05.08.2021
  166


Автор: Қасымхан Бегманов

Бұл жылдар кеткем қамысты көлдер

Бұл жылдар кеткем қамысты көлдер
тауменен, таспен достасып,
Сен жаққа қарай тізіле ұшқан
құcтарға үнсіз қараймын.
Шұғыла шашып қарақат көзің
жымиып тұрып қоштасып,
Бұрала басып
ақырын менен ұзадың мәңгі, арайлым.
Жабырқау жанның жалғанда мынау
серігі жалғыз нала-мұң,
Он алты жасқа жете алмай жүрген
бозбала ол бір кезеңді.
Ұқсатып саған толықсып тұрған
туған айға қарадым,
Өскен ең кешіп
сыңғырлай аққан Сүңгідей сұлу өзенді.
Он алты жасқа жете алмай жүрген
жылдар ғой ол бір,
Қап-қара түнде шалқамнан жатып
арманшыл жұлдыз санаған.
Барлығы, жаным,
кешегі ұлы шайырларыңнан қалған сыр,
Адамның бәрін өзіңе жақын,
сырласар дос деп қараған.
Елестегенде есейгім келді
бөленіп нұрға шартарап,
Күні де мұңлы дүниені мынау
қимай да қимай бататын,
Өзіңе деген
сарқылмайтұғын сағынышымды арқалап,
Боранды жаққа
Бабайқорғаннан поездар өтіп жататын.





Пікір жазу