлін баспақ болып үйге кіреді.
Содан шайды қанып ішіп, сыртқа шыққан ол, қораның есігінің аңырайып ашық жатқанын көріп, ішінде өзара ырылдасқан иттердің дауысын естіп жүгіріп келсе, ауыл иттері сойылған қойдың етін паршалап - ақ тастаған екен.
Тек жоғарыға ілінген төс пен қора бұрышына тастай салынған бас қана аман қалыпты. Мұны көріп есі шығып, үйге қарай жүгірген Ықаң бәйбішісіне;
- Иттер қойдың етін түгелге дерлік туталақайын шығарыпты, тек сен ренжи көрме, құдай сақтап басы, құдай сақтап төсі қалыпты, - деген екен.
Ендігі бір аңыз мынау: Аудан орталығындағы ауруханаға өзі бағып жүрген табындағы көк бұқа сүзіп, бірер бұғанасы шытынап, қабырғалары сынып, ауыр халде түскен Ықыласты дәрігерлер емдеп жазып, қатарға қосумен бірге, жасы жеткен адам ретінде зейнет ақысын қуып алуға құжаттарын әзірлеп, көмектессе керек.
Өмір бойы «Большевик» колхозында еңбек етіп, жасы әлдеқашан пайғамбар жасынан асып кетсе де, зейнеткерлікке шыға алмай (совхоз құрылғанға дейін колхозшылар зейнетақы алған емес және оны қуудың жолын да біле бермейтін), ең бастысы «тірі ақшаны» түсінде ғана көріп, өңінде сирек ұстайтын Ықаң зейнетақысын алғанда: «Е, жаратқан, бергеніңе мың шүкір, зейнеткер атандырып, осы халге жеткізіп, шытырлатып ақша санаттырған көк бұқаға да, үкіметке де... қала берді, әлгі дәрігер балаларға да көп рахмет деген екен.
Бұл аңыздар Баянауыл ауданының Жұмат Шанин атындағы ауылда әлі күнге дейін айтылып келеді. Мұның өзі бір кездегі ауылдастарының аңқау да аңғал жан дүниесі табиғаттың өзіндей таза Ықаң сынды қатардағы еңбек адамына аз құрмет болмаса керек.
Ел ақсақалын ауылы құрметтеп, соңғы сапарға шығарып салды. Олардың арасында Ықаңның сегіз немересі бар еді. Қазірде Жәкең Екібастұз қаласының тұрғыны. Бәйбішесі Мәрия жеңгеймен Алланың алақанға берген ырысын бала - шағаларымен бөлісіп, қызықты думанды өмір кешуде.
Ләззәт пен Берікбай қатардағы шаруа адамдары. Фаризат жоғары оқу орнын бітіргеннен соң, көп жылдар бойы Екібастұз қаласының мәдениет бөлімін басқарып, жемісті еңбек етті. Қазір Қазақстан Респбликасының Парламенті Мәжілісінің Аппаратында қызмет етуде Алиасқар - полиция полковнигі.
Көп жылдар бойы Екібастұз қаласының Ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Қазірде Баянауыл аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы. Ерсін болса республикамызға белгілі «Богатырь көмір» кен орны разрезінде техникалық қызметкер.
Еркін мен Серікбай Екібастұз қаласының ішкі істер басқармасының полиция офицерлері болса, Гүлзат Павлодар облыстық Қазақтелекомда инженер-техник қызметін атқарады.
Қайыргелді өзінің өмірге деген құштарлығымен өміршеңдігін танытқан аптал азамат болса, сүт кенжесі, ағылшын тілінің маманы Гүлдана, қазірде Қазақстан Республикасының кардиохирургия орталығында қызмет атқаруда.
Сонымен қатар, Жәкеңмен Мәрия жеңгей өздерінің сүйікті балалырымен келіндерінен он төрт немере, үш жиен, жеті шөбере сүйіп отыр.
Міне, құрметті оқырман! Ықыласұлы Жәнібектің, оның отбасы жәйлі азды-көпті мағлұмат осы. Алда қос қарияның қол ұстасып, өмір кешкендеріне 50 - жыл толғалы отыр. Торқалы той құтты болсын, Жәке, Мәрия жеңгей!
Сүлеймен Баязитов
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі.
Павлодар қаласы
2012 - жыл