10.08.2021
  124


Автор: Сүлеймен Баязитов

«Сарыарқа самалы» – 90

Олар да қалам тартқан еді...


«Қызыл ту» («Сарыарқа самалы»)...  Бұл газет менің балғын шағымды есіме салады. Ол кезде  Облыстық «Қызыл ту» газеті деп аталатын. Қиыр жайлап шет қонған шопандар ауылына газетті хат тасушы айына бір рет әкелетін.


Хат тани бастаған шағым, газетті қызыға ақтарып, кейбір мақалаларды шұқшия оқып отырғанда, үйге көрші ақсақалдың енгенін аңғармай қалсам керек.


Ол жаныма келіп:


-Өөй, сәлем қайда?- деп ақырып қалғанда барып:


- Ата, кешіріңіз, газет оқып отырып сізді байқамай...- деп міңгірлей беріппін. Ақсақал болса:


- Бұл газет оқып отырад...


Мені аңдамай қалай?.. - деп ренішті үнмен:


-Сен газеттің жазатыны шестай өтірік екенін білесің бе?- деп ақырды.


Мен атаға қатты ренжідім.


Әсіресе газет өтірік жазады дегеніне. Әкеме:


-Анада«Қызыл ту» газеті өзіңізбен бірге істейтін шопан Сейфолла туралы «озат шопан еңбегімен елге үлгі» деп жазып, суретін басты. Сонда өтірік пе?-деп сұрадым.


-Жоқ, Сейфолла, шынында да – озат шопан, ауыл мақтанышы,- деді ол . -Ал сен көрші атаңа ренжіме. Ол кісі – сауатсыз адам. Өзі газет алмайды. Ал саған елден естіген бірдеңесін айтқан болар, ренжіме,- деді арқамнан қағып. Менің газет оқуға деген құмарлығым одан әрі арта түскен еді. Сол жылдары ғой Хасанат Ысқақов, Қайыржан Темірбековтердің мақала суреттеме очерктерін оқып, есімдерін жаттап алғаным.


Ол кезде күні ертең сол кісілермен газетте қанаттас еңбек етемін, ағалық қамқорлықтарын көремін деп кім ойлаған. Ақбеттаудай асқан арманымды арқалап, Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінің табалдырығын аттаған тұста Хасанат Ысқақов сол газет редакторының орынбасары еді. Ал Қайыржан аға әлдебір себептермен дәл сол кезде газетте істемейтін еді. Көп ұзамай ол өзінің кәнігі кәсібіне қайтып оралды.


Кезінде Хасанаттың облыстық «Қызыл ту»  газетінде жауапты хатшы, ал Қайыржан ағаның сол газеттің Баянауыл ауданындағы меншікті тілшісі болғанын естіп білдім.


Бұл кісілерден басқа газетте Бөкен Абылқасов, Шәкірат Шалбаев жұмыс істейтін. Менің аудандық газетке келуіме Шәкрат Дәулетжанұлы себепкер болды. Газетті өзі де кезінде «Қызыл ту» газетінде қанаттанып, қаламын ұштаған тәжірбиелі журналист Рафағат Сыздықов басқаратын.


Көп ұзамай ол кісі басқа қызметке ауыстыда ұжымға Шәкірат Шалбаев жетекшілік ете бастады.


Осы арада жоғарыда аты аталған журналист ағалардың көпшілігі қалам қарымын толық танытар жастық атты кезеңнен өтіп, қайықшыға жел қарсы дегендей ол кісілер қолдарына қалам алған тұс. Партиялық бақылаумен цензураның қос өңірден қыспаққа алып тұрған шағы еді ғой.


Сонымен қатар аудандық, облыстық газеттерде тіл байлығына, ой өзгешелігіне жазылмаған шектеу қойылған.


Правдадан үлгі алу керек деген талап. Бірте-бірте қарабайырлыққа алып келген. Бұдан біздің аты аталған ағаларымызда қашып құтыла алмаған. Соданда болар өзге газетті былай қойып, олардың көпшілігі облыстық «Қызыл ту» газетіне қалам тартудан қалған тұстары.


Әділін айту керек, Қайыржан Темірбековтің қаламын өткен жылдар жасыта алмаған екен. «Қызыл ту» газетінде басылумен шектелмей, екі журналистің бірінің тісі бата бермейтін. «Социалистік Қазақстан» газетінде мақалаларының жарық көруі – соның айғағы.


Шәкірат Дәулетжанұлы әр жылдарда Алматыдан ақын журналист Төлеген Мұқаевты аудандағы орта мектептерден Кәкім Нөгербаевты, Хабдыжалел Мағзұмұлын, Шымкенттен Жеңіс Мананбаевты, Қарағандыдан Асқар Лекеровті С.Торайғыровтан Қырықбай Алдабергеновті газетке шақырды. Мұның өзі газет тілінің біртіндеп шұрайлануына, жаттандылықтан арыла бастауына әртүрлі жанрлардың газет бетінде орын алуына ықпал етті.


