01.08.2021
  152


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Өлiм деген iс болды үйреншiктi

Өлiм деген iс болды үйреншiктi:
бүгiн де бiр жас қыршын үйден шықты,
жыламсырап тiрлiк тұр жасты көзбен
iшкен сәби секiлдi күйген сүттi.

Танымаққа талпынып өмiр сырын,
қадағанын сезбейсiң өлiм сұғын,
қу жапырақ,
әлде жас топырақ па,
қонар жерiн талғамас көңiл-шыбын.

Қамаласың көз жұмып тас қапасқа,
қашалады есiмiң қасқа тасқа,
талақ етiп түбiнде
тастап кетер,
ғашық болып өмiрмен босқа отаспа.

Жалғыз өзiң жатасың лақатта,
байыз тауып батасың рақатқа,
терең қазып тепкiлеп көмгендердiң
бәрi өзiңдей болады,
кiнә тақпа...





Пікір жазу