02.08.2021
  478


Автор: Қанат Әбілқайыр

Жынды

Нұрлан түнімен мазасызданып шықты. Ұйықтады ма, ұйықтамады ма, белгісіз... Әйтеуір, бір сықыр маза бермеді. Әлдебір елес бөлмені аралап, кезіп жүрген секілді. Көрпені қымтанып алып, көз шырымын алмақшы еді, онысынан да түк өнбеді. Керісінше, байғұс баланы бағанағы елес алқымынан алып, тынысын тарылта, қылғындыра түсетін сияқты. Дем жетпей барады. Қымтанған көрпесін аяғымен теуіп кеп жіберді. Балаң жігіттің болаттай денесін салқын леп желпіп өтті. Тұла бойын үрей билеп алған екен. Көзін тарс жұмып алды. Ту сыртында біреу тыныс алып тұрғандай. Қолымен құлағын бітей қойып еді, бүйірінен түртіп жіберді. Денесі дір ете түсті. Бүйрегі шаншу қадалғандай шым ете қалды. Құлақтағы қолын бүйіріне апарды. Пыс-пыс. Пыс-пыс. Демалып жатыр. Дәл қасында. Анық естіді.


жынды сурет


Төрт қабырғасы қарауытқан тар бөлмеде өзінен басқа біреу бар. Қазір көзін ашса, жүрегі жарылып кететін сияқты. Дүрс-дүрс. Құлын жүрегінің тұяғы кеудесін тепкілеп жатыр. Осы сәтте әлдебір аялы алақан шашынан сипады. Нәзік саусақтардан жылылық сезілетіндей. Ыстық. Үрейі де сейілген сияқты. Шыдамады. Көзін ашып кеп жіберді. Өзі жатқан төсектен біреу апыл-ғұпыл түрегелді. Дыбыс шыққан бетке көз қиығын тастап үлгергені сол еді, көмескі бейне ұялғандай кейіп танытты. Шашын кескен, аласа бойлы, қарақат көзді сұлу қыз жылап тұр. Әппақ көйлегі өзіне құйып қойғандай екен. Аяғында ұзын өкшелі туфли. Артқа шегіншектей беріп еді, cүрініп кетті. Терезеден түскен айдың сәулесі қыздың өңін шырайландыра түсті. Ғайыптан келген періштеге құмарта қарады. Қорқынышы ұмыт. Осы әсерді бұрын да басынан кешкен сияқты. Қапелімде қай кезде екенін есіне түсіре алмады. Тайсақтаған жанарына ие болып, тіке қарады. Елес қыздың көзіне-көзі түйісе қалып еді, шыдатпады. Тек көзқарастар бір-бірін сағынғандай аймалап, бірі-бірін сүйіп өткендей күй кешірді. Жанарлардың сүйісі...


Нұрлан есін жия бастады. Мынау қорқынышты елес екенін ойлап еді, біреу үстінен суық су құйып жібергендей болды. Дереу көрпені бүркеп, бүк түсіп жата кетті. Арқасынан бағанағы нәзік саусақтар сипалап жатыр.


Қарақат көз. Таныс. Иә, бір кездері көрген. Өңменіңді тесіп өтер күнәсіз көзқарас санасының бір түкпірінде сақталыпты. Кім еді ол? Қандай пенде? Қандай періште?


Есіне түсіре алмады. Қыз баяу ғана қозғалып, көрпенің шетін ысырды. Үн шығармастан қасына келіп жатты. Нұрлан шыңғырып жіберер еді. Даусы шықпады. Көмейіне қара тасты тығындап, кептеп тастағандай. Беймаза күйде жатып, ұйықтап кеткен секілді еді. Жоқ, мынандай сәтте ұйықтау қайда? Көзі ілінбепті. Ұзақ үнсіз жатты да қойды. Бөлмеден тұра қашуға дәрмен жоқ. Қазір ғана көңілге періштедей іңкәрлік сезімін оятқан елес қыз алқымнан алып, буындырып өлтіре салатын секілді.


Өлім. Не деген қорқынышты еді? Мынау жатқан жері көрге ұқсап кетті. Қараңғы түнек — қабір. Барса келмейтін тұңғиық әлем. Қайта шығар жол жоқ. Ажалмен жетектесіп кете барасың мәңгілікке. Біт-ті. Теңізге батқан қара тастай жоқ боласың. Жоқ. Мынау ғаламат ғаламнан бірде-бір белгі қалмаған. Кешегі Нұрлан атты бала ертең жоқ.


Қанша қорықса да, жон арқасында жатқан қызға қарап көргісі келді. Ақтық рет. Қыздың ойына ештеңе кіріп шықпайтын секілді. Жеті атасының үйінде жатқандай пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр. «Не де болса, анықтап көрейінші» деп ойлады. Бар күшін жинап, аунап түсті. Таң да қылаң берген екен. Әлсіз сәуле бөлменің қабырғаларына жарықтың дәнегін себе бастапты. Жоқ. Ештеңе көрінбейді. Айналасына көз жіберді. Жым-жылас. Ақырын көрпесін өзіне қарай тартты. Жүрегі және дір етті. Көрпесі ауырлап кеткендей. Жамылғысын сілкіп қалған еді, «мияу» деп қара мысық еденге төрт аяқтап түсті. Түнімен қорыққаны өздерінің қара мысығы екен.


***


Қарақат көзді қыздың ұйқысы қанып-ақ қалыпты. Күндегісінен ұзақ ұйықтаса керек. Нұрлан көрпені серпіп қалғанда, жүзін ыстық леп есіп өтіп, ұйпа-тұйпа болған шашын одан әрмен қобыратып жіберді. Сонда да жата түскісі келіп еді, терезенің арғы жағынан мектепке асыққан балалардың даусын естіді. «Ішінде інім мен сіңлім жоқ па екен?» деген оймен атып тұрып, терезенің ернеуіне жабысты. Жоқ. Ауыр күрсінді. Бүгін тағы көре алмас па екенмін?


Ақырын басып айнаның алдына барды. Күндегі әдетімен тұңғиық, мұңды жанарына ұзақ қарап тұрды. Түпсіз терең көзқарасынан өткен күннің елестерін көргендей болды. Тамылжыта ән салғысы келді. Өзгелер дуылдап қол шапалақтаса деп ойлады. Бұрынғыдай. Мұңды емес, қуанышты бір әнді бастады. Бірақ ән айтуға бабы жоғын түсінді.


Өзгелерге әлі өлмегенін, тірі екенін айқайлап тұрып айтқысы келді. Шекараны бойлап ағып жатқан Сүмбе өзеніне барып шомылғысы келді. Сыныптас қыздармен сырласқысы, сыр ақтарысқысы келді. Амал не? Қарғыс атқыр аядай бес бөлмелі үйден ұзап шыға алмасын сезді. Сезді де, ауыр күрсінді. Күрсінісінен кеудесін от шарпып өткендей болды. Айналасына күмәндана көз жіберді. Ешкім жоқ екен. Үй иелері мұның күрсінгенін естісе, тағы да үрейленер еді. Қыз ешкімді қорқытқысы келмейді. Жанарына айнадан тағы да көз жіберді. Домбығып ісіп кетіпті. Түнде неге сонша егілдім екен деп ойлады. Неге жылаймын? Неге? Өз сұлулығына өзі сұқтанды. Өзгелер көре алмайтын, көрсе де бағалай алмайтын сұлулығына болайын...


Осыдан дәл екі апта бұрын бұлай күйзелмейтін еді. Бұлай өзін-өзі мүжімейтін. Неге күйзелсін? Әкесін күнде көретін. Шешесі ұйықтағанда байқатпай барып, жанына жататын. Анасы оянбай тұрып, таңсәріде өз бөлмесіне кетіп қалатын. Інісі мен сіңлісі де бес бөлмелі үйде ұлан-асыр той қылғандай, әптер-тәптерін шығаратын. Асыр салған екеуіне сырттай қызықтағанның өзі неге тұрады? Мұның бөлмесіне жайшылықта ешкім бас сұға бермеуші еді. Мазасын да алмайды. Өзімен-өзі ой жетегіне еретін. Балғын балалық шағына саяхаттайды. Үйдің дәл қасындағы мектепті, сол мектепте сабақ берген ұстаздарды, бірге оқыған сыныптастарды ойлайды. Әлдене есіне түсіп, күліп жібереді. Кейде мұңданып қалады.


Есік сықыр етті. Қыз демін ішіне тартып тұра қалды. Осы үйдің жаңа егесі, яғни Нұрланның анасы екен. Соқтығысып қалмайын деген оймен ақырын ғана бұрыш жаққа жылыстап кетті. Баласы жатқан төсекті тез-тез жинастыра бастады. Ыңылдап ән айтып жүр.


