Есік қағып Жаңа жылым тұр бүгін
Айналайын, есік қаққан Жаңа жыл,
Мен өзіңе жазайыншы жаңа жыр.
Құтты болсын, елім Еуроодаққа,
Төрағалық етпек болған қадамың.
Артта қалып құлдық және бодандық,
Он тоғыз жыл тәуелсіз ел бола алдық.
Күн де өтеді, жыл да өтеді білсеңіз,
Кездесулер көкейкесті ғаламдық.
Жаңа тарих басталатын жыл бүгін,
Түрілмесін тексіздерге түңлігім.
Нұр ағадай Елбасына жарасар ,
Ақ жүрекпен алғыс айтсақ біз бүгін.
Көре алмаса, көре алмасын талайлар,
Алла бізді арылтпасын ар-ойдан.
Шықсын Жарлық, шықсын барлық жақсылық,
Елбасымыз еншілеген сарайдан.
Қазақ елі тік көтеріп көк туын,
Көңілдерде көркем ойлар көп бүгін.
Күш көрсеткен кешегі өткен заманда,
Жоңғар, қалмақ жер бетінде жоқ бүгін.
Бой көтерсе Сарыарқада Астанам,
Елбасының игі ісі алға бастаған.
Талбесіктей тірлігімді тербеткен,
Туған жерді ешкімге де тастаман.
Есік қағып Жаңа жылым тұр бүгін,
Сақтағалы саналы елдің бірлігін.
Жаңа жылда жақсылықтар көп болсын,
Деп арнайды ақын қызың жыр бүгін.
Жаңа жылым кел,кел төрлет,үйге кір,
Берейінші мен өзіңе сый небір.
Жаңа жылда жатсын жастар жұптасып,
Жаңылмастан тауып әркез сүйгенін.
Жаңа жылым келе бергін,төр дайын,
Ел-жұртыма шын қамқоршы бол әрдайым.
Тіршілікте табыс,бақыт әкелгін,
Татып көрсе тіл үйірер балдайын.