06.08.2021
  151


Автор: Рабиндранат Тагор

Қаңқа сүйегі

Біз үш бала бірге жатушы едік. Ал көрші бөлменің қабырғасында адамның қаңқа сүйегі асулы тұратын.


Бұл қу сүйекті түнде жел тербесе, күндіз біз әурелейтінбіз. Ол кезде біз өзіміздің пандитімізбен бірлесіп "Мехнаттың апат болуын" оқып жүрген едік, ал Кенбал мектебінің шәкірті остеологиядан сабақ беретін. Қамқоршымыз бізді ғылымның бар саласымен таныстыруға тырысты. Оның ойы қаншалықты жүзеге асты, таныстарға айтып жатудың керегі не, ал басқалар мұны білмесе де болады.


Содан бері көп заман өтті. Әлгі бөлмеден қаңқа сүйегі де ғайып болды, остеологияны да ұмытып үлгірдік.


Жуырда әйтеуір бір себеппен баяғы шәкірт сабақ берген үйге көп қонақ жиналды. Ал менің қаңқа сүйегі асулы тұрған бөлмеде ұйықтауыма тура келді. Көпке дейін шіркеу мұнарасындағы үлкен сағаттың қоңырауын тыңдап, кірпік іле алмай дөңбекшумен жаттым.


Бұрышта шырақ жанып тұр, міне ол бірер рет зорая лапылдап барып сөніп тынды. Осы біздің үй болып тұрғалы талай-талай қайғылы оқиғалар өткен-ді, содан ба, әйтеуір сөнген шырақ кенет маған заманның өткіншілігін, тірліктің пәнилігін елестетті. Мына ұлан-ғайыр қараңғылық жайлаған түннің бір уағында ғайып болған шырақ жалыны сияқты тірлікте де күн-түн демей шыбындай адам жанының ұшқындары ойда-жоқта жалп етіп сөніп жататыны менің еріксіз есіме түсті. Елеусіз барып бір кезде дәп осы бөлмеде тұрған қаңқа сүйегін ойлап кеттім. Бүл қаңқа сүйегі қандай пенденікі екен деген сауал беріп әлдебір болжам жасап жатыр едім, шымылдығымды айналып біреу жүрген сияқтанып кетті. Әлде бірдемені аймалап іздегендей, қабырғаны сипағандай болды. Әлдекімнің жиі алған демі, шапшаң жүрген аяқ дыбысы естілді. Әрине, мен мұның бәрі де елегізіп, қиналып жатқан өз қиялымның жемісі де, ал ана шапшаң алған аяқ дыбысы өз жүрегімнің дүрсілі екенін түсінемін ғой. Сонда да тұла бойым мүздап сала берді. Осы бір себепсіз туған үрейден құтылмақ болдым да:


— Кім бұл? — деп сұрадым.


Аяқ дыбысы менің кереуетіме таянып келді де тынып қалды:


— Бұл мен ғой, қаңқа сүйегім жоқ, соны іздеп жүрмін, — деген дауыс естілді.


Қорыққанға қос көрінеді дегендей, мына өз қиялым туғызған бұл ібілістен несіне қорқамын деп топшыладым да, өте бір салмақ, байыппен немкетті түрде:


— Иә, мұндай қарекетке бұл бір табылған уақыт екен. Ал ол қаңқа сүйегін қайте қояйын деп едің? — дей салдым. Сонда да көрпеме кіре түскендеймін.


— Осы да сұрақ болып па? — Дауыс дәл шымылдық қасынан шыққандай болды. — Қаңқа сүйегі жүрегімді қорғаштаған еді. Онда менің әрі сұлу, әрі балғын шағым болатын. Ал сен ше, менің қаңқа сүйегіме көз қырын салғың келе ме?


— Рас, талабыңның жөні бар сияқты, — деп жауап қайырдым мен. — Иә, сен іздей бер, ал мен ұйықтап қалуға тырысайын.


— Сен оңаша екенсің, — деді жаңағы тірлік. — Мен бір шақ қасыңа отырайын. Аз-кем әңгімелесейік. Алдыңғы өткен отыз бес жыл ішінде мен міне осылай отырып талайлармен әңгімелескен едім. Ал соңғы отыз бес жыл ішінде мола үстінде ызыңдаған желдей кеңістікті кезумен жүрмін. Қазір мен қасыңа отырайын да адамша тағы да бір сөйлесіп қалайыншы.


