01.08.2021
495

Жалғанда ауыр немене (терме)
Жалғанда ауыр немене? –
Әкенің салқын назары.
Көз тоймас асыл немене? –
Ананың жарқын ажары.
Сұлулық, шіркін, немене? –
Сағынып қайтсаң алыстан
Ақ жаулық тартқан немені.
Кеңшілік деген немене? –
Кешірім берсе бұлданбай
Ақымақ болған немеге.
Жастық деген немене?-
Күнде думан, күнде той,
Келгендей барып Кебеге.
Ата-ана айтқан жөн сөзді
Піспеген ақыл сезе ме.
Болашақ деген немене? –
Ұлыңнан туған немере.
Қарттық деген немене? –
Тәй-тәй басқан шөбере.
Өмірден өту немене? –
Қайғырған халық сен үшін
Жан-жаққа тарап кеткенде,
Төмпешік жатқан төбеде.
Жүректен шыққан шын сөзді
Жеткізген жырлап халқына –
Болмаса соқыр сезімі,
Жыршыны кісі сөге ме?!.