04.08.2021
  94


Автор: Сайын Назарбекұлы

Төбеңді төмпешік боп биіктетем









Туған жер
Табынтады ұлылығың,
Қалайша дәлелдейді бұны ғылым?
Беруге сөзбен, сірә, түсіндіріп,
Мүмкін бе ұлылықтың шын ұғымын?
Ұл тудың талай-талай арыстандай,
Қорғаған сені жаудан қалыс қалмай.
Кең-байтақ мекенімді шексіздіктей,
Куә ғып тартпаймын ба, алыс бармай.
Ақының дауыл соққан Атыраудай,
Таңдайға, ана тілім, татыр-ау, пай!
Би сөзі, қызығасың, қолыңа алған,
Зергердің алқасынан жатыр аумай.
Атамның сөзі жұмсақ текеметтей,
Тыңдайсың жаның балқып, секем етпей.
Шамданса, бұл не ғажап, таңданамын,
Найза боп он бойыңды кетеді өктей.
Бұрындар туған ұқсап ұл да саған —
Жолыңа жанды қиған, бұлдамаған.
Жер жыртып енді, міне, малын бақса,
Көрінді ұлылық боп бұл да маған.
Атыңды, туған елім, сүйікті етем,
Бұл жолда жанып өтем, күйіп кетем!
Ең азы, соңғы сәтте, о, туған жер,
Төбеңді төмпешік боп биіктетем












Пікір жазу