Кәкең бастаған аты аталған журналистер сол кездегі «Қызыл ту» мұнан әрі «Сарыарқа самалы» газетінде жарыса жарияланып жатты. «Сарыарқа самалы» газетінде жарияланған Төлеген Мұқаевтың өлеңдері мен балладалары, Кәкім Нөгербаевтың өлеңдерімен әңгімелері, мақала суреттемелері, Хабдыжалел Мағзұмұлының қысқа хабарлары, Қырықбай Алдабергеновтің суреттеме корреспенденциялары туралы газет оқырмандары жылы пікір білдіріп, облыстағы байырғы аудан, Қазақстанның Швецариясы атанған Баян жері, Баян елі «Сарыарқа самалы» газеттен, міне, осылай өзінің лайықты орнын алу керек қой. Құдайға шүкір, еңбек озаттары да көңіл қуантатын көрсеткештері бар ғой десетін.


Төлегенде, Кәкімде, Хабдыжалелменде сыйластығымыз қимастыққа айнала бастаған тұста әрқайсысы әр жылда жер ана бетіндегі жарық күндері таусылып, мәңгілік кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Ал олардың ағалаған үндері құлағымда, ізгілікті істері есімде қалды. Төлеген өзімшіл емес, көпшіл еді. Бірде облыстық радиоға бірге бардық. Сол кездегі редакторлардың бірі бірден-ақ Төлегенді студияға өлеңдерін жазуға ерте жөнелмек еді. Төлеген аға: «Мына кісіде мұнда құр қол келген жоқ»,- деп отырғандарды ду күлкіге бөлеп, мені жетелей жөнелді. Адамгершілік емес пе?!


Ал, Кәкім үйге келгенде шешініп тастап, домбыраны қолға алып, қазақ әндерін әуелете шырқайтын. Әзілді жақсы түсінетін. Бірде ол сол кездегі Жосалы совхозының озат шопаны Төлеуғазы туралы«Төлеуғазыға ел ырза» атты суреттеме жазды.


Осыған орай мен:


Төлеуғазыға ел ырза,


Бас мүжіген сен ырза.


Түк татпаған менде ырза,-


дегенде Кәкеңнің дегенін көрсеңіз. Төлегеннің артында жинақтары Хабдыжалелдің кітап болып басылған аудармалары қалды. Әттең, дүние Кәкім бауырымның жазғандары тым құрыса ұжымдық жинаққа енген емес, өкінішті.


Ал Асқар Лекеров, Жеңіс Мананбаев орыс тілді журналист еді. Екеуі де біздің арамыздан шыққан алғашқы шенеуніктер.  Асқар Лекерұлы аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі, онан кейінгі жерде аудандық оқу мәдениет бөлімдерінде меңгеруші болғанда «Сарыарқа самалы» газетінің ауданда кеңінен таралуына игілікті ықпал етті.


Ал оның тамаша әдебиетші,  жапон үлгісімен орыс тілінде жыр жазатынын мен кезінде Астанада шығып тұрған «Нива» журналының бас редакторы  КСРО-ға белгілі ақын В.Р.Гундаревтен естігенде қайран қалған ем.


Сол кісі маған Асқарға шығармаларымды орыс тіліне аудартуды ұсынған еді. Жеңіс інімнің істеген қызметтерін санамалап жатпадым. Қатты сырқаттанып қалғанына қарамастан ғылым кандидаты атануы облысымыздағы беделді белгілі оқу орны С.Торайғыров атындағы университетте болашақ журналистерге сабақ беруі сүйсінерлік іс емес пе.  Ал Қырықбай – біздің арамыздан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, ол туралы жазған «Әй...Қырықбай-ай» атты топтамасымен тіршілік болса ертелі-кеш таныса жатарсыңдар.


Ал «Сарыарқа самалы» газеті сол жігіттер жазған мақалаларды жарыса басатын. Бердалина Света бұл күнде Павлодарда, Қорлан Райымбекқызы Баянауылда. Айтпақшы Қорлан апай 80-ге толды. Оны мерейлі мерекесімен өз атымнан жәнеде «Сарыарқа самалының» сандаған оқырмандарының атынан құттықтаймын. Көп жасаңыз. Ал өмір жолында көбімізге рухани ұстаз болған «Сарыарқа самалы» газетінің әр санын асыға күтетін оқырманы ретінде табыс тілеймін.


 


Сүлеймен Баязитов жазушы, КСРО және


Қазақстан журналистер одағының мүшесі,


Баянауыл ауданының құрметті азаматы.


Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін төс белгісінің иегері.





Пікір жазу