Қатыгездер қайдан шықты ағайын?
Қатыгездер қайдан шықты ағайын? –
Толып кетті оңым, солым, маңайым.
Ес жиғанша басып кетті арам шөп,
Тағы тарттық бейғамдықтың сазайын.
Қарындасым, әжелердің көзі едің,
Айтшы жаным бұған қалай төземін –
Қандай ана, алпыс тамыр исініп,
Еміреніп емізбесе бөбегін…
Жылдар бойы ата-анасын көрмеген,
Саяқ жүрген, араласпай елменен –
Қара бастың қамын жеген жандар бар,
Өзі тірі, ал сезімін жерлеген.
Бір ошақтан, бір кіндіктен төл деген,
Бауырына ара түсіп көрмеген –
Жалқылардың жан жүрегін қинамас,
Сағыныштан туатұғын шөл деген.
Жорықтағы сағынбаған ағасын,
Үлкенінен тартпай кіші сазасын –
Ынтымақтық қайдан, қалай келеді,
Бөліп ішпей өзі тоймас аз асын.
Қатыгездер қайдан, қалай келеді?
Ата ұрпақ өз қолымен егеді…
Кінә бізде, бірақ түсін ойымды,
Жас буыным – содан сақ бол, дегелі…