04.08.2021
  154


Автор: Сайын Назарбекұлы

Қорқам ба текке

Қате айтсам сына,
Мойында күнә.
Көбейіп кетті
Бұл күнде міне —
Жаралайтындар
Адамның жанын,
Қаралайтындар
Қарындас арын,
Паралайтындар
Биліктің бәрін.
Шайқаса болды
Патшаның тағын.
Тайдырса болды
Сыйлының бағын.
Осылай қамдар
Қара бас қамын.
Абырой, намыс
Қалдырды қалыс.
Өтеді өмір
Тындырмай бір іс.
Арманнан алыс,
Бар ойы табыс.
Жығылғандарды —
Бір тарпып қалу.
Таланғандарды —
Бір қарпып қалу.
Сүрінгендерге —
Сықылық қақса,
Арындыларды —
Құрығы тапса,
Дарындыларға —
Қақпаны шапса
Тойып жеп, сосын
Ықылық атса
Ойлайтын ой жоқ
Сілейіп жатса
Қарындас сондай
Бұрыннан көп пе?
Мен әлде осы
Қорқам ба текке?





Пікір жазу