Мен шымылдықтың қасына келіп әлдебіреудің отырғанын сезіндім. Өз хәлімнің мүшкілдігін аңғарып, хәл-қадарымша бар күшімді жинап:


— Міне дұрыс болды тіпті. Аздап көңілді бірдеме жайында сөйлеселік, — дедім.


Егерде ең бір қызықты оқиғаны тыңдағың келсе, мен онда өз өмірімді баяндайын саған.


Шіркеу сағатының қоңырауы түнгі екіні паш етті.


— Мен өзімнің қыршын шағымда бір ғана адамнан, өзімнің күйеуімнен өлердей қорықтым. Мен өзімді қармаққа ілінген балықтай сезінуші едім. Әлдебір жат адам мені қайғысыз да қамсыз балалық шағымнан жұлып әкеткен сияқтанды да тұрды. Енді қайтып азат болар жол да жоқтай. Тұрмысқа шыққан соң екі айдан кейін ерім дүние салды. Ағайын-туған, дос-жарандар талайсыздығымды ойлап көп қамықты. Қайын атам бетіме тесіле қарап көп тұрды да, енеме: "Шастрада бақытсыздық әкелетін әйел жайында айтылған сөз бар еді, мына пәкене қыз соның өзі болып шықты", — деді. Мұның бәрі әлі есімде. Тыңдап жатырсың ба? Ұнамай ма саған әңгімем?


— Өте ұнайды, — деп жауап қаттым. — Тым қызық басталды.


— Олай болса тыңдай бер. Сөйтіп мен әкем үйіне қуана оралдым. Уақыт шіркін зырлап өте берді. Жұрт болса жасырған болады, ал өзім болсам, дәл мен сияқты қыздың табылмайтынын жақсы білдім. Сен қалай деп ойлайсың?


— Жаны бар сөз. Мен бірақ сені ғұмырымда көрген жоқпын ғой.


— Көрген жоқпын! Ал менің қаңқа сүйегім ше? Хи-хи-хи! Ойнап айтамын! Бір кезде мына бір ойдымда дөңгелек қара көзім жаудырап тұрған еді, ал оймақтай қызыл еріндерімде ойнаған әдемі күлкі қазіргі ырсиып қалған арса-арса тістерге ұқсамаушы еді деп қайтсем дәлелдей алармын? Мына ебетейсіз сүйекті орап тұрған тәнімнің нәзіктігі мен бипаздығын, ақтығы мен сұлулығын жеткізіп айтсам шіркін? Мұның бәрі саған қазір жалған сияқты. Бұл ашуымды келтіреді. Сол кездегі ең даңқты деген дәрігерлердің өзі де менің қаңқа сүйегім остеологияны үйренушіге көрнекті құрал болады дегенге сенбеген болар еді. Әлі есімде, бір дәрігер өзінің жақсы жолдасымен әңгімелесіп отырып мені иісі аңқыған гүл дегені бар-ды. Басқаша айтқанда, бар адамзат остеология мен анатомияны үйренушілерге көрнекті құрал болуға жарарлық та, тек мен ғана таңғажайып гүлге пара-пар едім. Айтшы, гүлдің бәрінде де қаңқа сүйегі бола ма?


Мен жүріп келе жатып, өзімнің әр қимыл-қозғалысымнан жарқылдаған жақұттай сұлулық нұры төгілетінін сезінуші едім. Ұзақ отырып сүйріктей Қолыма — өзінің нәзіктігімен дүниедегі ең бір тентек деген еркегіңді де жуасытып алатын қолыма жиі-жиі қараушы едім. Субхадра өзінің жеңімпаз күймесінде Арджунамен бірге шалқи отырып таңырқаған үш хат жұртты ұшып өткенде, мүмкін оның да қолы дәл осындай жұп-жұмыр, алақаны реңді, саусақтары жалын тіліндей түп-түзу болған шығар-ақ.


