Туындылар ✍️
Бір күнделіктен үзінді
Өзіңді жетілдірудің, табысқа жетудің жолы, еңбекқор, табысты адамдармен бірге болу. Сен жүгіргеніңде, алдыңа түсіп сені одан да жылдам жүгіруге ынталандыратын, күш-жігеріңді, шамаңды шыңдап, келесі деңгейге өтуіңді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ табысқа жеткен, тарихта із қалдырған зиялы, табысты адамдардың өмір баянын, жүріп өткен жолын, қиыншылықтарды қалай жеңгенін, табысқа қалай жеткенін, қандай жақсы қасиеттері барын, айналасына қалай пайдалы болғандығын оқып, соны үлгі етіп алу, соған ұқсауға тырысу да пайдалы болып табылады. Бизнес тренингтерде жастарға осыны айтып жүретін едім. Бір ретінде залдағы жастардан: «Армандарыңа, алға қойған мақсаттарыңа жету мүмкін, бірақ осы жолда өздеріңе үлгі болатын тұлға, соның ізімен жүріп жетістікке жетулеріңе себепші болатын бір қаһарман таңдасаңдар болады. Осындай үлгі боларлық тұлға ретінде сендер кімді атар едіңдер?» деп сұрадым. Жастар арасынан біреуі қолын көтеріп: «Гэндальф» деді. Оның кім екендігін білмегендіктен бұл жауапқа аса мән бермеген едім. Кейінірек сұрастырғанымда үстіме су құйғандай болып, әлгі жауапқа не күлерімді, не жыларымды білмедім. Шетелдік фантастикалық фильмдегі жамандармен соғыстағы сиқыршы ақсақалды кейіпкер екен. Жастарымыз руханиятын ұлттық құндылықтарымыздан емес, шетелдік қияли персонаждардан алып жатыр екен ғой деп ішім сыздап қоя берді. Өмірлері үлгі-өнегеге, ғибратқа, кереметке толы Қожа Ахмет Яссауи, Төле би, Абылай хан секілді хандарымыз, билеріміз, шешендеріміз, тарихи бабаларымыз көп емес пе? Оларды танымай, батыстың қиял туындысынан шыққан фильмдегі кейіпкерді үлгі деп атауы дабыл қағарлық құбылыс емес пе? Кең байтақ жерімізді жаулап алынудан қашанда қорғайтынымыз секілді, балаларымыздың санасының жаулап алуына да жол бермеуіміз керек емес пе? Мен осы жауаптан кейін еліміздің келешегі балаларымызға тарихын, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын сіңіре отырып тәрбие беруді мықтап қолға алу керек екендігін жақсылап ұққандай болдым.