Жол жаққа қараймын,


Сен жоқсың, арайлым...


Қыз «несіне жетісіп ән айтады екен?» деп ойлады. «Тым құрыса менікіндей де даусы жоқ». Төсек-орынды реттестіргеннен кейін қайтуға ыңғайланды. Әлдебіреуді күткендей біраз тұрды. Бірдемені ұмытқан секілді. Сосын терезеге жақындап, мектеп жаққа қарады. Әннің қайырмасына келді:


Кешікпей келем деп ең,


Мен тұрмын елеңдеумен...


Қыз анасындай мына кісінің қылығына күліп жібере жаздады. Қызық. Бір қарағанда аумаған өзінің анасы. Құдды құйып қойғандай. Қимылы да, Нұрланға деген көзқарасы да өз анасын есіне түсіреді. Тек, екі-үш күн болды, Нұрлан мектепке кетісімен, «Тарих ағай» (тарих пәнінің мұғалімі Әленді оқушылар осылай атайтын) бірдеңеден құр қалғандай екі өкпесін қолына алып жетеді осында. Апайдың бұлтарғанына қарамай, түрткілеп ойнаған болады. Апай — он сегіздегі қыз, Тарих ағай жиырма бестегі жігіттей кейіпке енеді. Тарих ағай — мысық, апай — тышқан сияқты. Тарих ағай тығылған болып, апайды бас салады. Құшақтап ернінен сүймек болады. Апай алғашында әйелге тән ұяңдықпен қарсыласады. Бірақ қарсылық ұзаққа созылмайды. Тарих ағайдың дегені болады. Сосын... Қыз одан әрі қарауға шыдамай өзге бөлмеге өтіп кетеді. Тас қабырға қыз үшін бөгет емес. Ар жақтағы дауыс ап-анық естіліп тұрады.


— Мен осы сәтті он алты жыл күттім, — дейді Тарих ағай...


Апай ернін тістелеп, жылай береді. Сол жыласпен қоса, рахаттанған бір дауыс та үздіге шығады.


Елес қыз да өз-өзіне ие бола алмай, өзімен-өзі арпалысады. Өмірінде бір рет, иә, өмірінде бір жігіттің құшағында... Ауыр күрсінді. Әйелге тән қызғаныш сезімі оянғандай. Бір от тұла бойын күйдіріп бара жатыр. Дереу құлағын бітей қойды. Бәрібір естіледі. Өмірінде алғаш рет еркек кіндіктіге, өзіне бес жыл мұғалім болған ұстазына қызыға қарады. Апай түлкі бұлаңға салып жатыр. Тарих ағай бүркіттей шүйлігеді. Жемтігін жәукемдеп жатыр. Ештеңеден хабары жоқ Нұрлан есіне түсті. Ол алаңсыз сабақта отырған шығар. Осыны ойлап еді, Тарих ағайды да, Нұрланның анасын да жек көріп кетті. Бәрібір. Жек көргенімен, ештеңе өзгермейді. Мына өмір қандай пәк болса, сондай лас екенін аңдады. Аңдады да, ұзақ жылады.


***


Нұрлан сабақта ұйықтап қала жаздады. Қор ете түскен екен, қасында отыратын бала түртіп жіберді. Селк етті. Қайда отырғанын ойлап үлгермеді. Ду күлкі. Дәл қарсысында қазақ тілі мұғалімі тұр.


— Әлімов, неге ұйықтап отырсың?


— Ұйықтап отырған жоқпын.


Сыныптастары тағы да күлді. Ту сыртынан біреуі:


— Ол ұйықтап емес, қорылдап отыр, — деді.


Дауыс шыққан жаққа қарап еді, кім екенін аңғарып үлгермеді. Ыңғайы, әлі ұйқысын аша алмаған сияқты.


— Ұйықтап отырмасаң, мен не айтып жатырмын, қайталашы...


Нұрлан жерге кірердей ұялып, басын сипалап тұрып қалды. Бұған ренжіген мұғалім:


— Түнімен шошқа тағалағансың ба? — деді.


Сынып тағы да күлкіге кенеліп қалды.


Бұл өмірде елдің күлкісіне, келемежіне қалудан артық қорлық жоқ. Тісін қанша қайрағанымен, амал қайсы? Қолдан келер қайран жоқ.


Басы салбырап қашанғы тұрсын. Мұғалім зілді дауыспен «отыр» деді.


Отырып еді, түндегі жайсыздық ойына орала кетті. Жарымжан көңілі құлазып сала берді. Үрейлі ойдан қашып, терезенің ар жағындағы әлемге көз жіберді. Мектептің алдында терең ойға батқан хакім Абайдың ескерткіші тұр. Мыңмен жалғыз алысқан ғұлама шынашақтай баланың мұңын түсінер ме екен? Әй, қайдам...


Тас мүсінге жан бітіп, сөйлеп кететіндей әсер қалдырады. Тіпті жансыз ескерткішке қарауға қаймықты. Егер қарайтын болса, ескерткішке тіл бітіп, түндегінің мысық емес, беймәлім бір күш екенін айтатын сияқты. Бүгін түнде сол күш баланы буындырып өлтіретінін, сол үшін бүгін ол бөлмеде түнемеу қажеттігін ескертетін сияқты. Тас мүсіннің артында қарақат көзді, ақ көйлекті қыз тығылып тұрған сияқты. Әйтеуір, сияқты... сияқты... сияқты...


Басқа бірдеңемен алданғысы келді. Тағы да терезе жаққа көңіл аударды. Құлпырған сирень гүліне ұзақ қарап қалыпты. Ар жақта гүлден-гүлге ұшып-қонып жүрген араның даусы анық естіліп тұр. Бұл да болса, кешегі түнді ұмыттыруға медет бола алатын шығар. Кішкентай ғана тіршілік иесі тынымсыз еңбектеніп жүр. Иә, бұл да алданыш бола алмады. Түндегі беймаза шақ қайтадан есіне түсті.


Сұлу қыз. Шашы қандай еді, шашы? Қысқа ғана. Өзіне жарасады екен. Қарақат көз. Қайдан көрдім? Қайдан? Жоқ әлде мүлдем көрмедім бе? Көрмесем, мұндай күйге түсер ме едім? Көрсем... Өз өміріне көз жүгіртті. Өз ауылына. Сыныптастары... Жоқ, бірде-біреуінің жанары кешегі қыздың көзіне ұқсамайды. Жылап тұрған. Дәл сол қыздай шынайы егіле жылаған бірде-бір жанды көрмепті. Түнде сол қыздың жанарымен жанары түйісіп қалды ғой. Қара мысықтың көзі... Жоқ, мүмкін емес. Сондай пәк, сондай әдемі! Одан ары ойлаудың өзі үрейлі. Дір етті. Қасындағы досы бүйірінен түртіп қалған екен. Кеше дәл осылай түртпеп пе еді?..


Қоңырау соғылыпты...


***


Қыз терезеден сыртқа қарап тұр. Алақандай ғана ауыл. Қилы тағдырлар. Бәрінің өмірінің бір ұшын осы бір ауылға күрмеп байлап қойғандай. Алысқа кетеді. Қайтып келіп жатады. Келмейтіндері де бар. Ой, оларды қойшы.


Аядай ауылдың бәрі бір-бірін таниды. Бүгін болған жайды ертең елдің бәрі естиді. Әлдебір сырды бүгіп қалу мүмкін емес. Әне, көрші үйдің қызыл сиыры туған сияқты. Кеше мына бір тұста желіндеп жардай болып жүр еді. Бүгін қораға қарап мөңірейді. Ыңғайы, бұзауы да енесін іздейтін шығар. Өзі сияқты. Анасын ойлады. Мұны өлдіге санап, денесін жерлеуге әкеткенде қалай боздап еді. Қасына келіп: «Ана, жыламашы, мен тірімін ғой...» демек еді. Үш әйел денесін шомылдырды да, ақ кебінге орады. Анау бір көрші апа ренішті кейіппен: «Қап-ай, ә! Қыздың омырауы мен ұятты жерін жабатын қолаң шашы жоқ екен-ау, мұндай болады деп кім ойлаған? Тіпті құлағының тесігі де бітеліп қалыпты. Балалық жасап, өзіне-өзі қол жұмсады-ау! Енді жаназасы да шықпайтын болды. Алла алдынан жарылқағай», — деді. Сол-ақ екен, кілем көтеріп бес-алты ер адам кірді. Бәрін таниды. Осы ауылдың ақсақалдары. Мұның денесін әлгі кілемге орады да, көтеріп ала жөнелді. Құр денені көтерген ағалары мен аталарының аяғына жабысып, жылап келеді. «Әкетпеңдерші денемді... Мен тірімін ғой... Тірімін...». Осы сәтте бір топ адам дауыс салып жоқтау айта бастады да, мұның жалынышты үні сол жоқтауларға жұтылып кетті. Елмен ілесе табалдырықты аттап еді, ар жақ қап-қараңғы әлем екен. Дереу кері қайтты. Өз үйі. Табалдырықтан тағы аттады. Үрейлі дыбыстар. Шыңғырып жатыр. Жылап жатыр. Біреулердің денесін құрт-құмырсқалар кеміріп жатыр. Біреулерінің мойнына әбжыландар оралып алыпты. Кері қарай бір қадам басты. Өз үйі. Анасының шашы жайылып кетіпті. Тура өзіне қарай еңіреп жылап келеді екен. Құшақтай алды. Дәл осы сәтте анасы талықсып құлап бара жатты...


