Мөп-мөлдір-ау, бұл ауылда көк пен жер
Мөп-мөлдір-ау, бұл ауылда көк пен жер,
Әне анау атам асып кеткен бел.
Мұғалім мен ата-анадан тығылып,
Алғаш рет темекі ұрлап шеккен жер.
Бәрін, бәрін өз көзіммен көргенмін,
Анау қырдың қызғалдағын тергенмін.
Бабайқорған даласында өскенмен,
Хантағыда дүниеге келгенмін.
Неше түрін жинап сақа асықтың,
Иә, ол кезде көрші қызға ғашықпын.
Алыс қала елестейтін жұмақ боп,
Неге, неге келер күнге асықтым.
Қыз еді ол, рең басы келіскен,
Талай жігіт дәмелі еді-ау жеңістен.
Төңіректі азан-қазан шулатып,
Кешке қарай мал қайтатын өрістен.
Жүрісінен құпия бір сыр қалып,
Өтетін ол екі беті нұрланып.
Сабанхана орны ғана қалыпты,
Кітап оқып отыратын ұрланып.
Алғаш рет қыз ернінен сүйген жер,
Бала ерін ақ тамаққа тиген жер.
Оңашада өксіп-өксіп жылап ап,
Ғашық болған, лаулап жанған, күйген жер.
Аққала ғып ақша қарды үйген жер,
Табанымыз топыраққа күйген жер.
Көп құпия көкірекке түйген жер,
Туған жерді шын аңсайды сүйгендер.