Көп қалған бұл көңіл көнерген
Правосудья и правды я вовсе не вижу в тебе
Низами
Көп қалған бұл көңіл көнерген,
Барақат таба алмай өнерден.
Сөзіне құлақ сал, қалқам-ау,
Ақынның артынан сөз ерген.
Кеткенмін ертерек ауылдан,
Қимаған бірге өскен қауымнан.
Жарықтық осынау өлеңмен,
Қаршадай кезімнен ауырғам.
Досым деп жүріппін есекті,
Білетін тиімді есепті.
Апырай не жаздым, есіттім,
Түсіме кірмеген өсекті.
Алдымды, артымды орайды,
Өзіне болған соң қолайлы.
Қай жерге барсам да бұл күнде,
Өсектер лаулайды, борайды.
Сырым жоқ жасырған халқымнан,
Айналған ғұрпыңнан, салтыңнан.
Ақкөңіл бозбала ем, кім болдым,
Сөз ерді неліктен артымнан.
Көкейде сақталып қалған сыр,
Кірпияз, қияли талғамшыл.
Осылай артымнан сөз ерді,
Бала едім о, баста-ақ арманшыл.
Ел қазір жиғандай естерін,
Білмейтін кез емес не істерін.
Кетемін еліме, жеріме,
Сағындым самалды кештерін.
Шарасыз сұмдықтан шаршадым,
Жазықсыз арқалап қанша мұң.
Емдейді сылдыры бұлақтың,
Емдейді иісі аршаның.