Көзіне жас келіп қалып еді. Көшеде жүгіріп ойнап жүрген Дидар мен Тұрысбектің даусы (көршілердің балалары) көңілін бөліп жіберді. Сарытөбе жаққа көз жіберді. Ех, інім мен сіңлім қайда жүр екен? Сағыныпты. Олар көшпегенде осы үйді қан базарға айналдырып жатар еді. Ойынның түбін түсірер еді. Сөйтіп жүріп бір-біріне ренжіп, жылап қалар еді. Төбелесті бастайтын да, бітіретін де, күлдіретін де, бүлдіретін де, қуантатын да, жылататын да — сотқар інісі. Бұл шекісу ұзаққа бармайтын. Сіңлісі тез ренжігенімен, тез уанатын, тез жібитін. Бір қарасаң, соғысып, енді бірде түк болмағандай ойнап кете баратын. Әпкелері сыртынан ғана қарап, бақылап тұрушы еді. Сол бір күндер бақытты шақтар екен ғой!.. Енді ол күндер де қайтып келмейді мәңгілікке. «Есік алдына шығар ма еді?» деп ойлады. Табалдырықтан ары аттаса, көрге түскендей күй кешетінін біледі. Десе де, есіктің арғы жағы — қайнаған өмір. Тек саңылау тауып, сығалаудан өзге қайран жоқ.


Моп-момақан ауыл. Қаймағы бұзылмаған қазақы орта. Мазасыз масасы да, «ыз» еткен шыбыны да жоқ. Тек шекара бойындағы өзеннің гүрілі ғана тыныштықтың көйлегін дар-дар жыртады. Ерменнің иісі танауыңды қытықтайды. «Бір түп жусан болса ғой» деп армандайды. Сол жусаннан әкесінің иісін иіскер еді. Есік алдында қаулап өскен алаботаға қарады. Бір түбін жұлып алып, танауға тығар ма еді?! Ермен иісі. Үп еткен самал сол иісті одан әрмен құлпыртып жіберетін. Сирень гүлдеген кезде бұл да гүлдеп шыға келуші еді. Осы үйді талай жігіт төңіректеп жүретін. Інісі мен сіңлісі кәдімгідей қызғанып, әпкесін қоритын. Ол дәурен де анау Сарытөбеден асып кетіпті-ау...


Көрші үйдің қызыл сиыры қораға қарап тағы да бір мөңіреп қойды...


***


Нұрлан сабақтан қайтқанда күн тасбақадай тырмысып жүріп, тас төбеге көтеріліп қалған еді. Түндегі қорқынышты ойдан арылайын деді. Арылмағанда ше? «Қорыққанға қос көрінеді». Жігіт емеспін бе? «Он үште отау иесі» дейді ғой. Он үшің не, бақандай он бестемін. Енді әкем де жоқ. Анама қорған болуым керек. Ол үшін... Оны қойшы. Бір қара мысыққа бола елге күлкі болармын. Өткенде ауыл балаларымен...


Иә, жотадағы қабірлерді аралағаны есіне түсті. Езуіне күлкі үйірілді. Жаны мұрнының ұшына келіп, далбалақтап жүгіріп еді-ау... Бұл да сол секілді оқиға ғой.


Ауылдың бас жағында Белтоған атты канал бар. Ал Сүмбе өзені шекараның ішінде. Белтоған каналы сол Сүмбеден бөлініп шығады. Ауылдың оң қапталы — темір қоршау. Тек шекарашылардың рұқсатымен ғана өтуге болады. Ауылдың төмен жағында үлкен қақпа бар. Шекараның ішіне өтетін ауыл адамдары сол қақпадан кіріп, сол қақпадан шығады. Ішке тек құжатпен ғана кіргізеді. Естияр адам болмаса, балалар өз беттерімен ол жаққа бара алмас еді. Ойнайтын жер де тар. Тынысыңды тарылтады. Ауылдың солтүстік-батысы — әйгілі Жабырдың жотасы. Сол жоталар көңілге медет. Амалсыздан балалар Белтоғанды жағалап кететін.


Нұрландар да сол Белтоған жақта жүрген еді. Әли жүгіріп келді. Бұл өзі — қулау бала. Не әзілін, не шынын аңғару қиын. Екі беті нарттай болып, қызарып жүргені. Шығармайтын бәлесі жоқ.


— Балалар, бейітке барып қайтайық.


Балалар төбеден түскендей ұсынысқа аңтарылып қалысқан.


— Өй, сен немене, нағашыңдікіне баратындай айттың ғой, — деген Нұрлан.


— Барса несі бар?! Қорқасыңдар ма не? Мен қорықпаймын. Кім сужүрек қоян болса, сол бармай-ақ қойсын, — деді Әли Нұрланға қарап.


— Мен қорықпаймын!


— Қорқасың... Қорықпасаң, нан ұрсын деші.


— Демеймін.


— Демесең, сужүрек қоянсың...


— Ал дедім: нан ұрсын.


— Сен нан ұрсын деген жоқсың. «Мнан» ұрсын дедің.


— Нан ұрсын дедім.


Нұрлан шақылдаған мына пәлекетті алқымнан алып сыбағасын берер еді. Амал не? Өзі өзге ауылдан келген. Мына балалардың бәрі Нұрланға батпай жүр. Бір ши шықса, жабыла кетуі мүмкін. Сақтықта қорлық болмақ емес. Амалсыздан бәрі қабірстанды бетке алған. Бәрінің де жүрегі лүпілдеп келеді. Әли ерекше мәз.


— Анау тұрған, иә, үлкен күмбез — осы бейіттердің «бастығынікі». Соған барып топырақ салуымыз керек, — деп қояды.


Сосын не керек, мазарларды аралап жүріп үлкен күмбезге де жеткен. Жете берген кезде Әли тағы бір пәлені шығарды.


— Осы күмбезге бәріміз амандасып кіруіміз керек, — деді.


Енді шегінуге жол жоқ еді. Кірмейді екенсің, мазаққа қаласың. Бір керегесі қақырап қалған қабірдің ішінен пыр етіп торғай ұшып шықса да, жалпаңнан түсуің мүмкін. Балалар «пісмілләсін» мың қайтара айтып, бір-бірден мазарға кіре бастады. Нұрлан шеткерірек тұр еді.


Жабыр-жабыр жоталардың көрпесі салақ әйелдің жиналмаған төсегіндей ұйпа-тұйпа болып шашылып жатыр екен. Тауға қарай көк есегімен Елеусіз шал «томпаңдап» барады. «Мына балалар не істеп жүр?» дегендей анда-санда қарап қояды.


