06.08.2021
  161


Автор: Сағи Әбілхасенұлы

Ауыл төңірегінде

Ауыл – алтын бесігім,
Қойылған алғаш есімім.
Көргенімді сөз етсем,
Айтындаршы несі мін.

Қарасаң жас пен кәрі де,
Ұмытты «Ауыл» әнін де.
Туған жерден көшкендер,
Байқалады әлі де.

Ежелден жақын жаныңа,
Азайды халық малы да.
Тірнектеп жиған мол байлық,
Жоқ болды қас – қағымда.

Не болды мұның ақыры – ай,
Сыймайтындай ақылға-ай.
Техниканы қолда бар,
Жер жұтты ма, апырай.

Думанмен күнді батырған,
Ақбоз үй тігіп отырған.
Қазақтар қайда баяғы,
Қымызы бал татыған.

Бұзылмаған қаймағы,
Береке толы аймағы.
Кешегі елді мекендер,
Төмпешікке айналды.

Жастар жағы ағыла,
Кетті қала маңына.
Екі қолға бір күрек,
Болмағасын табыла.

Жыл сайын өсті баға да,
Таусылды қарсы шара да.
Екі жеп биге шыққандар,
Көбейе түсті арада.

Жақсартуға жайынды.
Жетеді жер байлығы.
Ұқсатса соны халыққа.
Болмас еді-ау айыбы.

Соңғы кезде ел үшін,
Берді үкімет жең ұшын.
Тәуба!- дейік осыған,
Берсін Алла жемісін.





Пікір жазу