Дегенмен менің мына ұятсыз да жалаңқая, кәрі қаңқа сүйегіме қарап, сен мені басқаша түсінген боларсың. Қайтейін, ол пікіріңді өзгертер шарам бар ма. Сол себепті дүниеде сенен артық жек көрер ешкімім де жоқ! Мен сенің алдыңда бұлықсыған он алты жасар қыз болып келіп, көпке дейін елегізітіп қойсам ба деп едім. Оның үстіне остеология атаулының бәрін талқандап, ұмыттырып жіберсем бе деп те ойлаймын.


Сіздің адамды өлтірер жас та сұлу шағыңыз қараңғы түнде алмастай жарқылдайды. Егерде сіздің тәніңіз болса, соның атымен ант етейін, сол бір остеология деген ғылымнан менің басымда ештеңе де қалмапты. Бұл жайында сөйлесудің қажеті жоқ енді!


— Құрбы қыздарым болмаған еді, — деді жаңағы тірлік иесі.


Дадам үйленбеуге бет қойды. Сол себепті ішкері үйде мен жалғыз тұрдым. Бақ ішінде бәйтеректің түбінде оңаша отырып ойға шомушы едім. Дүние маған ғашық сияқты. Аспандағы жұлдыздар тек маған ғана жымыңдайтындай. Жел күрсінгендей болады. Менің аяғым тиген шөп елтіп қалатындай көрінетін. Сол бір сынып қалған шөп сабағын аяғымның астында маған құлдық ұрып жатқан бар дүние жастары деп елестетуші едім. Сонда да көңілім бір шерге толы сияқты еді.


Ағамның досы Шошишекхор дәрігерлік колледжді бітірісімен біздің үйге дәрігер болып орналасты. Мен бұрын оны шымылдық астынан жиі көретінмін. Ағай бір қызық адам болатын. Дүниеге тереңірек ой жүгірте алмайтын-ды. Оның ұғымында дүние деген қиын бір жұмбақ, сол себепті ол бірте-бірте алыстап, оңашаланып қалды.


Ал Шошишекхор болса, оның жан дегенде жалғыз досы еді. Мен оны жиі көретін болдым. Кешқұрым бақшаға баратын кезім болады. Сонда мен өзімді патша тағында отырмын деп сезінетінмін. Менің аяғыма жығылып жатқан бар дүние жастары Шошишекхордың өзі сияқты болып көрінуші еді. Тыңдап жатырсың ба? — деді ол маған. — Не ойлап қалдың?


— Мен Шошишекхор болып жаралсам мүмкін жақсы болатын ба еді?! — деп күрсініп қойдым. — Ең алдымен тыңдап ал. Бір жаңбырлы күні денем күйіп-жанып ауырып қалдым. Дәрігер келді. Біз бірінші рет көрістік.


Мен терезеге қарап жатыр едім, кешкі күннің қызғылт сәулесі сынық келбетіме түсіп оң бергендей. Дәрігер бөлмеге кіріп келіп менің жүзіме көз салғанда, ойша өзімді соның орнында деп санап, мен де өзіме-өзім көз салдым. Кешкі күн сәулесімен нұрланған кейпім иіліп қалған ғажап бір гүл сияқты. Шашым маңдайыма түсе береді, ал сәл ұяла бүгілген кірпігім бет ұшыма көлеңке түсіреді...


Дәрігер ағайыма менің тамырымды ұстау керектігін айтты. Ақырын ғана ұяла айтты. Мен көрпеден жұп-жұмыр, қолымды шығардым. Сол қолыма қарап "егерде лағыл тастан білезік салсам, қандай жарасар еді" деп ойладым. Сырқат адамның қолын дәл осылай ебетейсіз ұстаған дәрігерді тумысымда көрген емен. Менің тамырымды басқан саусақтары сол қалтырайды, ол ыстығымның барын сезінді. Ал мен болсам оның жүрек соғысын аңғардым. Сенбейсің бе?


— Сенбеуіме дәлел жоқ, — деп жауап бердім мен, — оның үстіне қашанда болсын тамыр соғысы әр қилы болады ғой.