Нұрланның жанары балалар кезектесе амандасып кіріп жатқан еңселі күмбездің құлаған қабырғасындағы саңылауға ұмсынып еді, тас төбеге көтеріліп қалған күнге қарықты. Құлағының түбінен Сүмбенің сұлу ағысы қытықтағандай болды. Салқын жел мазарлардан әлдебір күңіренген дыбыс шығарып, құлындай жүрегін дірілдетіп, әлдебір жын-шайтанның симфониясын әуелетіп жатқан секілді. Мазардың қабырғасындағы ескерткіш тастағы жазуды да ежіктеп оқыды. «Қал-мыр-за-ұлы Не-сіп-бек, 1931-1988 жыл, Дос-тар-ы м-ен ба-ла-лар-ын-ан». «Құдайға шүкір» деді іштей. Әліпті таяқ деп біледі. Әйтпесе мына моланың кімдікі екенін де білмес еді. Осы сәтте танауының сырылдап, пыш-пыш еткенін аңдады. Еркінен тыс ала қашқан мұрнының суын жеңімен көлденеңдете сүртіп қойды. Бұ қабірдің егесі — Несіпбек шал. Өзінің топшылауынша, ол кісі Нұрланның екі жасында дүние салған. Бұл ауылда кімнің әкесі, я кімнің туысы екенін бір Құдай біледі. Кіру кезегі Нұрланға да келіпті. Өзгелер секілді:


— Ассалаумағалейкүм, ата, — дегені сол еді, ар жақтан:


— Уәліксалам, — деген үрейлі дыбыс шықты. У-шу. Азан-қазан. Біреу құлап жатыр. Бірі тұрып үлгерді. Төрт-бес бала бірден мазардың есігіне кептелген. Бәріне жан керек екен. Мазар-мазардың үстінен секіріп, сүрініп-қабынып ауылға қарай дедектеген. Нұрлан да өзгелерден қалыспады. Соңғы кіргендіктен есік жақта тұр еді. Есіктен де бірінші шықты. Тек қашып келе жатып, шеті түсіп кеткен бір қабірге шалынып құлады. Жүрегінің жарылып кетпегеніне қайран қалды. Ол не болғанын аңғарып үлгергенше, үстінен үш төрт бала өтіп үлгерді.


Бұл оқиға бүкіл ауылға жыр болды. Бәрін ұйымдастырған — Әли. Алдын ала ауылдың үлкен жігіттерімен келісіп алыпты. Бір жүрек жұтқаны күмбездің ішіне барып жатқан. «Уәліксалам» деген ешқандай әруақ емес, осы ауылдағы Ғазиз екен.


«Қорыққанға қос көрінеді» деген осы. Сол кезде де аман қалып едік. Енді неге үрейленіп жүрмін?» деп ойлады Нұрлан.


Үйіне келді де, дереу киімін ауыстырды. Асықпай отырып түстенді. Балалармен бірге Белтоғанға барып, суға түсетін уақыт болып қалыпты. Кеш батқанша сол жақта жүретін. Футбол, аударыспақ ойнайды. Кеш бата діңкелеп кеп құлайды. Бүгін Белтоғанға барғысы келмеді. Түндегі қанбаған ұйқының сазайын бермек. Төсегін салды да, жатып қалды. Көрпені қымтап алған балаң жігіттің мына қылығына қыздың күлкісі келді. Қазір асықпай ұйықтап алсын. Мазаламай-ақ қояйын деп ойлады.


***


Бәрі неден басталып еді? Апасының келгенінен. Жо-жоқ. Анасы әппақ көйлек әкелген күні. Иә, сол бір күні жаны бір керемет күйге еніп еді ғой. Шалықтап жүрді. Мына ауылда, ауылды қойып, мынау ғаламда өзінен әдемі, өзінен сұлу ешкім жоқ. Тек. Рас. Үстіне құйып қойғандай еді көйлегі. Айнаның алдына жүгіріп барған. Өзін емес, періштені көргендей болды. Көйлектің етегі қандай еді?! Жүрген кезде гүлге ұқсап кететін. Түп-түзу аяғын айқастыра басып, бөлмеге сыймай біраз жүрді. Осы сұлулығымды көрсе ғой деп ойлаған. Оның атын атамақ түгілі, ойлауға қаймығатын-ды. Ішіндегі бұлқынған сезімін біліп қоятындай қысылатын. Біліп қойса, нәркес сезімінің күл-талқаны шығатындай... Оның үстіне қыз баланың... Иә, оның кейбір қылықтары Нұрланға ұқсаушы еді. Дәл Нұрлан секілді ұяң болатын. Өзімен-өзі ғана жүретін, қақ-соқ мінезі жоқ жігітті елдің бәрі ұнататын. Оның алдында кейбір жас мұғалималар да өздерінің орнын ұмытып, қылымси қалатын. Нұрландікі секілді балаң мұрты тебіндеп қалып еді-ау сол кезде... Мұны өлдіге санап, елдің бәрі осы үйге көңіл айта келгенде... Өз ойымен өзі арпалысып, мына бір бұрышта ұзақ ойланып тұрып еді-ау... Қасына барып еді-ау... Дәл сол кезде ол да сезгендей тіке қарап еді-ау... Көзінен бір тамшы ыстық жас... Қыз өзінің ойынан шошып кеткендей болды. Қайтадан кіршіксіз әппақ қардай көйлекті ойлады. Сол көйлекті кие салып, шыр көбелек айналған-ды. «Адам көркі — шүберек». Мұндай әдемі киімді қолы жеткендер ғана киеді.


Мектепке асықты. Сыныптастарына ақ көйлегін көрсеткісі келді. Сонымен, сонымен алып-ұшып мектепке барған.


Бәрі де көрген түстей. Тұлпар уақыт та зымырап бара жатқандай. Сабаққа да тиянақты дайындалған. Қыздағы өзгеріске бүкіл сыныптастары таңдана қарады. Сол күні жігіттер де әрнені сылтауратып, қасынан шықпай қойды. Тек қасында отыратын құрбысы сабаққа келмей қалыпты. Әуелгіде орны бос сияқты еді. Бір қараса, сол бос орынға кимешек киген әже отырып алыпты. «Бұл әже менің қасымда неге отыр?» деп ойлады. Үзіліс кезінде құрбыларынан сұрап еді, бәрі қызға үрке қарап, аң-таң қалысты. Келесі сабақта да әлгі кемпір үн-түнсіз қасында отырды да қойды. Мұнан өзге ешкім ол кісіге назар аударып жатқан жоқ. Тіпті сыныпқа өзге кемпірдің кіріп кеткенін де елемейтін сияқты. Қыз қорқа бастады. Сабақ бітіп, үйге қайтқанда да кемпір артынан бір елі қалмады. Үйге келе сала түстенді. Кемпір қарама-қарсысына келіп отырып алды. Далаға беттеп еді, ере шықты. Есі ауысқан жандай ауылды кезіп кетті. Кемпір бір елі де қалар емес. Көлеңкесіндей ілбіп ере берді. Ақыры шыдамай:


— Сіз кімсіз? — деген.


— Әжеңмін, Күлия әжеңмін, — деді кемпір тілге келіп...


Әкесінің осыдан отыз жыл бұрын о дүниелік болған шешесі. Өзінің әжесі. Қыз бақырып жылап жіберді. Ағыл-тегіл... Қорыққаны соншалық — не көргенін айтып, көзіне ерік берген.


Дәл сол сәттен бастап өмірі өзгеріп сала берді. Содан кейін әкесі мен шешесі қызды қаратпаған бақсы-балгер, тәуіп-құшнаш қалмады. Емшінің бәрі бар бәлені әппақ көйлекке жапты. «Оқытып тастаған» дейді. Соны шешесі тауып алып, қызына кигізген. Қыз елестен құтыла алмасын сезді. Үш күннен кейін көрге де үйренесің. Бірте-бірте үйренісе бастады. Осылай болуы керек секілді. Еш жері ауырмайды. Ақыл-есі түзік. Керісінше, санасы бұрынғыдан да тазалана түскендей. Естігенін қағып алады. Білмейтіні жоқ. Тек. Иә, тек әжей екеуі үйге қамалды. Дұрысы — қызды ешқайда қия бастырмайды. Қыз ешқайда бармаған соң, әжей де кетпейді. Бес бөлмелі үйдің бір бөлмесінде отырады да қояды. Оған қыз өкпелемеді де. Зерікпейді. Анығы зеріктірмейді. Қарап отырмай өлең жазатын болды. Күмбірлетіп күй шертеді. Өлең жазбайды, жазғызады. Күй шертпейді, шерткізеді. Қоңыр үн қалықтап шығып, ұзаққа самғайды. Күллі ғаламды үн бесігіне салып тербетеді. Күйге қанат бітіп, Сүмбенің қос қырқасына қарай алып ұшады. Күйдің қос қанатына әжесі екеуі мініп алған. Қос қырқаның ар жағынан да осындай әсерлі музыка естіліп, жаңғырып жатады. Шартас жақтағы ескі қорымдардағы әруақтар «аллаһу әкбарлап» жатқандай болады.


Үш ай уақыттың ішінде қыздың нақышына келтіріп шертетін күйлерінің саны төрт жүз жиырма жетіге жетті. Әжесі жазғызған өлеңдермен үш қалың дәптерді толтырды. Ал әжесінен үйренген әндердің санын есептеген жан жоқ. Үш ай шырқасаң да, тауыса алмайсың. Өзі бұрыннан білетін Қапез бен Шалтабайды былай қойғанда, қазақта әнші мен сал-серіден қисап жоқ екен. Олардың рухтары келіп, қызға бар өнерлерін үйретеді. Әжесі қызықты қиссаларды айтады. Кешегі дәстүрлі ән деп жүргендеріміз... Иә, авторлары бар екен. Осының бәрін елге айтқысы келетін болды. Бірақ мына бөлмеден шығуға рұқсат жоқ. Бар білгені мен бар үйренгені осы бөлменің ішінен ұзай алмайды.


