01.08.2021
  111


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Пұшайман

Бiтiптi деймiн түсiмде қос қанат маған,
Қос топшым бар да қолым жоқ,
Қостан аттанам...
Қатар да қатар қаптаған қауырсынымды
Керегедей ғып жаям да досқа мақтанам.

Үзiлiп бiреу қарайды,
Сүзiлiп бiреу,
Қызғанып бiреу қарайды,
қызығып бiреу.
Аспандап ұшып, биiктен құйылып түсiп,
Жарқылдап өткен жасыннан қыз үмiттiлеу.

Қара Ертiс дедiк, Сарысу, Ақжайық дедiк,
Қалықтап ұшып, әлемдi қақ жарып келiп,
Қиядан шалып, қарағым, қатарлас қондым,
Қиюы келдi дүние жап-жарық болып.

Бастағы бағың көрсетсе тұрлаусыз қалып,
Ойнайды-ау тағдыр жараңа ыңғай тұз жағып.
Қолдарым қайда өзiңдi қапсыра құшар?!
Қор болдым қанаттарымнан ыңғайсызданып!

Жап-жарық залда
Жаппай би, тынбай қызған ән,
Билейiкшi деп, бұрылып ымдайсың маған.
Құшақтап сенi билер ем,
Құшар ем тас қып,
Атаңа нәлет қанаттан ыңғайсызданам!





Пікір жазу