Біз екеуміз
Пейілім менің!
Мен мақтанамын сенімен!
Аллаға шүкір!, кездескен олар теңімен!
Ешқашан, ешбір ұялтқан жоқсың
Мені Сен, Бір де бір рет көрмедім алдап Сені Мен!
Сен және Мен — қай күні, қашан қауыштық?
Аңқаулау едік, көрінді кейде жау ыстық.
Жүректе Парыз, мойында Борыш — екеуміз,
Мінеки, бүгін алпысын ғұмыр тауыстық.
Ғасыр тұр алда, елім бар жолдан шаршаған
Сезімнен, сенім — айрылып қалды қанша адам
Келбеті — кісі, жүрегі - жылан, қан суып,
Кетер ме екен түлкі боп, қасқыр барша жан?
Жаратты қалай Адамды Құдай озалда?
Ізгіден қалай қорқаулар басып озарға?
Қаратып жатыр Атамның соққан сарайын,
Киілмей мейір-шапаны ана тозар ма?
Торықпа қартым, таусылма сонша, торықпа
Мен — Пейіл, шығайын шындап жорыққа!
Ғасырда жаңа аралап өңкей өтейін,
Тазартып өтем, қараулар жанын, қорықпа!
Басқаны қайдам, қазағың үшін қорықпа!