Бір күні оңтайлы сәтті пайдаланып, далаға шығып кетті. Өз үйлерінің қоршауларына жапсарластыра малдың тезегін үйіп тастаушы еді. Соның үстіне шықты да, концерт қойды. Мұны тыңдауға келгендердің санын бір ғана Құдай біледі. Айнала елестерге толып кетті. Сол елестердің арасында көршілер де жүр. Қыз азғантай көршілердің өздерінен әлдеқандай рухты елестерді көре алмайтынына өкінді.


— Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Серікқызы...


Қыз іштей бір күліп алды. Маған мұндай атақтың қажеті не? Сонда да, телеарнада әншілерді осылай таныстырып жатады ғой. Бір ән айтты... Екі ән... Үш... Бүкіл ауылдың аспаны жырға бөленді. Үш ән — үш өлкенікі. Арқа, Сыр, Жетісу... Дәл осы сәтте қыздың сыртқа шығып кеткенін байқамай қалған әкесі жетіп келді. Әп-әдемі концерттің быт-шыты шықты. Әй-шайға қарамай, дедектетіп жетелей жөнелді. Қыз ән тыңдауға келген елестерден кешірім де сұрап үлгермеді. Үйге кірген соң, әкесі «сыртқа шықпа» деп қатты ұрысты.


Осылай күндер алға оза берді. Қыз үшін бәрі бұрынғыдай. Тек сабаққа бармайды. Елдер «жынданды» дейді. Жынданған өздері. Туыстары күн аралата жағдай сұрап келіп жатқаны болмаса, дені сау. Киімі бүтін. Көңілі тоқ. Ақыл-есі де орнында. Соңғы үш айда бойындағы көмескі талантының көзі ашылды. Тап-таза бұлақ секілді. Ол бұлақтан күллі адамзат сусындаса да болады.


Шөлі қанады. Өшкені жанып, өлгені тіріледі. Ол талант күннен-күнге шыңдалып жатыр. «Осылай адамды қамап тастап, өнерді өрістетуге болады екен ғой» деп ойлайды.


Осы қазір әжей қайда? Күн батып барады екен. Қыз Нұрланды оятпақшы болды. Бейуақыт болып қалыпты.


***


Нұрлан оянғанда көз байлана бастаған. Тағы да жата тұрғысы келді. Бірақ, қайдам... Қазір өрістен қой келеді. Оларды бөліп алып, қораға қамау керек. Үйдің іші де қаракөлеңкеленіп қалыпты. Көзін уқалап біраз отырды. Сосын тұра беріп еді, қақ алдынан бір елес жүгіріп өтті. Жүрегі атқақтап кетті. Қайтадан сылқ етіп отыра кетті. Маған не көрініп жүр? Маған не болды? Бәлкім, кешегі ойдан арылмағандықтан болар деп ойлады. Елемегенсіді. Сәл отырды да, далаға беттеді.


Ауыл адамдары кезекпен қой бағады. Әнеугүні бұлар жаңа үйге көшкенде туыстары «қораларың малға толсын» деген ниетпен он шақты тұсақ атаған еді. Мал ұзап жайылған күні балалардың тілегі орындалады. Жота жаққа барып, ойынның қызығына кіреді-ай дейсің... Ауыл балалары ойынның көрігін қыздырып жүріп кей кездері қойдың келіп қалғанын да аңдамай қалатын. Аяқ асты у-шу басталады да кетеді. «Әй, әлгі оң құлағы шолақ ақ саулық қайда?», «Ана қазақы қойдың қозысы адасып қалыпты, бар тауып кел», «Әй, анау қошқарың бүгін біздің қорада түнеп шықсын»...


Осындай сөздермен бірге қосамжарласып, қой маңырап, сиыр мөңіреп азан-қазан болады. Осының өзі қызық. Нұрлан бүгін де қойдың кеш келуін іштей тілеп келе жатыр. Бүгін ойынға бармады. Тым құрыса бір-бір жарым сағат құмардан шығатын.


Нұрландар осы ауылға көшіп келгелі, міне, он үшінші күн. Ертең екі апта болады. Бірақ бұрын да нағашыларынікіне кеп тұратын. Сондықтан ауылды жарым-жартылай біледі. Түпкілікті көшіп келген осы екі аптаға жуық уақыт ішінде ауыл балаларымен үйренісіп кетті. Балалар жақсы ғой. Соғысады. Ертесі татуласып, ары қарай ойнап кете береді. Кек сақтау деген жоқ. Ал үлкендер... Иә, мысалға әкесі мен шешесін алыңызшы. Екеуіне не жетпейтін еді? Күнде ұрыс, күнде керіс. Соңғы екі жылда әкесі адам танымастай өзгерді. Бұрынғы бақытты күндері ұмыт. Мұны мойнына мінгізіп алып, арсалаңдап жүретін зіңгіттей жігіттің құр сүлдері ғана қалды. Күнде ауылдың алқаштарының басын қосады. Солармен бірге жүреді, солармен бірге ішеді. Ауылдастары «алқаш» десе де намыстанбайды. Сосын үйге келеді де, шешесін тепкінің астына алады. Нұрлан осы уақытқа дейін шыдап келді. Тек, ажырасардың алдында... Үйге кірсе, тағы да анасын ұрып жатыр екен. Жетіп барып, қолына жармасты. Масаң әкесінде не күш бар дейсіз, жұлып алды да, қалбалақтатып итеріп жіберді. Сол-ақ екен, әкесі:


— Ей, шата, сен менің балам емессің, білесің бе? Менің балам емессің! Менің...


Әкесі етбеттей құлады. Екі иығы солқ-солқ етіп, егіліп жылап жатыр. Нұрлан түк те түсінбеді. Мас адам не демейді? Үйден шыға жөнелген. Көшеде біраз жүріп, үйге қайтты. Келсе, шешесі буынып-түйініп отыр екен. Сол күні нағашысының үйіне көшіп келді. Қатты шаршапты. Үлкендер ауызғы бөлмеде әңгімелесіп отырған-ды. Ұйықтап кетті. Қанша уақыт болғанын білмейді. Біреудің жылаған даусынан оянып еді. Шешесі екен...


— Ол кімге тартқанын қайдам?.. Ынжық емес, әйтеуір. Мінезі — дүт. Бір күні бәрін біліп, өлтіріп қойса қайтем? Сорлаймын ғой, сорлаймын... Онсыз да он алты жыл сорлағаным да жетеді...


«Не жайында айтып жатыр екен? Кім жайында? А, өткенде көршілері Бақарқұл әкесін өлгенше сабап еді ғой. Шешем кетерін кетіп алып, енді әкемді уайымдап отырғаны несі екен?» деп ойлады.


Ар жақтан Тарих ағай:


— Болды, жылай бермеші. Бәрі артта қалды, — деген.


Осындай ойлармен арпалысқан Нұрлан Белтоғанға қалай жеткенін аңдамай қалды. Бүгін күнде асыр салатындардың бәрі тым-тырыс. Дөңестеу жерде әңгіменің отын тұтатып отыр екен. Нұрлан да еріксіз қызды-қызды әңгімеге құлақ түрді.


***


Бес ешкі. Шайтан адамдардың көзіне ешкі болып көрінеді екен. Алғашқы әңгіме осылай басталды. «Қазір қой келеді-ау, сол қойдың арасында Сәметтің елу ешкісі бар-ау... Сол ешкінің бесеуі шайтан болып, мына балаларды қуа жөнеледі-ау... Жо-жоқ... Иә, сөйтеді.


Айтушы да, тыңдаушылар да біреу «тәйт» десе қаша жөнелер еді. Бірақ «тәйт» деп айқай салуға осындағы бірде-біреуінің жүрегі дауаламайды. Керісінше, бір-біріне анағұрлым жақындай түскісі келеді. Лүпілдеген жүректер, бір-бірінен пана тілейді. Бір-біріне қамал. Алғашқы хикая аяқталды. Бірақ екінші бір бала ешкі тұяқты сұлу қыз туралы әңгімені бастап кеп жіберді.


