Әлі өтеген жоқ едім қарызымды
Ұрандатсақ жас кезде – маздайықшы,
Көңiл қайтқан мiне ендi, жаз тайыпты.
Жалыны жоқ, жүректе шоғы қалған,
Көкiректе қоздайды саз байыпты
Ойымды айттым жастан мен айық үнмен,
Қоштаса алмай көп жүздiм Жайығыммен.
Иiр, иiр өзеннен Атырауға
Ендi шықтым бес желкен қайығыммен.
Желкендерiм – арманым, iзгiлiгiм,
Жiгер, парыз екенiн сездiм бүгiн.
Азаматтық парызды таптатпаспын,
Арқасында ар деген кездiгiмнiң.
Бiлемiн мен айдында дауыл барын,
(Секпе менi, ағайын, қауымдарым)
Тоқтамаймын, сорғалап өлең болып,
Көкiректен аққанша жауын – жалын.
Торыққанмын, ескекпен еспен ендi,
Бiлем-қауiп қайыққа бес желкендi.
Жалынбаймын дауылға, заулап өтем
Жастайымнан бейнеттi – кешкем селдi.
Бiрақ, дауыл, айтайын арызымды,
Әлi өтеген жоқ едiм қарызымды.
Желкенiмдi желiңе толтыра бер,
Ақтап кетем бәрiбiр парызымды!