01.08.2021
  240


Автор: Сайын Назарбекұлы

Әке суреті

Жетім қалып жасыңнан
Қиындық көріп өстің-ау
Жаласымен жаулардың
Тозаққа талай түстің-ау.
Айналайын естімей
Балалық кезің өтті ме-ей?
Маңдайыңнан сипатпай
Жас дәуренің кетті ме-ей?
Сәбилік бақыт бермеген
Аллаңа қарғыс айтпадың.
Қайратпен бойды кернеген
Бетіңнен алған қайтпадың.
Еңбексіз дәулет іздемей
Теріңмен маңдай жасадың.
Қотыр тастан сарай сап
Келтіріп сәнін қашадың.
Ала жіптен аттамай
Атақ алдың адал деп.
Орынсыз дүние шашпасаң
Мін тағар халық сараң деп.
Оттың басы әрқашан
Өзіңмен жайнап отырар.
Бұзылса кенет мінезің
Талайды ойға батырар.
Тәрбие беріп біздерге
Арамза қылмай өсірдің.
Өкпелетсек кей кезде
Қамыққан шерді өшірдің.
Осыны ойлап әкежан
Кей-кейде налып толғанам.
Ержеткен соң деппін ғой
Қамқорлау жағын қолға алам.
Байқаусыз енді жас жетті
Тұрғыны болдым қаланың.
Қорқамын борыш өтелмей
Мойнында кетер балаңның?.. 





Пікір жазу