Кішкентай жүректер лүпілдеп, кеудені жарып шығардай ұрғылайды. Оқиға қызықты әрі үрейлі. Анау қорымдардан ешкі тұяқты қыз келе жатқан сияқты... Ол қыз осы әңгімені естіп, қастарында тұрған сияқты... Қазір оны әңгімелеп тұрған бала сол қызға айналып кететін сияқты... Бұл әңгіме де түгесілді. Қойды ұзата жайған күні отардың бас-аяғын жинау қиынға түседі. Шамасы, бүгін де сөйткен-ау... Қой тезірек келсе болатын еді. Мына қарғыс атқыр әңгімелерді тыңдамай-ақ қоятын. Балалардың бәрі осындай ойлармен үрпиісіп тұр еді. Кезекті әңгімені Әли бастады. Әсілінде, балалар мұндай оқиғаларды бастағанда алғашқы әңгімешілдерден асып түскенді қалайды.


— Нұрландар көшіп келген үйді білесіңдер ғой? — деп айналасына қоқилана бір қарап қойды. Артынша жарылған ернін бір жалап алып:


— Ол үйден Нұрәлі ағалардың неге көшіп кеткенін естідіңдер ме? — деді.


Бәрі жым-жырт. Жаңа бір хикая еститіндерін біліп, құлақ түре қалысыпты. Нұрлан да әлденені қалыс естімейін дегендей ентелеп, Әлидің қасына жақындады.


— Біз Қуат екеуміз дос болдық қой...


— Қуат дегенің кім? — деді Нұрлан сөзге килігіп...


— Сен құйысқанға қыстырылмашы, — деді жақтырмай. — Қуат деген — менің досым... Сендердің үйлеріңде тұрған. Нұрәлі ағаның баласы. Бір ай бұрын қалаға көшіп кетті. Өткен жылдары, біз алтыншы, жоқ, бесінші, уже төрт жыл өтіп кетіпті ғой... Бесінші сынып оқып жүргенде Қуаттың әпкесі асылып өлді.


— Айгүл тәте, — деп еске салды шеткерілеу тұрған қара бала. Мұнысы — Әлидің сөзін растағаны.


— Біз Айгүл тәтенің көршісіміз ғой. Ол кісі жынданардың алдында мынандай оқиға болған. Әжем ерте тұрып далаға шықса, біздің есік алдында әдемі әппақ көйлек пен туфли жатыр екен. Жап-жаңа, киілмеген. Әжем әлгі киімдерді көріпті де, оқытып тастаған шығар деп лақтырып жіберіпті. Анау ауылдың шетіндегі қара кемпірдің қызы жынсоқты болып ауырып еді ғой. Сол қара кемпірдің ісі. Егер сол көйлекті менің әпкем кигенде, ол да жынды болып кетер еді, — деді сары бала мұрнын жеңімен сүртіп қойып.


Әли әңгімесін жалғады:


— Сол кезде Айгүл тәтенің асылып қалғанын алғаш болып Қуат екеуміз көрдік. Қуаттардың, қазіргі Нұрландардың үйінде тығылмақ ойнап жатқанбыз. Көз жұматын кезек Қуатта еді. Айгүл тәте ауырған соң, ешқайда шықпаушы еді ғой. Сол бөлменің есігін ашып жаптым да, шай ішетін ас үйлеріне кіріп кеттім. Қуат көзін ашқан соң, алдымен дыбыс шыққан жақтан іздейді деп ойладым. Ойлағанымдай-ақ, Қуат бірден Айгүл тәтенің бөлмесіне кіріп кетті. Мені іздей бастады. Шифонердің ішінде шығар деп ойлап, ашып қалса...


Шыңғырған дауыс шықты. Қорқып кетіп, әлгі бөлмеге мен де кіріп бардым. Бетінде айнасы бар кіп-кішкене шифонердің ішінде Айгүл тәте асылып тұр. Мойнында анасының белдігі.


— Шын айтшы, сен соны көрдің бе? — деп шуласты балалар.


— Менің айтайын дегенім бұл емес, — деді Әли. Балалар демдерін іштеріне тартып, тыныштала қалысты.


— Атам айтты. Осыдан үш апта бұрын Қуат Айгүл тәте асылып өлген бөлмеге кірсе, төрде суреттерді шашып тастап әпкесі отыр екен. Қатты шошынса керек. Талып қалыпты. Оқыс шыққан дауыстан секем алып, әке-шешесі жүгіріп барса, Қуат сұлап жатыр дейді. Ал Айгүл тәте ештеңе болмағандай ар жағында күлімсіреп отыр екен. Бұл көрініске шыдамаған әке-шешесі Қуатты алып, сыртқа қарай тұра қашады. Дереу молдаға кісі жүгіртеді. Қуат әзер дегенде есін жинайды. Молда келіп әлгі бөлмеге кірсе, Айгүл тәте кетіп қалыпты. Тек суреттер шашылып қалған екен.


Нұрлан өзіне не болғанын аңдай алмады. Денесінде жан жоқ. Жүрегі атқақтап тұр. Аяқтары дірілдеп, буындарынан әл кете бастады. Кешегі ақ көйлекті, қарақат көзді сұлу Айгүл деген қыз екен ғой. Ол қызды мен түнде көрдім деп айтуға батпады. Тек сұлқ түсіп, отыра кетті. Қанша отырғанын өзі де білмейді. Әйтеуір, тұла бойын бір үрей билеп алғанын сезді.


***


Тағы да түн. Өлі тыныштық. Меңіреу бөлме. Көзге артық ештеңе түспегенімен, бір елестің барлығы анық. Бір елес. Нұрлан бүгін шешесінің қасына жатпақ болды. Бірақ... Шешесі тұрмақ, өзгенің қойнына еніп кетсе де, үрейден құтылмасын білді. Қап-қараңғы бөлмеде Айгүл жүрген секілді. Мұны шап беріп ұстап алатын секілді. Тағы да дөңбекшіп жатыр. Санасы тап-таза. Ояу. Манағы әңгімеден кейін ұйықтап көріңіз. Кеше ғана емес, бүгін де алдынан жүгіріп өтпеді ме елес? Қазір бәрін шешесіне айтар ма еді? «Қой, өзі жарымжан адамды қинамайын» деп ойлады. Қинамайын. Не де болса, тағдырдың жазғанын көрерміз. Дөңбекшіген сайын темір төсек шиқылдап дыбыс шығарады. Бұл да үрейге үрей қосып, мазаны алады. Нұрлан өзінің бір тығырыққа тірелгенін аңдады. Тығырық емей немене? «Мына үйден көшейік» дер еді. Оған қауқары жете ме? Жетпейді.


Қазір күй талғайтын кез емес. Әкесін ойлады. Ол неге менен суынды? Неге мені жек көріп кетті? Неге? Жатын бөлменің есігі ашылғандай болды. Нұрлан жастықтан басын жұлып алды. Әппақ көйлекті періште қыз күліп жіберді.


— Қорықпа, Нұрлан...


Нұрлан тілін жұтып қойғанын аңдады. Шыңғырып жіберер еді. Шама да қалмаған. Тұла бойын діріл басқан. Суық суға түсіп, күнге қыздырынғанда, жағы-жағына тимей осылай қалшылдаушы еді.


— Мен де сен сияқты пендемін. Екі аяқты. Тек елдер өлді екен деп ойлайды. Мен өлген жоқпын...


Сенбеді. Жайшылықта көзге көрінбейтін елес қыздың даусы да тартымды екен. Бөлмеден қашып кеткісі келді. Бірақ аяғында әл жоқ. Еркіне бағынар емес. Қыздың сөзін естімейін деген оймен қолын құлағына апармақ еді. Еркіне көнбеді.


Нұрланға енді бәрібір еді. Әли айтқан Қуат секілді талып-ақ қалар еді. Талмады. Ақ көйлекті қыз қасына келіп отырды. Үрей де сейіле бастағандай. Кәдімгі сыныптасы қасына келіп отырғандай әсерге бөленді. Әлдене деп тіл қатқысы келіп еді. Бірақ тілі де ырыққа көнбеді.


— Нұрлан, сен қорықпа! Мен саған тиіспеймін. Тек жүрегің жарылып кетпесін. Қорықпа...


Несіне қорқады енді. Болары болды, бояуы сіңді. Енді бәрін де біледі. Мына қыз буындырып өлтірсе де мақұл.


Қыз Нұрланның қолынан шап беріп ұстай алды. Тартып алмақ еді, шамасы келмеді. Нәзік саусақтар шырмауықтай шырмала қалыпты. «Мұның қандай ойы бар екен?» деп ойлады. Қандай ойы бар?..


