06.08.2021
  246


Автор: Сағи Әбілхасенұлы

Шеген ауылы

Туған жер, өскен орта, ата мекен,
Тым ыстық көрінеді ала бөтен.
Тосын мен Бесқопаның табиғаты,
Құдайдың бізге берген таланы екен.

Бағалы тал мен жиде, қамысы да,
Жетеді қажетіңе аң-құсы да.
Балығы Өзен – көлдің таусылмайды,
Мол байлық ұқсата алсаң бәрі осында.

Дейді жұрт:«Қарғалыны – шағын қала»,
Шипалы ыстық суы дертке дауа.
Саялы баға менен ормандары,
Көрінер мен мұндалап жеке – дара.

Белгілі Тұзқұдықтың тұзы молы,
Дүбірі-таусылмайтын судың қоры.
Айналған төрт түліктің жайлауына,
Байдос пен Құл белгісі, Бозшакөлді.

Жақсыны ешкім тегін сөз етпейді,
Жайылым мен шыбындыққа көз жетпейді.
Жаз бойы қоң алған мал қыс соңында,
Бастапқы күйін мүлдем өзгертпейді.

Ғалымдар зерттеуінен шықты жеміс,
Жерімнің асты толы шалқыр теңіз.
Қазғанда кісі бойдан су шығады,
Бау-бақша әр отбасы салды тегіс.

Елімнің жұрт риза даңқыны да,
Айналдым жаны жайсаң халқымнан да.
Ауылымның шежіресі сыр шертердей,
Біз үшін рухани алтын мұра.

Шақшақтың батыр ұлы Жәнібегі,
Атағы алты алашқа мәлім еді.
Бабамыз ұрпағына артындағы,
Бұл аймақ еншісіне қалып еді.

Жаратқан қабыл етіп ақ ниетін,
Танытқан көріпкелді қасиетін.
Дәмолла Кәтен ата болған жер бұл,
Сыйынып Сары Әулие бас иетін.

Қашанда қыл түспеген арасына,
Шақшақ пен Әйдеркенің баласына.
Білмейді ру-жікке бөлінуді,
Ұқсайды көздің ақ пен қарасына.

Елім, деп еңіреген ердің бірі,
Наркомзем Тоқтабайдың Кәрімі еді.
Арманы орындалып ол көксеген,
Атанды қазақ елі егеменді.

Ақыннан сөз қалады артында анық,
Есімін Нұрхан, Сырбай ұмытпас халық.
Келбетін туған жердің бейнелейді,
Жырымен өшпейтіндей өрнек салып.

Ісіне өнегелі халқы риза,
Ортадан шықты батыр-Әбжан, Хамза.
Осындай ата жолын қуғандар бар,
Көз салып байқасаңдар арамызда.

Соғыстан келгеннен соң елге оралып,
Майдангер Байсалбаев,Бірмұханов
Жоғары марапатқа ие болды,
Совхоздың ұзақ жылдар қойын бағып.

Олардың ізін басқан Кеңес еді,
Бүгінде кім онымен теңеседі.
Табысы кемерінен асып отыр,
Өзгеге тәуелді жан емес енді.

Егізбай, Отан, Мәлік, Шонжарларым,
Меңгерді бір-бір шаруа қожалығын.
Бәрінің талпынысы тым ерекше,
Ойлайды алдын ала болашағын.

Жаңартты тәуелсіздік елді қайта,
Салт-дәстүр ортамызға келді қайта.
Құдайды бұрын ұмытып кеткен едік,
Бастадық мұсылмандық жолды қайта.

Имамы ауылымның Жалбыр молда,
Шариғат рәсімін алды қолға.
Бүгінде дін жолына түскендер көп,
«Көш жүре түзіледі» деген барда.

Әртүрлі күн-көріске көшті халық,
Әзірге кеткендер жоқ арып-ашып.
Сабыр түбі сары алтын деген сөзді,
Қашанда ұмытпайық еске алып.

Заманның бірде болса тапшылығы,
Артынан қайталанар жақсылығы.
Осылай алма-кезек уақыт өтер,
Бұл өзі қалыптасқан салт бұрынғы.

Жатырмыз ұйымдасқан қауым болып,
Атандық енді Шеген ауылы болып.
Жарасқан ынтымағы бір-бірімен,
Жүреміз тату-тәтті бауыр болып.





Пікір жазу