01.08.2021
  150


Автор: Сайын Назарбекұлы

Жылы жауын

Шақырайып талма түсте күн көзі,
Еркін билеп бар әлемді бір өзі.
Жан-жануар, өрт-лепте, дел-сал боп,
Қысылатын, сая таппай, бар кезі.
Аяды ма күйдірді деп күн жерді,
(Қарылғаш па, бұл хабарды кім берді?)
Көкжиектен жөңки шыққан қара бұлт,
Жерді күннен тасалауды жөн көрді.
Көрген кім бар қара жердің күлгенін?
Көрсең, сезсең – жер қадірін білгенің.
Жылы жауын селдетіп бір өткенде
Көрдім анық Жер-Ананың күлгенін.
Жапыраққа көз біткен – шық-маржандай,
Шұқанақтар, жер көзі, күлді ыржаңдай.
Тыр жалаңаш жүгірген бал-бөбектер
Өсіп шыққан тамшыдан бір-бір жандай.





Пікір жазу