— Қайта-қайта ауырып, қайта-қайта айығып тұрдым. Содан кейін кешке таман мені күткен бар дүние бозбалалары тым азайып кетті де, ақыры сырқаттың өзі мен дәрігер ғана қалды! Кеш түсісімен бар әдемі киімді киініп, шашымды шоқпардай етіп желкеме түйіп жасмин гүлінен алқа салып, қолыма айна ұстаған қалпым жұрт көзінен тасаланып бақшаға барып отырушы едім. Не үшін істедім мұны? Өзіңе-өзің көз салып сылана беру жалықтырып жібермей ме екен? Жоқ! Өйткені өзіме өзім қарап отырғаным жоқ қой. Мен оңашамын, бірақ біз екеу болатынбыз. Бір мезгіл мен өзіме көз салып, қуанған, аймалап құшқан, еркелеткен дәрігерге айналып кететінмін. Сөйтсе де іңір шағындағы шерлі желдей көкірегім қақ айырылып күрсінетін едім.


Сол кезден бастап мен жалғызсырап көрген емен. Қыдырып жүріп көзімді төмен салып бәшпайларымның қалай қозғалатынын байқайтынмын. Жүрісім дәрігерге ұнар ма екен деймін. Күн қияға шығып сұқтана қадалған талма түстің шағында төңіректі тыныштық басады. Аспан қиясынан анда-санда қарақұстың саңқылдаған дыбысы келеді. Ойыншық сатушының, өз ойыншығын мақтаған даусы шығады. Ал мен болсам, көк шөпке жамылтқы төсеймін де жата бастаймын. Жалаңаш білегім шалқалай мамық жастыққа түседі. Маған сонда әлдекім көз алмай қарағандай, алақаныма ыстық демін тигізіп сүйген сияқтанады, содан соң дыбыссыз алыстай бергендей болады. Осымен әңгімемді тәмам етсем не деген болар едің?


— Теріс демеген болар едім. Дегенмен аяғы жоқ қой. Содан кейін не болғанын оймен жорып көрер таңды көзіммен атқызуға тура келеді.


Егерде бұлай болған күнде әңгіме бітпей қалар еді. Тартымды да болмас. Тіпті онда бүл әңгіме азу тісі ырсиған қаңқа сүйегі туралы әңгіме болып та жарытпас-ты. Тыңдай бер! Аздап тәжірибеге ие болған дәрігер біздің үйдің төменгі қабатында өзіндік емхана ашты. Мен одан әзіл-күлкісі аралас әңгімелесе жүріп, қалт еткенде қилы-қилы дәрі-дәрмектердің қилы-қилы қасиетін сұрай жүретінмін. Күшті деген уларды білгім келетін. Өзі жақсы көретін осы бір тақырыпқа келгенде дәрігер тым сөзуарланып кетуші еді. Мұндай әңгімелер мені өлімнен сескенбейтін етті. Ажал деген маған әлдебір бауырым сияқты болып кетті. Дүниеде мен үшін махаббат пен өлімнен басқа ештеңе де жоқ секілді. Мен әңгімемді тәмам етуге айналдым. Сол сабыр ет.


— Таң да жақындап қалды, — дедім мен ақырын ғана.


— Біраз уақыт өтті. Мен дәрігер бабудың әлденеге тынышы кетіп жүргенін, сонысын менен жасырғысы келетінін аңғардым. Бір күні ол барынша киініп, ағамнан көлік сұрап алды да түнделетіп бір жаққа жүріп кетті.


Енді төзуге менің дәрменім болмады, ағама бардым. Анау-мынау сөз болды. Ақыр соңында мен одан: "Дада, айтпақшы, дәрігер бабу қайда аттанып кетті осы?"— деп сұрадым.


— Өлмекке, — деп қысқа жауап берді дада.


— Өтірік сөзді айтпа, — деп таластым мен.


— Үйленбекке, — деп түсіндірді ағам.


— Бекер шығар! — деп дауыстадым да қатты күле бердім. Сол қалыңдығы арқылы дәрігердің он екі мың рупия ақшаға қолы жеткенін кейін барып білдім. "Оның несін жасырды менен, қорлағаны ғой тегі? — деп ойладым. Мен оның ашына-жайы болған жоқ едім ғой. Егерде мұндай бірдеме бола қалса, өз кеудемді тілгілеймін, өлемін деп қашан айтып едім?" Жоқ, еркектерге сенуге болмайды. Мен ғұмырымда бір-ақ адамды көрдім. Соның өзінде де еркектің опасыздығын оңай түсіндім.


