Інімен әңгіме
- Аға! Қалай атандың жақсы азамат?
Үлгi тұтты өзiңдi жақын мен жат.
Бұлтарыс па, даңғыл ма өмiр жолы,
Жан қинай ма ұзақ жол тақым қажап?
Маған да өмiр есiгiн ашты мiне
(Iнiм неге бар сырын шашты деме)
Өмiр сүргiм келедi, жолын айтшы,
Атанбасқа азамат жақсы неге?!
- Сыртқы бағы алдамшы әр кез, iнiм,
Кезге түсер көбiне сөз бен жүзiң.
Азаматтық жобаны мен айтайын,
Салыстыр да төре бол өзiңе өзiң.
…Қалған кезде оңаша оймен өзiң,
Беттескенде шындықпен iсiң, сөзiң,
Қарай алсаң жүзiне бетiң күймей,
Ар тазалық iсiне жетсе көзiң –
Азаматсың!
Қорлық, зорлық басыңнан асырмасаң,
Өз тегiңдi кемсiнiп жасырмасаң,
Алқымыңды езгенде күштi жығып,
Мүләйiмсiп жауыңа бас ұрмасаң –
Азаматсың!
Дәм-тұзыңды бөлiссең аштықта да,
Арам ниет арыңа бас сұқпаса,
Қара саннан қуырым ет алғанда,
Жау алдында көзiңнен жас шықпаса –
Азаматсың!
Ата-анаңды, елiңдi қадiр тұтсаң,
Зәузатыңа оқталған зәбiрдi ұқсаң,
Қара қазан босына қайнағанда,
Болса ұстар құлағын әзiр тұтқаң –
Азаматсың!
Iзгiлiктi мен өзiм жаратамын,
Бауыр қылсаң бар қазақ балапанын,
Сипағанда мұңлықтың маңдайынан,
Аймаласа анадай алақаның –
Азаматсың!
Бас әрiппен өз атын жаза алатын,
Ел таныса, па, шiркiн, азаматын!
Бiлiмiң мен өнерiң аңыз болып,
Жер жүзiне танытса қазақ атын –
Азаматсың!