04.08.2021
  158


Автор: Сайын Назарбекұлы

Ей, адамдар, мен жүрмін ортаңызда

Ей, адамдар, мен жүрмін ортаңызда,
Қыста тоңбай, шөлдемей cap тамызда.
Тағдыр, заман, бәрі де сүріндірмек,
Бар ауырды артады арқамызға.
Арыз айтпан, алғанмын қасарысып,
Сонда ғана көктемей жатар ісік.
Ізгілікті eгe алсаң, кетеді екен
Қызғаныш пен күншілдік қатар үсіп.
Бар ауырға ұмтылдым, арқаладым,
Елемедім қанардың орталарын.
Балдай шәрбәт дәміне қызықпадым,
Ұрттап көрдім әдейі, жорта, зәрін.
Мен әуелден жылауық бола алмадым,
Аз сый емес, адамға ол Алланың.
Менің еншім, әкемнен мұра қалған,
Еңбек сүйдім, болғаны сол алғаным.
Сол еңбегім жеткізді арманыма,
Түсірмеді ешкімнің қармағына.
Сол еңбектің арқасы, жарқын жүзбен,
Қарай алам, ұялмай жан жағыма.





Пікір жазу