05.08.2021
  162


Автор: Қасымхан Бегманов

Жиделібайсын – көзімнің жасы

Жиделібайсын – көзімнің жасы ыршыған,
Санама жетті-ау ғасырлар сыры сыңсыған.
Бабамнан қалған қайғылы мұңы өлкенің,
Жазира белді, көгілдір көлді көркемім.
Кеудемде қатқан шеменді мұздай ерітерім,
Өзің деп өткен шалдардың сырын шертемін.
Олардың бәрі бейітте жатыр тізіліп,
Көзімнің жасы үзіліп
Тырналар кетті көкжиек асып тізіліп
Жан ұқпас мұңлы сырымды, тұрғандай мына күз ұғып.
Қаншама ұрпақ ауысқан сыр ғой біртіндеп,
Ертіп кетердей ғайыптан біреу бір күн кеп.
Олардың бәрі жалғаннан өтті арманда,
Байсынға бірге барар ма екенбіз шіркін деп.
Соларды көріп өстім мен,
Сәби болғасын сұрай алмадым ешкімнен,
Содан да болар жалғыздық дертін кештім мен.
Қажытты-ау түнде қамалап ойлар қаңғырған,
Сағыныш дерті жүректе қайта жаңғырған.
Ұлттан ұлттың десекте қалқам кемі жоқ,
Сан ғасырларға созылған дерт бұл-емі жоқ...
Ұлы сахара шапандай болды-ау жеңі жоқ,
Жиделібайсын атамекенім – теңі жоқ.
Жиделібайсын – жанардан жас қой төгілген,
Жүрегім бе екен атқақтай соғып егілген.
Қабырғам ба екен біртіндеп тұрып сөгілген,
Құйрықты жұлдыз ағып бір түскен көгімнен.
Жұлынған жағам жат жанның кеткен қолында,
А, ана Самарқанның Байсынға барар жолында.
Әлішер досым екеуміз қанша мұңдастық,
Байсыннан соққан шерлі жел үнін тыңдастық.
...Амал жоқ кері Ташкенге барар қырды астық.
Байсын, мен саған түбінде бәлкім соғармын,
Өзіңе қарай құстайын қанат қағармын.
Қабірі қалған әжем мен онда бабамның,
Жоқ іздеп шыққан жолаушы едім кім білсін,
Жоғымды содан табармын..





Пікір жазу