Онан кейінгі жайды есіне түсірсе, сенгісіз. Ойлаудың өзі ыңғайсыз. Түнімен Нұрлан елестің дегеніне көнді. Елес деген аты. Әйтпесе күн астындағы Күнекей қыздың нақсүйері болды сол түні. Неткен үрейлі, неткен ләззатты түн... Ыстық құшақ... Бал ерін... Уақыт шіркінің де диірменнің тасындай шыр айналса керек. Өтті де кетті. Иә. Қолынан шап беріп ұстаған кезде бекер-ақ қорыққан екен. Қыз ел ойлағандай қорқынышты елес емес екен. Ел ойлағандай жын да, шайтан да емес. Тап-таза періште. Періште болғанда да... Иә, періштелердің періштесіндей... Өмірі жар құшағын көрмеген балаң жігіт пен бойжеткеннің балдәурені осылай тез зуылдап өте шығады деп кім ойлаған... Нұрланның беті қызарып кетті. Өзінің ойынан өзі ұялғандай.


Құшағына түнде Елес-қыз енген еді. Оянғанда Елес-әйел жылап жатты. Жұбатар еді. Тілі әлі күрмеулі екен.


***


Елес-әйел оянғанда сәске түс болып қалыпты. Кеше қыз еді. Гүлі ашылмаған. Бүгін танымы мен көзқарасы өзгерген. Өмірге басқаша қарайды. Айнаның алдына барды. Беті нарттай қызарып кетіпті. Айнадағы өз сұлулығына өзі сұқтанды. Жалаңаш денесінде бір мін жоқ. Қараса көз тоймайды. Кеше ғана ешкімге керексіздей сезілетін еді. Енді оны құшатын құшақ бар. Оның заңды егесі бар. Тұла бойын балқытқан жас жігіттің тегеуріні де осал емес екен. Тарих ағай мен Нұрланның шешесінің арасындағы ахуал өз басына бұйырғанына сене алар емес. «Әйел бақыты деген осы екен-ау» деп ойлады. Кеше Нұрлан үрейден арылып, деміге іске кіріскенде, көрші бөлмеде жатқан енесі естімесін дегендей көрпені тістелей берген. Сонда да әлсіз ыңыранған үн бойын балқытып, денесіне қан жүгірткендей болып еді. Бұл құшақта мәңгі жатуға да «кет әрі» емесін сезінді.


Қандай бақытты! Көзіне бір тамшы жас келді. Бір тамшы жас. Ойы бұзылып кетті. Ойын бұзған көрші бөлмедегі жай еді. Тарих ағай тағы келген бе? Апыр-топыр. Түндегі жай күндіз қайталанып жатыр. Бұ жолы «не деген кісілер?» деп жазғыра алмады. Бұл деген бақыт қой! Әркімнің-ақ бақытты болуға хақы бар. Қыз жүгіре басып, төсегінің жанына барды. Әппақ көйлегі мен туфлиін киіп алды. Дәл осы сәтте үйге Нұрланның кіріп келе жатқанын байқады.


Дереу алдынан шығып, үйге кіргізбей қоймақ болды. Тарих ағай мен анасының арасындағы жағдайды Нұрлан көрмеуі керек. Далаға шығар сыртқы есіктің табалдырығын аттап еді, қап-қараңғы әлем. Қабір азабын тартып жатқан әруақтарды көріп, шошып кетті. Шыңғырған дауыстар санаға үрей ұялатады екен. Дереу кері қайтты. Қазір ғана көрген қорқынышты әлемнің есігі айқара ашылып, ар жақтан Нұрлан кіріп келді. Есіктің көзіндегі Елес-әйелін көріп, жүрегі дір ете түсті. Елес-әйел: «Нұрлан, сыртқа шыға тұр», — дегенше болмады, Нұрлан іште әлдене болып жатқанын түсінді. Аяқ киімін шешпек еді. Аяқ астында үлкен ер адамның туфлиі амандық сұрасқандай телміре қалыпты. Ойлануға мұрша жоқ. Дереу анасының бөлмесіне жүгіріп барды. Әуелі «анам асылып қалған шығар» деп ойлап еді. Бұл ой қайдан сап ете қалды? Белгісіз. Төрге озды. Шешесінің бөлмесінде әлдекімнің даусы жарқын-жарқын естіледі. Есікті шалқалата ашып кеп қалды. Үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жай. Тарих ағай мен анасы бір төсекте жатыр. Өмірде мұнан асқан қорлық болар ма? Дереу кері бұрылды. Сыртқа қарай тұра жүгірді. Қақ алдынан Елес-әйелі шықты. Қайдан алғаны белгісіз, қолында жіп. Қарақат көзінен мөлт-мөлт етіп тамшылар тамып жатыр. Дереу әлгі жіпті алып, асылып өлмек болды. Тарих ағай мен шешесі киініп далаға шыққанша, қорадағы діңгекке буынып та үлгеріп еді. Елес-әйелі мұны ажалдан арашалап алғысы келгендей мойнындағы жіппен алысады. «Райыңнан қайт» дегендей жалынышты көзбен қарап қойып, буынған жіпті шешіп әуре. Дәл осы сәтте Тарих ағай да жетіп үлгерді. Асылып тұрған жіпті пышақпен кесті де, дереу көз алдында бір тауықты буындырып, өлтіріп жіберді. Осының бәрін әп-сәтте орындады. Байғұс тауық ажалмен қанша арпалысса да, жеңе алмады. Нұрлан өзін ұмытып, тауықты аяп кетті. Бұл сәтте ұйқы да қысқан екен. Ұйықтап барады. Жоқ әлде, ояу ма еді?..


***


Таңғажайып бір әлем. Ертегілер елінде жүр. Шексіздік. Құрсаулы жаны бостандыққа шыққан. Еркін. Қайғысыз. Мұңсыз. Ғаламат. Керемет. Ғажап. Құс секілді. Ұшып жүр. Қонғысы келмейді. Қонғысы. Айналасы түгел кемпірқосақ. Жап-жасыл әлем. Жайнап тұр. Айналадан жылылық сезіледі. Елес-әйелі екеуі қол ұстасып алып, бұлттардың үстінде ұшып жүр. Ұшып. Өлім деген соншалықты қорқынышты емес екен. Төменге қарады. Шешесі... Тарих ағай... Анасы зар еңірейді. Тарих ағай өлі денесіне су бүркіп жатыр. Қорқынышты... Өрт сөндіргендей жүзі тотығып кеткен. Бәріне өзі кінәлі екенін сезеді. Анасын жұбатуға да әлі келер емес. Ал мына жақта шат-шадыман. Күлкі. Мәңгілік тыныштық. Жандары рахаттана қалықтайды.


Бір әлем мен екінші әлемнің арасы мұндай жақын болар ма? Тым жақын. Бірақ алыс. Көктен құйылған нұр өзіне магнитше тартады. Сол тартылыстың құшағына қарай самғап келеді. Самғап. Көздің ұшында бейкүнә ауыл, шешесі, Тарих ағай, сыныптастары, көршілері қалып барады. Қош деуге де шамалары жоқ. Тағдырдың дегеніне көне салатын сияқты. Дәл осылай болуын бұрыннан-ақ күтіп жүргендей. Кенет нұрлы жол қақ айырылды. Бірі жерге, нақтырақ айтқанда, өлі денесіне бағыт түзеп, бірі көкке жол тартты. Қос қарлығаштай екеуінің жолы екіге бөлінді. Қас қылғандай Нұрланды жерге, қызды аспанға қарай алып ұшты. «Кетпеші» деп айқайлады. Жылады. «Кетпе. Мені де ала кет. Мен сені...» Онан арғысын айта алмады. Жылап жатып оянып кетті. Әппақ бөлмеде жатыр екен. Қасында шешесі. Ақ халатты дәрігер шығып бара жатыр. Күбір-күбір, гүмбір-гүмбір. Шешесі сөйлеп жатыр. Түсініп болмайды. Дауыс та бірте-бірте тұнықтала бастады.


— Балам-ау... Ол сенің әкең ғой. Әкең. Мен саған он бес жыл бойы айта алмаған сырым еді ғой. Әлен, Әлен, иә, Тарих ағайың — сенің әкең. Сенің әкең... Мен бейбақ...


Онан арғысы тағы да естілмей кетті...


***


Елес-әйел тағы да айнаға қарады. Көзі күлбілтеленіп кетіпті. Нұрлан асылып қалған кезде далаға қалай атып шыққанын ойлады. Сенгісіз. Шыңғырған дауысқа да, беліне оратылған жыланға да қарамады. Лапылдаған отты белуардан кешіп, Нұрланның қасына жеткен. Мойнындағы жіпке жармасқан. Маңдайының соры бес елі екен. Жар құшағын бір-ақ күн көремін деп кім ойлаған? Егер Нұрланды ажалдан арашалап алмағанда, қазір қасында жүрер ме еді?


