01.08.2021
  148


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Бала достар

Сiлкiндiрiп Семейдiң жасыны жердi,
Құпия, жұмбақ өлiмдер ғасыры келдi.
Ауылда менiң бiрге өскен достарым аз,
Алтауы бiрдей асылып өлдi.

Оларсыз ауыл маған да бола ма мекен?
Ойран боп ойым, құлазып қалаға кетем.
Iзiмiз қалған Жасаң мен Шидiарық жақты
Қиялмен жалаңаяқ бiр аралап өтем.

Астархан қайда белсенер төбелес десе,
Иегi қышып тұратын ерегеспесе?
Жайырбек, Көке, Бақан мен Исатай, Марат...
Терең су көрсе сүңгитiн келе бәстесе.

Бұзықтығымыз кететiн ұлғайып кей күн,
Баудан бау қоймай жемiсiн ыңғай үптейтiн -
Батыкен қайда:
«Балалар, пiсiп қалыпты,
Бiздiң бақшаның қарбызын ұрлайық!» дейтiн.

Достарым қайда?
Кеудемнен бұрқылдап бiр ән,
Қиырда жүрiп ауылдан сыр тыңдап тұрам.
Сахалин жақтан хат жазып сұрапты Зәки:
«Түрмеге түскенi рас па,
жылқы ұрлап Құман?»

Жылдар да заулап өттi ғой небiр нөпiрлеп,
Зiл салмағынан қайыстым темiр көпiр боп.
Айқай салғым да келедi:
«Достардың орны
Түрмеде де емес
Жүректiң төрiнде тұр!» деп.





Пікір жазу