06.08.2021
  174


Автор: Гүлсана Тілеубекова

Көп еді, аға, арманыңыз

(Нұрғиса Тілендиевке)

Өлмес ғұмыр кештің ұзын,
Әнге қосып, көш қызығын.
«Көш керуенге» сіз бастаған,
Ұрпақтарың ілесті бүгін.

Жырға қосқан өз еліңді,
Етті сізді кезең үлгі.
«Қайтқан құспен» бірге кеттің,
«Аманаттап» кезегіңді.

«Сары жайлау», сары белді,
Әуенге сап, әніңе өрдің.
Нұрғиса аға, ұлы едіңіз,
Қара қазақ - қалың елдің.

Ағаңыз да тамаша-тын,
Оған кім бар таласатын.
«Аққу» күймен аспандаттың,
Қаймана елдің тамаша атын.

Қалың қазақ арманымыз,
Ата болып толғадыңыз.
Әттең ғұмыр қысқа болды,
Көп еді алда арманыңыз.

Күйіңде елдің кеңдігі бар,
Махамбеттің өрлігі бар.
Тірлігіңде қадіріңді,
Білмегендер енді ұғынар.

Мұра сынды-мұрагерің,
Іштен шыққан бір әлемің.
Жүрегімнен орын тепті,
«Алтын дәнмен» мына менің.

Қалай тұрам,жыр ағызбай,
Айналсаңыз жыр, аңызға-ай.
Құстар қайтып келер әлі,
«Сөнбес әже» шырағындай.





Пікір жазу