Нұрлан жоқ. Бес бөлмелі үрейлі үйде үрейлі елес қана бар. Мынау әдемілігің кімге дәрі? Бұрын тек інілерін, әке-шешесін ғана сағынар еді. Бұларға Құдай қосқан жары да қосылды. Нұрлан, Нұрланым! Сағыныш дегеннің не екенін сағынған жан ғана түсінеді. Сал-серілердің шер тарқатар бір әнін айтпақ еді. Көңіл хошы келмеді. «Қарғыс атқыр үйден көшемін» деп Нұрланның анасы жүктерін жинастыра бастаған. Нұрлан емханада. Қанша жатарын бір Құдай біледі. Елес-әйелін іздей ме, жоқ па? Ол арасы белгісіз. Әжесін ойлады. Ол кісі қайда жүр екен? Осы бөлмедегі шифонерге асылып қалған кезде қасында еді. Содан кейін жоқ болды. Ол кісі болса, зерікпес еді. Қазір ән үйреніп отырар еді. Күй тартқызар еді. А, айтпақшы өнер үйренуден мән қалды ма? Елес-әйел өз үйренгенін өзгеге үйретпесе, не қажеттілігі бар оның?! Онсыз да осы бес бөлмелі үйде біраз жақұт тоттанып жатқан жоқ па? «Өткенде суреттерді шашып, көзге көрініп нем бар еді?» деп ойлады. Осы үйде екенімді білдірмесем, ешкім де көшпес еді ғой. Інілерімді күнде көріп жүрер едім. Ауыр күрсінді. Иесіз қалған даңғарадай үй де ауыр бір дем алғандай болды.


***


Сүмбе өзені тынымсыз ағады. Тынымсыз. Уақыт та сондай. Замананың теңізіне ағысын-
дағының барын құйып жатыр. О шіркініңіз кемеріне толып, асып-таспайды. Сіміре береді, сіміре береді. Болған оқиға. Қазіргі көзқараспен қарасаңыз, болмаған, болуы да мүмкін емес. Нұрлан ешкімге тіс жармайды. Жаруға да құлықты емес. Емханадан тәуір болып шыққаннан кейін анасы біраз бақсы-балгердің, емші-құшнаштың алдын көрсетті. Бәрінің айтатыны бір сөз: «Қасиетті жерді басып кетіпті». Ол қай жер екені де есінде. Әлидің шатағының арқасында молаға амандасып кіргеннен кейін, жан ұшыра қашпап па еді? Дәл сол сәтте шеті қақыраған қабірге аяғын сұғып алмап па еді? Өз есебінде сол сәт... Содан кейінгі үрейлі күндерге де себепкер — сол жер. Қазір құлан-таза айыққан. Оқуын да бітірді. Алматыда жоғары оқу орнын тәмамдады.


Шешесі мен әкесі қосылған. Енді ол — Тарих ағай емес. Әке. Бірақ Нұрланның мойындағысы жоқ. Тек өзінен аумай қалған інісіне қарап іштей мойындайды. Қойшы. Уақыт шіркінде тоқтау бар ма? Бес бөлмелі үй де, үрейлі елес те ұмыт. Ех, бірақ ұмытылмайтын жайлар да бола береді. Кей кезде өз-өзіне сыймай кетеді. Үрейлі үйге кіріп бармаққа бел байлайды. Елес-әйелмен тілдеспек болады. Оған жігер қайда? Онсыз да әрең сауыққанда, сау басына сақина тілеп не керек? Үрейлі үйден көшкендеріне тоғыз ай болған кезде Елеусіз шал әлгі үйдің есігінің алдынан сәби тауып алыпты. Ол кезде Нұрлан он бірінші сыныпқа көшкен. Шырылдап жылап жатыр екен. «Пұшпағы қанамаған әйелі бауырына басыпты» деседі жұрт. Енді біреулер «Ол баланы Алматыға апарып, жетімдер үйіне өткізіп жіберіпті. Ал үйіндегі кішкентай Елеусіз шалдың немересі екен. Алматы жақта тұратын інісі алғашқы немересін «бауырына бассын» деп ағасына беріпті» дейді.


Нұрлан мектепті бітірген күні баланы барып көрмек болды. Бірақ жүрегі дауаламады.


Нұрлан Алматыға біржола кетті. Еңбек демалысын алғанда ғана, жылына бір мәрте ғана ауылға келіп қайтады.


Ел өсек айтпаса тұра ала ма? Бес-алты жыл өтпей жатып, жұрт тағы бір әңгіменің шетін шығарған: «Елеусіз шалдың баласы нышаналы екен. Арқасында қанат бар. Оны киіммен жасырып қояды-мыс. Түбінде бір жерден шығайын деп тұрған бала. Аса зерек. Білмейтіні жоқ».


Мұны естіген Нұрлан біржола райынан қайтты. Лажы болса, баланы көрмей-ақ қоюға бекінді.


Қалалық Нұрлан кейде ауыр күрсінеді. Көктем келгенде басқаша бір көңіл-күймен жүруші еді шалықтап. Жер жіпси бастағалы жаны жараланып, өзін қоярға жер таппай жүр. «Бір рет ауылға барып қайтсам қалай болады екен?» деп ойлады.


Келді. Ауылмен қауышты. Әкесі... Шешесі... Бәрі бірсыдырғы өмір сүріп жатыр екен. Інісі бір топ достарымен үйге кірді. Балалар жапа-тармағай қол беріп амандасып жатыр. Әнебір бала інісінен аумайды екен-ау. Жүрегі алқымына тығылды. Қарақат көз. Қайдан көрдім? Иә, үрейлі үйдегі әппақ көйлек киген періште кейіпті арудың көзі. Балақайдан «кімнің баласысың?» деп сұрай алмады. Онсыз да белгілі еді.


Ауылдың бас жағындағы бұрынғы үрейлі бес бөлмелі үй жаққа жүріп кетті. Барса... үй жоқ. Орны ғана тұр. Бұзып тастапты. Мұндай жақсы болар ма? Нұрланның мойнына мінген ауыр жүк сырғып түскендей болды. Бірақ жан дүниесі өртеніп бара жатыр еді. Әппақ көйлек, әппақ қыз, әппақ арман қайда екен? Белтоған жаққа қарап еді, бір топ бала жүгіріп барады. Ол балалардың ішінде інісі мен өзінің тұңғышы кетіп бара жатқанын аңдады. Аңдады да, арттарынан тұра жүгірді.


Әппақ көйлек көрінбейді, бірақ қарақат көз бар, сол сәбилердің ішінде!


***


Биыл демалысым көктем мезгілімен орайлас келді. Ауылға бардым. Бір топ балалармен Нұрлан ойнап жүр екен. Мұнысы маған ерсі көрінді. «Ау, Нұрлан, қалайсың?» — деп айқай салдым. Ол мені бірден есіне түсіре алмады, білем. Мұны қайдан көрдім дегендей ұзақ қарап тұрып қалды. «Нұрлан, танымадың ба? Мен Әлимін ғой», — деймін ыржалақтап. Қалай танымайды? Қанды көйлек жолдасым ғой ол. Әзер есіне түсірсе керек. Біраз ойланып тұрды да:


— Әли, осы сен әппақ көйлекті періште көрдің бе? — деді.


— Көрмегенде ше? Алматыда солардың ортасында жүрмін ғой, — дедім өзімше масаттанып...


— Оны айтпаймын. Әлгі ауылдың жоғарғы жағындағы бұзылған үйдегі ше? Бір кездері біз көшіп баратын. Сенің Қуат деген досың көшіп кететін...


— Ол үйде періште бар ма еді? — деппін мен түкті де түсінбей.


Нұрлан қолын бір сілтеді де, ойынның қызығына түскен топ баланың ішіне кірді де кетті. Олар Нұрланды жатырқамайтын сияқты.


Көрші үйде тұратын Елеусіз шалдың баласына қарап:


— Достарың маған өкпелеп қалды-ау деймін, — дедім.


— Жынды ғой ол, — деді тақ-тұқ етіп... — Жын-ды» — деді тағы да даусы дірілдеп. — Маған ылғи да «Сен ақ көйлекті періштеден тудың, сенің анаңның аты — Айгүл» дей береді, — деді бұртиып.


Жүрегім төңкеріліп бара жатқандай болды.


Мен сонау бір жылы қой күтіп тұрған кезде Айгүл тәте жайлы үрейлі әңгімені ойдан шығарып айтып едім...





Пікір жазу