Кешқұрым дәрігер ауруларды қабылдап үйге оралғанда қатты дауыстап күлдім де мен одан: "Дәрігер мырза! Бүгін сіздің тойыңыз дейді ғой?"— деп сұрадым. Менің тым көңілді екенімді байқап, дәрігер абыржып қалды. "Сауық болған жерде неғып ән-күй жоқ?"— деп сұрадым.


— Үйлену деген сондай қуанышты оқиға ма еді? — Шошишекхор күрсініп қойды. Мені тағы да күлкі буды. Осы әуендес сөзді мен еш уақытта естіп көрген емен.


— Жоқ, олай етуге болмайды. Мен ән-күй мен жарықтың болуын қалаймын, — дедім. Ағайым бұл тойды өз ғұрпымен өткізу керек деген жарлық бергенше, мен оның соңынан қалмадым.


Күн ұзақ үйге келін келіп түскенде не істейтінімді айтып сөйлей ердім.


— Дәрігер мырза, бұдан былай аурулардың тамырын ұстайтын боласыз ба, жоқ па? Хи-хи! Мен ант етейін еркектің ішкі дүниесінде не болып жатқанын еш уақытта да біле алмайсың. — Солай болса да, менің сөзім өмірдің оғындай дәрігердің кеудесін тіліп кетсе керек.


Той түннің бір уағында өтуге тиісті болды. Кеш түсісімен дәрігер мен ағайым дағдысынша төбеге шығып, шарап ішіп отырды. Кешікпей ай туды.


Мен солардың қасына барып:


— Дәрігер мырза, есіңізден шығып кетті ме? Жүретін уақытыңыз болды!


— Бұл жерде айта кететін бір жай бар. Мен мұнда келерден бұрын дәріханаға барып, бір кішкене дәрі ұнтағын алғанмын, соның біразын дәрігердің шарабына қосып жібердім. Бұл уды ішкен адам өледі деген болатын ол Пияладағы шарапты бірден төңкеріп дәрігер түрегелді. Маған мұңды бір көз салды да баяу да қалтыраған даусымен:


— Мен кеттім, — деді.


Керней тартылды. Мен бенарестік сариімді кидім. Әбдіредегі бар әлеміш-әшекейлерімді алып үстіме тақтым. Шашымды қақ айырып арасын бояп қойдым. Содан кейін бақ ішіндегі бір бәйтеректің түбінен өзіме жатар орын сайладым.


Маужыраған ғажап түн. Ай да бозғыл сәулесін төгеді. Оңтүстіктен соққан қоңыр самал ұйқыға шомған мына енжар дүниені желпи сергітеді. Бақ ішін жасмин гүлінің хош иісі алған. Бір кезде керней даусы алыстап барып тынды. Ай сәулесі қарауыта берді. Ағаштар мен аспан да, мен туып-өскен мына қара орман мен бүкіл дүние бейне бір сағымдай тербеліп іріп кетті. Мен көзімді жұмдым да, езу тарттым. Жұрт келіп мастыққа бөккен осы бір күлкіні көрсе деп ойлаймын. Бұл күлкіні өзіммен бірге мәңгі-бақи қараңғылық басқан неке қияр бөлмеме ала кетсем деп армандаймын. Айтпақшы қайда сол неке қияр бөлме? Тойға киер киімім қайда? Содан кейін мен бір тарсылдан оянсам, үш бала мені көрнекі құрал етіп остеология пәнін үйреніп жатыр екен. Бір кезде қайғы мен қуаныш ұялаған, жастықтың нәзік гүлдері шешек жарған жерлерімді үйретуші шыбықпен көрсетіп, сүйектердің атын атайды.


Сол бір соңғы сәтте жүзімде ойнаған күлкінің өзін байқағаның бар ма? Ал қалай, әңгімем ұнады ма?


— Тым қызық екен,— деп жауап бердім. Сол мезетте алғашқы рет қарға қарқылдады.


— Сен әлі осындамысың?— деп сұрадым. Жауап болмады. Таң саз беріп, бөлмеге ала сәуле түсіп келе жатты.


Аударған С.Шаймерденов





Пікір жазу