05.08.2021
  160


Автор: Қасымхан Бегманов

Абай

Алаулаған таң көрсеңіз,
Жүрегіңде сыр тұнар.
Әр сөзіне мән берсеңіз,
Сай-сүйегің сырқырар.
(Қойын дәптерден)

Жолайрықта тұрмыз біз,
Шетін сезіп сырыңның.
Түсіне алмай жүрміз біз,
Қалтарысын жырыңның.
Қыраным-ай қалқыған,
Тұңғиығы сезімнің.
Гүлзарыңнан аңқыған,
Жұпарынан сөзіңнің...
Сімірсек те ұқпадық,
Тұтқыны боп азаптың.
Көңілінен шықпадық.
Жыр жазғанмен қазақтың.
Алыс кеттік қиырлап,
Сан қайталап сөзіңді.
Жүріп-жүріп шиырлап,
Қайта таптық өзіңді.
Түйсік пенен сананың,
Шырмауынан шыға алмай.
Тәңірідей дананың,
Нұрын жұттық, ұға алмай.
Жабырқаған жұртымның,
Соғып тұрған жүрегі.
Қабырғалы ұлтымның,
Рухани тірегі.
Қимасына балай ел,
Қаншама ардақ шалқалап.
Өтіп жатыр талай ер,
Қасыретіңді арқалап.
Қуат алып сөзіңнен,
Абайым деп көз ілген.
Айырылғанда өзіңнен,
Жетімдігін сезінген.
Артудай жүк арттық-ау,
Арда туған, ардағым.
Тартудай-ақ тарттық-ау,
Жетімдіктің зардабын.
Елім, жаздым толғай бір,
Керегіңе жараса ал.
Киеңменен қорғай жүр,
Қасиетті қара шал.
Қорғасындай ерітіп,
Соңынан ол төл ерткен.
Көкжиекті кеңітіп,
Көсегемді көгерткен.
Жетті елге қаяулы үн,
Келер, туар ғажап күн.
Абай деген аяулым,
Ақыл-ойы қазақтың.





Пікір жазу